СЕН ЕРЕК ЕДІҢ, ЕЛІҢЕ КЕРЕК ЕДІҢ...
2023 ж. 10 шілде
2780
1
Алаштың Амангелдісі
Амангелдімен қашан танысқаным, тіпті есімде жоқ. Тоқсаныншы жылдардың ортасында бір топ жігіт «Хабар» арнасының кабырғасын бірге қаластық. Сол кезден бастап арамыз ажыраған емес. Амангелдіге сан қырынан жарқырай көрінуіне аудиториясы мол ақпарат құралы – телевизия тиімді болды. Ол миллиондаған жанкүйер жинайтын әлемдік спорт додаларынан тікелей репортаж жүргізді. Сол арқылы журналистік қарымы мен дарынын танытты. Амангелдінің тілінен төгілген түрлі тіркестер мен теңеулерді көрермені әлі айтып жүр.
2003 жылы Швецияның Вестерос қаласында Еуропа қазақтарының құрылтайы өтті. Мен «Қазақстан» телеарнасынан, ол «Хабардан» барды. Нұртілеу Иманғалиұлы ағамыз, Дана Нұржігіт, Болат Көкенайұлы – бір топ журналист сапарлас болдық. Қайтарда Стамбулда екі-үш күн аялдадық. Амангелдінің жер жүзіне тарыдай шашыраған бауырларымыздың алдында суырып салып арнау айтқаны есімде. Көпшілігінің көңілі босаған. Жалындап тұрған шағы еді. Сол сапарда Нұртілеу аға, Амангелді – үшеуміздің арамызда талай әңгіме айтылды, талай әзіл ақтарылды. Бұл күнде Нұрағам да жоқ.
Амангелді бір бойына сан өнерді тоғыстырған талантты азамат болатын. Айтыс өнеріне шындап ден қойғанда талай додада топ жаратын еді. Ол маған намыстың найзағайы секілді көрінеді. Тікелей эфирде әр футболшының шабысын ғана емес, намысын да қамшылайтын.
Кездескен сайын, телефон шалған сайын еркелей, өлеңдете амандасатын. Мені «Әлаға» дейді. Ағаларын өзінше атайды: «Қайнар ағам», «Арман көке», «аға Серік» болып кете береді. «Ассалаумағалейкүм, аға Серік! Екеуміз бір ауылдың баласы едік», – деп ұйқастыра жөнеледі. Біз де інімізден қалмай: «Өмірде сыйласайық, «сіз» десейік, тек «жеңісті күндерде жүздесейік!» – деп бірдеңе айтқан боламыз. «Орыстың Озерові, грузиннің Котэ Махарадзесі болған, Алаштың Амангелдісі бар», – дейміз. Аманжан жымияды да қояды.
Бірде оған: «Жастармен бірге томпаңдап доп қуып жүресің бе, жасың елуге кеп қалды, енді бильярдқа ауыс», – дедім. Қайнар аға, Арман – бәріміз бильярд соғатынбыз. Амангелді бізге ара-тұра келіп жүрді, бірақ бәрібір жан-тәнімен футболды аңсап тұратын. Ол соңғы жылдары әлеуметтік желіде бұрқыратып біраз дүние жазды. Мен Фейсбук әлеуметтік желісінде «Қыр қазағы» деген атпен тіркелгем. Лайк қою болмаса, соның тілін онша біле бермеймін. Қазір қарап отырсам, менің парақшамдағы жазбалардың дені Амангелдінікі екен. Маған арнаған өлеңін де сонда салып қойыпты. Жаз шыға маған: «Әлаға, Алакөлге келіп демалып кетсейші, өзім күтіп аламын», –дейтін. Ол өзі туып-өскен Мақаншының ғана мақтанышы емес еді...
Карантин кезі, күнде бір жаманат хабар. Аман хабарласты: «Әлаға, үлкен ұл үйленейін деп жатыр, Алматыға тойға шақырамын», – деді. Үйден шыға алмай қамалып жатқан кезіміз еді. Той өткеннен кейін телефон соқтым. «Бір жағдай болып қалды, бес-алты күннен кейін хабарласам», – деді. Сол кезде атың өшкір індетті жұқтырып алған екен. Алаңдамасын деп ауырып жүргенін де айтпаған ғой.
Спорт журналистикасы саласында өлшеусіз еңбек сіңірген тележурналист, комментатор Амангелді Сейітхановтың аты ел көлемінде лайықты ардақталуы керек.
Ол өмірден өткеннен кейін Арман көкесі астанада «Ақ жол» партиясының қолдауымен бильярдтан еске алу турнирін өткізді. Алматыдан Аманның ұлы Бекасыл келіп қатысты. Артында қалған көзін кергенде Аманның өзін көргендей болдық. Сөз саптауы әкесінен айнымайтын, саналы, ізетті ұрпағы өсіп келеді екен.
«Жеңісті күнде жүздесейік!» – деуші едің. Жеңіске жетелеген ісіңнің жемісін татар шағың еді. Сен ерек едің, еліңе керек едің, Аман! Амал не?
Әлімжан САБЫРЖАНҰЛЫ,
тележурналист
Соныдан соқпақ салған Әбекем-ай...
...Жаңалықтармен таныстырып отырған диктордың үстіне доп жауып кетті. Диктор қорғана алар емес. Сөйтсек, жарнама екен. «Хабар» арнасында футболдан Францияда өтетін әлем чемпионаты көрсетілетін болыпты. Соңғы курста оқып жүрген біз үшін бұл керемет жаңалық еді. Төрт жыл бұрын АҚШ-та өткен әлем чемпионатын әр арнадан үзіп-жұлқып көргеніміз есімде қалыпты. Негізінен, ресейлік арналар эфиріндегі матчтарды біздің елде жергілікті ТV «ұрлап-бөрлеп» ұсынды. Енді бәрі бір арнадан көрсетілмек. Қазақ тілінде жүргізер ме екен? Жүргізсе, кім жүргізеді?
Содан Амангелді аға саңқылдап берді дейсің! Есімде, мемлекеттік емтиханның бірін сәтті тапсырғанда, бүкіл топ жиылып барып Әуезов театрының алдындағы ашық алаңқайда орналасқан кафеде атап өттік. Әрине, кафені біз – ер балалар таңдадық. Өйткені онда үлкен экран бар еді. Футбол көруге ыңғайлы. Алматының ең көрнекті жерлерінің бірінде Аман ағамның дауысы саңқылдап, қанымызды қыздырып жатты. Тіпті, арамызда аяғы ауыр курстасымыз да бар еді, ол да бізден қалыспай жанкүйер болды.
Біз ары қарай мемлекеттік тәжірибеден өтуге кеттік. «Хабар» арнасының жанынан «Хабар» радиосы құрылған-ды. «Жас Алаш» газетіндегі тәжірибеммен қатар, «Хабар» радиосында спорт жаңалықтарын оқып жүрдім. Бір күні бас редактор Үмітхан Балтақызы шақырып алып, Франциядағы әлем чемпионатының кейбір матчтарынан радиода 10 минут репортаж жүргізу мүмкіндігі барын айтты. Шынымды айтсам, жүрексіндім. Өзімді лайық көрмедім. Микрофоннан қорықтым. Жиырма жастағы бозбала-жігіттің бұл алаңын Үмітжан апай жақсы түсінген сияқты, қайыра қазбаламады. Бір күні спорт жаңалықтарын оқып, эфирден шығып келе жатсам, редакцияда Аман аға мен Диас Омаров жүр! Кәдімгі күн сайын футбол тойын жүргізіп жүрген комментаторлар! Ұрлана қараймын. Аман ағаның бойы шағындау сияқты. Үстіндегі көк кәстөм-шалбары мұнтаздай! Түнімен репортаж жүргізіп шаршаған адамға мүлде ұқсамайды. Амандасуға жүрексіндім.
Бұл кезде халық Амангелді ағамның эфирден айтқан сөздерін тамсана термелеп жүрген-ді. «Ан мықты ма, Кан мықты ма» дегенін былай қойғанда, португалиялық дәулескер ойыншы Луиш Фигуді «Күлмесхан» деп дәл айдарлағанын көрмейсіз бе? Иә, халық қазақы сөзге сусап қалыпты. Әсіресе, спорт тақырыбында.
Кейінірек 2019 жылы «Асыл арна» эфиріндегі «Қазақ спортының классикасы» бағдарламасына шақырып арнайы сұрағанымда, Аман ағам сонау 1998 жылы футболды қазақ тілінде эфирге қосудың өзі қаншалық қиын болғанын әңгімелеп беріп еді. Басқаны былай қойып, ұлты қазақ, тілі шүлдір азаматтар «қазақ тілі футбол жүргізуге жарамайды» дегенде, «Хабардың» басшысы Д.Назарбаеваға жүргізуге болатынын айтып қана қоймай, тікелей эфирде «класс» көрсеткен Аман ағам еді ғой... Әбекеңнің сол кезде футболды шамырқана жүргізгенінің астарында ұлттың намысы тұрғанын біз түсіне алдық па?
Содан кейін казақ тілі футбол тіліне айналып жүре берді. Амангелді ағамның жанкештілігінің, қайтпас жігерінің арқасында. Иә, оған дейін де қазақша репортаждар жүргізілді ғой, бірақ әлемдік футбол тойында қазақ тілінің тұсауын кесіп, даңғыл жолға салып берген Аман ағам екенін кім жоққа шығарар?..
Илегеніміз бір терінің пұшпағы (спорт журналистикасы) болғандықтан, бұдан кейін Амангелді ағаммен ұшырасып жүрдік. Шынын айту керек, қазақ комментаторларына сын көп айтылды. Футбол тілін ресейліктер әбден жүйелеп алған: баяғы Озеровтан бастап, кешегі Гусевке дейін «навес», «прострел», «подача», «с мячом» т.б. сөздер мен терминдерді кейінгі ұрпаққа әбден шегелеп дайындап берді. Бізде ондай емес еді. Амангелді ағам осы сеңді әуелі жалғыз бұзды. Қазіргі жас комментаторлардың калькаға тым әуес екені жаныңды ауыртады. Ал Аман ағам сол кезде қазақ тілінің әр сәтте ойды аяқтап тұратын, яғни қашан да етістікке жүгінетін ерекшелігін жете түсінгеніне көзіміз кейінірек жетті. Мысалы, орыс тілінде «навес» дегенді («прострелді» де) біз көбінесе «әуелеген до-оп» деп созамыз. Әбекең болса, «допты әуелетті», «жерлете көтерді» деп тігісін жатқыза сөйлейтін еді. Қазақы сөздің қаймағына қанған ұлан еді Аман ағам.
Бірақ білетін-білмейтін адамдардан қанша сын естісе де, Аман ағамның жауап қайтарып, өзінікін дәлелдеп, майдандасып жатқанын көрмеппін. Біздің қазақта сөз білмейтін адам жоқ. Соның бәрі комментатор десе тілі қышып тұрады. Әлі күнге солай. Тіпті, жай сөзіңізді былай қойып, жылдам сөйлейтін әдетіңізді де, кейбір тіркестерді жиі қайталайтыныңызды да, эфирде естелік айтсаңыз да, матчты шамаңыз жеткенше талдасаңыз да – кешіре алмайды. Көрермен комментатордан космостық деңгей күтеді. Сондағы салыстыратыны – ресейлік комментаторлар.
Аман ағам соның ешбірімен дауласқан жоқ. Биік жүрді. Тіпті, осы тақырыпта сөзге тарта қалсақ, қолын бір сілтей салатын. Осы болмысы кейінгі інілеріне де үлкен сабақ болды. Басқаны қойып, кейде спорт журналистикасында жүрген адамдар да артықтау сынап жатады. Кей пікірімен келісесің, кейбірі – өзінің ғана ақиқаты. Осындайда Аман ағамның дағдысына басып, «сөз – бумеранг, айтқан ауызға оралады» дейміз.
2002 жылдан бастап Аман ағам эфирден шеттей бастады. Орыстілді ақпарат министріне жақпай қалған ба, сондай бірдеңе. Бірақ кәнігі комментатор бәрін ішіне сақтап, журналистиканың қара жұмысына білек сыбана кірісіп кетті. «Бір күн» деп аталатын, форматы шағын хабар дайындады. Өндіріс орындарынан, айтулы адамдардың бір күндік өмірінен ұядай репортаждар ұсынды. «Хабар» арнасының эфирінен қаншама рет сүйінші сұрады! Бекзат батырдың (Саттарханов) оқыс қазасын қазағына жылап тұрып жеткізіп еді. Жары қаралы хабарды естіртіп, түнгі эфирден келген Әбекеңді оятыпты. «Сене алмадым» деп еді ағамыз сонда. Жұмысқа келе салып, Саттархановтың Сиднейдегі жеңісті сәтімен үзіп сюжет дайындап отырып, қазақтың комментаторы көз жасына ерік бергенін, эфирге аза сөзін жан дүниесімен айтқанын кім сезінді сол кезде...
Амангелді ағам журналистиканың жаңа трендтерінің бәрін еркін қабылдайтын. Жаңалықты жаны жақсы көретін. 2008 жылы Бейжіңде жазғы олимпиада өтіп жатты. Ұлттық спортымыз саналатын бокстан Бақыт Сәрсекбаев финалға шықты. Қарсыласы – кубалық Карлос Банте Суарес. Бокста біздің алтын жүлдеден жалғыз үмітіміз – осы Бақыт. Сонда Әбекең «Хабар» арнасының эфирінде дәл сол сәтте жүріп жатқан жаңалықтарды үзіп, финалдың ақырғы 10-20 секундын тікелей эфирге шығаруын өтінгені көзсіз батырлық емес пе?! Міне, диктор сөзді Әбекеңе берді де, кадр Бейжің шаршы алаңына ауысты. Аман ағам бір қырындап тұр. Сөзі сенімді. «Ал қазақ жұрты, дәл қазір қолымызға бокс алтыны түседі. Бақыт Сәрсекбаев бауырымыз кубалық қабыланды жеңді! Сүйінші!» дегенге келетін лебізін айтып үлгерді. Гонг та сыңғыр ете қалды. Бәріміз бөркімізді аспанға аттық.
Амангелді Мәулітханұлы осындай жанкешті жан еді. Бір өзі спорт журналистикасының қаншама бағытына жаңа соқпақ салып кетті! Кейінгі іні- қарындастары сол ізге түсіп алып тартып кете бердік. Бұрыннан бар сияқты, ешкім бастамаған сияқты.
Аман ағам футболды жақсы көріп қана қоймай, өте тәуір ойнайтын. С.Бердіқұлов турниріне жыл сайын керемет команда жасақтап келетін. Жандос Айтбайұлы, Қанат, т.б. жігіттер аз уақытта тасқамал қорғаушы, шебер шабуылшыға айналды. Әбекең екі аяқпен де тәуір тебетін, әділ ойнайтын, үлкендігін міндетсімейтін. Алаңда балаша қуанып, балаша ренжіп, кейде інілері артық кетсе арқасынан қағып, Бердіқұлов турнирінің ерекше атмосферасын өзі қалыптастырып жүретін.
Қазаққа болсын деген азаматтың бірі – осы Әбекең. Бірде футбол ойнап болғасын, таңдай жібітіп алаң шетінде отырдық. Сонда Аман ағам: «Шіркін, маған бір команданы жаттықтыруға берсе ғой, қазақ футбол ойнай алмайды дегендерге бәрін дәлелдер едім», – деп қалды. Біз де әрі қарай қазбалап: «Сонда қалай жаттықтырар едіңіз?» – дейміз. «Қазақтың балалары өз бойында қандай қуат тасып жатқанын білмейді. Жеті атаға дейін қыз алыспайтын, қаны бұзылмаған, қымыз ішіп, құрт жеп өскен бала ақылдағысын аяққа түсіріп ойнай алмайды дегенге сенбеймін. Қазіргі бапкерлердің басым бөлігі балаларды жасынан тактикаға қамап қояды. Еркіндік беріп, баланың жан-жақты талантын ашатыны кемде-кем. Абай атамша айтқанда, қолымда зәкүн күші болса, балаларды әуелі күшін бір арнаға бағыттауды үйретер едім. Күшін дұрыс жұмсай алатын бала алмайтын қамал жоқ», – деді.
Ойлап қарасақ, шынында да, солай ғой. Бірақ Әбекеңнің бұл арманы жүзеге асқан жоқ. Сонда да ол қазақ футболының болашағына үмітпен қарайтын. Үлкен ұлы Ерасылды жақсы тәрбиеледі, ел футболына қосты.
2016 жылдың қазан айында бір топ журналист Қазақстан құрамасымен бірге Черногорияға ұштық. Әлем чемпионатына іріктеу матчы күтіп тұрған-ды алда. Футболшылар бірден ұйқыға кетті. Ұшақ іші мүлгіген тыныштық. Қолыма Асқар Алтайдың «Сират» романын алып оқи бастадым. Аман ағам алдыңғы орындықта еді. Бір кезде маған бұрылып, қандай кітап оқып отырғанымды сұрады. Көрсеттім. Ағам алды да, парақтай бастады. Үйде оқығаным бар, шамамен 102-бетке келген едім. Талған көзімді демалдыру үшін терезеден сыртқа үңілдім. Аппақ бұлттарға қарадым. Таяуда отырған Ермұхамед Мәуленмен әңгімелестім. Арада шамамен 15-20 минут өтті. Бір кезде Әбекең кітапты қолыма қайтып беріп, қай бетке келгенімді сұрады. Айттым. Сөйтсем, сол беттің оқиғасын зымыратып тұр. «Қойыңыз, көзді ашып-жұмғанша осынша бетті оқып үлгердіңіз бе? Бұрын оқып қойған кітабыңыз шығар» деймін сенбей. Ағам күледі. «Бұл кітапты баспадан арнайы барып сатып алмасаң, жаппай саудаға шыққан жоқ. Сенің қолыңнан бірінші рет көріп тұрмын» дейді. Сенбеске амал жоқ. Енді қалай тез оқитынын сұраймыз. Сөйтсек, Аман ағам жылдам оқудың техникасын арнайы оқып меңгеріпті.
Сосын спорт журналистері қанша елде болғанымызды айтып санап кеттік. «Он алтыншы елге бара жатыр екенмін» деймін қоқиланып. Ермұхамед мені маңайлап қалыпты (қазір асып кетті). Аман ағам асықпай санады да, 27 елге табаны тигенін айтты. Тілімізді жұтып алғандай үнсіз қалып, артынша тамсандық. Бір қарасақ, Әбекеңнен Жапонияда Фудзияма тауын қалай көргенін, 1999 жылы Таиландта Қазақстан жастар құрамасының әлем чемпионатына қалай жолдама алғанын сұрап кетіппіз. Қазақтың сөзі мен қазақы қалпын әлемнің әр түкпірінде танытқан абзал жан еді Амангелді Мәулітханұлы...
Соңғы рет 2021 жылдың жазында көрдім. Астанаға Еуропа чемпионатын жүргізуге бір аптаға бардым. Қазақстан футбол федерациясының қызметкерлері спорт комментаторларын жолдастық кездесуге шақырыпты. Аман ағам алда жүрді. Біз паспен қамтамасыз ете алмадық, ірі есеппен жеңілдік. Жолдастық кездесу болса да жеңілгенімізді Аман ағам ауыр қабылдады. Алаңда ешқашан жеңілгісі келмейтін жан еді... Черногориядан 0:5 есебімен жеңіліп қайтқанымызда, құрама футболшыларын ұшақ ішінде қатты ұялтып қана қоймай, намысын қамшылап еді.
Әбекеңнің қазасы туралы хабар маған ауыр тиді. Астанадан қайтқаныма бір ай болмаған еді. Кеше ғана көрген, өмірге құштар, жоспары көп жанның кенет о дүниелік болғанына сене алмадым. «Өтірік болса екен» деп күттім. Бірақ өлім хабары қашан өтірік болып еді...
Жадымыздасыз, Аман аға! Жанкешті, намысқой, кең жүрек, ақ ниет, бала көңіл қалпыңыз мәңгі жүрегімізде. Қазақтың жүрегінде!
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ,
журналист
Әбекем
Өзің туралы естелік жазып отырғаныма сене алар емеспін. Жасындай жарқылдап өте шықтың-ау, досым! Ойға бірден оралатыны: «Осы жер көктесе, осы ел өркендесе!» – деп жүретінің. Бірде-бір рет жеке бастың әңгімесін айтпапсың маған. Қоғамның, мемлекеттің мың сан проблемасын жүрегіңе түйіп алып, пікірлес адамыңмен талқылай жөнелетінсің. Сөйлегенде шамырқанып, көзің шоқтай жанып тұрғанымен, ешқашан әдептен озбайтынсың. Бір рет бейпіл сөз айтқанынды естімеппін. Нағыз азаматқа тән қасиеттерді бойыңа сіңірген жігіт едің ғой! Терең бойлайтын тақырыбың – руханият әлемі еді. Оның ішінде жыршылар, жыраулар туралы сағаттап әңгімелейтінсің. Ғажабы сол – сенің әрбір жыраулық мектептің жарқын өкілдерін санамалап, көңіліңнің пернесіне жазылған шумақтарды жатқа айтатының. Бір күні Тұрмағамбеттің «Адамдық іс» деген өлеңін төге жөнелдің:
...Кейбіреу сәл бақытқа мас болады –
Шабақтай шалпылдаған қайраңдағы.
Адамдық иісіңді жұрт аңсап тұрсын,
Не керек қарнынның құр майланғаны?!.
«Сыр бойының кызы ғой», – деп маған Тұрмағамбет, Дүр Оңғардан үзінді келтірсең, Батыстың, Арқаның, Жетісудің қыз-жігіттеріне сол өңірлердің әнші-жыршыларының гауһар әндерін айтып, жауһар сөздерін оқығаныңа күмәнданбаймын. Ондай сәттерде тіпті, арқаланып кетесің. Себебі, өзіңнің ақын жүрегің жырға толады. Айтысты неге тастап кеткеніңді...
Иә, көпшілік сені спорт комментаторы деп таниды. Спорттың кез келген дерлік саласы жайында жақсы білетінің өз алдына, талдап, сараптайтының ше? Мен сенің спорттан өзге тақырыптарда көбірек материал жасамағаныңа өкінемін. Өйткені байқампаздығың, терең бойлап, астарлар мен қатпарларға үңілетінің, көркем шығармаға бергісіз сипаттауларың біздің уақытта екінің бірінің колынан келмейді. Сен талантты журналистердің соңғы тұяғы шығарсың. Бек мүмкін. Осы талантыңды жұмыс берушілерің неге бағаламады екен?
Адамның қадірін өзің жақсы түсіндің. Алайда сенің қадіріңді білмедік. Жақсы көрдік, бірақ бағаламадық. Соған ішім ашиды. Отанымызды, ұлтымызды жан-тәнімен өліп-өшіп сүйетін АЗАМАТ едің, «мылтықсыз майданның» нағыз жауынгері едің... Бірақ білесің бе, елдің есінде марапаты көптер емес, керісінше, марапатқа мысқылдап күлгендер қалады. Сенің риясыз күлкің есіме түсті, малды емес, арды ойлаған ер Әбекем!
Болғандай мұндай күйде заманамыз,
Жай жатып сахарада қамаламыз.
Болыс, би ет пен шайға мәз болуда,
Қайткенде тура жолды таба аламыз?!
Үйренген халықпыз ғой шегіншекке,
Кәсіпсіз сахарада еріншекке...
Ақан серінің «Заманға қарап» деген мына өлеңі сияқты шумақтарды ылғи айтып жүруші едің. Неткен сұңғыласың, Әбеке!
Жайна СЛАМБЕК,
тележурналист
Тәуекелдің тұйғыны
Неге екенін қайдам, Амангелді десе – аламан, аламан десе Амангелді түседі ойыма. «Аламан» деп отырғаным – дүйім жұртты бір сиқырмен арбаған спорт додасы. Осы додаларды жүргізуде жанкүйерлердің көңілінен шыққан спорт шолушыларының ішінде шоқтығы биік Амангелді болатын. Кешегі Қынабай, Рабат, Өмірзақ ағалардың ізін жалғастырған осы Амангелді еді.
«Жолдасы көптің – жорғасы көп» деуші еді бұрынғылар. Сол иткөйлекті бізден бұрын тоздырғандардың осы сөзіне құлақ түрсем, КазГУ деген шаһардың, Университет атты ордасында жорғалап жүріп көптеген жақсы адаммен қауышыппын.
Махаббаттың бекеті, жастықтың мекені, шаттықтың шаңырағы, шабыттың пырағы, қуаныштың тұрағы болған құтты мекеніміз бесінші жатақханада жұлдыздай жарқырап, самсап жүруші едік.
Бүкіл қалашыққа әйгілі болған «206» бөлмеміз Алматының теміржол вокзалындай еді. Келім-кетім кісі көп. Бауыржан Үсенов, Табылды Досымов, Мұхтар Бөпетаев бастаған жұлдыздар қалашықтың, қала берді, Алматының көркі болатын. Сырттай оқитын Әзімбек Жанқұлиев пен Есенқұл Жақыпбеков – біздің бөлменің құтты қонағы.
Бірде осы топ түгелдей басымыз қосылып дуылдатып, бүкіл жатақхананы думанға бөлеп отырған сәтте Мұхтар бәкене бойлы бір жігітті бөлмеге ертіп келді. Адамды алаламайтын, жатты жатырқамайтын біздің жігіттер әлгі баланы бірден ортасына алды. Өзімізден біршама жас кішілігі бар төменгі курстың баласы студенттен гөрі мектептің оқушысына көбірек ұқсайды. Біз оны бала көріп отырсақ, ол бала емес «пәле» екен. Еш қымсынбай домбыраға қол созды. Сосын ауылдың алты аузына салып біраз шырқады. Әлгіні баласынып отырғандар: «Мына пәле тегін бала емес қой», – дегендей, оған басқаша қарай бастады. Қашанда қарап жүрмейтін Әзімбек өзінің уытты әзілімен әлгінің ойы мен бойына тиісіп қалжың айтысты бастап кеп жіберді. Бәкене бойлы баламыз еш қымсынбастан, әзілге – әзілмен қалжыңға қалжыңмен табан астында суырып салып жауап берді.
Дәл сол күні бәкене бойлы Амангелдінің асығы алшысынан түсті. Олай дейтінімнің өз себебі бар. Сол жылғы біздің буынның студенттері «ОКД» дегеннің не екенін жақсы біледі. Құдіреті күшті бұл ұйымның қазақшасы –Комсомолдың жедел жасағы. Алматы шаһарындағы Алатау бөктерінде орналасқан қым-қуыт қала өмірінен мүлде бейхабар сияқты дербес жатқан жасыл жайлау, жер жаннатының бір бөлшегі – ҚазМУ қалашығының аумағында орналасқан барлық жатақхананы ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын – осы жедел жасақтың жауынгерлері. Қу тілді студенттер оларға «НКВД» деген лақап атты сырттай жапсырып қойған. Өйткені сол жедел жасақтың мүшелері қалашықтағы студент біткенді жусатып, өргізетін. Алда-жалда тәртіп бұзып қолдарына түсіп қалсаң, оқумен қош айтысуың да бек мүмкін.
Біздің бөлмедегі қонақтардың отты судың арқасында дауыстары бүкіл қалашыққа естілген болуы керек, әлгі жедел жасақтың отряды жедел түрде жетіп келсін. Телі мен тентектерді тезге салатын әлгі топ Әзімбек пен Есенқұлды көріп абдырап қалды. Осы ілкім сәтті пайдаланып қалған Әзімбек әлгілерге «игагайлатып» бір шумақ әзіл әнін арнады да, домбырасын Амангелдіге ұстата салды. Аман да қарап қалмай суырып салып бір шумақ жолдауын төгіп-төгіп жіберді. Арты ду қол шапалақка ұласты. Жедел жасақтың аптығы басылып, біздің алабұртқан көңіліміз тыншыды. Сол отырыс Амангелді үшін үлкен «трамплин» болды. Алдыңғы толқын ағаларының алдында бетін ашып алған Амангелді университеттегі айтыстарға белсене араласа бастады. Ақын болмаса да, ақынға жақындығын танытты. Осылайша, Амангелді бесінші жатақханада ең алдымен айтыскер ақындығымен танылды.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, кейін Амангелді басқа қырынан да белгілі бола түсті. Біздің жатақханамыздың дәл жанында қалашықтағы үлкен стадионнан бөлек шағын ғана доп ойнайтын алаңқайымыз бар болатын. Қолымыз қалт еткенде сол жерде ала допты армансыз қуып, жатақханааралық жарыстардың көрігін қыздырушы едік. Журфак алаңға шыққан күні жатақханада тұратыны, тұрмайтыны бар, допқа икемі бар, икемі жоқтар да дәл сол алаңнан табылатынбыз. Журфактың жанкүйеріндей қыз- жігіттерді бүкіл қалашықтан іздесең де таппайсың десем, өтірік айтқандық емес. Бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай болған сол кездің студенттері өзгеше еді.
Үлкенге – ізетпен, кішіге кұрметпен қарайтындардың арасынан Амангелді журфактың футбол командасының ортасынан ойып тұрып өз орнын алып, ең белді ойыншысына айналды. Осылайша Аман бауыр айтысты аламанға айырбастап, өз жолын тапты. Алаш жұртына абырой әкелетін спорт саласындағы өз тұғырына дөп қонды.
Тек өз «Тұғырына» нық табан тіреген Амангелдінің ғұмыр парағы «Құмсағаттай» сырғып өте шыққаны өзекті өртейді.
Шоқан ШӨЖЕЕВ,
журналист