Мейірім мен мәміле мерекесі

1
1148

Астана қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң университеті Ұлысымыздың ұлы мерекесі әз-Наурызды бар сән-салтанатымен атап өтті.
Салтанатты шараға келген қо­нақтарды университет ректоры Мақсұт Нәрікбаев төс қағыстырып жақсы қарсы алды. Мерекеге орай оқу орнының алдына төрт киіз үй тігіліп, Наурыз мерекесіне сай безендіріліпті. Ұжымның ұлттық үлгідегі киімдері көздің жауын алады. Сахна шымылдығын түрген Алдар көсе мен Қожанасыр көпшілікті көктемнің келуімен құттықтап, әдемі әзілімен ел көңілін бір серпілтті. Абай, Абылай сынды ауыл мақтаныштары бастаған топ ортаға шығып, көктемнің шуағымен басталатын мерекелер туралы қойылым қойды. Қойылым барысында көктем биі, ауыл қариясының батасы, қазақы салт-дәстүрге сай қыз бен жігіттің селтеткізер және ұйқыашар туралы көріністері өте сәтті шықты. Университет ректоры М.Нәрікбаев: «Ардақты әлеумет, жер ананың тоң кеудесі жібіп, Самарқанның көк тасы еріген қасиетті Наурыз айы туғанда амандықпен қайта қауышқан күніміз құтты болсын! Наурыз елімізге құт-береке әкелсін! «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Ұлыс бақты болсын, төрт түлік ақты болсын!» деп, өткенге салауат айтайық, келер күннен берекет тілейік, ақ көңіл, адал жүрекпен дос құшақтарды айқастырып табыстыратын қасиетті күні – Наурыз мерекесі құтты болсын!», – деп жиылған жұртты әз-Наурызбен құттықтады.
«Қара жорға» биіне жиналған қауымның түгелдей билегенінің өзі жарасымды көрінді. Универ­ситеттің төрт бірдей кафедрасы сайысқа түсіп, Қазақстанда тұра­тын өзге ұлт диаспораларының ұлт­тық ерекшеліктерін насихаттады. Әр ұлттың киімдерін киіп, ән-күйлерін нақышына келтіріп орын­дады. Мұның өзі қазақ елінде ынтымағы жарасқан қаншама ұлт өкілдерінің тату-тәтті ғұмыр ке­шіп жатқандығын бейнелегендей.
Қазақ халқының сан ғасырлар бойғы қыз ұзату дәстүрін керемет сомдаған ұстаздар қауымының киген киімдері мен әшекейлері көздің жауын аларлықтай әдемі көрінді. Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде сөйлегендігі көңілімізге қуаныш ұялатты. Ұжымның әрбір мүшесінен Ұлыстың ұлы күніне деген құрметі мен оны тойлауға деген ынта-жігері, құштарлығы әр іс-қимылынан байқалып тұрды.
Мереке күні университеттің алдында спорттық ойындар: жігіт сұлтаны, арқан тарту, асық ойнау, қазақша күрес, қол тартысу, садақ ату, атбасар, күш сынасу сынды қазақтың ұлттық ойындары ойналды. Салтанатты шараның аясында өткен қыз сыны байқауында қыздар өзара бақ сынасты. Әр ауылдың киіз үйіндегі ұлттық тағамдардан қазылар алқасының мүшелері дәм татып, ұсыныс-тілектерін айтып баға берді.

Жұмамұрат ШӘМШІ
Астана қаласы

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз