Қазыбек ИСА: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ЖАУАП БЕРУДІ ТАЛАП ЕТУ - ЗАҢДЫ!

Қазыбек ИСА: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ЖАУАП БЕРУДІ ТАЛАП ЕТУ - ЗАҢДЫ!

ӘКІМ АЙТСА ДА, АҚЫН АЙТСА ДА, ӘРКІМ АЙТСА ДА!

Бір мемлекетте мемлекеттік тілінен аттап, Ресей тілін жақтаудың 30 жылғы жемісі - елді екіге бөліп алдық! Ақтөбе облысы әкімі Ералы Тоғжановтың аттың жалынан жабыса кетіп Ресей тілінде сұрақ қойған қазақ журналист Асхат Ниязов дегенге: “Қазақша сөйле!”-дегенін қуана қолдап жатқан қалың жұрт пен қарсы шығып жатқандар да - осы елді тілге байланысты екіге бөлгеніміздің айқын көрінісі!

Бұл жерде Тоғжановтың қандай әкім екенін қуалай жөнелудің қажеті жоқ! 

Тоқетері - Тоғжанов дұрыс талап қойып отыр орыстілді қазақ журналисіне!

Бұндай талап - журналистен мемлекеттік тілді талап ету тек қазақтарға ғана емес, жалпы Қазақстан азаматтарына қойылуы заңды! “Орысша сұраққа қазақша жауап бергендер жұмыстан қуылады”-деп өзі қол қойған заңдарға өзі қарсы шыққан, шын мәнінде отыз жыл елді екі тіл арқылы екіге бөлген экс президенттің сөзі түгіл өзі жоқ билікте қазір. Тілді қолдауды емес, тиісуге себеп таппай отырғандар: “Сол кезде президентке неге осылай айтпадыңыздар?”-деп қуанбай-ақ қойсын, сол кезде де жазғанбыз. 2016 жылы 25 ақпанда жазылған “ҚАЙ ТІЛГЕ ДЕ ҚАЗАҚША ЖАУАП БЕРУ ЗАҢДЫ БОЛАДЫ”-деген мақала “Қазақ үні” ұлттық порталында да, менің парақшамда да тұр.

Сонымен қатар, “МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ МИЫ ЖЕТПЕГЕНДЕР ҚАЛАЙ МИНИСТР БОЛАДЫ?!.”-деп, талай жыл бұрын жазғанымыздай, барлық журналистер де ұлтына қарамай барлық шенеуніктерден, мемлекеттегі қызметкерлерден мемлекеттік тілде жауап беруін талап ету керек! Бұл - заңды талап!

Асхат бауырыма ең пайдалы жақсылық жасаған оны орыстілді болғаны үшін немесе әкімді ұстап алып сұраққа алғаны үшін жақтап жатқандар емес, “Қазақша сөйле, үйрен!”-деген облыс әкімі Ералы Тоғжанов. Өйткені Ресейден келген ол Қазақстанға Ресейдің бір губерниясы сияқты келді. Ол белгілі ғой - Тәуелсіз Қазақстанда барлығы әлі күнге дейін Ресей тілінде сөйлейді. Асхат тіл білмегені үшін шенеуніктерден, мүмкін жалпы қазақтардан бірінші рет қатаң ескерту алып отыр. Бірінші рет кедергіге ұшырады. Негізі кез келген өзін-өзі сыйлайтын мемлекетте мемлекеттік тілін білмегендер бұндай бірер кедергіге ұшырамақ түгілі, өмір сүре алмайды. Енді журналист мемлекеттік тілді үйренуге ұмтылады егер намыс болса! Егер намыс болмаса, “Қазақстанда Ресейден келген мен түгілі осында туған министр, әкім, депутаттар да білмейді ғой мемлекеттік тілді?!.”-деп жүре береді… 

Егер мемлекеттік тілді үйренсе, ол алдымен әкімге рахмет айтуы керек!

Жарайсыз Ереке! Әкімнің бәрі осылай болу керек! Ресей тілінде сөйлегендерге қазақша сөйлеп қана қоймай, ұлтына қарамай олардың да қазақша сөйлеуін осылай талап ету керек!

Қазыбек ИСА,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты