ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ БАТЫРЛАРЫ ҰЛТТЫҚ РУХТЫ КӨТЕРДІ

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ БАТЫРЛАРЫ ҰЛТТЫҚ РУХТЫ КӨТЕРДІ

АСТАНАНЫ АЛАШ РУХЫ БИЛЕГЕН КҮН

Кешегі қазақты әлемге танытқан Алаштың аттары аңызға айналған балуандары Қажымұқан, Балуан Шолақтардың ізбасарлары бүгін де ортамызда жүргеніне көз жеткізіп, алып күштің алапат көріністеріне куә болдық.

Елордамыздың 25 жылдығына арналған “ТОЛАҒАЙ - АЛЫПТАР САЙЫСЫ” атты Астана алаңында өткен, түйе көтеріп, темір илеген Темір Сыпатайдың сайыпқыран сарбаздарының ғажайып өнерін тамашаладық!

Алыптар айқасын әйгілі әлем чемпионы, бірнеше Олимпиада жүлдегері, даңқты дарабоз балуан, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Дәулет Тұрлыхан құттықтау сөз сөйлеп ашты. 

Астана қаласы әкімі орынбасары Есет Бәйкен мен аталмыш сайыстың авторлық құқығының иесі, қол күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан мен Азия чемпионы Темір Сыпатай елордалықтар мен қонақтарды айтулы мерекемен құттықтады.  

- Бұл алыптар сайысы осымен 5 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Мақсатымыз қазақ батырларын әлемдік аренаға шығару. Строгмен, Шварценеггер секілді алпауыттардың жарыстары бар. Соларға әлі бірде-бір қазақ баласы қатыспаған. Екіншіден, ұлттық спорт арқылы жастардың рухын қайрап, елдікке баулу, патриоттық сезімдерін ояту мақсатымыз, - деді Темір палуан.

АҚ ЖОЛ ТІЛЕГЕН АҚЫННЫҢ АҚ БАТАСЫ

Алыптар айқасына қатысушы балуандарға қазақтың белгілі ақыны, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық - “Алтын Күз” орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасы орынбасары Қазыбек Иса Ақ батасын берді. 

-Қазақта алыптар айқасы атам заманнан бар. Күрес, ауыр атлетика, найза лақтыру, зілтемір көтеру бұрыннан келе жатқан спорт түрлері. Аты аңызға айналған Қажымұқан, Балуан Шолақтардың жетістігіне әлемде ешкім жете алған жоқ осы уақытқа дейін.

-Бұл күнде қырық тоғызда менің жасым,

Қамалдың бұзар кезім тау мен тасын.

Кешегі сентябрьдің базарында,

Көтердім елу бір пұт кірдің тасын.

Жиылып орыс-қазақ таң қалысты,

Болды деп қаһарманнан мынау басым.

Залок сап жетпіс бес сом күрескенде,

Сындырдым Карон балуан қабырғасын.-

деп жырлаған Балуан Шолақ 816 кг көтерген. Бұндай бір тоннаға жуық зілбатпан салмақты көтерген күш иесі әлемде бар ма? Жоқ!

Ал Қажымұқанның үстінен жүк көлігін өткізіп, сом темірді галстук етіп мойнына байлағаны белгілі.

Осыдан екі жыл бұрын, 2021 жылы 11 сәуірде Шымкентте Қажымұқанның 150 жылдық мерейтойы өтті. 

Осы мерекелік салтанатта жер жүзінде ешкім жеңе алмаған әлем чемпионы, Күш атасы Қажымұқанның тойына ең күшті сыйлықты Темір Сыпатай палуан жасады.

Қажымұқанның жаңа ізбасары, темірден түйін түйетін Темір палуан түйе көтерді!

Түйе көтерер сәттен 10 минуттай бұрын маған телефон соғып, бата сұрады. Мен алып бауырыма Алла аузыма салған Ақ тілегімді айтып, Ақ батамды бердім!

Отан қорғау неден басталады? 

Ең алдымен ұлттық-патриоттық тәрбиеден басталады. Ұлттық спорт нағыз батырларды дайындап шығарады. Отан қорғайтын, күшті, қуатты жігіттер қандай болатынын қазір өтетін алыптар айқасынан, күштік ұлттық спорт түрлері сайысынан көретін боламыз.

Енді бүгін Тәуелсіз Қазақ Елінің Көк Туымен асқақтаған Астанасының 25 жылдық тойында да Темірдің темірдей балуандарына Ақ батамды беріп, Ақ жол тілеймін:

Қайратыңмен ашып жүрсің жол басын,

Қажымұқан атаң дәйім қолдасын!

Балуан Шолақ бабаңдай,

Қазағыңды қорға шын!

Толағайдай қуатың,

Сен шыққанда сеніммен,

Қазақ күші көрінген.

Атыңа сай алыпсың,

Түйін түйген темірден!

Ел қорғайтын ете бер,

Ұлтыңның бұл ұл-қызын!

Қуат беріп құдайым,

Жарқырасын жұлдызың!

Көк ту көкте желбіреп,

Астананың көркіне,

Көрген әлем таңдансын

Алла дәйім жар болсын!

Көтергенің нар болсын!

Әумин!

АЛЫПТАРДЫҢ АЛАПАТ АЙҚАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ - АЗАМАТ!

Еліміздің әр өңірінен жиналған 15 балуан бессайыстан ғаламат күш иелері екенін көрсетті. 

Алдымен бірінші сайыс - салмағы 141 кг шомбал тасты құшақтап көтеріп, 1 минутта 60 метрді жүгіріп өту керек.

Одан кейін екіншісі - ұзындығы бір жарым метр жұмыр шойын темірді иыққа салып, 1 минутта мойынға бұрап иіу.

Үшіншісі - 100 кг бөренені иыққа салып көтеріп, 1 минутта отырып тұру жарысы.

Төртіншісі - 10 кг тұратын ұзын найзаны қашықтыққа лақтыру. Бесіншісі - үстіне 500 кг, яғни жарты тонна жүк артылған арбаны құмды жолмен 1 минутта 30 метрге дейін сүйреу.

Осы алпауыттардың алапат сайыстарында ең жоғары ұпай жинаған Түркістан облысы, Арыс ауданының алып батыры Азамат Мақұлбек жеңімпаз атанып, Бірінші орынды жеңіп алды. Оған Алтын белбеу мен алтын медаль және 1 миллион теңге тапсырылды. Айта кетейік, Азамат Түркістан облысында өткен сайыста 3500 рет қошқар көтеріп, әлемдік рекорд жасаған балуан.

Екінші орын- күміс медаль мен 600 мың теңгені Алматы облысы Қонаев қаласының алыбы -Ваид Мұратбекұлы Теңізбаев иеленді.

Үшінші орын - қола медаль мен 400 мың теңге Шымкенттің балуаны Нұрғиса Әділетұлына бұйырды.

Жалпы жүлде қоры 2 миллион теңге мұндай ұлттық маңызы бар аламан сайысқа аз әрине. Бірақ, алғашқы қадам ғой деп өзімізді жұбаттық.

Бұл жат елден келген спорт түрлері ойындарында жаппай шабылып жүретін, бірақ осындай ұлттық рухты көтеретін дүбірлі төл сайысымызда бір де бір өкілі бой көрсетпеген Спорт министрлігіне айтылар сын! 

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ БАТЫРЛАРЫ ҰЛТТЫҚ РУХТЫ КӨТЕРДІ

Жүлдегерлерді марапаттауға шыққан ақын Қазыбек Иса балуандарды жеңісімен құттықтады.

-Астана күні осымен биыл 25-інші рет аталып өтуде. Бұрын қала күні қалай аталып өткені елдің, мысалы менің есімде жоқ. Есімізде қалғаны - бұрынғы қала күндері мұндай ұлттық рухты көтеретін ұлттық спортың сайысы емес, бұрынғы президенттің туған күнімен құттықтаудан шенеуніктердің шеруі мен жағымпаздық жарысы болатын.

Тіпті, ел қынадай қырылып жатқан пандемияда 2020 жылы қала күні 6 шілдеде отшашу шашып, елдің соңғы үмітін аспанда өртеп жіберген... Сол кезде біз бұндай санаға сыймас ессіздікті “Зират үстіндегі отшашу” деп сынағанбыз.

Шетелден шақырған даңғазасы көп әншілердің қалтасын қазақтың қаржысына толтырып жіберетін шулы думан болатын.

Міне, бүгін Алаштың алыптары қазақтың ұлттық киімдерімен қатар тұра қалғанда, арпалысқан сайыста алапат күшті ақиқатқа айналдырып, елді таңғалдырғанда ұлттық рухымыз көтеріліп, қанымыз ойнап шыға келді. Астана әкімдігі алаңында алғаш рет аламан айқас пен мерекелік жиын тек қазақ тілінде өтті. Ойнап жүрген балаларды да, ойынын тастай салып, көздерінде от ойнап, микрофоннан: “Мен де батыр боламын, барлығын жеңемін! Алға, Қазақ Елі!”- айқай салдырып тұрған ұлттық рух! Міне, Астанаға қазақтың үні, ұлттың рухы келді деген осы!

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ БАТЫРЛАРЫ ҰЛТТЫҚ РУХТЫ КӨТЕРДІ!

Осындай мерекелі ерекше сайысты тарту еткен Темір бауырым мен батырларға көп рахмет! Ұлттық спортқа қолдау көрсеткен Астана қаласы әкімдігіне алғыс айтамыз!

Қазір Парламент депутаттары ел аралап, халықпен кездесіп жүр. “Ақ жол” фракциясы мүшелері де демалысқа қарамай, ел ішінде халық мұңын тыңдап жүр. Мен де Оңтүстікті, Түркістан облысы мен Шымқаланы аралап, енді Жетісу өңірінде жалғастырамын. Кеше ғана Арыста болып, елмен кездескен едім. Бүгін осы Астанадағы Алыптар айқасы турнирі үшін Астанаға арнайы ұшып келіп едім, бас жүлдені Арыстық бауырымыз Азаматтың алып тұрғанына қатты қуаныштымын!

Бәрі де керемет өнер көрсеткен Темір палуанның темірдей батырларының бәрін де құттықтаймыз!

Біз бүгін алып күштің ақиқат екеніне көз жеткіздік, ағайындар!

Иә, елдің еңсесін көтеріп, қайрат пен жігер сыйлайтын осындай Алаш алыптарының аламанын Ұлттық спортымыздың бір саласы ретінде тіркеп, мемлекеттік қолдау жасауымыз керек.

Қазыбек Исаның жалынды да, рухты сөздеріне ел ризалығын білдіріп, қуаттап қол соқты.

Мерекеге жиналған елді “Алаш” ансамблі жігіттері бастаған әншілер рухты әндерімен желпіндірді. 

Сайысты қорытқан саңлақ әнші Ибрагим Ескендір Көк Туды әнмен желбіретті.

Арқаға Ақорда тіккен Тәуелсіздік тірегі Астанамыздың ажары асқақтай берсін!

Азамат Тасқараұлы,

“Қазақ үні”