ӨЗБЕК ҚАНДАЙ ҰЛТ?!.

ӨЗБЕК ҚАНДАЙ ҰЛТ?!.

Жалпы, картаға қарап отырсаңыз Өзбекстанның сол қанаты аңызақ ауа райымен, құм мен соры ескен далиған Қарақалпақстан. Оны сол картадан шорт етіп кесіп тастасаңыз, Өзбекстанның географиясы Қырғызстанның ар жақ бер жағы ғана боп қалады. Өзбекстанда тау да бар, шөл де бар, енді ол жерлерді бау - бақша егетін халық үшін жайлы тұратын мекендер емес деп қатардан сызып тастасаңыз, Өзбекстан Қырғызстандай ғана жер боп қалады. Ондай жерде 20 млн халық та сіздің көзге ығы жығы боп көрінеді.  

Егер 20 млн қазақты Шымкент, Тараз, Алматы өңіріне ғана жинасаңыз ол жердегі халық та қарақұрым мол боп көрінетін еді. 

Өзбекстанға барғандар "өзбектер көптігінен ығы жығы боп жатады" десіп жатады, мен бұны сол кісілерге айтып отырмын. 


Ал енді сіз сол Қырғызстандай жерге 36 млн халық сыйдырып көріңіз. Бау бақша еккізіп те көріңіз.

 Ондай жағдайда халықтың тығыздығы анық қатты сезілетін еді. Одан соң олар бір - бірінің үстіне шығып кетпес үшін жапондар сияқты жапырлатып көпқабатты үйлер салып үлкен мегаполистер соға бастайды.  

Алайда Өзбекстанда ондай ірі миллионер қалалар жоқ, бір Ташкент қана сондай дәрежеде. Ал қалған өзбек қалалары сөлі сығылған облыс орталықтары сияқты көрінеді. Совет заманында қандай болды, солай қалды.  

Сондықтан мен "өзбектер 36 млн халық болды" деген сөзге сенбейді екенмін.  


Әрине, өнсін, өссін, көркейсін. Бірақ меніңше осы өзбектің "біз көп туып көбейіп жатырмыз" деген сөзі де көп мифтің бірі болуы керек деген де ой келеді кейде.  

Өзбек билігі инвестиция тартуда цифрмен әуес болып қатты ойнап кетті ау деген күмәнім бар.

 Өйткені демография керемет болуы үшін кез келген елде көк көрпе жиі бүлкілдеуі керек.  

Ал оны бүлкілдететін өзбек ағайындардың денсаулығы мықты небір жас еркектері миллиондап шетел асып табыс тауып жүр. 


Мысалы кеше Ресей осы соңғы жыл туу көрсеткіші бұрын соңды болмаған қарқынмен күрт төмендеп кеткенін мойындап дабыл қағып жатыр. Ол да осы бір жарым жылға созылған соғыстың әсері деп отыр. Бала тудыратын осы соғыс қамтыған 2 млн орыс мұжықтары соғыста жүр. Оған көп уақыт болмады, бір жарым ғана жыл. 

Ал миллиондаған өзбектің пәлен жыл сыртта ақша тауып жүргендігіне он бес жылдан асты. Одан соң Өзбекстанда сонша баланы кім тудырады екен, ол да бір мәселе.  


Тағы ұнаса да ұнамаса да мынаны айталық: 

 Өзбекстан туралы айтқанда мынаны ескеру керек, өзбектер моноұлт халық емес.  

Өзбек этногенезі екі компоненттен тұрады.  

Яғни өзбек ұлтының құрамы екі тектен құралады. Бұл жерде тағы олардың арасындағы басқа ұлттар да бар.  

Өзбекстандағы Наманган, Ферғана, Бұқара, Самарқант деген қалалар шын мәнісінде қалың тәжік мекендеген тәжік қалалары. Ол жерлерде әлі күнге шейін 80- 90 % тәжіктер тұрады.  

30 жылдары бұл жерлерде зорлықпен өзбектендіру процессі жабайы тәсілдермен жүргізілді. Тіпті біраз тәжікке өзбек Ахунбабаев мылтық тіретіп қойып құжатына өзбек қып жазғызды. Ахунбабаев Өзбекстанда алғаш өзбектендіру процессін бастаған қызыл өзбек идеологы болатын.  

Оған көнбеген тәжіктер қазіргі Тәжікстан жеріне қашып барып жан сақтады. Содан кейін ол жерде Тәжік мемлекеті құрылды.  

Тәжік президенті Имамоли Рахмонның Ислам Кәрімовтың жағасынан алып төбелесіп "Бұқарамды қашан қайтарасың" деген сөзінің астары да осында болса керек.  


Бұл тәжіктер бұл өңірді ежелден мекендеген халықтар болатын. Тарихи Бұқара қаласы шын мәнісінде осы тәжік пен парсының төл мәдениетінің тал бесігі, астанасы еді. Бируни, Хорезми, Навоилар осы мәдениеттің тумалары еді... 


Ұлт, тайпа жалпы қандай да бір идентификация дегеннің не екендігін білмейтін бұл сарт халқы, өздерін тек тұратын мекені бойынша айқындайтын.  

Мысалы, сен кімсің деген сұраққа намангандық сарт "мин намонгониім", немесе қоқандтық "мин қоқондиім" деп жауап беретін.  

Ежелден бері осылай ғұмыр кешкен халықтар еді бұлар. 

16 ғасырдағы Барлас Бабыр өз кітабында (Бабырнамада) бұларды "көк есегінің қасында жер тырмалаған байғұс сарт" деп мұрынын шүйіре менсінбей жазады.  

Сарттарда шежіре жоқ, рулық құрылым да жоқ. 

Ал өзбектің екінші тегі - нағыз өзбектер. 

Бұлар өзара ру - тайпаға бөлінеді. Қоңырат, кенегес, юз, арлат, барын, барлас, маңғыт, қыпшақ, миң, найман, құсшы, лақай, қарақият дегендей... 


Міне біздің жақынымыз осылар. Бұлар Өзбекстанның Қашқадария, Сурхандария облыстарын, тағы Ташкен маңын қалың жайлап мекендейді. 

Егер қазақта 1 млн қоңырат болса, өзбекте 2 млн қоңырат бар. Алпамыстың Жиделі Байсыны да осы Өзбекстанда. 

Егер қазақта 800 мың қыпшақ болса, өзбекте миллионнан астам қыпшақ бар. 

Қазақта миллион найман болса өзбекте де одан көп найман бар.

Әмір Темірдің барласы да осында, Темір бекті өзбектер солай иеленіп кетіп отыр. 

Бұл өзбектер бертінге шейін қазаққа қатты ұқсайтын халық болатын. Салты, дәстүрі, пішіні, киімі өте ұқсас еді.  

Сондықтан баяғының қазағының "өзбек өз ағам, сарт садағам" деген сөзі осы екеуін сол заманда айшықтап терең бір мағына берген сөз еді.  

Өзбекстан жабық мемлекет қой, сондықтан бұл нағыз өзбектің саны мен тәжіктің санын тек сырттай жобалап қана білуге болады.  

1897 жылғы патша санағында 700 мыңнан астам өзбек, 1 млн ға жуық сарт бопты.  

Ол кезде қазақтың саны 4 млн дай болса керек. Яғни нағыз өзбек қазақтан 5.5 есе аз бопты.  

Қазақ кейін ашаршылыққа ұшырамағанда саны 60 - 65 млн болатын еді десек, енді осы санды тағы 5.5 есе азайтсақ қазір Өзбекстандағы қазақ тектес нағыз өзбектің саны 12 млн нан 17 млн шейін болады деп жобалауға болады. Ал одан қалғаны, яғни Өзбекстандағы қалған халықтар — тәжік,(Бұқара, Самарқан, Наманган, Ферғана) қазақ, (Навои облысы, Зарафшан, Тамды, Кенимех, Шыршық, Тәшкен маңы) таранчы ұйғыр (Әндіжан маңын мекендейді), хорезм сарты, қырым татары, қазан татары, орыс, славян тағысын тағы ұлттардан құралады.  

Қысқасы, өзбек сырт көзге моноұлт бір халық болып көрінгенімен, біздің қасымыздағы сырты бүтін, іші түтін көршіміз болады.  

Көп ұлтты, қырық құрау халықтан құралатын бауырлас халық.

Бұл туралы кеңінен тарқатуға болар еді, өзбек тарихы күрделі тарих қой, мен бұл жерде тек қысқартып қана жазып отырмын.

Олжас Әбіл, 

Фейсбук парақшасынан