Дінаралық татулық – бейбітшілік кепілі
2023 ж. 23 тамыз
1100
1
Қазіргі жаһандық дамыған әлемде тілі бөлек, діні бөлек, түр-түсі бөлек көптеген ұлтар мен ұлыстар бір аспан астында өмір сүріп келеді. Ауасы ортақ, суы ортақ, күні ортақ, жері ортақ осынау бір тіршілікте бейбітшіліктің сақталуы маңызды бір мәселеле екендігі ақиқат. Алла тағала Хужурат сүресі 13-аятында «Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың (һәм біріңе-бірің қамқоршы дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату-тәтті өмір сүрулерің әрі жер бетін көркейтулерің) үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік...» деп айту арқылы кез келген қоғам әртүрлі ұлттар мен ұлыстардан құралғанымен, араларындағы татулық пен бейбітшілік маңызды орында тұрытындығына меңзеген. Еліміз қазақтың ұлан-ғайыр даласында қазіргі таңда 100-ден астам ұлт пен ұлыстар бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. «Ұлтаралық татулық біздің басты байлығымыз болуы керек»,- деген ҚР-ның тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев 1995 жылы 1-наурыз күні Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қоюы арқылы осындай көп ұлтты елдің татулығын сақтауға ерекше үлес қосқан болатын. Ал жаһандық деңгейде бейбітшілік пен келісімді насихаттау барысында Қазақстан бастамашылдық танытып Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін әр үш жыл сайын Астана төрінде өткізіп отыруды қолға алды. Міне, содан бері дәстүрлі түрде съез жалғасын тауып әлемнің дін көшбасшыларының басын ортақ мүддеге жұмылуға шақырып келеді. Былтыр, 2022 жылы 14-15 қыркүйекте өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезде ҚР президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев "Қазіргі уақытта 100-ден астам этнос Қазақстанда өзара түсіністік пен келісім жағдайында өмір сүреді. 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі еркін жұмыс істеп жатыр. Мұны біздің баға жетпес байлығымыз әрі мызғымас басымдығымыз деп санаймыз. Съездің өткізілуі – еліміз бен бүкіл әлемде диалог пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін Қазақстан саясатының маңызды бағыты...», - деп сөз бастап, съездің екі күндік жұмысын қорытындылай келе «Шын мәнінде, бәріміздің мақсатымыз – бір. Бұл – өркениеттер үндестігін орнату және бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту. Съезде көптеген салмақты ой, салиқалы пікір айтылды. Оның бәрі біздің үйлесімді әлем құру жолындағы іс-әрекетімізге оң ықпалын тигізеді деп санаймын», - деген болатын. Дәстүрлі түрде өтетін осынау әлемдік шара адамардың діни бостандықтарын сақтай отырып, әртүрлі діни алауыздықтар мен діни мотивтегі конфликтерден сақтауға көмегін тигізері анық.
Ислам шариғаты гуманистік принциптерді бірінші орынға қоя отырып, қоғамның бірлігі мен бейбітшілігіне ерекше маңыз берген. Адамгершілік қағидаттарын басты орынға қоятын мұсылмандық шариғаты бойынша адамды өзара бөліп-жармауға, бір ұлттың өзге ұлтқа үстемдік етпеуіне шақырған болатын. Алла тағала Құранда бұған қатысты былай деген:
"يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا يَسْخَرْ قَوْمٌ مِنْ قَوْمٍ عَسَى أَنْ يَكُونُوا خَيْرًا مِنْهُمْ"
«Уа, иман келтіргендер! Араларыңнан бір қауым басқа бір қауымды келемеждемесін! Қайдан білесіңдер, бәлкім мазаққа ұшыраған қауым өзін мазақ қылған қауымнан әлдеқайда қайырлы шығар...» (Хужурат сүресі, 11-аят).
Тілі, діні, өмір сүру жоралғысы бөлек қаншама ұлттар мен ұлыстар мекен ететін Жер беті барлық адамның ортақ үйі болғандықтан, осы Жерде шашау шығармай, достық пен бірлікті ту етіп, ортақ мүдде үшін әрекет ету әрбір жанның міндеті. Сол себептен де, Ислам діні адамгершілік принципін басты мақсат ретінде қойып, көмекке мұқтаж кез келген адамның ұлтына, дініне бөле-жарып қарамастан оларға бірдей деңгейде көмек көрсетуге бұйырған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзі араб ұлтынан бола тұра, әрбір адамның басқа адамнан ұлты, нәсілі тұрғысынан ешқандай үстемдігі, артықшылығы жоқ екендігі жайлы былайша баяндаған: «Уа, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында ең мәртебелілерің діндар болғандарың».
Адамдардың әртүрлі ұлттар мен ұлыстарға бөлінгенімен олардың араларын адами һәм моральдық құндылықтар мен сезімдер біріктіреді. Алла тағала адамдарды түр-түстерінің, тілдерінің әртүрлі болып, ұлттар мен ұлыстарға бөліп жаратуының себебін оларды салыстыру, болмаса бір-біріне үстем ету мақсатында емес, керісінше Өзінің шексіз құдірет иесі екендін білдіру мақсатында екендігін Құранда баяндаған болатын:
"وَمِنْ آيَاتِهِ خَلْقُ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ وَاخْتِلَافُ أَلْسِنَتِكُمْ وَأَلْوَانِكُمْ إِنَّ فِي ذَلِكَ لَآيَاتٍ لِّلْعَالِمِينَ"
«Көктер мен жердің жаратылысы және тілдерің мен реңдеріңнің әр алуан болғандығы да Оның (шексіз құдірет иесі екенін көрсететін) ап-айқын дәлелдерінің бірі. Әрине, осында да білетіндер үшін айқын белгілер мен талай ғибрат бар» (Рум сүресі, 22-аят).
Ұлттар мен ұлыстар арасына жік салып, діни және ұлтаралық алауыздық тудыру шариғи тұрғыдан да тыйым салынған іс болып табылады. Осындай іріткі салудың салдарынан халықтар арасында береке қашып, жазықсыз адамдар, бейкүнә сәбилер жапа шегері сөзсіз. «Бірлік түбі – береке» деген дана халқымыз сырттан келген әрбір жанды төске итерместен, құшағын жая қарсы алып, өзінің төріннен орын берген болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да ұлтшылдық пен нәсілге бөлінушіліктің мұсылмандарға жат сипат екендігін бірнеше хадистерінде айтып өткен болатын:
عن جبير بن مطعم قال النبي صلّى الله عليه وسلّم: " لَيْسَ مِنَّا مَنْ دَعَا إِلَى عَصَبِيَّةٍ وَلَيْسَ مِنَّا مَنْ قَاتَلَ عَلَى عَصَبِيَّةٍ وَلَيْسَ مِنَّا مَنْ مَاتَ عَلَى عَصَبِيَّةٍ"
Жәбир ибн Мутғам (р.а) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.ғ.с) былай деген: «Нәсілдік (ұлтшылдық) бөлінушілікке (дискриминацияға) шақырушының осы қылығы мұсылмандық сипатынан емес, нәсілдік бөлінушілік жолында күрескен адамның да дәл бұл ісі мұсылмандықтан емес, сол сияқты нәсілдік бөлінушілік мінезінен арылмай өліп кеткен адамның бұл қылығы да мұсылмандыққа жат болып табылады».
Олай болса, Әлемде бейбітшілік орнату, адамдар арасында татулықты нығайту мен дінаралық достықты күшейтуде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінің тұрақты түрде өткізіліп отыруы ерекше маңызға ие екендігін айта аламыз. Съездерде қабылданған декларациялар әділ, бейбіт, қауіпсіз және гүлденген әлемге деген ортақ мүддеге жетелеуге, ұлтар мен ұлыстар арасында діни, рухани, этномәдени ортақ түсінік қалыптастыруға көмегін тигізері ақиқат.
Жамбыл облысы Бас имамы
Б.Ә.Мырзагелдиев