Еліміздің еңселі болуы берік мемлекеттік идеология негізінде жүрері анық - Дархан Сатыбалды

Еліміздің еңселі болуы берік мемлекеттік идеология негізінде жүрері анық - Дархан Сатыбалды

«Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбындағы білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесі негізінде «Ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие» бағытындағы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының баяндамасы.

Қадірлі ұстаздар!

Құрметті Тамыз кеңесіне қатысушылар!

Сіздерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын!

Бүгінгі, «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбындағы білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінің «Ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие» тақырыбымен өңірімізде өтуі бекер емес.

Тамыз кеңесі – ұстаздар арасында дәстүр болып қалыптасқан алқалы жиын ғана емес.

Тамыз кеңесі – білім беру ісіндегі жеңістеріміз бен кемшіліктерді саралайтын алаң, алдағы міндеттерді талқылайтын маңызды басқосу.

Маусым айында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда: 

«Біз өркениетті ел ретінде халқымыздың дүниетанымына жат нәрселерге қарсы тұруға тиіспіз. Ол үшін, ең алдымен, оқу-ағарту жұмысын күшейтуіміз керек. Жас ұрпақтың, әсіресе, қазіргі құбылмалы заманда сыни тұрғыдан ойлай білуі маңызды. Балаларымыздың танымы кең болуына жағдай жасауымыз қажет» – деп атап көрсетті.

Биылғы оқу жылы ерекше жемісті болуы тиіс деп есептеймін.

Құрметті қауым!

Түркістан облысында жалпы 1000 мектепте (оның: 907-мемлекеттік, 93-жекеменшік) 514 мыңнан астам оқушы білім алады. 

Ал, облыстағы 52 колледжде (оның: 29-мемлекеттік, 23-жекеменшік) 40 мыңнан астам студент оқиды.

Облыс халқының 38%-ы балалар мен кәмелетке толмаған жасөспірімдер.

Еліміздегі әрбір 7-ші оқушы біздің облыста.

Бұл республикадағы ең үлкен көрсеткіш.

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ТӘРБИЕ:

Білім сапасы балабақшадан басталады.

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десен бесігіңді түзе» - деген даналық сөзінің мазмұны тереңде.

Егер біз балабақшадағы білім мен тәрбие сапасын арттыра алмасақ, жаңа заманға лайықты ұрпақ негізі қаланбайды. 

Облыстағы 1364 балабақшада (264-мемлекеттік, 52-шағын орталық, 1062-жекеменшік) 149 мыңға жуық бала тәрбиеленуде.

«Білімді ұлт» ұлттық жобасында 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамтуды 100 пайызға жеткізу міндеті тұр.

Қазіргі таңда, қамту көрсеткіші – 98,7%-ды (148 550) құрады.

Мемлекет тарапынан балаға төленетін қаржы көлемі артып, қалада 42 088 (экологиялық 50 756), ауылда 46 305 теңгеге (экологиялық 54 973) жетті.

Соңғы үш жылда балабақша кезегінде тұрғандар балаларды қамтуға қаржы бөлінбеген. Биыл орын тапшылықты жою мақсатында жаңадан 8,5 мың орын бөлініп отыр.

Жалпы облыста бұл салаға бағытталған қаржы 101 млрд. теңгеден асты.

Алайда, балабақшаларда қаржы жымқыру, мемлекет қаржысын заңсыз иелену, мақсатсыз пайдалану, талан-таражға салу фактілері кездесуде.

Біз бұл бағытта мониторинг және тазалау жұмыстарын тоқтатпаймыз.

Заң бәріне ортақ. Заңсыздықтарға жол берген, осы саланың берекесін алып, балаға бөлінген қаржыға қол салғандар заң алдында жауап береді.

Біз тек мемлекеттің қаржатын ғана жоғалтып отырған жоқпыз. Осы бөлінген орынға баруға тиісті баланың санасын, тәрбиесін жоғалтып, ұрпақ алдында ұятты болып отырмыз. 

Балалар үшін бөлінген мемлекеттің әрбір қаржысының сұрауы бар.

Мемлекеттік ғана емес жекеменшік балабақшаларға да сапаға өтетін кез келді. Біз оны талап етеміз!

Жыл соңына дейін мемлекеттік балабақшалардың жөндеу жұмыстарына, оларды жаңа жиһаздар және ойын алаңшаларымен қамту үшін облыстық бюджеттен 3,5 млрд. теңге бағыттап отырмыз.

Құрметті кеңеске қатысушылар!

ОРТА БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУ. МЕКТЕП:

«Білімді ұлт» сапалы білім» ұлттық жобасын іске асыру мақсатында ғылым мен білімге аса мән беруіміз қажет.

Ұлы кемеңгер Абай: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» – деп, бекер айтқан жоқ.

Мықтылар бірді, ғалым мыңды жеңеді.

Осы ретте өңірде білім сапасын арттыру және оқушыларды ғылымға бағыттау мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынуда.

Түркістан облысы республикада білім беру саласына бөлінетін қаржы көлемі жағынан 1-орында.

Салаға 2023 жылға 597,5 млрд. теңге қаржы бөлінген.

Бұл, облыс бюджетінің тең жартысын (48,2%) құрайды.

Білім беру ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ мақсатында облыста 2023-2025 жылдар аралығында 96 мектеп (оның: 63-«Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен, 3-«Ауыл ел бесігі» бағдарламасынан, 21-жалпы сипаттағы трансферттер есебінен, 9-жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен) салынуда.

Биыл осы мектептердің 20-ы оқушылар қабылдайды.

Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 51 621 оқушы (2022 жылы – 53 799 оқушы) келеді деп күтілуде.

Ал, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша өңірде үш жылда заманауи 63 мектеп құрылысы жүргізілетін болады.

Сонымен қатар, қыркүйек айында жалпы көлемі 5 мың орыннан астам 17 жекеменшік мектеп пайдалануға беріледі.

Нәтижесінде облыстағы жекеменшік мектептер саны 110-ды құрайды.

Мен өңірдегі бизнес өкілдерін ел болашағы – балаларымыздың сапалы білім алуына инвестиция құюға шақырамын.

Мектептегі оқушы орындарының тапшылығын шешуде жекеменшік сектор біздің негізгі әріптесімізге айналуы тиіс.

Бұл бойынша тиісті басқармаларға мектеп қажет ететін елді мекендер картасын әзірлеп, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы бизнес өкілдерімен ашық форматта жұмыстар жүргізуді, қажет болған жағдайда жекеменшік секторға қажетті коммуналдық инфрақұрылымдарды тиісті орынға дейін жеткізіп беруді тапсырамын.

Әрине, мемлекет әр бала үшін жекеменшік мектептерді қаржыландырады.

Өткен жылы облыс мектептеріне жаңадан 60 арнайы пән кабинеті (физика-15, химия-15, биология-18, STEAM-12) алынса, биыл 4 есеге артып, 240 пән кабинеттерін (физика-64, химия-48, биология-64, STEAM-64) алуға 3,1 млрд. теңге бөліп отырмыз.

Сонымен қатар, Түркістан, Арыс, Кентау және Леңгір қалаларында заманауи техникамен жабдықталған оқушыларды шығармашылыққа үйрететін «Fablab» шеберханалары ашылып, қызмет көрсетуде.

Түркістан қаласындағы Оқушылар Сарайында балалар үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және UNICEF-Қазақстанмен бірлескен UniSat білім беру хабының қатысуымен ғарыш әлемі орталығы ашылды.

Қазақ елі PISA халықаралық зеттеуінің қорытындысымен әлемде Жапониядан кейінгі 2-орынға шықты. Оқу және математикалық сауаттылық бойынша отандық білім беру жүйесінде атқарылып жатқан тынымсыз еңбектің нәтижесі деп білем.

Өткен оқу жылында біздің облыс шәкірттері жоғары жетістіктерге қол жеткізді.

Республикалық, халықаралық ғылыми жоба байқаулары мен пән олимпиадаларында оқушыларымыз 9 алтын, 18 күміс, 20 қола медаль иеленді.

Жалпы республикалық «Ұлттық мектеп лигасы» жарысында облыс оқушылары 13 алтын, 4 күміс, 8 қола медалға, жалпы командалық есепте үш жыл қатарынан 1-орынан көрінді.

Соңғы үш жылда жас ұландарымыз республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиынында жүлделі бірінші, екінші, ал, «Жас құтқарушы» сайысында екі жыл қатарынан 1-орынды иеленді.

Дегенмен өткен оқу жылында білім көрсеткіші бойынша тек Түркістан, Түлкібас және Төлеби аудандары ғана өсім көрсетсе, қалған аудан, қалалардағы көрсеткіш төмен.

Әсіресе, Мақтаарал, Келес, Сайрам, Сауран және Сарыағаштағы білім сапасының жағдайы нашар күйде қалып отыр.

БҰНЫҢ СЕБЕБІ НЕДЕ ДЕП ОЙЛАЙСЫЗДАР ҚҰРМЕТТІ ПЕДАГОГТАР?!

ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ:

Қазақ даласының ұлы ойшылы Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» – деген сөзі бар.

Біз оқушылардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында 2024-2027 жылдары халқы тығыз орналасқан аудан, қалалардан 2 Оқушылар сарайы мен 7 Өнер мектебін салатын боламыз.

Анықтама:

Облыстағы 42 (38-мемлекеттік, 4-жекеменшік) қосымша білім беру мекемелерінде 28 951 оқушы, мектептегі үйірмелерде 414 214 оқушы қосымша біліммен қамтылып, қамту көрсеткіші 75,5%-ды құрады.

2024-2025 жылдары салынатын қосымша білім беру мекемелері:

600 орындық «Оқушылара сарайы»:

2024 жылы – Жетісай қаласынан 600 орындық (РБ: 6,5 млрд. тг.).

150 орындық Өнер мектептері:

2024 жылы – Келес ауданынан (РБ: 899 млн. тг.);

2025 жылы – Сарыағаш қаласынан (РБ: 899 млн. тг.);

2025 жылы – Қазығұрт ауданынан (РБ: 899 млн. тг.);

2026 жылы – Мақтаарал ауданынан (РБ: 899 млн. тг.);

2027 жылы – Сайрам ауданынан (РБ: 899 млн. тг.);

2027 жылы – Ордабасы ауданынан (РБ: 899 млн. тг.);

2027 жылы – Созақ ауданынан (РБ: 899 млн. тг.).

ЕСКЕРТУ: Инфляцияға байланысты қойылған қаржы көлемі жыл сайын 15 пайызға артады.

Сонымен қатар, менің тапсырмам бойынша білім саласында жыл сайын өткізілетін 83 облыстық іс-шаралар тізбесі бекітілді.

Алғаш рет ол жобаларды өткізуге соңғы екі жылда 650 млн. теңгеден қаржы бөлінді.

Анықтама:

Ірі жобалар ретінде, «Ұлттық мектеп лигасы» жарысы; «Жас құтқарушы» сайысы; «Айбын» әскери-патриоттық жиыны; «Ашық алаң» дебаттық үйірмелері; ер және қыз балалар арасындағы былғары доптан облыстық турнир; «Интелектуалды ұлт» мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасындағы шахмат турнирі; «Менің аулам» әлеуметтік жобасы; «Жасыл сақшы» және «Тұран скауттары» жаңа жобалары енгізілді.

Сонымен қатар, тың бастама ретінде «TURKISTAN» телеарнасынан «Тuran-balafest» телебайқауы мен «Күлтегін» зияткерлік ойыны телебағдарламасы эфирге шығарылуда.

БАЛАЛАР ЛАГЕРІ:

Облыста жаз маусымында 17 жазғы сауықтыру лагерлерінде әлеуметтік жағдайына байланысты 23 207 бала бюджет (жалпы: 702 млн. теңге) есебінен тегін демалды.

1050 балаға республикалық «Балдәурен» және «Бөбек» оқу-сауықтыру орталықтарында демалуға жолдама берілді.

«Қазақстан Халқына» Қоры есебінен облыста 3 390 бала жазғы сауықтыру лагерлерімен (Төлеби ауданында орналасқан «Қуаныш», «Көктөбе» лагерлерінде) тегін қамтылды.

Жасыратыны жоқ, биыл облыстағы бірқатар жазғы сауықтыру лагерлеріне қатысты қоғам пікірін туғызған сындар айтылды.

Осы ретте, мен балалардың жазғы сауықтыруын сапалы ұйымдастыру үшін облыстық бюджеттен әр балаға бөлінетін қаржыны екі есеге, яғни, 30 мың теңгеден 60 мың теңгеге көтеруді, жалпы 1,4 млрд. теңге қаржы бөлуді тапсырдым.

Сонымен қатар, облыстағы лагерлер желісін арттыру бойынша тиісті жұмыстар қолға алынып, қосымша 1 720 орынға арналған жаңадан 5 лагерді қайта құру және 4 лагерді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары басталды.

Нәтижесінде, жазғы 8 ауысымда 13 760 балаға қосымша орын ашылып, қамту көрсеткіші 24%-ға немесе 58 мың баладан 72 мың балаға артады.

Анықтама:

Түлкібас ауданы, Машат шатқалында орналасқан мемлекеттік «Самал» және «Отырар» жазғы сауықтыру лагерінің базасын нығайтып, 

800 қосымша орын ашу

Бәйдібек ауданда орналасқан «Тау Шыңы» демалыс аймағын білім басқармасының теңгеріміне қайта өткізіп, қосымша 150 орындық 1 жаңа лагер ашу;

Ордабасы ауданы, Қараспан ауылында орналасқан «Орленок» жазғы сауықтыру лагерінің жер телімі мен ғимаратын мемлекет меншігіне қайтарып, лагердің жұмысын қайта бастатуды, бір ауысымда 170 бала қабылдау;

Төлеби ауданы, Киелітас ауылында орналасқан аудандық «Оқушылар Үйінің» теңгеріміндегі жалпы аумағы 9 гектарды құрайтын лагерді қайта жаңғыртудан өткізіп, қосымша 150 орындық 1 жаңа лагерь ашу;

Түлкібас ауданы Жабағылы ауылынан 6 гектар және Абайлы ауылынан 12 гектар жер телімін жыл бойы жұмыс жүргізетін сауықтыру лагерін мемлекеттік-жекешілік әріптестігі шеңберінде салу;

Төлеби ауданы, Біркөлік шатқалындағы Басқарма теңгеріміндегі «Робинзон» лагерінің бос тұрған 4,35 гектар жер теліміне жаңа лагер құрылысы үшін пайдалану.

Қадірлі қауым!

Облыста балаларды қорғау, әлеуметтік қолдау мақсатында нақты шаралар қабылданып, бюджет шығыстары есебінен 12 млрд. теңге қаралды.

БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ:

Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 5,9 млрд. теңге қаржы бөлдік.

Қауіпсіздікті 6 бағытта жүргізіп, мәселені 100% шешеміз.

Мектептерге 7 мыңнан астам бейнекамералар орнатылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылады.

Мемлекеттік 936 (оның ішінде: 907-мектеп; 25-колледж; 4-балалар ауылы мен жасөспірімдер үйі) білім беру мекемелері 100% дабыл батырмасымен қамтылып, жедел басқару орталығына қосылды.

Кәсіби күзет қызметімен қамтамасыз етілуі тиіс бала саны 300-ден жоғары 573 білім беру ұйымдары толық лицензияланған күзет қызметіне өтті.

Облыстағы 179 білім беру ұйымының 102 шақырым қоршауы жаңғыртылды.

Санитарлық тораптары ретке келтіруі тиіс 115 мектепте қажетті жұмыстар атқарылуда.

Мектеп алды көшелерде жарықтандыру жүйелері мен арнайы жол белгілері орнатылуда.

****

Балаларға қатысты орын алатын суицидтік фактілерінің 64%-ы ата-анаға, 20%-ы психологиялық қысымдарға, 16%-ы қарым-қатынастың бұзылуына байланысты орын алады.

2023 жылдың 7 айының қорытындысымен:

Кәмелетке толмағандардың қатысуымен – 79 қылмыс (2022 жылы – 62) тіркелген;

Өзіне өзі қол жұмсау дерегі бойынша – 58 факті (2022 жылы – 46) орын алып, оның 28-і аяқталған (2022 жылы – 26-ы аяқталған, 20-ы оқталған).

Қауіпті жағдайға ұшыраудың жолын кесу бағытында «Бестерек» жобасы енгізіліп, оған облыстық бюджеттен 100 млн. теңге қаржы бөлінді.

Біз алдын-алу шараларын үш бағытта жүргізетін боламыз:

Бірінші: білім ұйымдарының педагог-психологтарының біліктілігін арттыру.

Екінші: тәуелсіз сарапшылармен тәжірибелі психолог мамандардың балалармен ата-аналарға арналған тренингтер, жеке кеңестер беру.

Үшінші: ведомствоаралық іс-әрекетті күшейту бағытында облысы әкімдігі, облыс прокуратурасы, және полиция департаментімен бірлескен «Салауатты болашақ» жобасын жүзеге асырамыз.

ЫСТЫҚ ТАМАҚПЕН ҚАМТУ:

Жаңа оқу жылынан бастап облыстағы бастауыш сыныпта оқитын 187 832 бала бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін болады. Жыл соңына дейін оған облыстық бюджеттен 6,2 млрд. теңге қаржы қаралды.

Ағымдағы жылы асханасы жоқ 110 мектепте оқушыны тамақтандыру мәселесі жақын орналасқан асханасы бар мектептер арқылы шешіледі.

Сонымен қатар, ол мектептерге модульдік асхана орнату қарастырылуда.

Қазіргі таңда, облыста 20 мектеп-интернаттағы тамақтандыру мәселесі мемлекеттік-жекешілік әріптесік шеңберінде оң жолға қойып, асханалардың материалдық-техникалық базасы нығайды.

Тамақ сапасы артып, оқушылар мен ата-аналар тарапы разылығын білдіруде. Осы 20 интернаттың ата-аналары өз баласының күнделікті тамақтануын онлайн режимде қашықтан қадағалауға мүмкіндік алды.

Бұл үлкен жетістік.

Биылғы жылы тағы да мемлекеттік-жекешілік әріптесік жобасы арқылы 18 мектеп-интернаттың мәселесін жыл соңына дейін шешеміз.

ОҚУШЫ ТАСЫМАЛЫ:

Облыс бойынша 180 елді мекенде 15 225 бала мектепке тасымалданады (оның ішінде: мектебі жоқ 56 елді мекеннен – 6696, мектептерде жоғары сыныптары жоқ 124 елді мекеннен – 8529 бала).

«Балалар жылы» аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыс мектептеріне лизинг тәсілімен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ы арқылы 101 заманауи автобустар алынды.

Жаңа оқу жылында оқушылар тасымалы мемлекет теңгеріміндегі 120 (оның ішінде: жаңа – 101, бұрынғы –19 автобус) және мердігер фирма меншігіндегі 68 автобуспен ұйымдастырылады.

Құрметті кеңеске қатысушылар!

ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІПТІК БІЛІМ:

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн», – деп еңбек адамына ерекше маңыз берді.

Осы ретте, облыстағы кәсіптік білім алуға ниетті жастар үшін колледждердегі мемлекеттік тапсырыс көлемі артты. Республикалық бюджеттен қаралған 15 300 грант толық игерілді.

Өткен жылмен салыстырғанда колледж студенттері 4 мыңға көбейді.

Анықтама:

2022 жылы колледждерге 17 мың грант бөлініп, оның 11 110 граныты игеріліп, қалған 6 900 орыны игерілмей кері қайтарылған.

Сонымен қатар, қыркүйек айынан бастап колледж студенттерінің шәкіртақысы 27 мыңнан 37 мыңға артып отыр.

БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ӨЗГЕРІС:

Ең бірінші кезекте Сіздерге өзгерісті жеткізгім келеді. Бүгіннен бастап басқарма атауы облыстық білім басқармасы болып қайта аталды.

Сонымен қатар, жаңа оқу жылы қарсаңындағы тағы бір жаңалық білім саласын басқару жүйесіне енгізілетін өзгерістер.

Үкіметінің тапсырмасымен аудан, қалалардың әкімдіктеріне мемлекеттік білім беру ұйымдарын әкімшілік-экономикалық қамтамасыз ету міндеті жүктеледі.

Аудан, қала әкімдеріне жүктелетін міндеттер:

1) мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарының ғимараттары мен құрылыстарының бiрқалыпты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету, ғимараттар мен құрылыстарды ағымдағы ұстауға, коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге, өзге де қызметтер мен шығындарды қаржыландыру;

2) пән кабинеттерін қоспағанда, мемлекеттік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын қамтамасыз ету;

3) ғимараттар мен құрылыстарға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу;

4) білім алушылардың қауіпсіздігін және мемлекет мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету;

5) жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, заманауи оқыту технологиялары мен білім беру ресурстарына қолжетімділікті құру;

6) мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды орта білім алғанға дейін есепке алу, оқушыларды жақын жердегі мектепке және кері қарай тегін тасымалдау, оқушылардың қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруі;

7) білім алушыларды тегін және жеңілдікпен тамақтандыруды ұйымдастыру, мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылар мен тәрбиеленушілеріне материалдық және материалдық көмек көрсету;

8) персоналды басқару, мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарын әкiмшiлiк-экономикалық қамтамасыз ету саласында жұмыс iстейтiн қызметкерлерге еңбекақыны есептеу және төлеу.

Облыста қалатын міндеттер:

1) білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

2) оқу-тәрбие процесінің сапасын қамтамасыз ету, оның ішінде барлық деңгейдегі білім беру сапасын бақылауды ұйымдастыру, оқу-тәрбие процесін әдістемелік сүйемелдеу, педагогтердің біліктілігін арттыру;

3) мемлекеттік білім беру ұйымдары үшін оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу және жеткізу;

4) мемлекеттік білім беру ұйымдарын пәндік кабинеттермен жарақтандыру;

5) Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің келісімі бойынша аудандар мен қалалардағы білім бөлімдерінің басшыларын тағайындау және жұмыстан шығару;

6) педагог кадрларды басқару, мемлекеттік білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесінде жұмыс істейтін педагогтерге және өзге де қызметкерлерге жалақы есептеу және төлеу;

7) Білім беру саласындағы заңнамада көзделген өзге де функцияларды қамтиды.



Ал, оқу-тәрбие процесін қаржыландыру, облыстық білім басқармасында болады.

Жоба Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында жүзеге асырылатын болады.

Қадірлі ұстаздар!

Құрметті Тамыз кеңесіне қатысушылар!

Мемлекет тарапынан білім саласына, оның ішінде ұстаздар қауымына жасалынып жатқан қамқорлық ерекше.

Президенттің тікелей тапсырмасымен «Мұғалім мәртебесі туралы» Заң қабылданды.

Ұстаздардың айлық жалақысы 2 есе артып, орта есеппен 350-380 мың теңгенгені құрады.

Педагогтар түрлі қоғамдық еңбектерден босатылып, таза шығармашылықпен айналысуына, өз шәкірттеріне көптеп көңіл бөлуіне зор мүмкіндіктер туды.

Алайда, білім саласындағы сансыз арыз-шағымдар саладағы жұмыс сапасының төмендігін көрсетуде.

Жыл басынан бері білім саласын бақылау департаменті мен білім басқармасына 600-ден астам арыз-шағымдар келіп түскен.

(залға қарата айту) ҚАДІРЛІ ДИРЕКТОР, ҰСТАЗДАР БІЗ ӨЗ ҚҰҚЫҒЫМЫЗДЫ ҒАНА ОЙЛАП, БАСТЫ МІНДЕТІМІЗДІ ҰМЫТ ҚАЛДЫРҒАН ЖОҚПЫЗ БА?! АЙТЫС-ТАРТЫС, АЛАУЫЗДЫҚ ОРЫН АЛҒАН МЕКТЕПТЕ САПАЛЫ БІЛІМ БЕРІЛЕТІНЕ КҮМӘН БАР!

Мәселен, Түлкібастағы Ломоносов, Төлебидегі Ақбастау және Жетісайдағы Момышұлы мектептеріндегі жетістіктер ұжымдағы ауыз-біршіліктің нәтижесі деп білемін.

Бұл, дегеніміз саладағы жұмысты жүйелеу, басқару және бақылау жұмыстарын күшейту қажеттігін білдіреді.

Алаш ақыны Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі» – деген еді.

Қазіргі қоғамдағы ұстаздың беделі, мәртебесі қай деңгейде?! Әрине, білімге, ұрпаққа жасалатын барлық жағдай педагогтарды кәсібилендіріп, парасатты болмысын қалыптастыруы тиіс.

Мен, бүгінгі баяндамада Мемлекет басшысының Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдағы негізгі басымдықтарға сүйендім.

Еліміздің еңселі болуы, дамыған озық елдер қатарына қосылуы біртұтас берік мемлекеттік идеология негізінде жүрері анық.

Баяндамамды қорыта келе Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек. Бай болуға – кәсіп керек. Күшті болуға – бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» – деген өсиетін еске саламын!

Ертеңгі еліміздің болашағының жарқын болуы біздің бүгінгі адал еңбегімізге байланысты.

Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін.

Назарларыңызға рахмет!