ЕҢ ҚАЖЕТТІ МАМАНДЫҚ ҚАНДАЙ?
2023 ж. 03 қазан
1876
6

Тағы бір оқу жылы артта қалды. Мектеп бітірушілер алтын ұяларымен қоштасып, қияға қанат қақты.
Педагог, профоринтолог Айдос Жұманазармен әңгімелесіп отырмыз. Бәлкім, маманның кеңесі Ұлттық бірыңғай тестілеуден кейін мемлекеттік грант байқауының қорытындысын күтіп, көңілдері алабұртып жүрген сол талапкерлерге пайдасы тиіп қалар.
«Иә, дәл қазір оқушылар Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырып жатыр. Үлкен өмірге қадам басады, студент атанады. Ата-аналарынан бөлініп, басқа қалаға оқуға аттанады. Биыл 166 мың талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш берген. Ең алдымен, барлық талапкерге сәттілік тілеймін. Аталмыш сынақтан өткеннен кейін, 13-20 шілде аралығында грант конкурсына құжаттар қабылданады. Яғни оқушылар қандай мамандықтарға, қандай жоғары оқу орнына грантпен түсетінін анықтайды. Осы сәтте, грант үшін кез-келген мамандықты таңдамауға кеңес беремін. Басты мұрат – грант емес, мамандық. Себебі, қазіргі таңда, тегін оқимын деп жұмыссыз жүргендер өте көп. Талапқа сай маман атанғысы келетін әрбір талапкер өзінің сүйікті мамандығына ұмтылғаны жөн. Адам өзі жақсы көретін іспен айналысқанда ғана сол салада өзін дамыта алады. Әрі өз кәсібінде биіктен көрініп, сол саланың ләззатын татады. Екінші кеңесім – тренд қумау. Осы тұста айта кететін бір дүние, жұртпен жарысып жапа тармағай IT бағытын таңдау дұрыс емес. Үшінші кеңесім, өлмейтін мамандық деп, медициналық, педагогикалық мамандыққа бару да – қате ұстаным. Ара-тұра оқушыларға: «Өлмейтін мамандық деп таңдап, біреуді өлтіресіңдер» деп әзілдейтінім бар. Медицинаға жүрегі дауаламаса, үйреніп кетеді деген жалған үмітпен бұл мамандыққа бару әбестік. Әрбір түлек қай саланы қолға алса да, ең бірінші кезекте маман ретінде жауапкершілікті сезінуі тиіс» – дейді педагог.
Осы орайда профоринтологтен қазіргі таңда елімізде түлектердің басым бөлігі қандай мамандықты таңдап жатқанын да сұрадық.
«Жалпы әлемде IT саласының қарқынды дамып келе жатқанын жақсы білеміз. Сондықтан да көптің таңдауы да осы бағытқа түсіп отыр. Ең көп грант та Ақпараттық технологиялар мамандығына бөлінуде. Екінші орында осы IT саласының бір тармағы – Ақпараттық қауіпсіздік мамандығы.
Оқушылар мен ата-аналарға: «Ең қажетті мамандық – ол өзің жақсы көрген мамандық» – дегенді жиі айтамын.
Иә, қандай кәсіпті игерсе де, ең бастысы өз саласының кәсіби маманы, өз ісінің шебері атанса, ондай адамның қашан да жұмыссыз қалмайтыны рас қой.
Бүгінде Ұлттық тестілеу орталығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін кейіпкерімізден 2024-2025 оқу жылында ҰБТ-да қандай өзгерістер орын алатындығы туралы айтуын өтіндік.
«Дәл қазіргі күндері Ғылым және жоғары білім министрлігі құрған жұмыс тобында келесі жылғы өзгерістерді талқылап жатырмыз. Саланы жетілдіру бағытында ауқымды істер атқарылуда. Бірақ нақты шешім қабылданған жоқ. Қазіргі таңда қолға алынып, нәтижесін беріп, ары қарай да дамытуға ниеттенген бағыттар бар. Олар: емтиханның сапасы мен академиялық адалдық. Осы тұста академиялық адалдық дегеніміз – оқушылардың тестілеу барысында көшірмеуі және т.б көптеген құйтырқы әрекеттерге жол бермеуі екендігін айта кетсек артықтық етпес.
Қоғамға өзгеріс қажет десе, емтихан талабы қиындайды екен деп ойлайды. Ұлттық тестілеу орталығының да, жалпы министрліктің де мақсаты: сапа, тиімділік, академиялық адалдық. Емтихан форматында өзгеріс орын алғанымен, ғылым өзгермейтінін ескерген абзал. Мысалы, 2+2 = 4. Ол бұрын да солай, қазір де солай, кейін де дәл осылай қала береді. Өзгерістер нақты бекітілгенде, ол туралы тағы да айтып берермін».
Тестілеу саласында 13 жылдан бері жұмыс істеп, 100 мыңнан астам оқушыға кеңес берген маман бұл салада кезігетін мәселелерді де атап көрсетеді:
«Бірінші мәселе, оқушының мамандықты күні бұрын таңдауы. Белгілі мамандықты діттесең, енді қай бағытта іздену керектігі де айқындалып тұрады. Ендеше басы артық шаруамен айналысып әуре болмайсың.
Екінші мәселе, әр жыл сайын Ұлттық тестілеу орталығы Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындыққа арналған баспалар тізімі мен қай тақырыптардан сұрақ келетінін жариялайды. Сол тізімді алып, нақты жоспар құрып дайындалу қажет. Ол уақытты үнемдеуге, тиімді дайындалуға көмектеседі.
Үшінші мәселе, тестілеуге дайындалатын курс пен материалдарды дұрыс таңдау. Қазіргі таңда Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындайтын орталықтар өте көп. Сондықтан маркетинг құрбанына айналып кетпей, сапалы дайындық мекенін таңдау аса маңызды».
Осы тұста оқушылар мен ата-аналар үшін де өте маңызды сынаққа дайындықты нешінші сыныптан бастау қажеттігін де білдік:
«Оқушылар тестке дайындықты 11-сыныпқа келгенде бастап, 5 пәнге дайындалып үлгере алмай қалады. Дайындықты кем дегенде 9-10 сыныптан бастағаны дұрыс. Сол кезде өзі қалаған балын жинай алады. Оны қазір тәжірибемізде көріп жүрміз. Кім ерте дайындықты бастаса, солар өте жоғары баллға қол жеткізіп жүр. Осы жерде бір мәселе бар. Оқушылардан: «Неге ерте әрекет етпедің?» – деп сұрасаңыз, ұмытып қалатындығын алға тартады. Сондықтан да 9-10-сыныптан бастап, оқушыларды жаттанды білімнен ойлануға үндеу қажет. Яғни тапсырмаларды түсініп орындауға бейімдеу.
Әрбір талапкер мамандығына қатысты негізгі пәндерден бөлек Оқу сауаттылығы, Математикалық сауаттылық сынды пәндерден тест тапсыратыны белгілі. Сондықтан да тестке дайындықты өзге емес осы пәндерден бастаса ұтатыны сөзсіз. Әрі бұл тәсіл өзге пәндерді оңай меңгеруге септеседі» дейді маман.
Талапкерлерге бағыт-бағдар беретін EDUSER.APP платформасын іске қосқан педагогтен аталмыш платформаның қыр-сыры туралы әңгімелеп беруін сұрадық.
«EDUSER плаформасының өз жұмысын бастағанына бүгін – 1 жыл толды. Осы уақыт ішінде 3.5 млн қаралым жинап үлгерді. Былтырғы жылы 100 мың талапкер ата-анасымен бірге қолданды. Бұл сервис талапкерлерге жоғары оқу орындары мен мамандықтар туралы толығырақ мәлімет береді. Сондай-ақ, өзі жинаған балымен қай мамандыққа грантқа түсу мүмкіндігін дәл анықтап береді. Яғни аналитикалық тұғыдан 32 параметр бойынша талдау жүргізіледі. Грантқа түсу мүмкіндігін анықтау алгоритмін биыл тағы да жетілдірдік. Яғни дәлдігі бұрынғыдан да жоғарылай түсті. Бұл сервис әлеуметтік жоба ретінде тегін қызмет көрсетеді. Пәтер аламын деп жинаған қаржымның бір бөлігін осы сервиске жұмсадым. Жобаны жүзеге асыруға 1 бөлмелі пәтердің құны кетті. Көп жылдан бері осы салада жұмыс істеп келе жатқандықтан, әр жыл сайын қаншама мың талапкердің жоғары оқу орындары мен мамандықтар туралы мәлімет ала-алмай қатты қиналғанын көріп жүрміз. Бұл платформа осы бір олқылықтың орнын толтыру үшін қолға алынды. Биыл да талапкерлер өте белсенді қолданып жүр. Күніне 100 мың қаралым жинап жүр. Осы жобаға деген ата-аналардың да алғысы шексіз. Бұл өз кезегінде мені одан әрі қанаттандыра түсуде» – деп қорытты сөзін кейіпкеріміз.
Гүлмира САДЫҚ