30 жыл ұрланған Халық қазынасын қайтаратын заңды аспанда да талқылауға болады…

30 жыл ұрланған Халық қазынасын қайтаратын заңды аспанда да талқылауға болады…

Тілшілер әуежайда отырған жерімнен тағы да тауып алып, сұқбатқа шақырды.

“Ақ жол” партиясы осыдан он бір жыл бұрын көтерген заң кеше қабылданды. 

Парламент Мәжілісінде «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Бұл заң ең алдымен Әділетті Қазақстанда заңсыз халық қазынасын халыққа қайтару жолында ел сеніміне ие болатын заң болуы керек. Бұл алдымен 30 жылда ел байлығының жартысынан астамын, 55 пайызын иеленіп отырған 162 олигархқа қатысты.

Мемлекет басшысының заңсыз иеленген активтерді қайтару туралы тапсырмасы енді осы заң күшіне енгесін қарқын алуы тиіс.

Қазір ел шулап жатқан шетке шыққан офшордағы миллиардтарды, жалпы Халықтың қазынасын халыққа қайтару мәселесін «Ақ жол» партиясы осыдан он бір жыл бұрын көтеріп, әділеттілік жолында күресіп келеді. 2013 жылы осы мәселемен біз Швейцарияға барып, сол елдің парламентінде Мәжіліс депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасы Азат Перуашев баяндама да жасаған. Сонымен қатар Латвия, Болгария парламенттерінде, Еуропарламент депутаттарымен кездесуде және т.б. көтеріп келдік. 

Кешегі Мәжілістің жалпы отырысында “Ақ жол” фракциясы ұстанымын білдірген Азат Перуашев бұл ел күткен ерекше заң жобасы туралы кеше Парламентте “Заңсыз шығарылған активтерді тергейтін парламенттік комиссия құрылу керек” - деген баяндамасында жеріне жеткізе айтты.

“Ақ жол” фракциясы 2013 жылдан бері заңсыз шығарылған капиталдарды қайтару мәселесін Парламентте үнемі көтеріп жүр, осы тақырып бойынша біз Үкіметке, Бас прокуратураға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне және басқа да құқық қорғау органдарына ондаған депутаттық сауал жолдадық.

2018 жылдан бастап Ұлыбританияда «түбі түсініксіз байлық» туралы норма енгізілгеннен кейін «Ақ жол» фракциясы осыған ұқсас механизмді біздің мемлекетте де қолдануды үнемі талап етіп келеді.

2016 жылдан бастап «Ақ жол» демпартиясының Саяси бағдарламасында капиталды қайтару және де-офшоризация мәселесіне жеке тарау арналған.

Сондықтан, біздің фракция бұл заң жобасын, әсіресе, біз бұрын ұсынған бірқатар нормаларды қамтитындықтан, құптайды. 

Дегенмен, заңсыз капиталдың бенефициарларына қатысты бұл заң жобасының «жұмсақтығы» туралы белгілі бір сұрақтар туындауда.

Бұл мұндай капиталдардың 100 миллион доллардан басталатын анық асыра көтерілген шегіне және олардың әшкереленген иелерінің жауапкершіліктен құтылу мүмкіндігіне байланысты.”-деді “Ақ жол” фракциясының жетекшісі.

Иә, былтыр 2022 жылы 24 наурызда “Ақ жол” фракциясы бастамасымен парламентте Қаңтар қасіреті есебін тыңдағанда да бұл мәселені Мәжілісте тағы да қайта көтергенбіз.

Бұл мәселе туралы 2022 жылы 3 қарашада "Хабар24" телеарнасының белгілі журналисі Еркін Байғабылұлы сұқбат та алған еді. 

Ол “Қазақ үні” ұлттық порталында: “30 жыл ҰРЛАНҒАН ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫН ХАЛЫҚҚА ҚАЙТАРУ КЕРЕК! Халықтың миллиардтаған қазынасы 162 олигархтың қай ата-бабасынан қалған мұрасы еді?”-деп жарияланған болатын.

Енді, міне, ел көптен күткен «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң жобасын талқылайтын күнге де жеттік, құдайға шүкір. 

Заң жобасын талқылау барысында кеше ҚР Әділет министрі Азамат Есқараевқа “162 МИЛЛИАРДЕРДЕН ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫН ҚАЙТАРАТЫН КОМИССИЯҒА ЕШКІМ ЫҚПАЛ ЕТПЕЙТІНІНЕ СЕНУГЕ БОЛА МА?" - деген сұрақ қойып, заңсыз алынған активтерді қайтару үшін құрылатын комиссияның тәуелсіздігі мен ашықтығы мәселесін көтердік.

Енді бүгін түстен кейін сол Еркін бауырымның бағдарламасы бойынша продюссері әуежайда отырған жерімнен тағы да тауып алып, сұқбатқа шақырды.

Жалпы, Еркін Байғабылұлының еркін сұқбаттарына ризамын. Ең алғаш осыдан төрт жыл бұрын ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің алғашқы отырысында “Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек! Ол заң дұрыс жұмыс істеу үшін атазаңдағы тіл туралы 7 баптың 2-ші тармағын алып тастау қажет” деп, ұсыныс жасағанымда сол кезде ең алғаш телеарнаға шақырып сұқбат алды. Жоғары мінберден, мемлекет басшысы алдында тұңғыш рет көтеріліп отырған Мемлекеттік тіл туралы Тәуелсіздіктің 30 жылы өтсе де, біздің билік үшін тосын да, жағымсыз ұсыныстарымызды тереңдетіп, таратып айтқызған да осы Еркін бауырым еді. Ал “Хабар” арнасы мемлекеттік арна болғандықтан, бұл оңай шаруа емес. Оған журналистің жүректілігі мен біліктілігі керек ең алдымен.

Ал осы Еркін Байғабылұлы жүргізетін “Күн тәртібі” бағдарлама бойынша бүгін түстен кейін хабарласқан “Хабар 24” телеарнасы, Жаңалықтар бөлімінің продюсері Әл-Фараби Серік екеуміздің бүгінгі диалогымыз былайша өрбіді. “Өтірікшінің куәсі қасында” демекші, әуежайда Мәжілістің елге есімі белгілі білікті де, батыл депутаты Самат Мұсабай екеуміз ұшағы бір сағат кешіккен “Эйр Астананың” өкілін шақырып алып, компанияның мәселесін май шаммен қарап болып, шәй ішіп отырған едік.

-Ассалаумағалейкүм Қазыбек аға! “Хабар 24”телеарнасы, "Күн тәртібі" бағдарламасы, бүгін кешкі 17:15 ке, «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» тақырып алып отыр едік. Студияға келе аласыз ба?

-Әлейкумассалам бауырым! Нағыз біздің тақырып екен! Бірақ, бір өкініштісі мен ұшақтамын…

-Онда онлайн қосылуға мүмкіндік бола ма аға? Сағат 17:55-ке дейін болады бағдарлама.

-“Эйр Астана” компаниясының ұшағы бір сағат кешігіп, 16:35-те ұшады, 18:15-те қонады құдай қаласа. Аспанға байланыстарыңыз жетсе, онлайн қатысайын бауырым. 

Бұл біздің, “Ақ жолдың” 11 жылдан бері көтеріп келе жатқан тақырыбы ғой. Біз бұны құпия банктердің отаны Швейцариядан бастап, талай елде талқылағанбыз. Енді заң қабылданғанда, аспанда ұшып бара жатып та қатысуға болады хабарға!

-Жақсы, аға! Аспанда сеть болмайтын шығар онда…

Ақ жол тілейміз!

Сонымен, Еркін Байғабылдың қадалған жерден қан алатын продюсері екеуміз жерден 8 мың шақырым биікте ұшақ ішінде сұқбаттаса жаздадық…

Бәлкім, құдай қаласа бір заманда оған да жететін шығар еліміз.

Әзірге 30 жылда ұрланған Халық қазынасын Халыққа қайтарып алайық!

Ел күткен ерекше заңға Ақ жол тілейміз!

Қазыбек ИСА,

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты

(Аспанда жазылған жазба)