БӘРІ ДЕ БАЛАБАҚШАДАН БАСТАЛАДЫ
2023 ж. 20 шілде
1026
0

Бүгінгі күні біздегі білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – мектеп жасына дейінгі балалардың білім сапасы мен тәрбие жұмысының маңызын жоғары деңгейге көтеру. Білім мен тәрбиенің алғашқы баспалдағы дәп сол балабақшалардан басталады. Сондықтан адам өмірінің алғашқы қадамдарының бірі саналатын кезеңге бей-жай қарауға болмайды.
Отбасындағы ата-ананың мейірімділігінен нәр алған бүлдіршін балабақшада тәрбиешінің алдына келеді, өзіне бейтаныс ортаға тап болады. Әрине, жаңа ортаны алғашқыда жатырқаған бала оны бірден қабылдай алмайды. Сол себепті алдымен оған ерекше тәсілдерді қолданып, баланың жаңа ортаға тезірек бейімделуіне барынша мүмкіндік жасау қажет. Бұл тәрбиешінің педагогикалық біліктілігі мен балаға деген мейрімділігіне байланысты.
Қазіргі заман талабына сай еліміздің болашағы саналатын жан-жақты дамыған өнегелі, ізденісі мен біліктілігі мол жас ұрпақ тәрбиелеу керек болғандықтан осы мәселеге үлкен мән беріліп отыр. Бұл мемлекетіміздің алға қойған негізгі бағыттарында да көрсетілген. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында «Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады. Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек» деген болатын. Мемлекет басшысы жас ұрпаққа білім беру мен тәрбие ісін – ел болашағына арналған стратегиялық маңызы зор инвестиция деп бағалаған-ды.
Павлодар облысы Ақсу қалсындағы №24 балабақшада 12 топта үш жүзге жуық бала тәрбиеленіп, білім алады. Үлкен ұжым өз жұмысында еліміз бойынша осы саладағы даму бағдарламасына сай жұмыс істейді. Бұл –
әр баланың толық физикалық және психикалық дамуы үшін тең бастапқы мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, балабақшадағы білім сапасын арттыру, олардың мектепте табысты оқуының негізін қалау; балалардың денсаулығын сақтауға және нығайтуға бағытталған дене шынықтыру-сауықтыру іс-шаралары кешенін енгізу; тәрбиеленушілердің сөйлеу дамуын қалыптастыруға ықпал ететін пәндік-дамыту ортасын байыту және жетілдіру; облыс интеграциясында педагогтердің технологияларды игеруі бөлігінде балабақша мамандарының кәсіби деңгейінің өсуін қамтамасыз ету; бірлескен тиімді қызметті ұйымдастыру және олардың білім беру процесіне қатысуы арқылы балабақшаның тәрбиеленушілердің ата-аналарымен өзара іс-қимылын жетілдіру міндеттерін қамтиды. Балабақша ұжымы ондаған жылдар бойы табысты жұмыс істеп келеді.
Жалпы алғанда балаға білім беру мен оның тәрбиесінде ұсақ-түйек мәселе болмайды, бәр де маңызды. Сондықтан бала тәрбиесінде түрлі тәсілдер мен тәжірибені қолдануға тура келеді. Балабақшада берілетін білім мен тәрбиенің нәтижесі отбасы мен балабақша тығыз байланыста болса ғана мағыналы болып жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелей аламыз. Соның негізінде біз бала тәрбиесі ісіне ата-аналарды да жұмылдырып, тәрбие жұмысын ортақ мақсат ретінде бірлесе жүргізуге мүдделіміз. Ол үшін тәрбиеші өз қарамағындағы балалардың отбасының жағдайын жақсы білуге тиісті. Үйдегі материалдық қана емес, моральдық ахуал қандай деңгейде?
Ата-аналарының мамандығы мен қандай олардың не жұмыс істейтіндігін де назарға алған жөн. Олардың бала тәрбиесіне деген көзқарастары қандай? Ата-аналардың бала тәрбиесіне қаншалықты мән беретінін зерттеу де артықтық етпейді. Өйткені бүгінгі нарықтық қарым-қатынас орныққан қоғамда әке-шешелер қайтқан күнде отбасымды асыраймын, баларымды жұрт қатарлы өсіріп, ешкімнен кем қылмай киіндірсем деген сияқты шаруаларымен шапқылап күнін өткізетіні жасырын емес.
Осы тұста отбасындағы бала тәрбиесіне басты мән берілмей екінші қатарға сырғиды. Өйткені ата-ананың оған деген уақыты да бола бермейді. Әйтпесе ешқандай ата-ана баласына жамандық ойламайды, керісінше, ұрпағының өзгелерден озық тұрғанын қалайтыны анық. Яғни, отбасындағы материалдық жағдай да бала тәрбиесіне әсер етеді деген сөз. Баланы үлде мен бүлдеге орағанмен, оған дұрыс тәрбие берілмесе сол материалдық шығындардың бәрі босқа кетеді. Тіпті ол кейбір кездерде ұрпағының болашақта адами қасиеттері жоғары азамат болып қалыптасуына керісінше ықпал етуі де әбден мүмкін. Өзгелерге қарағанда қымбат киім киіп, өзге де артықшылыққа үйренген бала ертеңгі күні өмірде қиындыққа тап бола қалса бірден күйзеліске түседі. Өйткені бала жастайынан қиындыққа қарсы тұруға мүлдем бейімделмеген, дайынға үйренген. Осыған орай балаға материалдық жағдаймен қоса рухани тәрбие о бастан ауадай қажет.
Отбасындағы ата-ана мен баланың қарым-қатынасы нәтижесінде адамгершілік, эстетикалық, дене тәрбиесінің және басқа да адам бойындағы қасиеттердің алғашқы үлгілері қалыптасады. Ата-ана баласын дұрыс тәрбиелеймін десе алдымен өзінің мінез-құлқына, өміріне баға бере білуі керек. Отбасы тәрбиесіндегі кездесетін қателіктер ата-аналардың педагогикалық сауатсыздығынан және тәжірибесіздігінен болады. Сондықтан да қазіргі кезде бала тәрбиесін жүзеге асыруда тәрбиелеудің дұрыс жолын табу үшін ата-аналарға кеңес түріндегі психологиялық-педагогикалық көмек берудің ешқандай артықшылығы жоқ. Өйткені ата-аналардың бәрі бірдей педагог немесе психологтер емес. Ата-аналардың педагогикалық мәдениетін көтеру бағытында қазір бірқатар балабақшаларда ата-аналарға арналған кеңес жұмыс істеуде. Кеңес беру пунктінде педагог-психолог, дәрігер, дене тәрбие нұсқаушысы, музыка жетекшісі сияқты мамандар бар. Олар бала тәрбиесіндегі көптеген сұрақтар бойынша пайдалы кеңес бере алады.
Баршаға мәлім, жақсыға да, жаманға да кімде болса бала кезден үйренеді. Білім баланың ақылын толықтырса, тәрбие мінезін қалыптастырады. Ал тәрбиесіз алған білімнің пайдасы шамалы екенін ғұламалар да айтып кеткен. Ата-бабаларымыз баланы жастан тәрбиелеуге үлкен мән бергені осыған нақты дәлел.
Бала деген табиғатынан еліктегіш және әрнәрсені білсем деген құштарлығы күшті болады.
Баланың бала аты қашаннан да,
Бала сыры ғаламат аша алғанға.
Көрсем дейді, бәрін де білсем дейді,
Құштарлықтың оты бір сөнбейді... –
деп ақын жырлағанындай, оларға мына дүниедегінің бәрі қызық көрінеді. Өйткені ол әлі көп нәрсені білмейді, түсінбейді. Соны білуге, түсінуге талпынады. Мына әлемді түсіну кезеңінде балаға дұрыс бағыт беруде ата-аналар мен балабақша тәрбиешілерінің атқарар рөлі зор.
Жалпы алғанда педагогика тәжірибесінде тәрбиелеу әдістері – сана-сезіміне ықпал ету, іс-әрекетін ұйымдастыру, ынталандыру болып табылады. Сол арқылы баланың психикасына әсер етеді, оның қуанышын, өзіне деген сенімін, өмірге деген құштарлығын оятады. Ол балалар үшін қалыпты жағдай, тек соны дұрыс арнаға бұра білу керек.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті жаңартылған стандартында білім салалары деп аталатын бөлімінде негізгі бес бағыт белгіленген. Бұл бес бағыт бір-бірімен тығыз байланыста, сабақтасып жатыр. Әрине, алғашқы орында «Денсаулық» саласы тұр. Бұндағы басты мақсат баланы өз денсаулығына саналы түрде қарай білуге тәрбиелеу, қозғалыс белсенділігін арттыру және физикалық қасиеттердің қалыптасуына назар аудару керектігі айтылған. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін жалғыз балабақшаға ғана емес, стандартта осы бағыттағы отбасы тәрбиесіне де қатал талаптар қойылған. Дене тәрбиесінде жетістіктерге жету үшін ата-аналар да өз тараптарынан ықпал жасауға тиісті, балабақша тәрбиешілерімен күш біріктіру өте маңызды. Сол себептен де болар тәжірибе көрсетіп отырғандай ата-аналардың қатысуымен балабақшадағы өтетін кейбір спорттық немесе мерекелік шаралар өте қызықты болады, балаларға үлкен қуаныш сыйлайды. Олар ата-аналарының қолдауын сезініп, өздерінің қабілетті екендерін көрсетуге тырысады.
Ұстаз алдындағы басты мақсат – сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Бұл жерде тәрбиеші-ұстаздардың оқу-тәрбие процесін қалай ұйымдастыратынына байланысты. Тәрбиеленуші мектеп табалдырығын аттауға дайын болу үшін не істеу керек? Бұл мәселені шешудің ұтымды бір жолы – қазіргі инновациялық әдіс-тәсілдерді кеңінен пайдалану. Сонымен қатар ұлттық тәрбиеге негізделген іс-шаралардың да маңызы ерекше.
Балабақшада жаңа педагогикалық технологияларды пайдаланудың басты мақсаты – оқыту мен тәрбиелеуде инновациялық ойын технологиясының элементтерін пайдалану. Оқу қызметінде жаңа технологияларды тиімді пайдалану балалардың оқуға деген қызығушылығын арттырады, шығармашылық қабілетін дамытады.
Біздің тәжірибемізде оқыту барысында тілдік материалды есте сақтау мақсатымен суретті символды, тірек-сызбалды жиі қолданыламыз. Әдетте кішкентай бала әріптерді танымас бұрын суреттерді, сызбаларды қолданып, сөздерді дыбыстап сөйлем құрастыруға машықтанады. Бұл әдіс ата-аналардың отбасы жағдайында да есте болғаны жөн.
Мектепке дейінгі балада есте сақтау мен қабылдауы қабілеті жоғары болатыны белгілі. Ойын-тапсырмалармен жаттығулар тілді дамытумен қатар барлық сезім мүшелерінің жұмысын, танымдық белсенділігін арттыра түседі.
Балалар кестелер мен суреттерді, белгілерді тез ұғынып, есте сақтайды. Сөйтіп өзіндік жұмыс жасауына ыңғайлы жағдай жасалады. Байланыстыра сөйлеу дағдылары шартты белгілер, суреттер, сызбалар, арқылы дамытылады. Балалардың есту, көру, ойлау қабілеттері танымдық іс-әрекеттері арқылы дамытылады.
Мектепке дейінгі кезең – баланың үлкендерге ұқсап, жеке тұлға болып өзін өзі сезінуінің алғашқы сатысы, жауапты кезеңі. Баланың мәдениетті болуы, өзгелермен қарым-қатынас жасауда дұрыс сөйлесе білуі балабақшада, отбасында алған білім мен тәрбиесіне тікелей байланысты. Біздің басты міндетіміз – баланы жан жақты дамыта отырып, оның сөздік қорларын мүмкіндігінше байытып, есте сақтау қабілеттерін арттыру. Ол баланың қай тілде сөйлеуіне де байланысты.
Баланың ана тілінде таза еркін сөйлеуін мектепке дейінгі кезеңнен меңгертуге әрекет ету қажет. Бала кезден ана тілін санасына сіңірсе оны ол өмір бойы ұмытпайды. Ана тіліне кейінірек үйретілген балаға қарағанда кішкентайынан үйренгендер акцентсіз анағұрлым таза сөйлейтін болады. Өйткені қазақ тіліне ғана тиесілі кейбір ә, і, ң, ө, ұ, ү, қ сияқты әріптерді дыбыстауды о бастан үйренеді, тілі жаттығады. Бүгінгі тіл үлкен мәселеге айналып отыр. Қазір балалардың басым бөлігі өзге тілде, көбінесе орыс тілінде сөйлегенді өздеріне қолайлы санайды. Неге? Біріншіден айналасындағы үлкендер болсын, қарым-қатынастағы достары болсын өзге тілде сөйлейді. Екіншіден, телеарналар мен өзге де ақпараттық құралдардың ықпалы өте зор. Толып жатқан түрлі әлеуметтік желілер мен телевизия хабарларының басым бөлігі орыс тілінде. Қалта телефон еркіне емін-еркін тиген бала да сол өзге тілдегі ақпаратты бірден қабылдай бастайды. Бүгінгі тәжірибеден көріп отырғанымыздай, үлкендер бала жыламасын, өз ісіне бөгет жасамасын деп смартфондарды күні бойы қолына ұстатып қояды. Бұл дұрыс емес. Демек баланы ата-ана емес, телефон мен интернет тәрбиелейді деген сөз. Ал ондағы ақпапараттардың бәрі бірдей пайдалы емес, көбісінің балаға кері әсер беретінін де ескеру қажет.
Жалпы баланың тілін дамытуда мына бірмаңызды мәселелерді ұмытпау қажет: – тілді дұрыс меңгеру, ауыз екі сөйлей білу, көркемсөз үлгілерін үйрету, игерген білімдерін қолдана білу, сөздік қорын молайту,
дыбыстарды анық, түсінікті айтуға үйрету.
Әрбір ұйымдастырылған оқу сабақтарын өткізуде тәрбиешінің шығармашылығы, әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалануы, оны түрлендіріп ұйымдастыруда ойындарды, мақал-мәтелдерді, жұмбақтарды қолдануы балалардың қиялын шарықтатады, ойлау қабілетін кеңейтеді.
Білім беру жүйесінің барлық кезеңдерінң алдында тұрған көкейкесті мәселелерінің бірі – білім сапасын арттыру, оның әдістемесін жетілдіру, жас ұрпақтың тұлғалық ойлауын дамыту. Бүгінгі күн талабы – баланың ақыл – ойын дамыту, ойлау қабілетін жетілдіру, өзіндік іскерлік қасиеттерін қалыптастыру, заман талабына сай ойы жүйрік етіп тәрбиелеу. Білім мен тәрбие берудің әдіс-тәсілдері көп, оның жаңа түрлері де пайда болары сөзсіз. Бірақ мақсат біреу – еліміздің ертеңіне жауапты, қуатты мемлекет құратын лайықты азаматтарды оқытып, тәрбиелеу.
Бәріміз де сол үшін жұмыс істеуіміз керек.
Әсемгүл БАЙМАНОВА,
Ақсу қаласы
Павлодар облысы