ЖЕРІ КҮРІШТІ, ЕЛІ ЫРЫСТЫ ҚЫЗЫЛОРДА
2023 ж. 10 шілде
953
0

Еліміздің жалпы дамуына әрбір өңірдің қосар өз үлесі бар екені белгілі. Әрине, ол алдымен сол аймақтың экономикалық күш-қуаты мен түрлі саладағы мүмкіндігіне байланысты. Осы тұрғыдан алғанда Қызылорда облысы алдыңғы қатардағылардың бірі. «Ғарыш қақпасы» атанған Байқоңыр бүкіл әлемге аян, Сырдың ақ маржан күріші де қызылордалықтарды көпке танымал еткенін білеміз.
Аймақ туралы айтқанда алдымен Қызылорда облысы Ұлы Жібек жолының тарихи орталығы екенін айтуымыз керек. Оған 500-ден астам қазақ халқының мәдени және тарихи ескерткіштерінің дәп осы аймақта болуы нақты дәлел. Тарихи қалалар Сауран және Сығанақ, археологиялық ескерткіштері және кесенелер Сунақ Ата, Айқожа ишан, Қарасопы, Оқшы Ата, Досбол би, Есабыз, Ақтас мешіті, Қорқыт ата мемориалдық кешені Ұлы Жібек жолының туристік бағыттарына кіреді.
Құрамында 7 әкімшілік ауданы бар Қызылорда облысы табиғи ресурстар жағынан да кенде емес. Мұнай және газ конденсаты, мырыш, уран, тағы да басқа металлдар мен қыш, гипс, алебастр, цемент сияқты құрылыс саласына аса қажет шикізаттардың мол қоры бар. Демек аймақтың экономикалық әлеуеті жоғары.
Адамзатқа берілген жердің қазба байлықтары мен өзге де табиғи ресурстар өздігінен пайдаға аспайды, оны игеріп, адам игілігіне жарату үшін де көп еңбек қажет. Ал еңбекті ұйымдастыра білу де үлкен шеберлік пен біліктілікті талап етеді. Осы жерде басты жауапкершілік жергілікті басшыларға, біздің қазіргі жүйеде түрлі деңгейдегі әкімдіктерге жүктеледі. Адамдардың еңбегін үйлестіріп, жұмысшыларға жан-жақты қолдау көрсету сол әкімдіктердің құзырындағы міндет. Осы міндет дұрыс атқарылса ғана бірлескен әрекет өзінің оң нәтижесін береді.
Аймақтың тыныс-тіршілігіне толықтай жауапты Қызылорда облыстық әкімдігі өзінің күнделікті жұмысында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм, құрылыс және көлік инфроқұрылымы, мәдениет, денсаулық сақтау және білім беру сияқты негізгі салаларды басты назарда ұстап, өңірді жан-жақты дамыту мақсатында қызмет етеді.
Қазақстан негізінен аграрлы ел болып саналады. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы дала төсін төрт түлікке толтырып, өз ырыздығын жерден тауып келген. «Сыр өңірі – жыр өңірі», «Ырысты, күрішті – Қызылорда!» деген ұғым бүкіл елімізге жақсы танымал. Біріншісі – Сыр өңірінен көптеген ақын-жыраулар шыққанын көрсетсе, екіншісі – Қызылорда жері күріштің орталығы дегенді анық аңғартып тұр.
Аймақта мемлекеттік аграрлық саясатты жүзеге асырудың нәтижесінде соңғы жылдары ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуында оң нәтижелер байқалуда. Агроөнеркәсіп кешенінде негізінен күріш өндірісін, мал шаруашылығын және балық шаруашылығын дамытуға ерекше мән берілген.
Бүгінде Қызылорда облысында 265,3 мың гектар суармалы жер болса, оның 178,6 мың гектары – инженерлік жүйеге келтірілген ауыспалы егістік. Биылғы су тапшылығына қарамастан егіс алқабын 7 мың гектарға ұлғайтып, жалпы 196 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. «Әртараптандыру жұмыстарын жалғастыру үшін малазықтық дақылдар көлемін 2300 гектарға, картоп, көкөніс және бақша дақылдарын 222 гектарға, негізгі дақыл – күріштің көлемін 5400 гектарға ұлғайттық. Әлеуметтік маңызы бар дақылдарды егіп, жинап алуға ынталы тұрғындар үшін өткен жылы арнайы жер телімдері бөлінді. Осы игі бастама биыл да жалғасып, қала мен аудандарда 3 мың гектардан астам жер берілді. Қазір 5488 отбасына жер телімдері беріліп, су жүргізілді. Оның нәтижесінде тұрғындар өздерін қажетті өнімдермен қамтамасыз ете алады», – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Сыр өңірі диқандарына мемлекет тарапынан қолдау көрсету мақсатында «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясымен» бірлесіп, күздегі күріш өнімін форвардтық сатып алу жұмыстары іске асырылды. 6000 тонна ақ күрішті сатып алуға 1,2 млрд. теңге қаржы бөлініп, облыстың 4 шаруашылығына «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-дан келісім-шарт арқылы қаржы берілді. Оның басым бөлігі көктемгі дала жұмыстарына қажетті тыңайтқыш, жанармай, гербицидтер сатып алуға жұмсалды.
Ғалымдармен бірлесіп, су тапшылығына орай жаңбырлатып, тамшылатып суару әдістерімен егістікті әртараптандыру бағытындағы күнбағыс, жүгері, соя, бидай дақылдарының және күріштің бірнеше сұрпын тәжірибе ретінде енгізу қолға алынды. Су мәселесін шешу үшін Үкімет қолдауымен өткен жылы «Көкарал» бөгетін сақтау жобасын бастауға республикалық бюджеттен 500 млн. теңге бөлінді. Биыл осы жұмысқа 1,9 млрд. теңге көзделіп отыр, жоба 2024 жылы аяқталады деп жоспарланған. Аймақта мақсатына сай пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару, оны қайта айналымға қосу жұмыстары жүргізілуде. Былтыр 157 мың гектар жер қайтарылса, биыл 200 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылмақшы. Қазіргі уақытта азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында әрбір ауылдық елді мекенде мүмкіндігінше көкөністер мен бақша дақылдарын өсіру үшін бос жер учаскелерін бөлу жалғасуда. Жергілікті отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің «Жері күрішті, елі ырысты Қызылорда» атты екі күндік жәрмеңке өткізілді. Мұндай жәрмеңкелер тұрғындарды сапалы және арзан өнімдермен қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Мал шаруашылығы саласында да оң өзгерістер қалыптаса бастады. Мал басының тұрақты өсуіне байланысты, өндірілген өнім көлемі де ұлғайып келеді. 2022 жылдың 1 шілдесіне 420,3 мың бас ірі қара, 895,7 мың қой мен ешкі, 210,9 мың жылқы, 61,6 мың түйе және 128 мың құс ресми санақ нәтижесінде тіркелген болатын. Осы кезеңде облыстан жалпы көлемі $19,8 сомаға 39,8 мың тонна күріш, балық сияқты тағы да басқа ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды. Өнімдер әлемнің 20 еліне жіберілді.
Облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамыту Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда. Аграрлық саланы дамытудың 9 негізгі бағыты белгіленген. Соның ішінде ішкі нарықты толықтыру және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту 2 негізгі бағыт болып табылады.
Ауыл шаруашылығымен қатар облыста бірқатар индустриялық жобалар іске асуда. 50-60 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеген Қызылорда жылу электр станциясы жылу желілерінің тозатын уақыты жетті. Үкімет 2022-2025 жылдар аралығында оңтүстік өңірлерді үздіксіз электр энергиясымен, жылумен қамтамасыз ету үшін қуаты кемінде 1 мың мегаватт болатын бу-газ қондырғыларын салуды жобалады. Бұл жоба 2025 жылы пайдалануға беріледі. Жобаның құны 215 миллиард теңге болатын жаңа нысан энергия тапшылығын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, биыл облыс бойынша 23 әлеуметтік нысанның жылыту қазандықтары қайта жаңартылатын болады. Бұл жұмыстарға республикалық және облыстық бюджеттерден 676 миллион теңге бөлінді. Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында 2022-2026 жылдары құны 613,1 млрд. теңгені құрайтын, іске қосылғанда 6,8 мың адамды жұмыспен қамтитын 37 жобаның жүзеге асырылуы жоспарланып отыр.
Тау-кен металлургиясын дамыту мақсатында Қызылорда облысында «Шалқия» және «Баласауысқандық» кеніштерін игеру жобалары іске асырылып жатыр. «Шалқия» кен орны – дүние жүзіндегі ең ірі бес кеніштің бірі. Жоба бойынша Жаңа стратегия әзірленді. Бүгінде жер асты кенішінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Фабрика іске қосылғанда, жаңадан тағы бір мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Оның 2025 жылы жылына 2 млн. тонна кен өңдеуге қуаты жетеді, одан әрі 2026 жылдан бастап қуатын жылына 4 млн тоннаға дейін ұлғайтпақ.
Өңірдегі өндіруші саласы облыстың барлық өнеркәсібінің шамамен 90%-ын құрайды. Жалпы облыста 40-тан астам түрлі мұнай және мұнай-сервистік кәсіпорын жұмыс істейді. Мұнай мен оның өнімдерінің үлкен көлемі экспортқа шикі, өңделмеген күйінде жіберіледі. Сонымен қатар Қызылорда облысында түсті және қара металдардың да едәуір қоры бар. Осы қорларды пайдалану барысында қайта өңдеу жөніндегі жобалар іске асырылғанда, аймақтың өзін-өзі толықтай қамтамасыз етіп, субсидиялауды қажет етпейтін өңір атануға мүмкіндігі бар.
Ірі өнеркәсіп саласын дамытумен бірге экономиканың негізін құрайтын шағын және орта бизнесті де естен шығаруға болмайды. Аймақ басшысы облыста 2025 жылға қарай шағын және орта бизнестің үлесін 25%-ға, ондағы жұмыспен қамтылғандардың санын 125 мың адамға жеткізу міндеті қойылғанын айтады. Кәсіпкерлікті қолдау және дамыту шаралары аймақта жүйелі іске асырылуда. «Қызылорда облысында бүгінде шағын және орта кәсіпкерлікте 71 мыңға жуық субъект жұмыс жасайды. Мұнда халықтың 34,8%-ы, яғни 122 мың адам жұмыспен қамтылған. Жыл басынан 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылды. Оның ішінде 4 мыңға жуығы тұрақты, ал уақытша жұмыс орындарына 12 мыңнан аса адам орналастырылды. Қызылорда қаласы және аудан әкімдері өз аумақтарында жаңадан ашылған шағын және орта бизнес нысандарына бірінші кезекте сол жердің тұрғылықты азаматтарын жұмыспен қамту мәселесін үйлестіруі қажет», – дейді Нұрлыбек Нәлібаев.
Тұтынушы тұрғындар сапасы төмен, бағасы аспандаған тауарлар саудасына арыз айтып жататыны жасырын емес. Бұл дегеніміз халықтың тұрмыстық жағдайына кері әсер етеді. Облыс әкімі осы аталған мәселеге қатысты арнайы жиын өткізді. Аймақ басшысы биылғы жылдың 5 айында облыс бойынша тұтынушылар құқықтарының бұзылғаны туралы 114 өтініш түскенін атап өтті. Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жүргізген тексеру нәтижесінде бұл өтініштердің 87-і қанағаттандырылып, 2,1 млн.теңге қайтарылған. Аймақта тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысатын арнайы үйлестіру комиссиясы құрылған.
Әкімдіктің айналысатын қызмет саласы ауқымды. Есірткіге қарсы күрес және жол қауіпсіздігі мәселелері, терроризм мен экстремизмнің алдын алу мәселелері де арнайы отырыста талқыланып, тиісті шаралар белгіленді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығынан кейін әкімдердің, атқарушы билік өкілдерінің тұрғындармен кездесуі, қоғамдық қабылдаулар өткізуі қазіргі кезде жаңалық емес. Дегенмен жұмыстың осы тәсілінің берері көп. Біріншіден, тұрғындардың тұрмысымен жақынырақ танысып, арыздарын өз ауыздарынан естудің әсері бөлек. Екіншіден, орын алған кемшіліктер мен олқылықтарды түзеудің жолдарын жергілікті жұрт өзгелерге қарағанда жақсы біледі. Ең бастысы – оларды тыңдайтын құлақ, талап-тілектерін орындасақ деген ниет болса жетіп жатыр.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен орынбасарлары, сала басшылары аудан тұрғындарымен кездесулер өткізіп тұрады. Соңғы кезде аймақ басшысы Арал, Жаңақорған, Шиелі және басқа да бірнеше аудан тұрғындарымен кездесіп, азаматтарға жеке қабылдауын өткізді. Тұрғындар тарапынан айтылар арыз бен талап-тілектер аз емес. Олардың басым бөлігі баспанаға байланысты, білім мен денсаулық саласына қатысты болып келеді. Сол сияқты жұмысқа орналасу мен жалақы мәселесі де жиі айтылады.
Тұрғындар тарапынан болған барлық ұсыныс-пікірлерді тыңдаған аймақ басшысы аудан әкімдері мен әр сауал бойынша жауапты салалық лауазымды тұлғаларға нақты тапсырмалар береді. Ешқайсысы ескерусіз, жауапсыз қалмайды, бақылауға алынады. Айтылған ой-пікірлер, көтерілген мәселелер жан-жақты зерттеліп, алдағы жұмыс жоспарына енгізіледі. Қазақстан Президентінің Жолдауына арқау болған халық үніне құлақ асатын үкімет тұжырымдамасының орындалуы жер-жерлердегі осындай тұрғындармен кездесулерден басталса керек...
Бек МЫРЗАҰЛЫ