ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРАНАРЫ ЕДІ…

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРАНАРЫ ЕДІ…

ЕЛГЕ ЕҢБЕК ЕТУДІҢ ЕРЕН ҮЛГІСІ ЕДІ…

ӘКІМДЕРДІҢ ЭТАЛОНЫ БОЛА БІЛДІ…

Беу дүние, Бердібек ағамыз да бақи дүниеге аттанып кетіпті ғой?!. Сап-сау жүрген секілді еді…

Алла алдынан жарылқасын! Пейіште рухы шалқи бергей!

Талмай еткен еңбегінің арқасында тарланға айналған Бердібек ағамыз өмірінің соңына дейін аттан түскен жоқ! Ат үстінде кетті…

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев бес өлкені басқарды. Екі рет Үкімет басшысының орынбасары болып, ең ауыр әлеуметтік салаға жетекшілік етті. Ең бейнеті көп Еңбек министрі болды. Кеденнің керегесін кеңейтіп, іргесін бекемдеді. Бердібек Сапарбаев басқарған кезде Кеденнің миллиардттар ағылып жатқан тесігі бүтінделіп, жыртығы жамалды. Қатаң бақылау орнатылды. Бұны кеденде істегендер ризалықпен айтып отырады.

Бес облыста бейнет кешті. Барған жерлерінің барлығының әлеуметтік-экономикасы көтеріп кетті. Артында жақсы іс пен жақсы сөз қалды. Қай облысқа барсаңыз да, Бекеңнің игі істерін айтып, мақтап отырғанда марқайып қаламыз. Өткен жолы Шығысқа барғанымызда есімі елге белгілі бір ағамыз “Сапарбаев пен Ислам Әбішевтің кезін аңсап, жылайтын жағдайдамыз”-деп ағынан жарылған болатын…

1995 жылы 42 жасында Қызылорда облысын басқарды. Қызылордада жұмыстың қызуын арттырған Бердібек Сапарбаев 1999 жылы шуы көбейіп тұрған Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып келді. Бұл кез облыстың төрттағандап шөгіп жатқан кезі еді. Қалада жарық жоқ, газ жоқ, жылы су жоқ, жұмыссыздар босып кеткен… Қалалықтар көп қабатты үйлерінен шығып, тамағын аулада істеп ішуі дағдыға айналған. Электр жарығы жоқтығы соншалық түнде ұшып келген ұшақтар Шымкентті көрмнй өтіп кетердей қараңғылық басқан кез, ел еңсесі түскен кез еді…

Бердібек ағамыз белді буып, білекті түріп, бейнетке белшесінен кірді де кетті. Әрине, оңай болған жоқ. Облыс пен Шымқаланың әлеуметтік-экономикаға қан жүгіртіп тұрған қаншама стратегиялық маңызды нысандардың барлығы Бекеңе дейінгі әкімдердің кезінде жекешеленіп кеткен. Солардың әрқайсысымен соттасып жүріп, жекешеленіп кеткен маңызды нысандарды қайтарды.

Қарқынды қайрат танытып, халықтың ықыласын аударған әкімнің жаулары да аз болған жоқ. Жамандау, жала жабу басталды. Тек Бердібек Сапарбаевты жамандау үшін ғана Шымкенттегі әйгілі трайбалистер тобы бір “Ар-Дақ” деген газет ашты. Ол газеттің негізгі жұмысы Бекеңнің аяғынан шалу болды. Газеттің “Ар-Дақ” деген аты да өзіне сай еді - Арға Дақ салатын жалалы материалдарға толы болатын.

Осындай кезде жаңадан ашылған “Қазақ үні” газеті “Сын болса, шын болсын” деп, ел үшін еңбек етіп жатқан еңбекқор әкімге нақты дәлелдермен араша түскен болатынбыз.

2002 жылы Бердібек Сапарбаев Қаржы вице-министрі - Кеден комитетінің төрағасы болып елордаға ауысты. Төрт жылға жетпейтін уақытта төрттабандап шөккен облысты төрт аяғынан тік тұрғызып кетті. Оңтүстік оңалды. Шымкентке жарық та, газ да келді. Қала қалыпты жағдайға түсіп, қарқынды тірлікке көшті. 

Бұл Оңтүстік Қазақстан облысына әкімдік жүйе енгелі облыс әкімінің алғашқы рет абыроймен, жақсы атпен астанаға ат ауыстыруы еді.

Облыспен қоштасу жиынында Бердібек Сапарбаев елдің бәріне рахмет айтты. Бір-ақ адамға, “Ар-Дақ” газетінің бас редакторына бір ғана сұрақ қойды:

- Енді сендер “Ар-Дақ” газетін қайтесіңдер, жабасыңдар ма? Ол газетті тек мені жамандау үшін ашып едіңдер, мен енді астанаға ауысып бара жатырмын ғой!”-деді.

Ел дуу күліп, дүр етіп қол шапалақтады. “Бас редактордың” басы орындықтар арасынан көрінбей қалды…

Бердібек Сапарбаевтың Оңтүстіктегі оңды жұмысынан ол кісінің ел аузында қанатты сөзге айналып кеткен:

“Ер екеніңді білейін, Шымкентті басқарып көрші”-деген сөзі қалды.

Шығыс Қазақстан облысын басқаруға барғанда Өскемен қаласына өзі іскерлігіне көзі жеткен Ислам Әбішті астанаға вице-министр болып бара жатқан жерінен шақырып алып, әкім етіп тағайындады.

Еңбек десе ешқандай сағатқа қарамай жұмыс істейтін екі тарлан Шығысқа шырай кіргізіп, Өскеменді өскелең қалаға айналдырды. “Красный Восток” атанған қалада ешкім істемек түгілі, ойларына да алып көрмеген коммунизм көсемі Лениннің облыс әкімдігі алдындағы ескерткішін алып тастап, асқар Алтай төріне асқақтатып, ұлы Абайдың алып ескерткішін тұрғызды.

Орта Азиядағы ең еңселі мешіт салды. Алтай бөктеріне Еліміздегі ең биік Ту тігілді! 

“Шығыс Шынары” халықаралық мүшәйрасы төрт жыл дүрілдеп өтті. Қазақтың бүкіл ақын-жазушылары Асқар Алтайды жырлап кетті. Қадыр, Тұманбай, Исраил, Темірхандар бастаған шайырлар Ертістің толқынымен толқып тұрып жыр оқыды. Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмәділдің “Шығысқа алдымен Абай келді. Одан соң Абайдың інілері, қазақтың ірілері келді” деп шалқып сөйлетіні осы кез еді. 

Екі жыл бұрын Жамбыл қаласы маңындағы Байзақ ауданында оқ-дәрі қоймасы жарылғанда “Ақ жол” партиясы сол ауылдағы жағдайы нашарларға көмір түсіріп беріп, көмек көрсеттік. Азат Перуашев бастап, бірнеше депутат барып, ел жағдайымен таныстық. Сонда уақытпен санаспай күндіз-түні шапқылап жүрген облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездескенде “Ақ жолға” алғысын айтып, ризалығын білдірген еді. 

Сол Жамбылдықтар Бекең зейнетке шығып, әкімдік қызметтен кетерде тайлы-таяғымен жиналып, жаппай қимай қоштасып, шығарып салды. Көзіне жас алған елдің ерекше ықыласын көріп, Бекеңнің де көңілі толқыды. Темірдей жүйке бір сәт босады…

Ел қимай, көзіне жас алып шығарып салатын Бекең секілді әкімдер некен-саяқ. Ал құтылғанда қуаныштан жылайтын әкімдер жетіп артылады… Құдай солардан сақтасын!

Ақтөбе облысында әкім болып тұрғанда мұнайымызға қолын майлаған қытайлар облыс әкімі қатысқан үлкен жиналыста аудармашысымен қосылып, қазақ жеріндегі жиында қытай не орысша сайрап жатқанда тоқтатып қойып: “Қазақстанда мемлекеттік тіл - қазақ тілі! Қазақ тілінде сөйлеу керек! Қытайда қытай тілінде сөйлемеуге бола ма?!!”-деп тыйып тастағанда, ел бір серпіліп қалған еді.

Бердібек ағамыз айтылған сыннан қорытынды шығара білетін. Кейбір әкімдер секілді ерін бауырына алып туламайтын. Біз “Қазақ үні” газеті мен порталында Шығыс Қазақстан облысына сын мақалалар да жазып тұрдық. Оның бірі “Өскемен қай елдің қаласы? 707 көшенің қазақшасы 2 пайыз ғана?!.”-деген мақала. Екіншісі Өскеменге Абай мен Михаэлистің сәтсіз ескерткіші қойылғанда. Қорытынды дұрыс болды. Қала көшелері қазақшаланды. Ал сәтсіз ескерткіш бір күн ғана тұрып, алынып тасталды…

Бекеңді биыл соңғы рет Президенттің ауызашарында Ақордада, содан соң өзі ауызашар бергенде Әзірет Сұлтан мешітінде көріп едім. Елдің бәрін жинаған еді сонда ағамыз. Биыл жемісті жетпіске толып еді. 

“Бір тойым болатыны сөзсіз менің, Дәл қай күні екенін айта алмаймын!”-деп ұлы ақын Төлеген жырлағандай, мерейтойына дайындалып жүрген еді!..

Өмірі демалуды білмейтін Бердібек көкем Көкшеге демалысқа барып еді… Бір демалыс… мәңгілік демалуға ұласарын кім білген?!. Бір тынбай соққан алып жүрек тоқтады…

Бурабайға барып шөккен қазақтың қаранарын қасында болған інісі Ислам Әбіш Арқадан Алматыға алып келе жатыр… Ертең елдің қоштасуы…

Өмір деген осы! Алладан үкім келді-қайтпас сапарға аттанып кете барды…

Иә, ел қабырғасы қайысып, жоқтап жатқандай, Бекең нағыз қазақтың қаранары еді… Қандай биік лауазымдарда істесе де, қазақы қарапайымдылығын жоғалтпады!

Қазақтың көрнекті ақыны, Түрік мемлекеттері Жазушылар Одақтары қауымдастығы төрағасы Ұлықбек Есдәулет ағамыз айтқандай: “Тәуелсіздік тарихындағы бірегей тұлға

Бердібек Машбекұлы Ел үшін, жұрт үшін, жер үшін, ұлт үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, қажымай-талмай қажырын жұмсаған ат төбеліндей аз қайраткердің бірі еді…”

Бекең туралы сөзді ол кісіні жақсы білетін жайсаң ағамыз, талай жыл Сенаттың абыройын арттырған серке азамат Мұрат Бақтиярұлының дәл тауып айтқан бағасымен қорытайын.

“Арда ағамыз Беке, мемлекетіміздің дамуына, халқымыздың қапысыз нығаюына үлкен үлес қостыңыз. Әкім деп аталатын басшылық институттың ЭТАЛОНЫ болдыңыз. Оған қалың көпшілік куә. Өз басыңыздың тарих деп аталатын кәрі шалдың алдында арыңыз таза!”

Ал Азаматқа ең басты керегі осы емес пе?!.

Халыққа істеген іс ұмытылмайды, халық жүрегінде сақтала береді.

Алды пейіш, арты кеніш болсын арда ағамыздың!

Жалпы қазаққа көңіл айтамыз!

Жеңгейге, ұл-қыздарына, ізбасар інісі Нұрлыбек бауырымызға, туған-туыстары мен ағайындарға көңіл айтамыз.

Иманы саламат болсын!

Қош, Қазақтың қаранары Бердібек аға!

Бақұл болыңыз!

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні