Қандастарымыздың виза алуына қолдан кедергі емес, қолайлы жағдай жасау қажет - Қазыбек Иса
2023 ж. 30 тамыз
1269
2
Парламентке, біздің атымызға таяуда тағы да Қазақстанның Қытайдың Үрімжі қаласындағы консулдығы виза орталығында қалыптасқан келеңсіз жағдай туралы арыз келіп түсті.
Қандастар мәселесін көтеріп жүрген қоғам қайраткері Қыдырәлі Оразұлынан келген хатта көптеген кемшіліктер мен заңсыздықтар атап көрсетілген.
“Сізге өтініш жазу себебім, Қытайдың Үрімжі қаласындағы Қазақстан визалық орталығы, Қытайдан Қазақстанға оқығысы келген Қазақ жастарына қасақана виза бермей, заңды белшесінен басып отыр”-дейді ол.
Қазақстан үкіметі жыл сайын Шетелдегі Қазақ жастарын Қазақстанда 1 жылдық "Дайындық курсын" оқыту үшін 1300 грант боледі. Қазіргі уақытта Қазақстандағы 9 университет осы бір жылдық дайындық курсына келетін шетелдегі Қазақ жастарының құжаттарын қабылдап жатыр. Қабылдау уақыты 2023 жылдың 5 тамызы иен 5 қыркүйек аралығында, дайындық бөлімге арналған емтихан 25 қыркүйекте болып, сабақ қазанның 1-інде басталады.
“Қазақстанға Моңғолиядан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан келетін Қазақ жастары ешқандай виза алмай-ақ келе береді, ал Қытайдан келетін Қазақ жастары үшін бұл бір қиямет. Олар алдымен Қазақстанға шығу үшін паспорт жасату керек, сосын Қытайдағы Қазақстан елшілігінен виза алуы керек. Қытай үкіметі Қытайдан басқа ұлттарға шетелге шығатын паспортты бірден жасамайды, олар паспорт жасату үшін шетелден "шақырту" әкелу керек, сосын ғана мың сылтауды айтып, 1-2 айда әрең паспорт жасап береді, онда даи бәріне емес”-дейді Қыдыралы Оразұлы бізге жазған арызында.
-Қазіргі уақытта біз Қытайдағы Қазақ жастарының паспорт жасатып Қазақстанға келуі үшін, Қазақстандағы Университеттермен байланысып оларға ТЕГІН шақырту жіберіп жатырмыз, олар сол шақыртумен әупірімдеп жүріп бір-екі айда паспорттарын әрең жасатып жатыр, сосын Қытайдағы Қазақстан елшілігінен виза алып келуі керек. Солардың алды паспорттарын жасатқан Үрімжідегі Қазақстанның виза орталығына барса, визалық орталық оларға "Біз сендерге виза бере алмаймыз, сендер оқитын университеттен оқуға қабылданды деген анықтама әкелесіңдер"- деп заңда жоқ талап қойыпты.
Үрімжідегі Қазақстан елшілігінің Қазақ жастарына бұлай виза бермей отырғаны - заңсыз!”-дейді Қ.Оразұлы.
Себебі:
Біріншіден: Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 15 желтоқсанда № 14531 бұйрығына сәйкес 16 жастан асқан кез-келген ұлты “Қазақ” азаматтар мақсатына қарамастан (туысқаншылай ма, оқи ма, азаматтық ала ма ) алғаш рет 1 жылға көп мәрте, екінші рет 3 жылға көп мәрте тегін виза ала алады. Егер өзге ұлт өкілдері Қазақстаннан оқимын десе оларға оқитын университетінен "оқуға қабылданды деген анықтама" әкелуі керек, бірақ ол этникалық Қазақтарға жүрмейді.
Екіншіден: Қазір ешбір университет емтихан алмай тұрып, ешбір оқуға түсушіге "Оқуға қабылданады" деген анықтама бере алмайды. Себебі емтихан 25 қыркүйекте болады, тек емтиханнан өткендерге ғана "оқуға қабылданды" деген анықтама бере алады. Бірақ ол кезде виза алып, оқуға келуге үлгере алмайды.
Сонда олар оқуға қабылданғаны туралы анықтама әкеле алмаса, Қазақстанға келе алмай ма? Олардың Қазақстанға келіп азаматтық алып, жұмыс істеуіне рухсат жоқ па? Бұл не МАСҚАРА?
-Сонымен бірге қазір Қытаймен шекара ашылғалы Қытайдан елімізге көшіп келетін қандастар көбейген, бірақ Үрімжідегі визалық орталық олардың виза алуы үшін "кезек" алуын әдейі қиындатып, 4-5 ай күттіріп қойып отыр.
Бізде мына жақта отырып алып, "Қытайдағы қандастар шекара ашықта неге келіп алмайды?” деп көсемсиді біреулер, оларды Қазақстанға келтірмей отырған Қазақстан елшілігі емес пе? - деп айыптайды қоғам қайраткері.
Иә, дәл осындай мазмұндағы, Қытайдағы қандастардың Қазақстанға келуіне Үрімжідегі Консулдық виза орталығы қолдан кедергі жасап отырғаны туралы бұдан бұрын да қандастар мәселесімен айналысатын тағы бір қоғам қайраткері Рахым Айыпұлының хаты келген болатын. Біз ол хатты тиісті органға - Сыртқы істер министрлігіне жіберген болатынбыз. Қағаз жүзіндегі құрғақ жауаптан басқа, ешқандай да нәтиже шықпағанын, міне, енді тағы да көріп отырмыз!
Біз дәл осындай жағдаймен бұдан 17 жыл бұрын, 2006 жылы тура осындай күз айында Үрімжі қаласында бетпе-бет келген болатынбыз.
Сол кезде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ислам Әбіш Үрімжіде іссапармен жүріп, Қазақстан консулдығындағы дәл бүгінгідей Қазақстанға барушылар виза алуы үшін бір жылдай кезек күтетін келеңсіз жағдайды көреді. Сол кезде “Қазақ үні” газеті бас редакторы болып жүрген маған хабарласып, осы мәселені көтеру үшін Үрімжі қаласына іссапарға келуімді сұрап, қолдау жасайды. Сол кезде 2006 жылы 26-28 қыркүйекте Үрімжідегі консулдықта болып, виза алушы қазақтармен де, консулмен де сөйлесіп, кейін “Қазақ үні” газетіне бір бет мақала жазған болатынбыз. Бұл мәселені сол кезде Мәжіліс депутаты болып отырған “Ақ жол” партиясы төрағасы Әлихан Бәймен парламентте көтерді. Нәтижесінде консул орнынан кетіп, онда виза орталығында істеуге тағы да екі адам жіберіліп, мәселе шешілген еді.
Енді міне тағы да осындай Үрімжі консулдығындағы келеңсіздікпен кездесіп отырмыз.
Екі айда екі арызхат келді атымызға.
Сондықтан бұл жолы тек Сыртқы істер министріне ғана емес, Үкімет басшысына, Премьер-министрге де депутаттық сауал жолдауға тура келіп тұр.
Қандастарымыздың виза алуына қолдан кедергі емес, қолайлы жағдай жасау қажет - Қазыбек Иса
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Ә.А. Смайыловқа
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі
М.Ә. Нұртілеуге
Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісіне Қытайдың Үрімжі қаласындағы Қазақстан визалық орталығында, Қытайдан Қазақстанға оқығысы келген қазақ жастарына қасақана виза бермейтіндігі туралы Алматы қаласының тұрғыны Қыдырәлі Оразұлынан арыз келіп түсті.
Қазақстан үкіметі жыл сайын шетелдегі қазақ жастарына Қазақстанда оқуға 1300 грант бөліп жатса, Моңғолиядан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан келетін қазақ жастары ешқандай виза алмай-ақ емін-еркін келіп, ал нақты Қытайдан келетін қазақ жастарына шетелден шақыртуды алып келу, 1-2 айда паспорт жасату, жоғары оқу орындарынан “қабылданды” деп анықтама алу, виза рәсімдеу тәртібі Қазақстанға оқуға келуіне қиындық жасауда.
2017 жылдан басталған Қытайдың ШҰАР аймағындағы сепаратизмге қатысты шектен шыққан саяси науқандардың кесірі, оның үстіне қосылған үш жылдан астам уақытқа созылған пандемияның салдары Қытай қазақтарының өз тарихи Отанына оралу мүмкіндігін мүлде тоқтатып тастады десе де болады.
Қазіргі саяси жылымық пен визасыз режим мүмкіндігін пайдаланғысы келген ағайындар жанталаса оқуға түсуге, атажұртқа қоныс аударуға асығуда. Бұл мүмкіндікті еліміздің құзыретті орындары барынша икемді пайдалануға тиіс еді. ҚР СІМ ҚХР Үрімжідегі консулы визалық қызметінде пайда болған қара нөпір кезек ол жақтағы ағайынның Қазақстанға оқуға түсуге, қоныс аударуға деген ықылас-пейілін білдіреді.
Қазақстанға Қытайдағы қазақ жастарының оқуға түсуіне, оралатын қандастарымыздың виза алуына қолдан кедергі жасау емес, қолайлы жағдай жасауымыз қажет.
Қазіргі жағдайда ҚР мен ҚХР арасындағы дипломатиялық келісімдер негізінде ең бірінші Қазақстанда Қытайдағы қазақ жастарының оқуға келуіне және екі-жақта бөліп жарылған отбасылар, ҚХР аумағында қоныстанған ағайындар бұл мүмкіндікті барынша жеткілікті пайдалануы керек.
Аталған өзекті мәселерге байланысты және бұндай арыздың Сыртқы Істер министріне екінші рет жазылып отырғанын, бірақ әлі нәтиже шықпай жатқанын ескеріп, Үрімжі қаласындағы визалық орталықтың жұмысына, қызметкерлеріне тексеріс жасауыңызды және Қытайдағы қазақ жастарының Қазақстанға оқуға жеңіл тәртіппен келу шараларын қарастыруыңызды сұраймын.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 65-бабының 1-тармағына сәйкес, жолданымда қойылған мәселелерді шешу құзыретіне кіретін әкімшілік органға өтініш жолданады.
Осыған байланысты, аталған мәселені қарастырып, нәтижесі туралы хат иесіне және Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне заңда белгіленген мерзімде жазбаша түрде хабарлауыңызды сұраймын.
Ізгі ниетпен,
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса