«Жауыздық» қазаққа қайдан жабысты?

2
1390

Жуырда «Жас Алаш» газетінің редакциясында «діни лаңкестік» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтіп, оған белгілі заңгерлер, саясаткерлер, журналистер қатысып, қоғамымыздағы аталмыш қауіпті құбылыс туралы ойларын ортаға салды. Журналистердің жүргізген мониторингіне қарағанда, соңғы екі жылдың ішінде елімізде «діни лаңкестікке қатысы бар» деген айыппен 47 адам сотталған екен.

Осы жиынға Ақтөбеден арнайы келген Аман­дық Ахетов деген азамат кәмелетке толмаған 17 жасар ұлы Саламат Ахетті «нақақтан-нақақ сотталды» деп есептейді. Биылғы жылдың 19 ақпанында Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 19 жастағы Нұрсұлтан Теңізбаевты, 18 жасар Арслан Жақаев пен 17 жастағы Саламат Ахетті «терроризмді насихаттап, лаңкестік жасауға жария түрде әрекеттенді» деген айып бойынша кінәлі деп тауып, алдыңғы екеуін – 5 жылға, Саламатты – үш жылға бас бостандығынан айырған.
Оқиға былай өрбіген көрінеді. Былтырғы жылдың басында Ақтөбеде «Аллаһ» деген жазуы бар арақ шыққаны анықталған. Бұған қарсы мұсылмандар қауымы өре түрегеліп, қарсылық білдіргенін бүкіл ел біледі. Бозбалалардың «лаңкестігі» осы дүрбелеңнен басталған екен.
Амандық Ахетовтің айтуына қарағанда, оның баласы Саламат үш жолдасымен бірге мешітке жұма намазға барып жүргенде, Асхат Сәкенов деген 23 жасар діндар азамат бірге жүрген жастардың арасына сыналап сіңеді. Олардың сеніміне әбден кірген соң, Сәкенов: «Аллаһ» деген жазуы бар арақ шығарған зауытты жару, өртеу керек» деп үш баланы азғыра бастайды. Ол үшін «джихад жасаймыз» дейді. 17 шiлде күнi  Сәкенов балаларды үйіне ауызашарға шақырады. Бірақ, ауызашарда Сәкеновтің өзі жақ ашпай, жас балаларды ғана сөйлетіп, өзі сұрақ қойып қана отырған. Осы сәтте ол алдын ала тележәшіктің ішіне орнатылған шағын бейнекамера арқылы балалардың әңгімесін түгелге жуық түсіріп алған екен.
24 шiлде күнi Сәкенов балаларды тағы да үйіне шақырады. Сәкеновтің өзі 15 шілде күні стадионға барғанда, полицейлер автобусында қару-жарақ тиеулі тұрғанын, абыр-дабырда ол қаруды оңайлықпен қолды етуге болатынын айтқан. Бұл жолы «26-сы күнi стадионда футболдан матч болады, соған барғанда көресiнi көрсетемiз» деп, балаларды тағы да үгіттеген. Сәкеновтің үйіндегі екінші кездесуде тағы да «зауытты жару» мәселесі сөз болады.
Сотта осы екі күндік түсірілім мен Сәкеновтің жауабы негізге алынған көрінеді. Сот барысында жалғыз куәгер Асхат Сәкеновтің айтқаны уәж саналған.
Ол кінәлі бола тұра, жазадан қалай құтылып кетті? Қамауға алынған басқа балалар өз жауаптарында іс төркінін қайта-қайта Сәкеновке сілтей берген соң, оны сезікті ретінде ғана қамауға алады. Сезікті болса да, құқық қорғау орындары оны жасырын пәтерде үш куәгермен бірге 45 тәулік бойы ұстаған. Шатақ шырмауынан құтылу үшін, куәгер балалар үрей үстінде жауап хаттамаларына қол қоя берген. Сот барысында Ысқалиев, Ақтамақов және Байшолақов тергеу кезінде қорқыныштан берген жауаптарынан бас тартып, шындықтарын айтады. Бірақ, сот олардың бұл бас тартуларын қаперге алмайды. Сот барысында прокуратура өкілі Асхат Сәкеновті қорғаштап, оған бірде-бір сұрақ қойдыртпаған.
Шынтуайтына келгенде, Саламатты және онымен бірге сотталған жасөспірімдерді үгіттеп, арандатқан 24 жастағы Асхат Сәкеновтің өзі сияқты. Бастапқыда ата-аналардың талабы бойынша сезікті ретінде қамауға алынған Сәкенов артынша куәгерге айналып шыға келген. «Соған қарағанда, Сәкенов арнайы қызметтің құпия агенті» дейді сотталған балалардың ата-аналары. Оның үстіне, Асхат Сәкенов бұған дейін де екі бірдей сотқа «куәгер» ретінде қатысып, «терроризм» айыбы бойынша сезікті адамдарды соттауға септік еткен көрінеді.
Әділдік іздеген әке Амандық Ахетов былай дейді: «Асхат Сәкенов жас балалармен күндіз кездескенде «жару керек, полицейлерді құрту керек» деп үгіттеп, оларды арандатады да, кешкісін ауызашардағы әңгімеде тек сұрақ қойып қана отырған. Онда да жас жігіттердің айтар сөздерін ауыздарына салып: «Күндіз айтқаныңды қайталашы» деп, жастардың әңгімесінен тиісті нәтиже алуға тырысқан. Бірақ, бұл жазбаның түпнұсқасы жоқ. Осы арада заңды сауал туындайды: егер жас жігіттерді Сәкенов үйіне шақырып, «лаңкестік лаңы» жөнінде әңгіме өткізуге мұрындық болса, террорлық әрекетті ұйымдастырушы адам да сол Сәкеновтің өзі болуы керек емес пе? Ендеше, ол неге куәгер ғана атанып, қалғандары сотты болуы тиіс? Яғни, бұл сұрақтардан Сәкеновтің әлдекімдердің тапсырмасы бойынша әрекет еткенін білуге болады. Егер ол арнайы агент болмаса, оған бұл түсірілім не үшін керек болған? Бейнекамераны теледидардың ішіне кім орнатқан? Арнайы маман болмаса, ондай аспапты астыртын орнату екінің бірінің қолынан келетін әрекет емес екені бесенеден белгілі. Ал, бұндай тіміскілік әрекет жасау кімнің әдісі?».
Сонымен, үш жігітті лаңкес­тікке үгіттеген Асхат Сәкенов кім? Дөңгелек үстел басындағы әңгіменің тоқетер түйіні мынау болды: Асхат Сәкенов арандатушы адам! Ол өз алдына жүрген бейкүнә діндар болса, оған бұл арандату неге керек болды?! Жас жігіттердің жазықсыз сотталуынан ол не ұтты?!.
Тағы да алдап-арбаудың құрығына түскен жас жігіттің әкесі айтады: «Баламды көшеден ұстап әкеткен күні кешкі сағат беске дейін тергеген. Содан кейін кабинетке анасын кіргізіп алып, сағат тоғызға дейін шешесінің көзінше жауап алады. Тергеуші – ҰҚК капитаны Д.Әубәкір баламның берген жауаптарын жазып отырады. Анасы «балам ол жауабында қылмыс туралы айтпаған» дейді. Бірақ, артынша мемлекет тарапынан берілген адвокат Айнұр деген біреу: «Мынаны оқыңыз да, қол қойыңыз» депті. Келіншегім өмірінде ондайды көрмеген. «Көзім көрмейді, кейін оқып, қол қойсам қайтеді?» десе, әлгі адвокат: «Балаңызға ештеңе болмайды, қол қоя беріңіз» деп сендіріпті. Сөйтіп, қол қойдыртып алған хаттамаға балам айтпаған жауаптар жазылып кетеді. Оны екі-үш күннен кейін көшірмесін алып оқығанда аң­ғардық. Мұндай нәрсе бұрын-соң­ды басымыздан өткен жоқ. Ар­тынан адвокаттар алқасына адвокат Айнұрдың үстінен шағым түсірдім».
Дөңгелек үстел барысында Жоғарғы соттың бұрынғы судьясы Өтеген Ықсанов балаларды соттау кезінде жол берілген шикіліктерге назар аударды:
«Сот Сәкеновтің жауабын дұрыс деп қабылдап, оның сөзіне ешқандай күмән келтірмейді. Ал, сотталған балаларды жақтаған куәгерлер – Ақтамақов, Байшолақов, Ысқалиевтердің сөздері қате, себебі, бұлар бұрыннан таныс адамдар, куәгерлер сезіктілердің жазасын жеңілдету үшін осылай айтып отыр дейді. Десек те, балалардың айтуынша, мұны бастан-аяқ ұйымдастырған, басты рөлді атқарған – Сәкенов.
Екінші дерек – терроризмге ақпарат құралдары арқылы шақырды дегенімен, бұлардың бір-бірімен сөйлескен әңгімесінде «лаңкес» деген сөз жоқ. Бір‑бірімен сөйлескендегі құжаттардан келтірген үзінділері тағы жоқ. Мысалы, телефон арқылы сөйлескенде, бұлар нақты мынандай сөзді айтты деген дерек келтірілмеген.
Тағы бір заңсыздық – аудио­жазбалардың стенограммасын ҰҚК инспекторы жасаған. Ал, шын мәнінде, оны арнайы мамандар жасауы керек. Кез келген оперативті қызметкер маман емес. Оған рұқсат беретін құжаты, арнайы мамандығы болуы тиіс. Тергеу өте шала жүргенге ұқсайды. Сегiзбаевтың адвокаты Ерманов өзiнiң апелляциялық шағымында осылай деп жазған. Егер мұны шын мәнiнде зерттейтiн сот сатылары болса, сот үкiмiн бұзып, қайта тергеуге шақыруы тиiс».
Отырыс соңында қылмыстық істің көшірмесін талқылаған заң саласының білікті мамандары, саясаткерлер мен зиялы қауым өкілдері Амандық мырзаға шын жанашырлық танытып, араша түсуге ниеттенді.
Бізді алаңдатқаны бір-ақ мәселе – жеті атасында жоқ жауыздық қазаққа қайдан жабысты? «Лаңкестік» деген сөз бен «лаңкестік лаңы» дейтін тіркес қазақтың тарихында бұрын-соңды мүлдем сирек қолда­ныл­ған немесе тіпті жоқтың қасы ғой. Өз қазағын, туған бауырын қан­ға бояп, қасиетті дінінің киелі қағидаларына қарсы келу – нағыз қазақ баласының қаре­кеті емес, имансыз батыстың лаңы, ұлтымыздың үлкен дұшпан­дарының кесапаты, жар астынан шыққан жаудың бүлдіргі бүлігі.

ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН ЛАҢКЕСТIК ӘРЕКЕТТЕРДIҢ ХРОНОЛОГИЯСЫ 

30 наурыз 2011ж. – Алматы қаласындағы Қалқаманда атыс болып, 3 адам қаза тапты,1 адам жараланған.
5 сәуiр 2011ж. – Қалқамандағы атыс: 2 қылмыскердiң бiреуi өлген, 9 арнайы жасақ сарбазы жараланған.
17 мамыр 2011ж. – Ақтөбе­дегi ҰҚК ғимараты жанындағы лаңкестiк әрекеттен террорист қаза тауып, төрт адам жараланды.
24 мамыр 2011ж. – Астанадағы ҰҚК-нiң тергеу абақтысы жанында екi лаңкес өздерiн жарып жiбердi.
30 маусым 2011ж. – Шұбарши­де­гi қақтығыста екi полицей қаза тапты.
1 шiлде 2011ж. – Кеңқияқта бiр полицейдi өлтiрдi.
8 шiлде 2011ж. – Шұбарши, Кең­қияқта 9 террорист қаза болды.
25 шiлде 2011ж. – Ақтөбеде қылмыстық топты ұстау барысында атыс болып, бiр полицей мен кездейсоқ азамат және бiр қылмыскер өлдi.
31 қазан 2011ж. – Атырауда 2 террорист өздерiн жарып жiбердi.
8 қараша 2011ж. – Алматы қаласындағы Райымбек даңғылында бiр полицей жараланып, 2 полицей қаза тапты, төрт қылмыскер ұсталды (Бесағаш ауылындағы оқиғаға байланысты).
12 қараша 2011ж. – Таразда 5 полицей мен 2 бейбiт тұрғын қаза тапты, 3 адам жараланып, лаңкес өлтiрiлдi.
3 желтоқсан 2011ж. – Боралдайдағы атыста 5 қылмыскердiң көзi жойылды, 2 арнайы жасақ сарбазы қаза тапты.
28 мамыр 2012ж. – Арқанкерген шекара бекетiнде 15 адамның өртелген мәйiтi табылды.
21 маусым 2012ж. – Ақтөбелiк полицейдi өлтiрген.
11 шiлде 2012ж. – Алматының «Тау самалы» ықшам ауданындағы жарылыста 8 адам көз жұмды.
28 шiлде 2012ж. – Алматыда екi полицейдi қарулы топ өлтiрiп кеттi.
30 шiлде 2012ж. – Ақкентте қылмыстық топты құрықтау кезiн­де 6 адам мерт болып, біреуi тұт­қындалды.
13 тамыз 2012ж. – Ақсай шат­қалында 11 адамның мәйiтi табылды.
17 тамыз 2012ж. – Бағанашылда 9 террористiң көзi жойылып, бiр полицей жараланды.
Барлығы: полицей мен азаматтардың қаза болғаны – 47, ал, жараланғаны –19.
Террорист және қылмыскерлер саны – 46, қолға түскендерiнiң саны – 7.

Жангелді АСАН,
[email protected]

2 ПІКІРЛЕР

  1. ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН ЛАҢКЕСТIК ӘРЕКЕТТЕРДIҢ ХРОНОЛОГИЯСЫ

  2. Журналистердің жүргізген мониторингіне қарағанда, соңғы екі жылдың ішінде елімізде «діни лаңкестікке қатысы бар» деген айыппен 47 адам сотталған екен.

    Осы жиынға Ақтөбеден арнайы келген Аман­дық Ахетов деген азамат кәмелетке толмаған 17 жасар ұлы Саламат Ахетті «нақақтан-нақақ сотталды» деп есептейді. Биылғы жылдың 19 ақпанында Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 19 жастағы Нұрсұлтан Теңізбаевты, 18 жасар Арслан Жақаев пен 17 жастағы Саламат Ахетті «терроризмді насихаттап, лаңкестік жасауға жария түрде әрекеттенді» деген айып бойынша кінәлі деп тауып, алдыңғы екеуін – 5 жылға, Саламатты – үш жылға бас бостандығынан айырған.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз