АЛДЫМЕН АЛТЫН ОРДА ХАНЫ БАТУҒА ЕСКЕРТКІШ ТҰРҒЫЗУ КЕРЕК ЕДІ?!

АЛДЫМЕН АЛТЫН ОРДА ХАНЫ БАТУҒА ЕСКЕРТКІШ ТҰРҒЫЗУ КЕРЕК ЕДІ?!

Әміршіден бұрын қызметшісіне ескерткіш қойғанды кім көрген?!.

Алматыдағы шіркеуге кезінде Алтын Орда империясына салық төлеп тұрған, сондықтан Бату ханның қолынан Русьтің “бас князі” жарлығын алған Александр Невскийге ескерткіш қойылатыны біраз шу болып жатыр. Шіркеу ауласы жекеменшікке жатады, сондықтан бұл есккрткіш тарихи және мәдени ескерткішке жатпайды деп жазып жатыр.  

Дегенмен, негізі, алдымен Алтын Орда ханы Батудың ескерткішін Мәскеуде тұрғызу керек еді…

Ең дұрысы, екеуін бөліп-жармай-ақ, орыс суретшісінің Невскийдің Батуға тізерлеп, бас иіп жатқан әйгілі картинасын ескерткішке айналдыра салу керек еді?!.

2019 жылы 6 қыркүйекте Ұлттық Кеңестің бірінші отырысында біз мемлекет басшысының Алтын Орданың 750 жылдығын ұлықтау туралы бастамасын қолдау ретінде Шыңғыс ханға, Жошы мен Бату ханға, Шыңғыс қағанның бәйбішесі Бөртеге ескерткіш тұрғызуды ұсынған едік.

Сол сөзімізді еске түсіре кетейік:

“Алтын Орданың атасы, қазақ хандарының бабасы 

Жошы хандай әлем тарихындағы салмағы орасан саңлақ тұлғалар мен Ұлытау, Сарайшықтай маңызы зор қалалар өзге бір елдің еншісінде болса, не болар еді... Әріге бармай-ақ, кішкентай Моңғолияның өзі Жошы ханның әкесі, әлемді билеген Шыңғыс ханның алып ескерткіші арқылы дүние жүзіне дүбірін танытып жатыр... Мүмкін, біз де Шыңғыс ханның зор ескерткішіндей Жошы ханға да одан кем емес кемел ескерткіш кешен тұрғызармыз. Ол кешенде Шыңғыс ханның да, Алтын Орданың ханы Батудың да, әлем әміршісінің төрткүл дүниені билеген төрт ұлының анасы, қазақ қызы Бөртенің де ескерткіші тұрса, тіпті керемет болар еді”-деп жазған едік осыдан төрт жыл бұрын.

Сол ұсыныстан тек Жошы ханға ғана Ұлытауда орташа ғана ескерткіш тұрғызылды. Қалғандары кезек күтіп тұр…

Ал біз өзіміздің әлемге әйгілі хандарымыздан бұрын оларға қызмет еткен жатжұрттықтарға ескерткіш тұрғызамыз?!.

Қазыбек ИСА

Сурет ғаламтордан алынды: Александр Невский Бату ханнан Ресейге аяушылық танытуды сұрауда. Сурет XIX ғасырдың соңында салынған.