Төтенше жағдай министрлігіне төтенше реформа керек!

Төтенше жағдай министрлігіне төтенше реформа керек!

Орманы өртеніп, он төрт адам қаза тауып жатқанда Экология мен табиғи ресурстар министрлігі неге үнсіз?

Ормандағы өрт он төрт адамды алып кетті… Өртпен алысып, жанып кеткентер ішінде әке мен бала да жүр… Бәрі бір-бір отбасының тіректері, “Әкем жұмыстан қашан келеді?”-деп күтіп отырған балалардың әкелері еді…

Тілсіз жаумен алысып, қаза тапқандар арасында 33 жастағы әйел адам да бар екен…

Имандары саламат болсын! Пейіште рухтары шалқи бергей. Қаза тапқандардың отбасына, туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз.

Адам қазасына әкелген өрттің жалыны Төтенше жағдайлар министрін орнынан алумен біте қалмау керек!

Былтыр Қостанайдағы өрт елге қаншама зардап шектіріп, түтіні әлем атап өткен Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған жері - Торғайдағы тойын тұншықтырғанда-ақ түбегейлі шешімдер қабылдануы керек еді…

Бұл табиғи апат па, жоқ адам қолымен жасалған апат па, қатаң тексеріліп, тергелуі тиіс!

Орманы өртеніп, он төрт адам қаза тауып жатқанда Экология мен табиғи ресурстар министрлігі неге үнсіз?

Абай облысы әкімдігінің, орман шаруашылығымен айналысатын басқарманың бақылауы қайда?!.

Адамдар қазасына әкелген алапат өрттен ғана емес, Төтенше жағдай министрлігіндегі, Абай облысы әкімдігіндегі, Экология министрлігіндегі жауапсыздық пен жайбасарлықтан жанып кетесің!?.

Табиғи ресурстар мен экология министрлігі, Төтенше жағдай министрліктерінің алда беретін жаттанды жадағай жауаптары бізді алдағы апаттардан құтқара ала ма? Қостанайдағы алапат өртке бар болғаны бір тракторшы кінәлі боп шыққанына кім сенеді?!.

Жүйесіздігі көп салаларда жүйелі түрде болып тұратын орман өрттерінің себебі неде? Қалың қарағайды қабығы күйгесін қалағаныңша кесіп алып, базарға шығара беруге болатын ереженің кесірі тиіп жатқан жоқ па?

Өрт сөндіруге келсек, Төтенше жағдай министрлігі төтенше жағдайға дайын ба?

Өткен жылы Парламентке келген министр Ильиннің депутаттар сұрақтарына берген әлсіз жауаптарына ғана емес, жалпы реакциясына қарап “Жер қозғалса, қозғалмайтын адам екен, төтенше жағдайда қайтеді екен?”-деп едік…

Министр ауысқаннан мінсіз жұмыс жүріп кете бермейді.

Ең алдымен Төтенше жағдай министрлігінің өзіне төтенше реформа керек! 

Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні