Үкіметтегі идеологиялық вице-премьер Ресей тілінде баяндама жасаса, қандай ұлттық идеология?!. - Қазыбек Иса
2023 ж. 28 тамыз
1076
1
Үкіметтегі идеологиялық вице-премьер Ресей тілінде баяндама жасаса, қандай ұлттық идеология?!. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса Түркістан қаласында өткен білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде сөйлеген сөзінде айтты, - деп хабарлайды «Қазақ үні» ақпарат агенттігі.
- Жаңа «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН: АДАЛ ҰРПАҚ, САПАЛЫ БІЛІМ, ТАБЫСТЫ ҰЛТ» тақырыбындағы білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде баяндама жасаған Оқу-ағарту министрі Ғани Бектаев мырза биылғы кеңестің ерекше форматта өтіп жатқанын атап өтті. Иә, ерекше форматта өтіп жатқанын көріп жатырмыз. Тағы бір ерекшелігі бұл кеңес министр де, вице-премьер де Ресей тілінде баяндама жасауымен есте қалатын болды! Министр баяндамасын жартылай орысша жасағанда, осы біздің Түркістан облысы түлегі вице-премьер Тамара Дүйсенова мемлекеттік тілде сөйлейтін шығар деп отыр едік, керісінше түгел орысша жасап шықты. “Әндіжанда бір әпкем бар, бұдан да өткен сорақы” дегеннің нақ өзі болды! Тәуелсіздігіне 32 жыл болған елде бұл не масқара!
Әйтеуір Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды бауырымыз тек қана мемлекеттік тілде маңызды баяндама жасап, жанымыз қалды… - деді Қ. Иса.
Депутат, сондай-ақ, ұлттық тәрбие Ұлттық идеологиясы бар елде іске асатынын атап өтті.
- Жаңа өздеріңіз куә болғандай, Тәуелсіз ел үкіметінің идеологиялық вице-премьері Ресей тілінде жасаса, қандай ұлттық идеология?!. - деді Мәжіліс депутаты.
Еске сала кетейік, «Қазақ үні» ақпарат агенттігінде Мәжіліс депутаты, ақын Қазыбек Исаның Түркістан қаласында өткен білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде сөйлеген сөзі жарияланған болатын.
Қазақ үні