БАБАЛАР РУХЫ БАР ҚАЗАҚТЫ БІРЕГЕЙЛІККЕ ҮНДЕЙДІ

БАБАЛАР РУХЫ БАР ҚАЗАҚТЫ БІРЕГЕЙЛІККЕ ҮНДЕЙДІ

Маусым айының басында «Бабалар ізімен» атты ауқымды акция аясында ұлы бабаларымыз – Төле бидің, Қаз дауысты Қазыбек бидің және Әйтеке бидің ұрпақтары бас қосып, тарихи-танымдық сапарға шыққан болатын. Бұл рухани акцияда Түркістан, Қарағанды, Жамбыл, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Жетісу облыстары мен Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан жиналған қандас бауырларымызбен танысып-білістік. 

    Үш бидің ұрпақтарының басын қосқан осы имандылық акциясының түркі әлемінің рухани және тарихи елордасы – қасиетті Түркістан шаһарынан бастау алуының өзі заңдылық екені дау тудырмаса керек. Олай дейтініміз, түркі әлемінің түпқазағы, рухани отаны – киелі Түркістанда бабалар рухы мәңгі жаңғырып жатыр. Түркістан – бойтұмар мекен, түбі бір түркі халықтары кие тұтар қара шаңырақ. Түркістан – тұңған шежіре. Шаһардың киелі топырағы ғасырлар қойнауынан тарих болып күмбірлейді. Күллі мұсылман қауымында екінші Мекке саналатын қасиетті қара шаңырақ он бес ғасыр өресінде түркі тектес халықтардың биік парасатымен, ой-өресі, ерлік пен елдік келбетімен, шер-шеменге толы шежіресімен өрнектеледі. 

    Кезінде Есім хан Түркістан қаласын Қазақ хандығының астанасы етіп бекітті. Ресей империясының боданында болған Қазақ елінің тағдыры тарихтан белгілі. Киелі қала 1872 жылы Түркістан уезінің орталығы болды. Кеңестік билік кезеңінде 1928 жылдан аудан орталығы саналды. 

    Өзінің «Даналық кітабымен» әлемге танылған әулие Қожа Ахмет Ясауидің есімін Түркістаннан ажыратып қарау мүмкін емес. Ұлы баба Түркістанға тұрақтап, сопылық идеяларын уағыздаған ислам дінінің аса ірі, көрнекті өкілі болды. Ұлы ақын-әулиені рухани көсем санаған мұсылман әлемі тоғыз ғасырдан бері оның ілімімен бірге жасап келеді. ...

    Бүкіл Шығысқа әмірін жүргізген қолбасшы Әмір Темірдің Қожа Ахмет Ясауидің қайтыс болғанына екі ғасыр өткенде қирап бітуге таянған мазар орнынан зәулім ескерткіш орнатуы да тегін емес. ХІҮ ғасырда бой көтерген ғажайып құрылыс-ғимараттың қайталанбас сәулеті мен әшекейлері әлі күнге дейін елді қайран қалдырады. 

    Соңғы деректерге сүйенер болсақ, Түркістандағы кесене-қорымда 21 хан, 130-дай би-шешен, батыр бабалар жерленген.

    Тәуке ханның тұсында Төле би Билер кеңесінің мүшесі ретінде мемлекеттік істердің оң шешілуіне зор үлес қосқан, жыл сайын өтетін бүкілхалықтық жиынды ұйымдастырушылардың бірі болған. Ол Орта жүздің төбе биі Келдібекұлы Қаз дауысты Қазыбекпен және Кіші жүздің төбе биі Бәйбекұлы Әйтекемен тығыз ынтымақтаса отырып, Түркістан қаласын орталыққа айналдырады, үш жүз ұлыстарын бір орталыққа топтасуға, біртұтас Қазақ хандығын нығайтуға белсене қатысады....

    Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған «Бабалар ізімен» акциясына қатысушы ұлтжанды азаматтар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде киелі мекенге жамбасы тиген Абылай хан, Қаз дауысты Қазыбек би бабаларымыздың, сұлтандарымыз бен батырларымыздың, әулие-әмбиелеріміздің әруақтарына бағышталған құранның ішінде болды. Экспедицияға қатысушылар алдында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев, республикалық «Қаз дауысты Қазыбек би» қоғамдық қорының төрағасы Пернетай Досыбеков, «Төле би» қоғамдық қорының төрағасы Жарылқасын Ізбасаров, Қарағанды облыстық «Қаз дауысты Қазыбек би» қоғамдық қорының төрағасы Мейірман Жәшкеев, тағы да басқалар сөз сөйледі. Ұлы бабаларымыздың ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңдеріндегі ерліктерін дәріптеп, терең мағыналы естеліктер айтты. Жиналғандарды шаһар әкімінің орынбасары Ерлан бауырымыз кесене мен Ұлы дала елі орталығын аралатып, ілтипат көрсетті. Қазіргі кезде жасарып-жаңғырған қасиетті қаланың дамуы, жарқын болашағы жайында мол мағлұмат берді. 

    Бұдан кейін ұзамай-ақ экспедицияға қатысушылар мінген көлік Өзбекстанға бағыт алды. Басты мақсат – ғасырлар тарихында есімдері алтын әріппен жазылған Әмір Темір, Сейітқұл әулие баба, Жалаңтөс баһадүр, Төле би, Әйтеке би сынды ұлы тұлғалардың басында боп, құран бағыштап, тағзым ету. 

    Қазақ-өзбек шекарасынан кедергісіз өтіп, Ташкент шаһарына да жеттік. «Шайхан таур» мазараты деп аталатын қала орталығындағы киелі жер көлемі жағынан үлкен аумақты алады. Бұл жерде атағы алысқа кеткен әулиелер, хан-сұлтандар мен билер жерленген. Төле би бабамыз да осында дамылдап жатыр. 

    Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласы менің көзіме ыстық көрінеді. Олай дейтініміз, ғылыми ізденіс жолындағы алты жылым, яғни 2006-2012 жылдары осы қалада өтті. Кезінде республика Білім және ғылым министрлігінің арнайы жолдамасымен докторлық диссертацияны қорғау мақсатында Мырза Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің диссертациялық кеңесіне жіберілген болатынмын. 2012 жылғы наурызда докторлық диссертацияны 10.01.10 – Журналистика ғылымы бойынша сәтті қорғадым. Министрлікте ғылыми еңбегімнің баламалылығы танылды. ...

    Біз табан тіреген киелі жердің тарихы тым тереңде жатыр. Мұнда әулие-әмбиелер мен батырлардың мазарлары, күмбезді кесенелер болған екен. Кеңестік билік «дін апиын» ұстанымымен жермен-жексен еткен. Тек Жүніс ханның, Шайхантаурдың, Төле би бабамыздың кесенелері ғана аман қалған.... Осы ескерткіштердің сақталуына ғалым А.Массон айрықша қамқорлық жасаған. Кеңестік билік кезінде Түркістан Республикасының басшысы, көрнекті мемлекет қайраткері болған Тұрар Рысқұлов аталған ескерткіштерді мемлекеттің қамқорлығына алудың бас-қасында болған. Нәтижесінде ғажайып жәдігерлер республикалық дәрежедегі ескерткіштер тізіміне алынып, аман сақталып қалды. 

    Экспедицияға қатысушылар тағзым етіп, құран бағыштаған Төле би бабамыз өз халқының ақындық-шешендік өнерінен сусындаған, терең білімімен, абырой атағымен аузына елін қаратқан, жастайынан билікке араласып, әділдігімен, шешендігімен, тапқырлығымен кеңінен танылған. 

    Кеңес одағы ыдырап, оның құрамындағы елдер тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық мұраларға қамқорлық кең құлаш жайды. 1995 жылы Төле би баба кесенесі күрделі жөндеуден өткен. Бұл игілікті шаруа бидің тікелей ұрпағы Тынысбек Кәлменов пен сол жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Зауытбек Тұрысбековтің басшылығымен атқарылыпты. 

    Төле би баба кесенесіндегі жүректе тебірентерлік сәтті қазақ және өзбек тілдерінде жазылған арнайы ескерткіш-тақтаның қойылуымен байланыстырған жөн. Оның ашылу салтанатының жоғары деңгейде өткенін ризалық сезімімен айтуға болады. Осы ізгі шараны ұйымдастыруда «Төле би» қоғамдық қорының төрағасы Жарылқасын Ізбасаров, қоғамдық қордың мүшелері Ақылбек Төреханов, Нұрбол Өмірбаев, Ермахан Сарыпбеков, тағы басқалар ерекше белсенділік танытқан. 

    Өзбекстан Республикасы Қазақ ұлттық-мәдени орталығы қонақтарға арнап, дастарқан жайды. Бабалар рухына бағышталып, құран оқылды. Сөз сөйлеген игі жақсылар жүрекжарды алғыс сезімдерін білдірді. 

    Түс ауа қазақ тарихында өзіндік орны бар Әйтеке би бабамыздың мәңгілік мекеніне айналған Науаи облысы Нұр Ата қаласына бағыт алдық. Сырдария, Жызақ, Самарқан облыстарын артқа қалдырып, түн жарымында Науаи қаласындағы «Жастық» қонақ үйіне жеттік. Күтушілер мен қызметкерлер үлкен ілтипатпен қарсы алды. 

    Таңғы астан кейін алпыс шақырымнан астам қашықтықтағы Нұр Ата қаласына жол тарттық. Науаи қаласынан шыға бере шөлді дала басталады екен. Қазақтың шөл және шөлейтті далаларынан еш айырмасы жоқ. 

    Науаи облысы Қазақ ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Төрехан Нарымбетовтің айтқандары ойға оралады: Кеңестік кезде бұл өңірде 25 қаракөл қой шаруашылығы болған. Барлық шаруашылықтарды қазақтар басқарған. Облыста 160 мыңға жуық қазақ мекен еткен. 1993 жылы Бұқара облысынан Науаи облысы бөлінді, оның алғашқы басшысы Ә.Айдарқұлов деген қазақ болды. Қазір облыста 50 мыңға жуық қазақ тұрады, негізгі кәсіп – мал шаруашылығы, алтын өндірісі бар. 

    Нұр Ата қаласында Сейітқұл мен Әйтеке би бабалардың мәңгілік мекеніне айналған «Сейітқұл әулие – Әйтеке би» мемориалдық кешенін аралап, ұрпақтардың тағлымды қызметіне дән риза болдық. Екі ұлы бабаға арналған шығыстық үлгідегі кесене өзіндік нақышымен еліктіреді. Көк күмбезді мешіт ғимараты алыстан көз тартады. Іргеде мұражай үйі бой көтерген. Шырақшы үйі, қонақ үй, субұрқақ кешеннің сәнін келтіріп тұр. Қазақтың ұлттық ерекшелігін айғақтайтын қазақы ою-өрнекпен безендірілген алты қанатты ақбоз үй жергілікті қазақ шеберлерінің төл туындысы екен. 

    Қазақ тарихының жылнамасында Әйтеке бидің даңқы «дала парламентін» құрудың басы-қасында болуымен айқындалады. Ұлы тұлға 1860 жылы Тәуке ханның таққа отыруына айрықша ықпал еткендердің бірі болды. Әз Тәукенің тұсында айрықша құқыққа ие болған «Хан кеңесі» сайланғаны тарихтан белгілі. Әйтеке би Кіші жүздің өкілі ретінде осы кеңестің мүшесі болды. Тәуке ханның алғашқы заңдар жинағы – «Жеті жарғы» Қазақ мемлекеттігін қалыптастыруда үлкен рөл атқарды десек, оның дүниеге келуіне Әйтеке бидің де қосқан өзіндік үлесі бар. 

    Ұлттық тарихымызда Сейітқұл бабаның да іздері сайрап жатыр. От ауызды, орақ тілді баба әмірші ретінде Самарқан, Бұқара, Жызақ, Нұр Ата, Тамды, Ақтау, Қыз бибі өңірінде билік етті. Мәйіті Нұр Атадағы «Сейітқұл әулие» қорымында жатыр. Ол дүниеден өткенде орнын кенже ұлы Жалаңтөс батыр басты. ...

    Әйтеке би баба ұрпақтары ақ дастарқан жайды, аруақтарға бағышталған құран оқылды. «Әйтеке би» қоғамдық қорының төрағасы Ербол Еркебаевтың іс-қимылынан, салиқалы да байыпты сөздерінен, баба рухынан нәр алған нағыз Азамат екені аңғарылады. Қырықтың қырқасына шыға қоймаған жігіттің жалындаған жастық жігері ұлт мүддесінен өрнектелген белестерге бастай беретініне шүбәсіз сендік. 

    Нұр Атадағы меймандостыққа, бауырмалдыққа көпшіліктің шексіз риза болғанын баса айтуға тиіспіз. Меймандарды құшақ жая қарсы алған аудан хакімі Азамат Файзиев пен Науаи облыстық Қазақ ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Төрехан Нарымбетовтің риясыз құрмет-қошеметіне алғысымыз шексіз болды. Әкімге қазақы шапан жабылды, өз кезегінде ол да арамыздағы ақсақалға өзбек шапанын тарту етті. Жиын барысында «Бабалар ізімен» экспедициясын ұйымдастырудың басы-қасында жүрген абзал азамат, «Қазыбек би» республикалық қоғамдық қорының төрағасы Пернетай Досыбеков пен түркістандық кәсіпкер Үмбет Жүсіпбаев сөз сөйлеп, ризашылықтарын білдірді. Ал Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков киелі өңірдің тарихынан сыр шертетін кітаптарды сыйға тартты. 

    Дастарқан басында арамызда жүрген ару қызымыз Арайлым Саттарова домбырамен, гитарамен ән шырқағанда көпшілік риза болды. Арайлым Түркістан облысының Төле би ауданынан болып шықты. Әншілігімен қоса төрт кітабы жарық көрген ақын қыздарымыздың бірі екен. 

    Сән-салтанат жалғасын тауып жатты. Бірі баянмен, бірі домбырамен ортаға шыққан жергілікті қазақ пен қарақалпақ жігіттері «Ауылым» әнін шырқай жөнелгенде жан-дүниенің тебіреніске бөленгенін жасыра алмаймыз. «Кіндігімнің жас қаны тамған жері ауылым....» деп басталған сырлы әуез сағынышқа, мұңға, толғанысқа тұнып тұрғандай. Әншілердің жанарынан мөлтілдеген мөлдір моншақтар аңғарылғандай еді.... Жергілікті әуесқой композитордың «Ауылдың жайы бір басқа...» әні де жүрек қылын шертіп тұрғандай болды. Қазақ жігіті өзбекше ән шырқағанда тамсана таңдай қақтық. 

    Өзбекстанға сапар шеге қалсаңыз, Самарқан қаласына ат басын бұрмау мүмкін емес. Үш жарым мың жылдық тарихы бар бұл шаһар – Орта Азиядағы ежелгі қалалардың бірі. Бабалар аманат етіп қалдырған зәулім де әсем ғимараттардың оюлы қабырғалары, күмбездері мен мұнаралары сәулет өнерінің жауһарлары десек артық айтқандық емес. Самарқан дегенде ұлы әмірлер Әмір Темір мен оның немересі Ұлықбекті, Жалаңтөсті қалай мақтан етсек те жарасады. Өзбекстанда Әмір Темір есімі патриоттық және ұлттық мақтаныш сезімімен өрнектеледі. Билеушілік даңқы жер жарған Ақсақ Темір кезінде мемлекетінің астанасы болған Самарқанды көріктендіруге барынша көңіл бөлген. Шаһарды Шығыстағы ең әсем қалаға айналдыру үшін түкпір-түкпірден қолөнер шеберлерін, сәулетшілер мен архитекторларды осында жинаған. Олардың қолынан шыққан сарайлармен және субұрқақтармен әрленген он төрт парк болған. Сондай-ақ мұнда Керуен сарай, мешіттер, базарлар мен моншалар, басқа да ғимараттар бой көтерген. Сарай тарихшысы Хафиз Абру жазбаларында саз балшықты Самарқан тастан қаланып, теңдесі жоқ қалаға айналғаны жөнінде нақты айтылады. 

    Әмір Темір билік құрған кезеңде өзге де қалаларда архитектуралық нысандар пайда болған. Бағдат, Дербенд, Байлақан қалалары қалпына келтіріліп, оның тікелей бұйрығымен Кавказ бен Ауғанстанда суландыру құрылысы жүргізілген. Қайтадан қалпына келтірілген Шахрисабз қаласында Ақсарай зәулім сарайы соғылған, ол қазір ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізімінде тұр. Тарихта Темірланның ислам дінінің қолдаушысы болғанына баса мән беріледі. Оның тұсында көптеген мешіттер, медреселер мен мавзолейлер салынды. Олардың арасында Бибіханым, Гур Әмір, Рухабат мешіттері мен Шахи-Зинда мавзолейі айрықша орын алады. 

    Ұлықбектен кейін даңқты әмір Жалаңтөс болды. Самарқандағы Жалаңтөс баһадүр салдырған «Ширдор» медресесі таңғажайып көркімен ерекшеленіп тұр. Мұндағы ең маңызды тарихи орын – «Регистан» алаңы. Ала тақиялы ағайындар бұл аумақты киелі санайды, ғасырлар бойы көз қарашығындай сақтап келеді. Жалпы, Өзбекстан тарихи-мәдени ескерткіштердің саны жағынан әлемде Қытай мен Мысырдан кейінгі орында.

    Көршілес ағайын еліне мәдени-рухани сапарымыз терең ойларға жетеледі. Бабалар рухымен өрнектелген толғаныс-тебіреністі сөзбен айтып жеткізу қиынның қиыны. Көне замандардағы ұлыларымыздың ұлылық иірімдері, ізгілікті іздері сайрап жатыр. Олардың ынтымақ-бірлігінің айқын айғағы қаншама зобалаңды бастан кешсе де Ұлы Даланың ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалуы болса керек. ... Осы тұрғыдан келгенде ежелгі тарихымызға тым тереңдемей-ақ ХҮІІІ-ХХ ғасырларға зер салар болсақ, патшалық Ресей мен Кеңестік билік кезеңдерінде қазақ халқының аса ауыр трагедияларды бастан кешкенін жақсы білеміз. Орыс отаршыларының күштеп таңуының зардабынан қазақтар «қайсақ», «қырғыз-қайсақ», «қырғыз» аталып, ежелгі тарихи атауынан айырылып қала жаздады. 

    Жер мәселесінде кеңестік өкіметтің патшалық Ресей саясатын жалғастырғаны мәлім. Қазақ елі тәуелсіздігіне отыз жылдан асса да бұл проблема өткір күйінде қалып отыр. Қазір егемендік талаптары ұлттық идентификация мен ұлттық бірегейліктің өзекті мәселелерін шынайы шындық тұрғысында әлемдік тәжірибе астарында пайымдаудан өткізудің қажеттілігін туындатып отыр. 

    Бабалар ізімен жүрген экспедиция аясында ортақ чад ашалып, толғандырған ой-пікірімізді ортаға салуға мүмкіндік туды. Сапар барысында профессор Серікбай Ыдырыс, Құрманғазы Арыстанов, Мұрат Үмбетәлиев сынды азаматтармен елдік тұрғысында шынайы әңгіме-дүкен құрдық. Тебіреністі жазбалар пайда болды. 

    Мейірман:

    Ұлтымыз иелі, жеріміз киелі, тіліміз жүйелі болсын деп, ел бірлігі тұрғысында ой толғап жүрген бауырларды көріп, бір қазақтың ұрпағымыз дегенді есітіп, риза болдық. 

    Еркін Нұрсейіт:

    Қадамы құтты, бірлігі мықты, досқа үлгі, дұшпанға сұсты топ болсын! Осы тудың астында бүкіл қазақ бас қоссын! 

    Ұлы Дала ұрпақтарының бүгінгі үні осындай. Мұны ұлт болып ұйысудың, ұлттық бірегейліктің нышаны деуге болар. Бабалар аманатына әр қазақ адал болуымыз керек. 

    Бекболат:

    «Әр қазақ менің жалғызым» демекші, біз бір-бірімізді ағайын, бауыр демесек, азғантай қазақтың басы бірікпейді.

    Рушылдық, трайбализм бүгін пайда болған жоқ.бұның түбі тереңде жатыр. Төле, Қазыбек, Әйтеке билер қазақтың бірлігін ойлап, елдігімізді сақтап қалу үшінжанталасқан болса, Ресей патшалығы «Бөліп ал да, билей бер» ұстанымымен хан билігін жойып, болыс, ауылнай сайлау жүйесін енгізді. Жүз бен жүздің, ру мен рудың арасында араздық туғызды. Бұл үрдіс кеңес заманында да жалғасын тапты. Басшы болған адам қасына өзіне берілген өз руының адамдарын тарта бастады. Іскерлік, ұлтжандылық, елін сүйгіштік қасиеттер кейінгі орынға шегерілді. Менің пікірім, алдағы уақытта трайбализмнің жолына тосқауыл қойылу керек. Ол үшін бірлесіп жұмыс жасау керек. ...   

    Осы мақаланы жазу барысында әлеуметтік желідегі Талғат Тұрсынғалиұлының мына жазбасы назарымызды аударды: Ақтөбелік таксист пен Қызылордадан келген жігіттің арасында түсінбеушілік болып, қызылордалық азаматқа «южансың», қажет болса бір таксиге де мінгіздірмей қаңғытып жіберемін» деп жатыр екен. 

    Оларға жақындап, «Жігіттер, бәріміз де қазақпыз. Қаңтарда бір қырылдық, енді өрттен, жарылыстан күйіп, өліп, азайып барамыз. Жершілдікке, жүзге, діни сенімге бөлінбей, бір қазақ болайық» деп едім, жігіттер түсіністік танытып, қол алысты. 

    Ағайын, достар, жүзге, жершілдікке, діни сенімге бөлінбейік, біз мың өліп, мың тірілген ат төбеліндей қазақпыз!

    Кезінде публицист-жазушы Марат Қабанбаевтың күйіне отырып жазған мына жолдарын ой елегінен өткізіп көрейік: Біз әлі қалыптасып бітпеген ұлтпыз. Оның ең басты белгісі – ру, жүзге бөліну. ... Мұны Европа орта ғасырда бастан кешкен. Қазіргі француздар, мәселен, гаскон, саяояр, нормани, лотарингия, т.т. бөлінген. Екінші белгіміз - не болса соған еліктегіштігіміз. Адам өзінде жоқ қасиетке еліктейді. 

    Мемлекет құраушы жергілікті ұлт - қазақтардың бойындағы рушылдық, қала берді жершілдік дерттің тұтас ұлт ретінде ұйысып, даму жолында тигізіп отырған кесел-кесапаты жөнінде аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Елге танымал тарихшы Мәмбет Қойгелдінің жанайқайға толы пікіріне назар аударайық: «Мемлекетке қауіп біздің – өзімізден, - деп ашына жазады ол. – Әдемілеп қол жеткізген мемлекеттігімізге қазақтың рушылдығы, жүзшілдігі қауіп төндіріп тұр. Қазір байқасаңыз, рушылдық, жүзшілдік идеологияны дәріптеушілер де бар. Мысалы, жақында бір ғалымсымақ демографиялық үлкен конференцияда: «Болашақта Орталық Қазақстанда - арғындардың, Шығыс Қазақстанда – наймандардың, Оңтүстікте – дулаттардың үстемділігі болады»,- деген талдау жасады. Мұндай болжамды естіген мен жағамды ұстадым. Не деген сұмдық? 

    Ал біз мұндай аймақтық иделогиямен қайда бармақпыз? Мемлекетімізге қауіп, меніңше, осы саладан туындайды. Сонымен қатар, бізге «мемлекетшілік» сана жетіспейді. «Мынау менің мемлекетім, елім. Оның дамуына мен атсалысып, таза болашағы үшін күресуім керек. Балам өсіп келеді» деген сана біздің әрбір азаматта болғаны жөн. Біз тек өзіміздің руластарымызға ғана жол ашып, соған ғана қол ұшын берсек, кім боламыз? 20-шы ғасырдың басында алаштық буын жалпы ұлттық сана деңгейіне көтерілген еді. Бұдан бері бір ғасыр өтті. Бізде кейін кетушілік бар. Әрине тегіңді біл. Бірақ өмірлік ұстанымыңа айналып кетсе, не болады? Қазаққа тағы да жетпей жатқан нәрсе – пікір мен ұстаным тазалығы. Осы үшін күресуіміз қажет. Байқасаңыз, біреулер аудитория алдында сөйлеген сөзінде патриот, ұлтшыл да, үйінде өз руының қабынан аса алмайды. Яғни сыртта – бір ұстаным да, іште – екінші ұстаным. Осыдан барып азаматтардың екіжүзділігі байқалады. Ал бұныңыз мемлекетке төнген қауіп емей немене?».                     

    Еңді рушылдық, жүзшілдік жөнінде журналист-жазушы Дидахмет Әшімханұлы мен публицист Мырзан Кенжебайдың екеуара сұхбатында күйіне отырып айтқан пікірлеріне құлақ салып көрейік:                 

    «М.К.: - Кейде қазақты бөлшектеу саясаты жүргізіліп жатыр ма деп қорқамын. Тіпті мектептегі бастауыш сынып оқулықтарында да: «Бұл жер мына жүздің мекені» деген сияқты қарта бар. Бұл не? Бұл ұлтқа жасалып отырған зиянкестік!...         

    Д.Ә.: – Сенің айтып отырғаның қазақ халқы ұлт ретінде жойылып кетпесе екен деген қауіп. Менің айтайын дегенім, біз жалпы ұлт болып қалыптастық па, жоқ па деген мәселе. Ұлттың ұлттылығы ең алдымен оның отансүйгіштігінен білінеді. Бүкіл ұлттың әрбір өкілі ұлттың сөзін сөйлейді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарады. Бізде ұлттық бірлік жоқ. Содан кейін іштей үш жүзге бөлініп, тұтас бір ұлттың мақсатын ойлаудан гөрі аты елге белгілі азаматтар қазақтың сөзін сөйлеп отырады да, ыңғайы келсе рудың сөзін сөйлеп кетеді. Содан біз қай жағынан ұлт болып қалыптастық? Орыста да, өзбекте де ондай жоқ. Бір қызығы, жүз деген әрі-беріден соң туыстық байланыс емес – әкімшілік, аймақтық жүйе. Еңді қараңыз , кімдер қай жүздің адамы болса, соның барлығы туыс болып шығады. Бұл қарапайым адамдар арасында онша байқала бермейді, ал қолында кішкене билігі барлар өзінің мақсаты үшін руластарын, жүздестерін, қандастарын тарта бастайды.Сөйтіп, бір қазақты қаншаға бөліп жібереді. Егер біз ұлт болып қалыптассақ, бір қазақтың мақсаты үшін жұмыс істеуіміз керек қой. Біз, зиялы қауым, бір қазақтың мақсаты үшін жұмыс істеп отырмыз ба?». Ұлттық даму жолында сиықсыз сипат алып отырған осы және өзге де өзекті мәселелер жөнінде кезінде ұлт мүддесін жалаулатқан елге танымал философ-ғалым Амангелді Айталының өзекжарды пікірі терең ойға жетелейді: «Нигилизмге шалдыққан ұлттың өкілдері, – дейді философ, -ұлттық ішкі байланыстарының әлсіздігіне, ұлттық намысының төмендігіне қарамастан, ұлттық құндылықтар төңірегіндегі тірлігі көбіне ұрандатудан, болмаса даурығудан, бас иіп қостаушылықтан аспайды. Бүгінгі қазақтың психологиясында олардың әртүрлі жағымсыз көріністері байқалады. Қазақтың қонақжайлылығы – жалпақшешейлікке, кішіпейілділігі – құлдық ұра берушілікке, елдігі – рушылдық, жүзшілдік, жершілдік микропатриотизмге, кеңпейілдігі - ысырапшылдыққа ұласып жатады. Қазақтың мақтанышы бүгін даңғойлыққа айналды. «Жүз ат бәйгеге қосылса, мен бәйге алдым деген сөз болса, алдыңда неше ат бар деп сұрар, артыңда неше ат бар еді деп сұрағаның несі сөз?», - деп Абай айтқандай, бүгінгі қазақтың қуанышы кейде артымызға қарап масаттануға сүйенген». Қазақ халқының біртұтастығында жегі құртқа айналып отырған бұл проблема төңірегінде осы жазбаның авторы өз толғаныстарын талқылауға салып келеді. Мысалы, біздің «Қазақ рушылдығы жайлаған жерде бірлік болмайды», «Ел ағасының болмауы – қасірет» деген мақалаларымыз жарияланды. Бұл материалдарда кең өріс алған рушылық, жүзшілдік және жершілдік психологиясын талдауға мән беріледі. Рушылдықтың ғылымдағы аты - трайбализм (латынша «тайпа» деген сөзден шыққан). Оның жан шошытарлық тағы бір мағынасы қара нәсілділердің арасында адам етін жейтін топтармен байланыстырылады... Жоғарыда айтылғандардан түйетін ой сол, рушылдық деген ұғым о баста әлі ұлысқа біріге қоймаған жекелеген тайпаларды білдірсе, қазір тайпалардың немесе адамдар қауымдастығының арасындағы бітіспес дау-дамайлы қақтығыстарды білдіреді. Жалпы қазақ арасындағы кездесетін рушылдық психологияны екі түрлі мәнде сипаттауға болады. Мұның бастапқысы ру сұрасу және оның адамдар арасындағы қатынастардағы этикеттің бір үрдісі ретінде көрініс беруі. Өзге халықтарда кездесетін жерін, тегін сұрау сияқты румен жөн сұрасу қазақ тұрмысында да ертеден қалыптасқан әдеттің бірі. Ал мұны әлеуметтік деңгейге көтеріп, өзінің бас пайдасына пайдаланып, қолындағы өткір қаруына айналдырып жүргендер де өз оқығандарымыз,ел билеп жүргендеріміз екені исі қазақ үшін қандай қасірет. Осындайлардың, олардың төнірегіндегі қаны қызу жағымпаздардың ұран-айтақтауларына, жымысқылық алдауларына қалың көпшіліктің ілесіп кете баруын қалай түсінеріңді білмей дал боласын... Екіншіден, рушылдық, тайпашылдық, жершілдік, жүзшілдік психологияның жиынтығы халық арасында жік тудыратын, бір ұлттың, яғни қазақтардың өздерін өзара іштей жауластырып қоятын, іштей іріп-шірітуші фактор ретіндегі көрініс. Рушылдықтың ұлтты ірітуші фактор ретінде көрінісін бүкіл ұлтқа, халық бұқарасына таңа салуға болмайды. Арамызда рушылдық дертіне шалдыға қоймаған жандар жоқ емес, бар. Олардың ең алдымен елдің тұтастығын, халықтың бірлігін жоғары қоятыны, тұтас ұлт мүддесін тереңнен ойлайтыны анық. Данагөй бабаларымыздың рухы бар қазақты береке-бірлікке үндеп тұрғандай. ... Автордың жарияланымдары қалың көпшіліктің назарынан тыс қалған жоқ. Қонырау шалып, хабарласқандар болды. Кейбірі авторға қазақтар арасында өшпенділік туғызып отырсың дегендей айып тағып жатты.... Ақ-адал шындығымызды айтар болсақ, біздің алға қойған басты мақсат – мүддеміз көпшілікті рушылық, жүзшілдік, жершілдік атаулымен күреске шақырып, қазақтардың ішкі бірлігіне, тұтастыққа үндеу болатын...     

    Ойымызға қозғау салып, тыншу бермеген, қолымызға қалам ұстатқан, жоғарыдағыдай материалдар жазуға жетектеген төмендегідей сүреңсіз жайлар еді... Қасиетті Түркістан аймағы Парламент мәжілісі, облыстық және қалалық мәслихат сайлаулары қарсаңындағы саяси науқандарда дүбірлеп тұрады. Депутаттыққа кандидаттардың қай-қайсысы болмасын халық сеніміне ие болсам, абыройлы биіктен көрінсем, депутаттық тұғырға қонсам деген асыл арманның, үкілі үміттің жетегінде жүреді. Осы кандидаттар төңірегінде айтыс-тартыстың, дау-дамайдың, көре алмаудың, аяқтан шалудың, тағы басқа сан алуан кесірлі келеңсіздіктердің болып жататынын ешкім де жоққа шығара алмайды. «Ел болған соң ондай-ондайлар болмай тұрмайды ғой» дейміз. Бір сұмдығы сол, осыдан біраз жыл бұрын Түркістанда Парламент мәжілісі сайлауының қарсаңында адам өліміне әкеліп соққан оқиға болды. Мұны халық әлі ұмыта қойған жоқ, оның астарында жергілікті рулар арасындағы бақталастықтың, аяқтан шалушылықтың, рулық үстемдікке ұмтылыстың болғанын жұрт іштей біледі... 

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістандағы Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында Түркістанның Ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы, ғасырлар бойы қазақ халқының маңызды саяси орталығы болғанына мән бере отырып, Қазақ мемлекетінің бас қаласы ретінде тарихқа алтын әріппен жазылғанын мақтанышпен айтты. Көптеген хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ұлан-ғайыр далаға билігін жүргізген. Қара қылды қақ жарған билеріміз түрлі дау-шарға төрелік айтқан. Ел-жұртын береке-бірлікке шақырған. 

    Президент Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыздың адал азамат болуға ұмтылуына, сонымен бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуге, ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасауға барынша назар аудара отырып, осы міндеттердің басты-басты сегіз бағытын жан-жақты саралады. 

    Мемлекет басшысы «Өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе» деген төртінші бағытта «Біз ұлттық бірегейлігімізді нығайтуымыз қажет. Жалпы, дүние жүзіндегі әр ұлт – бірегей. Мұны дұрыс түсінуіміз керек. Ұлтымыздың бірегейлігі бұл – оның табысты болуы деген сөз. ... Яғни, «Қайтсек табысты елге айналамыз?» деген сұрақтың жауабы айқын болуы тиіс» деп нақты айтты. 

    Құрылтайда алда тұрған айбынды міндеттер айқындалды. Президент айтқандай, қазақтың қайсар рухы ешқашан сынбаған. Алаш рухы Қазақ мемлекетімен бірге мәңгі жасайды. Ұлттың бөлінбейтін, бөлмейтін жаңа сапасын қалыптастырып, бабалар аманаттаған біртұтас ұлттық бірегейлігімізді нығайта түссек, әлемдегі өз орнымызды айқындаймыз. Қазақ елінің адал азаматтары Әділетті Қазақстанды бірге құрып, өркен жайдырады.           

  Сейдулла САДЫҚОВ,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық

қазақ-түрік университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы

Түркістан-Шымкент-Ташкент-Науаи-Нұр Ата-

Қоқан-Самарқан-Түркістан