«Семипалатинск» атауымен Семейдің 300 жылдық мерейтойы тойланбақ

  2018 жылы «Семипалатинск» атауымен Семейдің 300 жылдық мерейтойын тойлау әзірлігіне жергілікті билік кірісіп кетті. Президент жарлығымен «Семипалатинск» атауы «Семей» деп ресми өзгергелі қашан. Қала әкімдігінің осы жарлықты мойындамағаны ма, қалай?! Қоғамдық тыңдау өткізу барысында орыс ұлтының шолақ белсенділері, ішінара шала қазақтар да жарыса құптап: «Семипалатинск қаласының іргетасын қалаған орыс патшасы, оның тарихы сол кезде салынған бекіністен басталады, сондықтан да осы атауымен тойлау керек» деп, сандуғаштай сайрай жөнелді. Уәжіңе болайын, «Старая крепость» деген Семей іргесіндегі шағын ауылды да қала аумағына қосуымыз керек. Сонда, көршілес Ресейдің қалалары бізге дән риза болып, Семеймен қарым-қатынастарын үдете түседі», – деп көпірді. Ал, сол «Старая крепосттың» бір кездері ресей әскерлерінің ат қорасы, миссионерлерінің тұрағы болғанын да естеріне алмады. Тіпті, олардың осы бекіністі қаламызға қосу әрекеті, Семипалатинск атауымен 300 жыл ғана тарихы бар деп тойлауды ұсынудың өзі де арам пиғылдан туындап отырғаны, айтпаса да түсінікті жайт емес пе?! Қаланы да салып берген, мәдениетті де алып келген орыс деп, қазақтардың арасында үлкен дау-дамай туғызып, елдің ызасын қоздырады емес пе?! Осыдан 7-8 ай бұрын тағы да осы Н.Исаев, Гузеева және тағы басқалары: «Андреев үйін қиратып, оның орнына «Халық» банкінің ғимаратын тұрғызғалы жатыр, Андреев үйі – тарихи ғимарат, мыжырайып құлағалы тұрса да, орыс үстемдігінің белгісі болып тұра беру керек, тіпті, оған қаражат жұмсап, әдемілеп қою керек» деп құйқылжытты емес пе?! Қала әкімі А.Кәрімов олардың бай­баламына құлақ аспай, қират­қызды. Оның орнына әдемі ғимарат бой көтеріп, қаламызды көріктендіре түсті. Мұны мысал ретінде келтіріп отырғанымыз – «үлкен аға» өкілдерінің байбаламына құлақ асатын заман өтіп кеткен. Ұлт мүддесіне қарсы шығатын керітартпалардың пікірлерімен санаса беру қажет емес. Сол ескі сарыннан шыққысы, үстемдігінен айрылғысы келмейтіндер соңғы кездерде облыстық баспасөз, теледидар арқылы «Семипалатинску –300 лет» айдарымен арнайы материалдарды тағы да бере бастады. «Семипалаттың жанашырлары» онда жеті шатырдан бастап, іргесі көтерілген қала деп Семейдің соңғы 150-200 жылдардан бергі мәдени-экономикалық өмірі жөніндегі деректерді тізбелейді. Бірақ, ол қаланың шынайы, толық тарихы емес. Өйткені, қала қашаннан бас­тап салына бастады. Оның бәрін сөз салты ғана етіп, қаланың көне тарихын бүктемеге алып, елсіз, иесіз өзеннің бойына сырттан келген жеті шатырлы жұрт қала, қамал салды деушілердің көмейінде айта алмай күмілжіп тұрғаны не? Ойында қандай астарлы пікірі бар екенін біле тұра көңіл аудармаған болып, көз жұмуға енді болмайды. Өйткені, ол тоталитарлық жүйе дәуірлеп тұрған «ұлы орысқа» табыну, кұлшылық ұру кезінде әдейі жасалған түсінік болатын. Еліміз тәуелсіздік алып, халқымыздың тарихы баянды барқадыр табатын сәтінде өткендегі қиынсыздан қиыс­тырып, еріксіз таңылған тарихқа мойынұсыну бүгінгі күні төзбейтін қорлық болары анық. Ата-бабаларымыздың ерлік еңбегін аяқасты еткеніміз бүгінгі ұрпақтың қолы жеткен рухани бостандығын танымағанымыз болмақ. Қаламыздың іргетасы 1718 жылы қойылған деу – тарихи шындыққа жанаспайтын, тек «іргесін орыстар қойған орыс қаласы» деген түсінікті түбегейлі бекіту үшін айтылып, таратылып келген жалған насихат, жасанды тарих. Оның төркінінде қандай сұмдық ой барын кім білсін? Қалай болса да, «Семипалатинск – 300» деген сандырақтан тиылу керек, оны Семей қаласының тойы деген жаңсақ түсінік түзетілуге тиіс. Асылында, Семейдің тарихы – осы уақытқа дейін толық зерттелмеген қазына. Оның мәні – өткен күндерден еш белгі, дерек жоқтықтан емес, ақиқатты жария етуден гөрі, тарихты қолдан жасауға мүдделі арам пиғылдылардың кесірінен болған. Семей – 300 жылдық қана тарихы бар қала емес, тарихи тамыры жүздеген, мыңдаған жылдарға тереңге кеткен көне қала. Бүгінгі Семейдің орнында көне шаҺардың болғанын Қазақ Совет энциклопедиясының «Семей» (10 т., 114 б.) және «Қимақ қағанаты» (6 т., 557 б.) деп аталатын көлемді мақалаларында келтірілген мол мағлұматтар бұлтартпастан дәлелдейді. Қимақ қағанаты Ертісте 840 жылы пайда болған. Оның астанасы Семей 900-950 жыл аралығында «темір қақпалы қорғандармен берік қоршалған, ірі қала» деңгейіне жеткен. «Қаламызға 1190 жыл немесе 1100 жыл деп жариялап, тұңғыш рет мерейтойды осылай атап өту қажет» деп тарихшы-ғалымдар А.Исин, М.Кәрімов, Е.Сайлаубай, өлкетанушы Ә.Сәдуақасов, зерттеуші Қ.Нұрқасым және т.б. тұжырымдама жасаған-ды. «Семей» деген сөздің мағы­насы, мәні не? Жер, су, қоныс, өріс жұртқа ат қоюдағы халқымыздың байырғы таным-түсінігіне, тапқырлығына тәнтіміз ғой. «Семей», «Ертіс» атауларының өзінде белгілі мән-мағына барлығында сөз жоқ. Семей қаласының күнбатысындағы «Семейтау» атауының «Семь палат» қамалының іргесі қойылмай тұрғанда аталған атау екеніне ешкімнің де шүбәсі бола қоймас. «Семей» сөзінің түп-төркінімен осы уақытқа дейін тілге тиек, түсінікке тірек етіп келген жеті (семь) санының (яғни Семипалаттың) еш байланысы жоқ деген түсінік туындайды. Сонда, «тас ғимарат», «тас мешіт» түсінігін жою үшін алынған «палатка» сөзі мән-мағынасына қарамай сырт ұқсастығын алып, Семейден «семь» деп сандық мағынадағы сөз шығарып, оны қалмақтан қалған жеті монастырь ма, орыстың жеті палаткасы ма, әйтеуір, оны қазақтан өзге жұрттық етіп, бүкіл тарихты шатастыруға тәсіл, негіз болғанын түсіну қиын емес. Сөзімізге арқау, ойымызға тұрақ етіп «Ана тілі» газетінде (№38, қазанның 5-і, 1995 ж. 7-бет) жарияланған «Семей ме, Семипалат па?» деген мақалада: «Семей» атауының түп негізі «көне тас ғимараттар үйіндісінің жанынан бой көтерген тас мешіттерге қатысты (Миллер И.С. – Г. Ф. Миллер. История Сибири. М-Л., 1937г.) және «Семь-палат» – «Жетісарай» да осы аттан туындаған» (Никонов В.А. Краткий топономический словарь. М., 1986) делінген пікірлер де бар. Шынтуайтына келгенде, бұл – «тас мешіттерге» емес, «көне тас ғимараттар үйіндісіне» қатысты атау. Соның ежелгі есімі, аман-есен тұрғандағы аты. Ол мешіт те емес, храм да, шіркеу де емес, көне түрік қауымдары құлшылық ететін орын – ғибадатхана болған. Баба түріктерге жататын сары ұйғырлар тілінде «семей» сөзі дәл осы мағынаны білдіреді (Малов С.Е. Язык желтых уйгуров, словарь и грамматика. Алматы, 1957). Сонымен бірге, бұл сөз «семе», «семі», «семы» тұлғасында да айтыла береді. Ғибадатхана монғолша «сумэ», «сүме», «семе» делінеді (бұл да, сонда). Қорыта келгенде, «Семей» атауын көне сақ, ғұн тілдерінің сарқыты деп болжауға бейілміз. Ежелгі қауым – сары ұйғырлардың сөздік қорында бұзылмай, өзгермей, сол күйі аман сақталып, бүгінгі ұрпаққа жеткен бұл тұмар сөз, қасиетті атауды бөтен тіл, бөгде ұғымға телімей, төл болмысында түсіндіріп, қолданғанымыз абзал», – деп жазыпты Әбілхан Әбілсан. Біз де «Семей» қала атауы болып қалған көне сөз деген пікірді негізді деп есептейміз. Сол сияқты, халқымыздың күре тамырындай бір қайнары Ертістің «Иртыш» болып шыға келгені қашан? Семей өңірінде «Иртышский» аталатын елдімекен, ауылдық кеңес, шаруашылық, мектеп, көше, квартал т.б. Ертіс атауын үш-төрт есе орап алады. Қаланың елтаңбасына жеті палатканың суреті салынған. Қаладағы ең сәулетті қонақ үйі «Иртыш» деп аталады. Ертіс өзенінің үстінен өтетін үлкен көпірмен оң жағаға шығар болсаңыз, толық тарихы жоқ қаланың 250 жылдығын заңдастыру үшін жасалған зәулім мұнара тұр. Облыстық газет «Иртыш», радио және хабар «Семьпалат» деп толассыз насихат жасайды. Осылардан кейін, мұның бәріне зер салып, зейін қойып қарай бермейтін, оның төркінін жете білмейтін, дағдылы атауға иланған жұртшылықтың көңілінде қаламыздың іргесін қойғандарға деген ризалықтан өзге ниет бола ма? Насихаттаушылардың көздеген мақсаты да осы. Енді ол түсінік, сенімді өзгерту, түзету үшін үлкен жігер-күш қажет болары сөзсіз. Бұл зымиян әрекеттердің бәріне қарсы жедел, табанды күрес жүргізу керек. Болмаса жартыкеш шешім, жалтақ әрекет ұрпағымыздың қанына сіңген құлдық сезім болып бой көтертпей, ой еркіндігін туғызбай тұншықтыра, жанши берері анық. «Отан от басынан бастала­ды» десек, туған қаласы әр­кімге-ақ ыстық болатынына кім шүбәлансын. Қаланың шынайы тарихы кім қалай айтса, солай болсын дей салатын шаруа емес. Сондықтан да, қала тарихы анықталып болғанша, «Семипалаттың» 300 жылдығы деген асығыс, негізсіз насихатты тыю керек. Қала әкімдігі әр саладағы ғалымдар мен тарихшылардан арнайы топ құрып, Семей қаласының, «Семипалат қамалының» тарихын түбегейлі зерттеу ісін қолға алуы қажет деп есептейміз. Игілікті бұл істің басында халқымыздың тарихына қылдай қиянат жасамайтын жанашыр, батыл, ерінбей ізденетін білікті адамдар таңдалып қойылуы қажет. Оларға қала тарихын қамалдан бөле қарау керек болады. Өйткені, «Семипалаттың» жанашыр насихатшылары қамал, шіркеу, мектептің салынуы, христиан дінін т.с.с. айтып келіп, қала мәдениетіне, құрылысына, экономикасына ауыса салады. Оның өзі білместік емес, мақсаткерлік, тіпті шеберлік. Өйткені, аңғармаған адам екі «Семипалатты» бөле қарай ала ма? Жаңа ғасырдың төріне, үшінші мыңжылдық өріне қаламыз «Семей», өзеніміз «Ертіс» деген нақты атаулармен аттауға тиіс. Бұған ұлт, тіл жанашырлары тікелей араласуға тиіс, ұйым, ұжым, мемлекеттік жүйелер күн ұзартпай іске кірісуі қажет деп білеміз. Осы орайда, қаланың көркемделуі мен көше атауларын зерттеу, көпшілік орындары мен жаңа ұжым, құрылым, кәсіпкерлік одақтарға атау беру ісіне қатаң талап қойылуы қажет. Жөн-жосықсыз ел түсінбейтін өзге тілдердегі атау беруге, оның ең көркем көрініс етіп жазып ілуге шектеу жасалуы керек. Әйтпесе, «бұл қала қай ұлт, қай елдің қаласы?» деген сұрақ туындайды. Қалаға ұлттық нақыш, түр-сипат беретін ою-өрнекті кеңінен пайдалануды ойластыруы қажет. Бұлар – артық шығынды қажет етпейтін шаруалар. Мұның бәрі биыл әлемдік дәрежеде аталып өтетін ұлы Шәкәрім тойымен, ұлттардың ынтымақтастығы, жазықсыз жазаланған репрессия құрбандары мен одан жәбір-жапа шеккендердің есімін, еңбегін мәңгі есте қалдыру жылында жүзеге асырылатын шаралармен үйлестірілсе, нұр үстіне нұр болмақ. Семей әкімдігі осындай ау­қымды мәселелерді халық алдына шығармай тұрып арнайы білгірлер, ұлт жанашырларынан зерттеу тобын құрып, қаламыздың көне тарихы бар екенін заңдастырып, бекітіп, кеңінен оны насихаттағаннан кейін ғана қоғамдық талқыға ұсынып нақты дайындық шараларын ұсыну керек дегенді жөн көреміз. 15-20 кісінің басын қосып, білместердің, арам пиғылдылардың уәждері мен ұсыныстарына бас шұлғып отыра беру – елге сын, ұлтқа қиянат. P.S. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын Алматы қаласын басқарған Виктор Храпунов Верный бекінісінің салынғанына 150 жыл толуына байланысты қаланың да 150 жылдығын тойлауға жасырын дайындық жүргізе бастаған еді. Бұндай бассыздықты естіп, зиялы қауым өкілдері бастаған қалың жұртшылық қайсарлық танытып, қарсылық көрсетті. Қоғамдық пікірден қорыққан қала басшылығы айылын жиып, амалсыздан ессіз тірлігін тоқтатуға мәжбүр болды. Енді қайда қалды сол қашқын экс-әкім?! Орымбек СӘРСЕНБИН, «Ақ жол» партиясы Семей бөлімшесінің төрағасы, Сағындық БЕЙСЕНБАЕВ, «Ақылдастар» ауыл ардагерлерінің ҚБ төрағасы, Балтабек ЕРСӘЛІМОВ, республикалық «Абай» қорының төрағасы