ОН БЕС АДАМНЫҢ ӨМІРІН ЖАЛМАҒАН ӨРТКЕ КІМ КІНӘЛІ?

ОН БЕС АДАМНЫҢ ӨМІРІН ЖАЛМАҒАН ӨРТКЕ КІМ КІНӘЛІ?

Семей орманында орын алған алапат өрт он бес адамның қазасына әкеліп соқтырғаны қазақ елін ғана дүрліктіріп қойған жоқ, бүкіл әлем назарын өзіне аударды. Себебі жер жүзіндегі соңғы кезде болған өрттердің ең ауқымдысы деп бағалануда. Осы қайғылы оқиғаға байланысты республика бойынша 12 маусым аза тұту күні болып жарияланды. Өртке қарсы тұрған 14 орман қызметкерлері қызыл жалынның ортасында қалып, ай-күннің аманында тірідей жанып кетті. Қаншама отбасы асыраушы әкелерінен, етжақын ағаларынан, бауыр еті балаларынан айырылып қалды...

     Алапат өртке байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнамға ресми сапарын кейіон тқнге шегеріп, жұмыс сапарымен арнайы Абай облысына барды. Президент орман алқаптарындағы өрт сөндіру жұмыстарымен танысып, шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді және өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстарымен кездесті.

– Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданады. Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы зардап шеккен отбасыларына қаржылай және жан-жақты көмек көрсетілетінін жеткізді. Банктегі несиелік қарыздары өтеліп, балаларын жоғары оқу орындарында оқытуға гранттар берілетін болды.

     Бұдан кейін Президент айтқандай шұғыл шара қабылданып, Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин орнынан алынып, облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс жарияланды. Адам өмірін жалмаған өрт фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, мемлекет басшысының тапсырмасына сай қылмыстық іс арнайы прокурорлардың іс жүргізуіне қабылданды. Құқық қорғау және арнайы органдардың тәжірибелі қызметкерлері қатарынан ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Сонымен қатар адамдардың қаза болуына және қоршаған ортаға елеулі зиян келтіруге әкеп соққан ауыр зардаптарды назарға ала отырып, арнайы прокурор салғырттық фактісі бойынша қылмыстық істі тіркеді. Оны тергеп-тексеру аясында жауапты лауазымды адамдардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілетін болады.

     Болар апат болды, оны тергеп-тексеруді құқық қорғау орындары жалғастыра жатар. Бұл жерде ең бастысы алдағы уақытта мұндай жағдайдың қайталанбауының қамын қарастыру аса маңызды. « Өрттің шығуына не себеп болды, оған кімдер кінәлі? Алапат өрттің алдын алу шаралары неге жасалмады? Өртті сөндіру неге тиімсіз жүргізілді?» деген сияқты басты сұрақтар да мазалайды көпшілікті. Ия бұл сұрақты орынсыз деп айта алмайсыз. Өйткені бұл елімізде бірінші рет орын алып отырған апат емес. Жамбыл облысындағы Арыс қаласы маңындағы әскери оқ-дәрілер қоймасындағы жарылыс пен Қостанай облысында болған орман өртінде де көптеген адам шығыны болғаны белгілі. Апаттың алдын алуға болушы еді ғой, өрт болған күннің өзінде бүгінгі техника мен технология дамыған заманда оны дер кезінде өшіруге шамамыз жетпегені ме?..

      Елімізде орман және дала өрттерін ғарыштан бақылайтын төрт спутник бар екен. Олардың әрқайсысы ел аумағын күніне екі рет суретке түсіреді. Қашықтан зондтау арқылы өрт ошақтарын дәлдікпен анықтай алады. Спутник ұшқан соң деректер жерүсті станциясына түсіріліп, жер бетінің температурасын анықтау үшін өңделеді. Содан соң Төтенше жағдайлар министрлігіне, арнайы геосервистерге жүктеледі. Олардың қабылданып, өңделіп, жариялануына 2 сағат уақыт кететін көрінеді.

        «Абай облысындағы өртке келсек, бұл түсірілім 13:20-да геосервистерге жүктелді, сол сәттен бастап, Төтенше жағдайлар министрлігінде де, Экология министрлігінде де «Семей орманында» өрттің басталғаны туралы ақпарат жеткізілді», - дейді «Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Өскен Тойшыбеков. Демек өрт туралы хабар сәл ғана кешіккенмен тиісті қызметтерге жеткізілген. Бұған қарап жердегі өртке қарсы күрес қызметі жұмысты дер кезінде дұрыс ұйымдастыра алмаған деген ой туады. Мысалы, сол өңірдің тумасы, Сенат депутаты Ольга Булавкина апаттың алдын алуға, адамдарды аман алып қалуға болатын еді дейді. «Өрт кезінде бірнеше бригада шықты. Қаза тапқан топқа өрттің соларға қалай өрлеп бара жатқаны жайында дер кезінде хабарланбаған. Аталған аумақты алсақ, өрт сол жақтан шарпыса, бригада оң жақта жоғары беттен келе жатқан. Бірақ жел бағыты ауысып, тура орманшыларға лап берген. Егер соны алдын ала рациямен ескерткенде, адамдарымыз құтқарылар еді. Тіпті тікұшақ та болған ғой, оны да көтермеген», - деді О. Булавкина осы апатқа байланысты. 

   Мұның барлығы жұмысты дұрыс ұйымдастырмағаннан екенін Төтенше жағдайлар министрлігі жанындағы Ардагерлер кеңесі Астана қалалық филиалының төрағасы Қанат Ешмұханбетұлы да айтып, өз пікірін білдірді. 

«Орман шаруашылығының өрт сөндіру бөлімдерін Төтенше жағдайлар министрлігіне беру дұрыс емес. Ол үшін бірлескен жоспар болуы керек. Менің зейнетке шыққаныма 20 жылдай болып қалды. Біз кезінде тек өртті сөндіруге жұмылдырылдық. Ал, қазір жол апаты, өрт, судағы іздестіру жұмыстары, өнеркәсіптік қауіпсіздік сияқты дүниелердің барлығы Төтенше жағдайлар министрлігіне қарайды. Оның бәрін бір ведомствоға жүктеп қоюға болмайды. Сондықтан қандай да бір құзырет бермес бұрын, ол мәселені зерттеу қажет. Әуелде пилоттық негізде шаралар қабылдауға болады. Кейін оның нәтижесі жақсы болып жатса, онда тиісті функцияны беру шешімін қабылдау орынды деп есептеймін. Ал, дәл қазіргі уақытта оған ерте. Бүгінде қажетті де қажетсіз өкілеттіктерді бере берсе, онда жұмыс нәтижелі болмайды», - дейді сала ардагері Қанат Ешмұханбетұлы.

       Әрине, бұл қайғылы оқиға ешкімді бей-жай қалдырмады, ол түсінікті де. Сондықтан осыған қатысты баспасөзде, әлеуметтік желіде түрлі сын пікірлер мен ұтымды ұсыныстар көптеп айтылып жатыр. Оның артықшылығы жоқ. Дегенмен Қанат Ешмағанбетұлы секілді тәжірибелі маманның, осы саланың ардагері ретінде айтқан пікірлері мен ұсыныстарына құлақ асқан дұрыс болар еді. Абай облысындағы өрт кезінде жұмыстың жүйелі ұйымдастырылмағанын атай келе Қанат Ешмағанбетұлы орман шаруашылығындағы өрт қауіпсіздігін бақылау жұмыстарын күшейту қажеттігіне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, тілсіз жаудың боларын күтпей, оның алдын алу жұмыстары жүйелі негізде жүргізіліп тұруы тиіс. «Мен көбіне Кеңес кезінде қызмет еттім. Сонда өрт қауіпсіздігін бақылайтын, тексеретін арнайы орган болатын. Олар орманның маңайын жыртып, өрттің алдын алу шараларын қабылдауға міндеттейтін. Қазір жеке кәсіпкерлерді, бизнесті тексеруге тыйым салынған. Бұрын ондай шектеу болмады, тиісінше қадағалау қатты еді. Сондықтан өрт қауіпсіздігін бақылауды күшейту қажет. Мысалы, Еуропа елдерінде ормандағы өрт қауіпсіздігін бақылап отыратын орган бар. Бізге де осындай бастамаларды қолға алу керек. Жалғыз ТЖМ барып, барлығын өшіре салады деген болмайды. Мысалы, АҚШ, Австралияда орман өрті болып жатады. Дегенмен оларда нақты алогоритм бар», - дейді белгілі маман. Мұндай пікірді көпшілік те құптап отыр.

    Өрттің шығу себептері туралы жорамалдар мен болжамдар жетерлік. Өрт қасақана қойылды деген де күдік бар. Екі рет найзағай соқты деп айтатындай оны біреу сол жерде санап отырып па? Сыныққа сылтау іздеудің қажеті жоқ, нақты тексерулер жүргізу керек. Өрттен кейін жарамды ағаштарды құрылыс материалы ретінде сату фактілері бұған дейін де талай ре тіркелгені белгілі. Ондай тақтайлар Алматының құрылыс базарларында сатылғанын көргенбіз. Кейбір пысықайлар сол ағашты арзанға алып, шетелге қымбатқа сатады деген деректер де айтылып жатыр. Демек, өз бас пайдасы үшін қәзіргі тойымсыздар адам өлімін елемей, өзіміздің өмір сүріп отырған туған табиғатты тонаудан тайсалмайды. Заңсыз пайдаға құныққандарға осы қылмыстары үшін қатаң шара қолдану қажет. Екіншіден, орманшылар мен өрт сөндірушілердің қолданыстағы техникалары әбден ескірген, тіпті сонау кеңестік кезеңнен келе жатқан ескі-құсқылар екені де жиі айтылуда. Соның бәрі жаңартылсын. Үшіншіден, осы салаға, орман қауіпсіздігіне қомақты қаржы бөлініп жатады. Бірақ ол қаражат орманшылардың әлеуметтік, қызметтік жағдайын жасқартып жатқан жоқ. 60-80 мың теңге жалақы қай жыртығына жамау болады? Кейбіреулер орманшылардың жұмысы өрт кезінде ғана ауыр, басқа күндер шыбық басын да сындырмайды дейді. Олай емес, олардың міндеті – орманды күні-түні қорғау. Сондықтан олардың еңбектері лайықты бағаланғаны жөн. 1 шілдеден бастап орманшылардың айлығы өседі, ал материалдық-техникалық базасы 2027 жылға қарай 100 пайызға жаңарту жоспарланған депті Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сұлейменова. Министрдің айтуынша, елдегі орман шаруашылығына 8,1 млрд. теңге бөлінген. Ал өртті ерте анықтау жүйесіне 4,1 млрд. теңге қарастырылған. Біз неге үнемі болары болып, бояуы сіңгеннен кейін ғана қимылдаймыз?Үкімет осы айтқан шараларды неге алдынала қабылдамады? Міндетті түрде ондаған кісі өлімі болу керек пе еді?..

       Кеш те болса үкімет тарапынан шаралар қолға алынбақшы екен. Министр мен аудан әкімін орнынан алып, облыс басшысына сөгіс бергенннен жағдай түзеліп кетеді дегенге ешкім сенбейді. Сала жұмысына қаржы бөлу өз алдына, сол қаржының жолай тоналмай межелі жеріне жетерін бақылау керек. Бұл жерде де жемқорлық жетерлік, өртке ең басты себептердің бірі де сол. Бізде жемқорлық барлық саланы жайлап алғаны белгілі, алдымен сонымен қағаз жүзінде емес, нақты іспен күресу керек. Екіншіден, өртке кінәлілер заң бойынша қатаң жазалансын. Қостанайдағы болған өртке ақыры қарапайым тракторшыны кінәлі ете салғандай барлық кінәні найзағайға артып қарап отырмасын құқық қорғаушылар. Бұл қайғылы жағдайға жеткізген оқиғаны мұқият зерттеп тексермесе, қатаң шаралар қолданбаса ол алдағы уақытта да қайталана береді. 

Зейнолла АБАЖАН, 

Қазақ үні