МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ СӨЙЛЕУГЕ ҚАРСЫ ШЫҚҚАН ҚАНДАЙ СОТ?!. - Қазыбек Иса

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ СӨЙЛЕУГЕ ҚАРСЫ ШЫҚҚАН ҚАНДАЙ СОТ?!. - Қазыбек Иса

Тіл күрескері Жұлдызай Форт әділдік сұрауда

ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың назарына

Өскемен қаласында тұратын мемлекеттік тіл күрескері, қазақтың қайсар қызы Жұлдызай Форт өзіне қатысты құзырлы органдардың әділетсіз әрекеттер жасағанын айтып, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исаға және «Қазақ үні» редакциясына хат жолдады. 

- 2023 жыл 9 тамызда өткен сот отырысында мен қазақ тілінде жасалған өтінішхатымды оқыған кезімде судья Алия Ахметовна Қайранова менен орыс тілінде сөйлеуімді талап етті, өйткені оның айтуынша, арызданушы арызын орыс тілінде жазды, соған орай сот процесі орыс тілінде өтуге міндетті екен.

Бірақ мен арызымды қазақ тілінде жазғанмын, қалай болғанда да менің ана тілімде сөйлеуге құқығым бар. 

Судья А.А.Қайранова ҚР ӘҚБтК-нің 744-бабын және менің құқықтарымды бұзды.

Мен орыс тілінде білім алдым, он екі тіл меңгерген полиглотпын, бірақ мемлекеттік қазақ тілінің дамуына, өз елінде басым болуына үлес қосуға тырысып жүрмін, - деп жазды Ж. Форт. 

Оның айтуынша, жоғарыда айтылғандардың нәтижесінде судьяның бейтараптығы мен әділдігіне күмәні пайда болған соң, тіл жанашыры ҚР Жоғарғы Сотына шағым жолдап, судья А.А. Қайрановаға сенімсіздік білдіре отырып, осы істі қараудан оны шеттетуді сұраған.

- 03.07.2023 ж. жәбірлеуші мені ұрып, аяғымен ішіме тепкеннің салдарынан онсызда аурып жүрген менің денсаулығым күрт нашарлап кетті.

Және де тергеу мен істі қарау барысында менің құқықтарым өрескел бұзылып жатыр, соның салдарынан маған көптеген психологиялық және соматиқалық жүктеме түскен соң, ұйқы безім қабынып, 52 кг болған салмағым 41 келіге түсіп, дистрофия сипмтомдары байқалады (бойым 161 см, салмақтың нормасы – 52-58 кг). Дәрігерлерге қайта қаралып, ем алу үшін үақыт керек, сол себептен маған байланысты істерді қарауды 28.08.2023 жылға дейін шегеруді өтінемін, - деп жазды Ж. Форт. 

Жұлдызай Форттың айтуынша ол Бас прокурор Берік Асыловқа хат жазған. Бас прокуратурадан Шығыс Қазақстан облыстық сотына, ҚР Ішкі істер министрлігіне: “Автор келтірген мәліметтер толық тексерілуін, дәлелденген жағдайда құқық бұзушылықты қалпына келтіру” туралы жауап та келген. Ал судья Алия Қайранова соттың екі отырысын да ертеңге, 16 тамызға сағат 10:00 мен 11:00-ге қойып отыр екен.

Тіл күрескері Жұлдызай Форттың осы мемлекеттік тілге байланысты өзіне жазған хатына байланысты Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса пікір білдірді. 

- Қазақстанның мемлекеттік тілінде сөйлеген Қазақстан азаматынан Ресей тілінде сөйлейсің деп талап ету не масқара?! Бұл - Конституцияның 7 бабы 1 тармағына қарсы шығып отырған, Тіл туралы, Сот туралы заңдарға қарсы шығып отырған қандай сот ол?

Жұлдызай Форт 12 тіл білетін полиглот, Мемлекеттік тілдің Шығыс Қазақстандағы жалғыз нағыз жанашыры, қазақтың қайсар қызы!

Тек қана Мемлекеттік тілде сөйлегені заңды Жұлдызайдың сот болса да, от болса да, қандай жер болса да! Тілді қорғаған күрескерді ел де қорғайды, біз де қорғаймыз! Жұлдызай Форттың ісі заңға сай әділ шешілуі тиіс.

2020 жылы Астанадағы Ислам Әбіштің атышулы ісін жүргізген қазақ судьяның 2 бет қазақша қаулыдан 76 қате жібергені осындай, барлығын орыс тілінде өткізудің, сотта заңға сай мемлекеттік тілді ешкімнің талап етпеуінің салдары! - дейді Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды көтеріп келе жатқан депутат.

Мемлекеттік тілдің қорғаушысы Жұлдызай Форттың ісі заңға сай әділ шешілуін талап етеміз.

Азамат Тасқараұлы,

Қазақ үні