ЖАЛҒЫЗ ҚАЗАҚ МЕКТЕБІ БАР РИДДЕРДЕ САЛЫНАТЫН МЕКТЕП МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ БОЛАДЫ

ЖАЛҒЫЗ ҚАЗАҚ МЕКТЕБІ БАР РИДДЕРДЕ САЛЫНАТЫН МЕКТЕП МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ БОЛАДЫ

МЕМЛЕКЕТТІК МЕКТЕП МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ БОЛУЫ КЕРЕК! 

  • Ескі екі ғимараты да жөндеуді және материалдық-техникалық жабдықтауды қажет ететін «ШАҢЫРАҚ» мектебіне 310 млн теңге бөлінуде.
  • №11 аралас мектептің білім беру лицензиясы жоқ!?.

Биыл 2023 жылы 14 маусымда өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі Қазыбек Иса “КЕҢЕС ИМПЕРИЯСЫ ЕНГІЗГЕН АРАЛАС МЕКТЕП ЖҮЙЕСІН ТОҚТАТУ ҚАЖЕТ!

ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРІНЕ ҚИЯНАТ ЖАЛҒАСА БЕРЕ МЕ?”-атты депутаттық сауал жасаған еді. 

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаев пен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне жасалған сауалда депутат қазақ мектептерінің ауыр жағдайына тоқталып, аралас мектеп жүйесін тоқтатуды талап еткен болатын.

Жақында парламентке осы депутаттық сауалға байланысты ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаев пен Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасынан жауаптар келді.

Жауаптарды жарияламас бұрын алдымен Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса жариялаған осы депутаттық сауалды еске сала кетейік.

КЕҢЕС ИМПЕРИЯСЫ ЕНГІЗГЕН АРАЛАС МЕКТЕП ЖҮЙЕСІН ТОҚТАТУ ҚАЖЕТ!

ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРІНЕ ҚИЯНАТ ЖАЛҒАСА БЕРЕ МЕ?

Парламентке келген Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жалғыз қазақ мектебі - шаңырағы құлайын деп тұрған «Шаңырақ» мектебінің апатты жағдайы туралы ата-аналар хатын оқығанда, біз әлі Тәуелсіздік алмай, Кеңес империясында жүрміз бе деген ой келеді… 

550-дей оқушы оқитын алғашқы қазақ мектебі әйгілі Желтоқсан көтерілісінен кейін 1987 жылы қазақ мектебін ашуға деген талап күшейіп, алдымен кешкі мектеп болып ашылған. Бірақ Тәуелсіздік алсақ та, жағдай сол Кеңес одағы кезіндегіден оңалып кеткені шамалы...

550-дей қазақ баласы оқитын жалғыз қазақ мектебі өткен ғасырдың басында, 1936 жылы және 1952 жылы салынған екі тозығы жеткен, құлайын деп тұрған жайда отыр.  

Риддердегі жалпы 16 мектептің 1-еуі ғана қазақша, 12 –сі орысша, 3-еуі аралас мектеп. Қазақ елінде қазақ мектебі 20 жылдан бері жаңа ғимарат сұрап зарлап келеді. Риддерде қазақша мектеп жетіспейтіндіктен, қазақ балаларына дискриммнация жасалып, оқуға жағдай жасалмай, зардап шегуде.

Соның өзінде бұл қазақ мектебі білімі бойынша қаладағы ең үздік мектеп, Қазақстанның 100 мектебі тізіміне енген.

«Шаңырақ» мектебіндегі 550 баладан басқа қалада тағы 700-дей бала қаладағы әр аралас мектепте оқып жатыр. Осыған байланысты халық осы өткір мәселені шешіп беруін, қазақ мектептері ашылып, жаңа ғимарат салынуын талап етуде.

2008 жылы Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянның қолдауымен «Шаңырақ» қазақ мектебіне жаңа ғимарат салуға жер де бөлінген. Бірақ кейін жергілікті әкімдік пен білім бөлімінің араласуымен құжаттар бұрмаланып, №6 шағынаудандағы жаңа мектеп ғимараты басқа аралас мектепке берілген. Ал 2022-2023 оқу жылының 6 қыркүйектегі мәліметі бойынша 600 орындық ол мектепке бала толмай, 218 оқушы оқыған. Қаладағы 1200-дей қазақ оқушылардың жартысы типтік емес, апатты «Шаңырақ» мектебінде, жартысы қаланың әр жеріндегі аралас мектептерге қатынап барып оқып жүр.  

Негізі, “Шаңырақ» қазақ мектебіне салынған жаңа ғимаратты «аралас» мектепке айналдырып жібергендер заң алдында жауап беруі тиіс!

2008 жылы «Шаңырақ» қазақ мектебін салуға жер телімін бөлу туралы қаулы шыққанда мектептің апаттық мектеп екені туралы эксперт сараптамасы да, типтік емес мектепте отырғаны туралы да құжаттар болды.

2019 жылы бұл сараптаманы да басқа құжаттарды да мектептегі жиналыста Риддер қаласы білім беру бөлімі басшысы Дәулет Ильясов өз қолымен алып кетіп, жоқ қылды. Содан кейін 2019 жылы жаңа қаулы шығарғанда #6 ықшамауданда салынатын мектеп құжаты қазақ мектебі емес, аралас мектеп болып бұрмаланып кетті. 

1.Қазақ Елінде Қазақ мектебінің құрылысына бөлінген жер мен қаражатты қандай саясатпен халықтан ұрлап, өтірік қажеттілік тудырып, баска мектепке беріп отыр? 

2.Былтыр салынған 600 балаға арналған жаңа мектепте 218 бала оқып, әлі күнге дейін толтыра алмай отырса, онда неге «Шанырақ» қазақ мектебіне бермейді? Бұл халық каржысын ашық тонау ғой?

Қабырғаңды қайыстырар осы Тәуелсіз және Әділетті Қазақстанның ұстанымына қарсы жасалған қарекеттерге кім кінәлі? Олар неге жазаланбайды? Облыс, қала әкімдері неге мемлекеттік мүддені қорғамай отыр? Осы сұраққа ашық жауап талап етеміз.

Осы біздің елде қазақ мектебін ашамыз десек, “аралас мектеп ашайық” деп, араласып шыға келетін құлдық санадағы шенеуніктерден қашан және қалай құтыламыз? Тәуелсіздік алғанымызға 32 жыл болды емес пе?!.

Өйткені, мұндай мемлекеттік мүддеге қарсы шенеуніктер әр қалада жетеді. 

Олар әлі әкімдікте, білім саласы басында отыр.

Мысалы, Алматы облысы Талғар қаласындағы Т.Рысқұлов мектебі үшін салынған жаңа #25 мектептің “Оқу қазақ тілінде” деген паспортын ауыстырып жібергендер қызметте өсіп кетті. Алматы қаласындағы Наурызбай ауданында да #207 жаңа мектепті де араласқыштар “аралас мектеп” етіп жіберді… 

Біз бұл ұлттық мүддеге - мемлекеттік мүддеге қарсы шыққандардың бәрінің аты -жөнін жариялаймыз алда. 

Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды!

Біз еліміздегі қазақша оқитын балалар мен ата-аналардың талаптарын қолдаймыз: 

1. Риддер қаласындағы “Шаңырақ” қазақ мектебінің 600 баласына арналған, бірақ әкімдіктің бұрмалауымен, 218 оқушы ғана оқитын № 11 аралас мектепке беріліп кеткен жаңа ғимарат заңды иесі «Шаңырақ» мектебіне берілуі тиіс! Сонда қаланың осы жақтағы жеті ауданынының қазақ балалары осында келіп оқиды. 

2. Қаладағы қалған төрт ауданда оқып жүрген қазақ оқушылары үшін сол маңдағы №7 ықшамауданға салынатын “Жайлы мектеп” жобасы бойынша жаңа мектеп берілуі тиіс!

3.Еліміздегі ескі ғимаратта және үш ауысымда оқитын қазақ мектептерінің бәрі “Жайлы мектеп” жобасынан жаңа ғимарат алуы тиіс!

4.Кеңес империясы енгізген, әлі күнге іс-шаралары Кеңес одағы тілінде өтетін аралас мектеп жүйесін шұғыл тоқтату қажет! 

Әділетті Қазақстанға қадам басқанымызды ең алдымен балалар сезінуі тиіс.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының мүшелері:

Қ. Иса

А. Перуашев

Д. Еспаева

Е. Барлыбаев

Е. Бейсенбаев

А. Садықов 

«Amanat» партиясы фракциясының мүшелері:

М. Рожин

Н. Сәрсенғалиев

Р. Зайытов

Г. Нұрымова

Н. Сабильянов

«Ауыл» халықтық-демократиялық

патриоттық партиясы фракциясының мүшесі:

Т. Серіков 

Жалпыұлттық социал-демократиялықпартиясы фракциясының мүшесі:

Н. Әуесбаев 

Жеке мандатты депутаттар:

Е. Бапи

А. Құспан 

 Яғни, осы “Ақ жол” фракциясы депутаттық сауалын парламенттегі “Аманат”, “Ауыл”, Жалпыхалықтық социал демократиялық партиясы және бірмандатты депутаттар бар, барлығы 4 фракцияның 15 депутаты қолдап, қол қойған еді.

Енді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың жауабын жариялаймыз.


РИДДЕРДЕ Ұлттық жобамен салынатын МЕКТЕПТІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ БОЛУЫН ҚОЛДАЙМЫЗ - министр

 2023 жылғы 16 маусымдағы № ДС-236 хатқа    

Құрметті депутаттар! 

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы «Шаңырақ» мектеп-гимназиясының апатты жағдайы туралы сауалыңызға қатысты келесіні хабарлайды.

Риддер қаласында 16 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, оның ішінде орыс тілінде оқытатын - 12 мектеп, қазақ тілінде оқытатын - 1 мектеп және аралас тілде - 3 мектеп.

Мектептердегі оқыту тілі Риддер қаласының ұлттық құрамын ескере отырып айқындалды (44 211 адам (немесе 80,2%) – орыс ұлтынан, 9 011 адам (немесе 16,3%) – қазақ ұлтынан,  1 890 адам (немесе 3,4%) - басқа ұлт).

Оқушылар контингетінің жалпы санынан (7 251 оқушы) 16%-ы қазақ тілінде                 (1 155 оқушы), 84%-ы орыс тілінде (6 096 оқушы) оқиды. Қазақ тілінде оқытатын оқушы орындарының саны 1 578 орынды құрайды. Орын тапшылығы жоқ.

Сонымен қатар, 2022 жылы пайдалануға берілген №11 мектеп Риддер қаласындағы №3 мектептегі үш ауысымда оқыту мәселесін шешуге бағытталған. Осы мектепте аралас тілде оқыту жергілікті атқарушы органның шешімімен бекітілген. Алдағы оқу жылы № 11 мектепте 570 баланы (250 бала қазақ тілінде, 320 бала орыс тілінде) оқыту жоспарлануда.

Қазіргі уақытта жобалық қуаты 660 орындық қазақ тілінде оқытатын «Шаңырақ» мектеп-гимназиясының екі ғимаратында 549 бала білім алуда, оның ішінде:

- 5-11 сынып оқушылары (298 бала) – 1958 жылы салынған ғимаратта;

- бастауыш сынып оқушылары (251 бала) – 1937 жылы салынған ғимаратта.

Әрбір ғимараттың жеке асханасы, кітапханасы, спорт залы бар. Мектеп ғимараттары білім беру ұйымдарына қойылатын нормативтер мен талаптарға сәйкес келеді.  Мектепте 8 интерактивті тақта, 93 компьютер, 5 жаңа модификацияланған кабинет бар.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ақпаратына сәйкес 2022 жылғы  2 мамырдағы техникалық қорытынды бойынша 1958 жылғы ғимараттың шағын спорт залы апатты деп танылып, ағымдағы жылы бұзу жұмыстары жүргізілді, мектептің негізгі ғимараты қалыпты жағдайда.

2023 жылы 3 интерактивті панельді сатып алу және қолданыстағы спорт залына ағымдағы жөндеу жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 60 млн.теңге бөлінді.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен мектептің материалдық-техникалық базасын 250,0 млн теңгеге жаңарту жоспарлануда (химия, биология, физика кабинеттері, кабинеттерге интерактивті панель және басқа оқушы жиһаз).

Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы ұлттық жобасына сәйкес Риддер қаласында 2024 жылы 1 200 оқушы орындық (екі ауысымда) 1 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда.

Министрлік мектептердің оқыту тілін айқындау жергілікті атқарушы органның құзыретінде екенін ескере отырып, Ұлттық жоба шеңберінде салынатын 600 орындық мектепті мемлекеттік тілде оқытуды қолдау үшін ұсыныспен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне хат жолдады (хат көшірмесі қоса беріледі). 

 Министр   Ғ. Бейсембаев     

 

“ШАҢЫРАҚ” мектебінің ЕКІ ҒИМАРАТЫН да ЖӨНДЕУ және материалдық-техникалық жабдықтау ҚАЖЕТ - вице-министр

Ұлттық жобамен салынып жатқан мектеп мемлекеттік тілде оқытатын мектеп болады

№11 аралас мектептің білім беру лицензиясы жоқ

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне 

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларының қызметіне кешенді мониторинг жүргізуде.

Мониторинг барысында Министрліктің Орта білім комитеті төрағасының орынбасары С.Өмірбекова бастаған топ Шығыс Қазақстан облысының білім беру ұйымдарын аралады.

Атап айтқанда, депутаттар мен қоғам өкілдеріне жаңа ғимарат беруге қатысты бірнеше рет өтініштер түскен Риддер қаласындағы «Шаңырақ» көп бейінді мектеп-гимназиясы» КММ-де  болды. Аталған оқу орнының ата-аналарымен кездесу ұйымдастырылды, «№ 11 орта мектеп» КММ-нің  мектеп ғимаратындағы мұғалімдер мен оқушыларды  мемлекеттік тілде оқытатын мектеп мәртебесін берумен көшіру туралы талаптар тыңдалды.

Анықтамалық:

  «Шаңырақ» көп бейінді мектеп-гимназиясы» КММ жобалық қуаты 666 орынды құрайды, 546 оқушы оқиды. Білім беру ұйымы екі корпуста (біріншісі 1936 жылы салынған (негізгі және орта мектеп), екіншісі 1956 жылы салынған бұрынғы Пионерлер сарайының ғимаратында (бастауыш мектеп) орналасқан). Жолдың тікелей маңында жылдамдықты төмендететін жолдар, «Абайлаңыз, балалар» белгілері жоқ. Екі ғимаратта да жөндеуді және материалдық-техникалық жабдықтарды жаңартуды қажет етеді (мектеп жабдықтары жартылай жаңартылған, 11 интерактивті тақта, парталар мен орындықтар жартылай жаңартылған, пән кабинеттері бар (химия кабинеті ауа тазартқышқа қосылмаған және пайдаланылмаған). 

«№11 жалпы білім беретін мектеп» КММ мектептің жобалық қуаты 600 орынды құрайды, 324 оқушы оқиды, 2022 жылы пайдалануға берілді, білім беру қызметіне лицензия жоқ. Аралас тілді мектеп жаңа ауданда орналасқан.

Жалпы Риддер қаласында 16 мектеп бар, оның ішінде: аралас – 3, орыс тілінде оқытатын – 12, мемлекеттік тілде оқытатын – 1. Кейбір мектептерде оқушы орыны артық. Мемлекеттік тілде оқытатын мектептердегі оқушылар контингенті – 15,4%, орыс тілінде оқытатындар – 84,6%.

Осыған байланысты «№11 орта мектеп» КММ-н қазақ тілінде оқытатын мектеп ретінде анықтауда тәуекелдер бар.

Бұл ретте облыс әкімдігі 300 орындық қазақ тілінде оқытатын мектеп салуды жоспарлап отыр, сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы (бұдан әрі – Ұлттық жоба) шеңберінде  600 орындық аралас тілде оқытатын мектеп салу жоспарланған.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде мыналар ұсынылады:

1. Мониторинг тобының ұсыныстарын ескеру.

2. «Шаңырақ» көп бейінді мектеп-гимназиясы» КММ ғимаратына техникалық байқау жүргізу.

3. Ұлттық жоба шеңберінде салынып жатқан 600 орындық мектеп (Риддер қаласы, Киров көшесі, № 1 жер учаскесі) мемлекеттік тілде оқытатын мектеп болып белгіленсін.

4. Риддер қаласындағы оқушылар орны артық мектептерді оңтайландыру және олардың жобалық қуаттылығынан төмен емес көлемде жаңа мектептерді оқушылардың толтыруын қамтамасыз ету шараларын қабылдасын.

5. Риддер қаласында қосымша білім беру жүйесін дамыту бойынша шаралар қабылдансын.

Қабылданған шешімдер мен қабылданған шаралар туралы ақпаратты Министрлікке 2023 жылғы 10 шілдеден кешіктірмей жіберуіңізді сұраймыз. 

Вице-министр   Е. Оспан


 «ШАҢЫРАҚ» мектебіне 310 млн теңге бөлінуде

Қазақстан Республикасы

Парламенті мәжілісінің

депутатарына 

 Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы 2023 жылғы 16 маусымдағы                          № ДС-236 Риддер қаласындағы жаңадан салынған жобалық қуаты 600 орындық мектепті қазақ тілінде білім беретін «Шаңырақ» көпсалалы мектеп-гимназиясы» КММ беруге қатысты хатқа келесіні хабарлайды.

Риддер қаласында 7251 оқушы контингенті бар 16 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді (қазақ тілінде – 1165, орыс тілінде – 6086), оның ішінде 1 қазақ тілінде оқытатын мектеп («Шаңырақ» көпсалалы мектеп-гимназиясы» КММ), 12 – орыс тілінде оқытатын мектеп, 3 – аралас мектеп.

«Шаңырақ» көпсалалы мектеп-гимназиясының оқушылар контингенті 549-ды құрайды, бір-біріне жақын орналасқан екі ғимараттың жобалық қуаты                           660 орынға арналған. Бастауыш сыныптардың 252 оқушысы Безголосов көшесі, 16-да орналасқан ғимаратта оқиды, 5-11 сыныптардың 294 оқушысы “Жеңіс” көшесі, 1-дегі ғимаратта оқиды.

Мектеп ғимараттары типтік, оларды апатты деп тану туралы қорытынды жоқ. Мектептің шағын спорт залының үй-жайын пайдалануға жарамсыздығы туралы                          2022 жылғы 2 мамырдағы техникалық қорытынды бар.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ғимараттарды қанағаттанарлық жағдайда ұстау мақсатында ағымдағы жылы бюджеттен шағын спорт залына жапсаржайды бұзуға, аумақты абаттандыруға, спорт залындағы терезелер мен есіктерді ауыстыруға, 4 интерактивті панель сатып алуға 60 млн. теңге бөлінді. Қазіргі уақытта мектептің спорт залының жапсаржайы толығымен бұзылып, орнын бетондау жұмыстары қалды. Спорт залының ішіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылдың шілде айында жөндеу жұмыстары толық аяқталады. Сонымен қатар,                                     3 интерактивті панель сатып алынды.

Биылғы жылы «Қазақстан халқына» қоры қаражаты есебінен «Шаңырақ» көпсалалы мектеп-гимназиясына 250 млн. теңгеге қосымша материалдық-техникалық жабдықтар алу жоспарлануда.

Риддер қаласының 6-шы шағын ауданында 2022 жылғы қыркүйекте                 600 орынға арналған аралас тілде оқытатын жаңа № 11 орта мектеп пайдалануға берілді. Мектеп құрылысының салынуы осы шағын ауданға жақын тұратын мектеп жасындағы балалар санының артуына байланысты болды. 6-шы шағын ауданның маңындағы жобалық қуаты 770-ға орынға арналған № 3 орта мектепте 1026 оқушы білім алады.

Аталған жаңа мектептің 6-шы ықшамауданда салынуы соңғы 3 жылда осы аумаққа жақын орналасқан 4, 5 ықшамаудандардың және Совхоз, Коноваловка жекеменшік секторларында тұратын мектеп жасындағы балалардың санының артуымен байланысты болды.

Сондай-ақ, жоғарыда көрсетілген ықшамаудандарға 2022 жылғы 5 қыркүйекке дейін тек «Д. Қонаев атындағы № 3 орта мектебі» КММ жақын орналасқан. Аталған мектептің жобалық қуаты 770 орын. Алайда, ата-аналар сұраныстарының жоғары болуына байланысты ол мектеп бірнеше жылдар бойы 1187 бала оқытуға мәжбүр болды. Сол себепті осы мекенжайларда тұратын оқушылар қаланың орталығында орналасқан басқа мектептерге барып оқыған. Сонымен қатар, №3 орта мектебінің оқыту тілі орысша болғандықтан осы мекенжайларда тұратын қазақша оқитын оқушылар да аралас немесе қазақ тіліндегі «Шаңырақ көпсалалы мектеп-гимназиясы» КММ мектебіне барып оқыған.

Қазіргі уақытта аталған ықшамаудан оқушылары қала орталығындағы басқа мектептерге қатынамай үйлеріне жақын орналасқан «№11 орта мектебі» КММ-інде білім алуда. Оқу жылының аяғына оқушы саны «№11 жалпы орта мектебі» КММ 324-ті құрады. Оның 124-і қазақ тілінде, 200-і орыс тілінде білім алды. Қазіргі уақытта «Шаңырақ» көпсалалы мектеп-гимназиясының, № 14, 16 аралас мектептері оқушыларының ата-аналарынан жаңа 2023-2024 оқу жылынан бастап № 11 орта мектепте балаларын оқыту бойынша 45 өтініш келіп түскен. 2023 жылғы 1 қыркүйекте аталған мектепте 570 бала оқиды деп күтілуде және барлық 1-11 сынып аралығында қазақ және орыс тілдерінде паралелль сыныптар ашу жоспарланған.

Ағымдағы жылы Риддер қаласында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 600 орынға арналған мемлекеттік тілде білім беретін мектеп құрылысын бастау жоспарланған, аяқталу мерзімі - 2024 жыл.

Сонымен қатар, 2024 жылы Риддер қаласында 300 орынға арналған мектептің құрылысын бастау туралы шешім қабылданды. Аяқталу мерзімі - 2025 жыл.

Басшының м.а.               Н. Маратұлы

МЕМЛЕКЕТТІК МЕКТЕП МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ БОЛУЫ КЕРЕК! - Қазыбек Иса

Алдымен депутаттық сауалымызға байланысты нәтиже шығаруға кіріскен 

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне рахмет айтамыз. Министрлік облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларының қызметіне кешенді мониторинг жүргізген.

Министрліктің Орта білім комитеті төрағасының орынбасары С.Өмірбекова бастаған топ Шығыс Қазақстан облысының білім беру ұйымдарын аралаған.

“Атап айтқанда, депутаттар мен қоғам өкілдеріне жаңа ғимарат беруге қатысты бірнеше рет өтініштер түскен Риддер қаласындағы «Шаңырақ» көп бейінді мектеп-гимназиясы» КММ-де  болды. Аталған оқу орнының ата-аналарымен кездесу ұйымдастырылды, «№ 11 орта мектеп» КММ-нің  мектеп ғимаратындағы мұғалімдер мен оқушыларды  мемлекеттік тілде оқытатын мектеп мәртебесін берумен көшіру туралы талаптар тыңдалды”-дейді вице-министрі Е.Оспан мырза.

Біздің депутаттық сауалымыздан кейін сайлаушылармен кездесу үшін ел аралғанда Мәжіліс депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасы Азат Перуашев бастаған депутаттар Шығыс Қазақстан өңірінде болғанда, облыстың жаңа әкімі Ермек Көшербаевпен кездескен болатын. Сонда осы Риддердегі қазақ мектебі мәселесі тағы қозғалған еді. Әкім бұл өзекті мәселеге баса назар аударатынын жеткізген еді.

Енді міне, жоғарыдағы ресми жауаптардан Риддерде оң қозғалыс басталғанын біліп отырмыз.

Жалпы, Оқу-ағарту министрлігі мен ШҚО білім басқармасы жауабынан түйгеніміз:

1. Риддер қаласында ұлттық «Жайлы мектеп» жобасы аясында 600 орынға арналған мемлекеттік тілде білім беретін мектеп құрылысын бастау жоспарланған, аяқталу мерзімі - 2024 жыл.

2. Облыс әкімдігі 2024 жылы Риддер қаласында 300 орынға арналған қазақ тіліндегі мектептің құрылысын бастау туралы шешім қабылданды. Аяқталу мерзімі - 2025 жыл.

3.Риддердегі бір шаңыраққа ие бола алмай келе жатқан, 1936 жылғы және 1956 жылғы ескі ғимаратта оқып келе жатқан «Шаңырақ» көп бейінді мектеп-гимназиясы» КММ ғимаратына техникалық байқау жүргізілген.

Мектепті жөндеуге және материалдық-техникалық жабдықтарды жаңартуға бюджет пен “Қазақстан халқына” қоры арқылы жалпы 310 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыс басталып кеткен.

Сонымен қатар, біздің депутаттық сауалымызда көтерген өткір мәселелердің өзекті екені және әлі шешілмей жатқандары да айқындалды.

Бұл 2022-2023 оқу жылын аяқтағанда айқын көрінді.

1.Қазақ мектебі болатын жерден аяқ астынан аралас мектепке айналып кетіп, “Шаңырақ” қазақ мектебіне тиесілі жаңа ғимаратты алып алған  

№11 жалпы орта мектебінің білім беру лицензиясы жоқ болып шықты.

Министрлік тексерісінің анықтамасында айтылғандай, егер №11 жалпы орта мектебінің білім беру лицензиясы жоқ болып шықса, ол мектепті 2022-2023 оқу жылында оқыған және биыл бітірген түлектердің, жалпы 324 оқушының алған білімі, түлектерге берілген аттестаттар заңсыз болып шықпай ма?!. Аттестат демекші, осы №11 аралас мектебін бітірген түлектер мен 9 сынып бітірушілерге бұл мектеп лицензиясы жоқ болғандықтан атестат бере алмай, олар басқа мектептердің атынан аттестаттар алған?!. 

Бұл бұрын-соңды әлемдік білім тарихында болмаған оқиға шығар!

2.2022 жылы пайдалануға берілген 600 орынды құрайтын №11 жалпы орта мектепте 2022-2023 оқу жылында оқыған 324-оқушының 124-і қазақ тілінде, 200-і орыс тілінде білім алған. 

Сонда 600 орындық мектептің жартысына жуығы бос болды ғой бір жыл бойы. Бұл біз депутаттық сауалымызда атап көрсеткендей, 

600 балаға арналған жаңа мектептің жартысына жуығын әлі күнге дейін толтыра алмай отырса, бұл халық каржысын ашық тонау ғой?

Бала толтыра алмай отырса, онда неге тура баласы толық «Шанырақ» қазақ мектебіне бермейді ғимаратты? 

3.Осыдан бір ғасырдай бұрынғы, 1936 жылы салынған ескі ғимаратта отырған “Шаңырақ” мектебі туралы “Мектеп ғимараттары типтік, оларды апатты деп тану туралы қорытынды жоқ.”-деп жазады ШҚО білім басқармасы басшысы м.а. Н.Маратұлы. Облыстық білім басқармасы ғимаратын сол “Шаңырақ” мектебі отырған, осыдан 100 жылдай бұрынғы ескі ғимаратқа ауыстырса, көрер едік “типтік” ғимарат” дегенді?!.

“Мектеп ғимараттары типтік, оларды апатты деп тану туралы қорытынды жоқ.”-деп, аспаннан түскендей болып отырған облыстық білім басқармасы басшысы біздің депутаттық сауалымызды толық оқымаған сияқты. Ендеше есіне салайық: 

-2008 жылы «Шаңырақ» қазақ мектебін салуға жер телімін бөлу туралы қаулы шыққанда мектептің апаттық мектеп екені туралы эксперт сараптамасы да, типтік емес мектепте отырғаны туралы да құжаттар болды.

2019 жылы бұл сараптаманы да басқа құжаттарды да мектептегі жиналыста Риддер қаласы білім беру бөлімі басшысы Дәулет Ильясов өз қолымен алып кетіп, жоқ қылды. Содан кейін 2019 жылы жаңа қаулы шығарғанда #6 ықшамауданда салынатын мектеп құжаты қазақ мектебі емес, аралас мектеп болып бұрмаланып кетті.

Яғни, басқарма басшысы ол қорытындыны қайда құртқанын Ильясовтан сұрауы керек!

Сол Ильясовтың, оны жұмсаған Риддердегі, облыстағы әкімдік пен білім саласы басшыларының кесірінен 2022 жылы салынған 600 орындық жаңа мектеп жартылай ғана жұмыс істеп, халық қазынасына миллиардтаған шығын келтіруде! Ал ұлттық-рухани шығыны одан да орасан! Бұл сияқты өз ұлтының мүддесіне қарсы жұмыс істейтін нигилистер Риддерде де, Астанада, Алматыда, басқа қалалар мен облыстарда, әсіресе солтүстік өңірлерде аз емес әлі. 

Сондықтан да, біз депутаттық сауалымыздағы сұрағымызды қайталаймыз.

-Қабырғаңды қайыстырар осы Тәуелсіз және Әділетті Қазақстанның ұстанымына қарсы жасалған қарекеттерге кім кінәлі? Олар неге жазаланбайды? Облыс, қала әкімдері неге мемлекеттік мүддені қорғамай отыр? Осы сұраққа ашық жауап талап етеміз.

Осы біздің елде қазақ мектебін ашамыз десек, “аралас мектеп ашайық” деп, араласып шыға келетін құлдық санадағы шенеуніктерден қашан және қалай құтыламыз? Тәуелсіздік алғанымызға 32 жыл болды емес пе?!.

Өйткені, мұндай мемлекеттік мүддеге қарсы шенеуніктер әр қалада жетеді. 

Олар әлі әкімдікте, білім саласы басында отыр.

4.Бізге парламентке, “Ақ жол” фракциясына “Шаңырақ” мектебінің ауыр жағдайы мен Риддер қаласындағы білім мен идеология саласындағы ұлттық мүддеге қарсы қалыптасқан ахуалды жеткізген қалалық “Қазақ тілі” қоғамы басшыларын, белсенді ата-аналарды мемлекеттік-ұлттық мүддені қорғау үшін қарқынды қайрат көрсетіп жүрген Құралай Садықованы қудалауды тоқтату керек!

Жалпы, қорыта айтарымыз, ШҚО Риддер қаласында ұлттық жоба аясында салынатын “Жайлы мектептің” мемлекеттік тілде болуын парламентте көтеріп, талап етуіміз нәтижесін беріп жатыр. Өйткені бұған дейін аралас мектеп болады деп ұйғарылған “жайлы мектептің” мемлекеттік тілде болуын қолдаған Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсенбаев, ШҚО әкімі Е.Көшербаев мырзаларға да рахмет айтамыз.

Сонымен бірге облыс әкімдігі 2024 жылы Риддер қаласында 300 орынға арналған қазақ тіліндегі мектептің құрылысын бастау туралы шешім қабылдағанын қуана құптаймыз.

Мемлекеттік-ұлттық мүддені қорғау - Тәуелсіз Елдің басты талабы.

Мемлекеттік мектеп мемлекеттік тілде болуы керек!

Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасы орынбасары