ҚАЗЫБЕК ИСА МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ҒАНА ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН КОМПАНИЯМЕН КЕЗДЕСТІ
2023 ж. 13 шілде
619
2
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса Алматыда еңбек және шығармашылық ұжымдарымен кездесті.
Алматыдағы халықпен кездесулердің ішіндегі ең маңыздысы, 11 шілдедегі жалынды жас кәсіпкер Дулат Тастекей басқаратын “TAS Group” компаниясы ұжымымен кездесу болды.
Жиында қаржы холдингінің құрылтайшысы Дулат Тастекей депутатты компаниялар тобына кіретін компаниялардың қызметімен таныстырды. Дулат Тұрсынұлы депутаттың назарын “TAS Group” құжаттамасының, ұжым мен серіктестер арасындағы қарым-қатынастың толық қазақ тілінде жүргізілетініне аударып, «Қазақша сөйле» ішкі корпоративтік науқанына тоқталды.
Елімізге белгілі ақын, парламентте ұлттық мүддені қорғау жолындағы қайсар күрескер депутат Қазыбек Иса: “Ұжымның сайдың тасындай жігіттері мен сымбатты қыздары “ҚАЗАҚША СӨЙЛЕ” деген жазуы бар футболкаларын киіп қарсы алғанда, көзіміз оттай жанып, көңіліміз шалқыды!”- деп бастады сөзін.
Ол ұжымның алдында “Ақ жол” партиясының саяси бағдарламасындағы ерекшеліктер мен парламентте қабылданған заңдар және “Ақ жол” фракциясының ұлттық мүдде мен мемлекеттік тілді қорғауда қайрат көрсетіп жатқан істері туралы әңгімелеп берді.
Депутатқа қойылған компания қызметкерлерінің ұлттық идеология, мемлекеттік тіл, көрнекі ақпарат туралы заң жайлы сұрақтарына жауап берді.
TAS Group компаниясы президенті Дулат Тастекей - руханиятқа қамқор рухы биік кәсіпкер, “Ақ жол” партиясынан Алматы қалалық мәслихатының бір мандатты депутаты.
Қазақтың ұлттық өнері мен спортына, айтысқа тұрақты түрде жыл сайын қолдау жасап келеді.
Ол компания туралы толыққанды мәлімет берді.
• TAS Group - бұл Қазақстан Республикасы мен ТМД елдерінің тұрғындарына қаржылық қызметтердің толық спектрін ұсынатын серпінді дамып келе жатқан компаниялар тобы.
• Өз қызметін 2010 жылы бастаған TAS Group компаниясының Қазақстанның барлық қалаларында 38 филиалы бар. Сонымен қатар Мәскеуде екі филиалы,
Ташкентте бір филиалы бар.
• 13 жыл бойы қаржы нарығында қызмет етіп келеді.
Ол табысты дамып, жүздеген жұмыс орындарын ашты, Қазақстан экономикасының дамуына елеулі әсер етіп жүр.
• Біз бизнесті аймақтық масштабтауды 2015 жылы бастадық. TAS Group әлемдік нарықта бәсекеге түсе алатын жоғары технологиялық және инновациялық қаржылық компанияға айналуы тиіс. Бұл бағыттарды құру кезінде біз өз клиенттеріміздің қажеттіліктерін ескердік.
• 2021 жылдың бірінші тоқсанының соңында клиенттердің саны 21 мыңнан асты. 2019 жылы несиеге инвестиция салатын халықаралық Mintos платформасына кірді.
• Бүгінде компаниялар тобы 10 компанияны біріктіреді.
• Көлік жүргізу құқығымен несиені онлайн және оффлайн алу мүмкіндігі және автокөлік сатып алу үшін несиелер.
• Валюта айырбастау операциялары (TASEXCHANGE)
• Жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілген тұрғындарға шағын несие беру, арнайы техникалар лизингі (TASMICROFINANCE).
• Жылына 20% -ға дейін тиімді инвестиция.
• Құрылыс-монтаж жұмыстары (AHTAS Construction).
• Көпсалалы медициналық орталық (Жанұя Мед).
• Қоғамдық жұмыстар мен қайырымдылық (ASSYLTAS).
•Фермерлер мен ауыл-шаруашылығына арналған несие (Жетісу Агро Кредит).
TAS Group компаниясы офисінің әр қабырғасында, әр кабинетінде Алаш арыстарының, ұлы тұлғаларымыздың жарқын бейнелері жарқырап, ұлағатты сөздері сөйлеп тұр.
Бірден ұлттық рухты сезініп, жалыңыз биіктеп, жалындап шыға келесіз.
Кездесу соңында Қазыбек Иса қорытынды сөз сөйледі:
-TAS Group - Қазақстандағы ТЕК МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН, Мемлекеттік тілді білмейтіндерді жұмысқа қабылдамайтын жалғыз компания.
Тіл болмаса, тірлік болмайды! Сондықтан да, қазақ тілді кадрлар арқасында жетістікке жетіп отырған TAS Group компаниясының табысты талабы мен қарышты қадамын еліміз бойынша үлгі ету керек!
Алаш идеясы - Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді басты мақсаты етіп алған компанияға “Ақ жол” партиясы атынан Ақ жол тілеймін!”-деп зор ризашылығын білдірді.
Өзінің “Сырымды айттым далаға” атты жыр кітабын, сол жерде бірден экспромт өлеңмен қолтаңба жазып, Дулат бауырына тапсырды:
“Ерсің бауырым,
Ел деп соққан жүрегің,
Қазағым деп жүрсің ылғи, білемін.
Атыңа сай ақындарды қолдайсың,
Алла дәйім жар болуын тіледім!
Алтын ғасыр болсын осы ғасыр шын,
Алаш айбын жаудың құтын қашырсын.
Тас дегенде, тастай болып тірлігің,
Алдыңнан тек Ақ жол мәңгі ашылсын!”-деп, қолтаңбасын оқып берді.
TAS Group компаниясы құрылтайшысы Дулат Тастекей де Қазыбек Исаға компания атынан алғыс айтып, өзінің өмір тәжірибесінен кәсіпкерліктің әліппесінен бастап, бизнестің қыр-сырларын меңгеру жайлы жазған “Өте маңызды”. “Кәсіпкер алдыңғы 10 жылында неге дайын болуы керек?” атты танымдық кітабын сыйлады.
Сонымен қатар парламентте Қазақ тілінің қорғанына айналған ақын депутатқа “ҚАЗАҚША СӨЙЛЕ!” атты жазуы бар футболка табыс етті.
Қаламгер-қайраткер депутаттың қаржыгер компания ұжымымен кездесуі аса тартымды өтті.
Азамат Тасқараұлы,
Қазақ үні