Шетпедегі шетін оқиға

14
2732

 

 

 

ШЕТПЕДЕГІ ШЕТІН ОҚИҒА

жазым емес жетесіздік

 

Қазір, өкінішке орай, қылмыстың түр-түрі осы ауылдан шығып жатыр. Маңғыстау облысының алақандай Шетпе ауылында 5 мектеп, 1 техникалық колледж бар. Осы мектептердің түлектерінің арасындағы жиі болып тұратын дау-жанжал мен топтық төбелестер еш толастар емес. Тіпті, кейде жанжалдардың аяғы қан-жоса қырғынмен аяқталып жатады. Өйткені, бүгінгі ата-аналардың басым бөлігі бала тәрбиесіне жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмейді. Ол-ол ма, байлықтың буына масайған бай-бағландардың балаларының қалтасынан қару-жарақтың небір түрі табылып жатады.

Мысалы, үстіміздегі жылдың 9-шы сәуірінде Шетпе ауылында болған қанды оқиға көпшіліктің жағасын ұстатты. Ресми емес деректерге қарағанда, Маңғыстау техникалық колледжінің 1-курс студенті Алдаберген Дауымшаров кешкі сағат 21.00-ге таяу мезгілде үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Ол Ш.Бөлтекұлы атындағы спорт кешенінде 21.00 мен 22.00-дер шамасында жаттығудан шығып, орталық парк жанындағы Ж.Мыңбаев ескерткіші маңында достарымен 5-6 бала болып әңгімелеседі де, үйлеріне қайтуды ұйғарады.
Сөйтіп, кешкі сағат 22.15 минут кеткенде олар Шетпедегі «Балбөбек» балабақшасы жанынан өтіп бара жатқанда алдарынан бір топ бозбала (нақты саны 12 болса керек) шығып, бұларды таспен атқылайды. Жөн-жосықсыз тас атқылаған тәртіпсіздер Шетпе гимназиясы мен Б.Жұмалиев атындағы мектептің бітіруші түлектері екен. Тас атушыларға колледж студенттері де қарсылық көрсетеді.
Осындай кескілескен сәтте бағанағы 12 тәртіпсіздің ішінен Б. есімді бала ортаға шығып, Алдабергенге қос ауызды мылтық кезеп, атып жібереді. Атылған оқ 5 метрдей жерде тұрған Алдабергенге тиіп мойны мен төсі, бет әлпеті түгелге жуық жараланып, қанжосасы шығады. Екінші рет мылтығын оқтап жатқан жауызды Алдабергеннің жолдастары тап беріп, соққыға жығады. Сол кезде жанжалдасқан топ балалары жан-жаққа қашып кетеді.
Жол бойынан көлік ұс­таған достары Алдабергенді орталық ауруханаға жеткізеді. Алдабергенді науқастарды қабылдау бөлмесіндегі кереуетке жатқызған балалар дәрігер іздеп кетеді. Түнгі сағат 23.00 шамасында орталық ауруханада ауыр жағдайда түскен науқасты қабылдап алатын дәрігер табылмайды. Арада біраз уақыт өткендіктен, жараланған бала көп қан жоғалтып, түнгі сағат 13.00 шамасында көз жұмады. Беті-аузы қанға малынған баласын құшақтаған күйінде анасы мен апасы зар еңіреп қала береді. Осындай оқыс оқиғаның алақандай ауылда орын алғаны ешкімді бей-жай қалдырмады.
Осы ретте санамды сан түрлі сауалдар мазалайды. Біріншіден, ата-ана неге кешкі мезгілде баласын көшеге жібереді? Балаға жауапты болғандықтан, оның жүріс-тұрысын ата-анасы қатаң бақылауда ұстауы қажет еді. Екіншіден, аталмыш спорт кешенінің әкімшілігі неліктен кешкі мезгілде жастарды қабылдайды? Спорт кешенінің арнайы жаттығу уақыттарын күндізгі мезгілде балалар мен жастарға, ал, кешкі уақытта ересектерге белгілегені абзал болар еді.
Ауылдарда мектепаралық жанжалдардың жиі орын ала­тын­дығын әрбір мектептің әкімшілігі әлімсақтан біледі. Біле тұра, әлі күнге дейін неге шара қолданбаған? Үшіншіден, көшеде балалары төбелесіп жатқанда ата-анасы неге оларды іздемеген? Адам түгілі, мал қорадан шығып кетсе де, «қайда жайылып жүр» екен деп іздейміз ғой. Төртіншіден, ресми емес деректер «атқыш» баланың қолындағы мылтықтың иесі аудандағы бір ықпалды азамат екендігін меңзейді. Яғни, мылтықтың тіркелу паспорты мен пайдалану құқығы сол иесіне ғана тиісті. Ендеше, мылтықтың иесі оны өзге біреудің қолына неге береді? Бесіншіден, қансырап жатқан балаға дер кезінде көмек көрсетуге тиіс дәрігерлер қайда?..
Осынау сан алуан сауалдарға кім жауап береді?..
Балалардың айтуынша, Алдабергенді ауруханаға жет­кізгенде, дәрігерлер жарақат жет­­кіншеккке жедел жәрдем көрсетудің орынына, науқас баланың әке-шешесінің кімдер болатындығын, қайда жұмыс жасайтындықтарын, лауазымдары қандай екендігін сұрастырып, «тергеудің» астына алыпты. Алдабергеннің шешесі Ұштап апай дәрігерлерден балаға тез арада ота жасау қажеттігін өтінгенінде, дәрігерлер ауруханада реанимация бөлімінің жоқ екендігін, операция жасауға ешбір мүмкіндіктің қарастырылмағандығын алға тартыпты. Салынғанына 3-ақ жыл болған 5 қабатты орталық ауруханада «операция жасалуға мүмкіндік жоқ» дегенге кім сенеді? Осыған орай, Ұштап апай тиісті орындардан әділдікті талап ететіндігін айтып отыр.
Ақырында, Б. есімді бозбала өз қылмысын толық мойындап, қалған қылмысқа қатысты балалар аудандық ішкі істер бөлімінің арнайы есебіне алынды. Шетпе гимназиясының директоры Г.Н. жұмыстан босатылып, оның орынбасарларының лауазым­дық қызметтері төмендетілді. Ау­дандық білім бөлімінің бастығы аудан әкімінің тәртіптік шарасына тартылды.
Кім біледі, осынау қанды оқиғаның соңы жалғасын табуы да әбден мүмкін. Өйткені, жұрт өткеннің өзекті өкінішінен сабақ алуға тырыспайды. Елдің ересектері жастарымыздың болашағына балта шапқысы келмесе, олардың тәлім-тәрбиесін мықтап қолға алуға тиіс.

ЖАНЖАЛДЫҢ СОҢЫ САБЫРҒА САЙСЫН

Маңғыстау ауданы орталы­ғында болған келеңсіз оқиғаға байланысты аудан әкімдігінің мәжіліс залында келелі жиын өтті. Шетпелік бозбалалардың оғаш әрекетінің арты орны толмас қазаға әкелгенін республикалық БАҚ-да жарыса жазылған-ды. Маңғыстау техникалық колледжінің студенті Алдаберген Дауымшаровтың жас өмірі қиылып, аузынан ана сүті кетпеген бозбала қандықол қылмыскер атанды. Бір ауылдың тел қозыдай өскен балаларының мұндай жағдайға жетуіне не себеп болды? Кім кінәлі? Алдағы уақытта топтық төбелесті тоқтату үшін не істеу керек? – деген сұрақтарға жауап іздеген жиынға аудан әкімі Ж. Айтуаров, аудан прокуроры Б.Табылған, аудан әкімінің орынбасары Е. Махмутов, «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары С.Төребаев, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Қ.Тастеміров, білім бөлімінің бастығы С.Қалиева, Шетпе селосы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Исаев, Шетпе селосының әкімі М.Мүтәллапов, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері және аудан орталығындағы алты мектептің 11-сынып оқушылары мен мектеп директорлары қатысты.

 Аға буын өкілдері бүкіл ел сенім артып отырған жастардың бұл қылығын құптамайтындықтарын жасырмады. Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, адам баласын аздыратындығы ақиқат. Ата-ананың тапқан табысын оңды-солды шашып, не кием, не ішемді ойламаған бала бұзылуға бейім тұрары анық, бірақ бес саусақтың бірдей болмайтыны сынды жасөспірімдердің бәрін солай деуге тағы болмас. Осындай әрқилы пікір, орынды ой айтылған жиынды саралап өтсек, аудан басшысы алдағы уақытта беймезгіл көшеде жүрген, тәртіпсіздікке жол берген жасөспірімдерге аяушылықтың болмайтынын баса айтты. Олардың ата-аналары жазаға тартылып, өздеріне мектеп ауыстыруға дейін шара қолданылатындығы айтылды.
Аудандық білім бөлімінің бас­шысының баяндамасына назар аударсақ, аудан мектептерінде тәрбиелік, спорттық шаралар, құқық қорғау органдары өкілдерімен және дін қызметкерлерімен кездесулер жыл бойы өтіп отырады. Бірақ, нәтиже өзіміз көріп отырғандай.
Ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары кейбір мектептерде мектеп инспекторларына арналған арнайы бөлменің жоқтығын айтты. Осы мәселені шешуді сұрап құзырлы орындарға талай мәрте хат жолдағандарын да жеткізді. Сондай-ақ бейуақыт көше кезіп немесе қоғамдық орындарда тәртіп бұзған оқушыны бөлімшеге алып келгенде ата-аналар балаларын сүттен ақ, судан таза етіп алып, бар кінәні тәртіп сақшыларына арта салатынына қынжылды.
Жалпы, аудан мектептерінен жеті бала ішкі істер бөлімінің есебінде тұрады. Аудан прокуроры жыл ішінде жасөспірімдер жасаған қылмыстарға тоқталды. Сонымен өткен жылғы сандарды сөйлетсек, жасөспірімдерге қарсы толтырылған әкімшілік хаттама шамадан тыс көп. Яғни 496 хаттаманың 221-і жасөспірімнің ата-анасының қарауынсыз беймезгіл уақытта көшеде жүруі, 88-і түнгі тыныштықты бұзған, 53-і жекелеген қоғамдық орындарда темекі тарту, 28-і ұсақ бұзақылық, 20-сы алкагольдік ішімдік пайдаланған, 2-еуі осы қылмысты бір жыл ішінде қайталаған, 14-і ата-аналардың бала тәрбиесіне немқұрайлылық танытуы, 9-бұзақылық және тоғызы құқық қорғау қызметкерлеріне қарсы келгені үшін толтырылған.
Жиында мектеп оқушылары да өз пікірлерін білдірді. А.Меңда­лыұлы атындағы орта мектептің оқушысы А. Зарипов бір ауылдың ауасын жұтып, бір жердің дәмін татып жүріп, жік-жік болып төбелесудің қажеті жоқтығын айтады. Бүгінгідей ғылым мен техниканың қарыштап дамыған заманында бір-бірімізге бұрыш-бұрыштан тас лақтырып жүргенше, жетістікке жетуге талпынғанымыз дұрыс деген орынды ой айтты. Осы мектептің оқушысы А. Үгітов те сыныптасының сөзін құптады. «Мұндай басбұзарлықтардың алдын алу үшін, ең алдымен қазақшылықты қоюымыз керек» – дейді ол. Өйткені «бәленшекеңнің баласы, түгеншекеңнің баласы» болып, жазадан босап кеткен бала аз уақыт өткесін, тағы да тәртіп бұзады және оның жазадан сытылып кеткенін көрген қатарластары да бізге ешкім ештеңе істей алмайды деген пікірде болады дегенді алға тартты.
Шетпе лицейінің оқушысы А.Әбдірахмановтың айтқандарынан орын алған оқиғаның өз қатарласта­рына қатты әсер еткендігін байқадық. «Бұл жерде ата-ананы да жазғыра берудің жөні жоқ. Қай әке, қай шеше баласын жаман болсын дейді. «Баламның табанына кірген шөңге, менің маңдайыма кірсін», – деп отыратын ата-ананың қадірін жастар біле бермейді. Сондықтан бүгінгі қоғамда ата-ана өзін тек баласының материалдық жағдайын жасаушы деп ойлайды деген пікір қалыптасқан. Шындығында олай емес, бәріне кінәлі өзіміз. Жасалған жағдайды жақсы істерге емес, жаман істерге жұмсайтынымыздың нәтижесінде біреуді маңдайына біткен жалғыз ұлынан айырдық. «Жігіттер бұл бағытпен жүре берсек арты жақсылыққа апармайды. Кек қуу дегенді қоюымыз керек»,-деген балаң жігіттің сөзі орынды. Сондай-ақ, өзге балалардың айтуынша, орталықта орналасқан шаштараз, спорт, өнер мектебі, мәдениет үйіне келуге Б.Жұмалиев атындағы орта мектеп пен гимназияның балаларынан басқаларға тыйым салынған. «Біздің аймаққа рұқсатсыз кірдің», – деген желеумен балаларды ұрып-соғу оқиғалары орын алып жатса да, мұндай бассыздықты тоқтатуға білім ошақтары дәрменсіздік танытып отыр. «Бас жарылса бөрік ішінде» болып білінбей келген өзара төбелестің арты ушықпаса жарар еді.
Осы келеңсіздіктердің алдын алу шаралары енді ғана бастау алып жатыр. Алдағы уақытта жол­дас­тық кездесулер, достық негіздегі спорттық шаралар да жиі ұйым­дас­тырыл­мақшы. Құқық қорғау органдары қызметкерлерімен біріккен кең кө­лемді рейдтік шаралар өткізілмекші.
Өткен жылы ауданымызда кең көлемде «Әкелер слеті» ұйым­дастырылып, онда бас қосқан әке­лер ұрпақ тәрбиесіне түбегейлі бет бұрамыз дескен болатын. Прокурордың айтқан мәліметтеріне қарап, айтылған сөз сол жерде қалып қойған жоқ па деген күдігіміз де жоқ емес.
Денемізге дендеп кірген тікенді алып тастау жолында бала тәрбиесіне қатысты билік баспалдақтарында отырған шенеуніктер мен санда болса да сайда ізі жоқ комиссиялардың қаншалықты іскерлік танытатыны болашақтың еншісінде.

Аллаберген ҚОНАРБАЕВ,
Маңғыстау техникалық колледжі директорының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары,
Маңғыстау ауданы,
Маңғыстау облысы

 

 

 

14 ПІКІРЛЕР

  1. Қай беттеріңмен ақыл айтып отырсыңдар олген баланың ата анасы жети миллионды сұрап калталарына салып машин алып курортта демалып жаткан жок па,балдары жети ге турганыма,ақылдарың тасып жатса дұрыс әңгіме жазың Қонарбаевтан бастап,түрмеде шірейтін деп айтқан адамның өзи шірісін!

  2. 081199-ге /Техникалық қателіктер болса да көз жұмып қарар едім./ Ақылдысынып отырған қандай жансың? Кісі өлді, проблема бар Шетпеде. Сол проблеманы шешуге ақыл қосыңдар, бас десе құлақ демей…

  3. калай болгандада жазасыз калмауы тиис олардын,ешкандай кеширим бермеу керек,сонымен катар аурухана даригерлеринде бей-жай калдырмагандары жон,сол сатте жараланушыга комек корсеткенде арамызда жадырап журерме еди,

  4. Грамматикалық қатеге көп тоқталғым келмеді. Себебі, өзім мектеп оқушысымын. Менен де қателіктер бар шығар. Ал, «түнгі сағат 13.00», – дегені осы пікірді қалдыруыма себепкер болган.

  5. «Шетпедегі шетін оқиғада» сіз жас балаларды сынап жазыпсыз. Қарапайым ауыл тұрғыны немесе мектеп оқушысы болса ештеңе емес, әдебиет пен мәдениетке жақындығыңыз бар сізден бірнеше қателер тауып отырмын. Техникалық қателіктер болса да көз жұмып қарар едім.
    1) Халық арасындағы сөзден емес, анық – қанығын біліп жазған да дұрыс болар негізі. Жобасы келсе, болды дегендей Е. деген азаматты Б. есімді бала деп жазыпсыз. Осыны оқып алып, қарапайым халықтын қатысқан 12 баланын ішінен Б. есімді бала бар ма екен деп іздеп, бар болса, Е. есімді емес Б. есімді бала деп тағы да бір әңгіме шығады(өтірік әңгіме).Сіз соған жол ашып беріп отырсыз.
    2)»Жөн жосықсыз тас атқылаған тәртіпсіздер», – деп жасыпсыз. Дауымшаровтың қасындағы балалар тәртіпті болатын болса, неге түн ішінде көшеде жүреді?!Спорт кешеніне барады деген жай сылтау ғана!Шындығында төбелес іздеген өздері болуы да мүмкін. Себебі, 12 бала жай дан жай не себепті дәл сол балаларға ұрынады деп ойлайсыз?!Неге көз алдында жүрген басқа мектеп балаларына ұрынбайды?!Себеп көп!Осы сіз жазған «шетін оқиғаның» түрткісі болған жардап шегушілердің өздері.
    3)Ата -анасы қатаң бақылауда ұстау қажет дейсіз. Қазір заман басқа. Бұрынғы заман дегеннің өзінде әке-шешенің айтқанын тыңдап, төрт қабырғаның ішінде қалып, үй күзетіп отыратын сіздер ме едіңіз?Ата – анасы «а» дегенше болмай, көз алдында жоқ болып кететін балалар – қазіргі заман балалары. Ол шындық . Ал сол «қазіргі заман балаларын түзеймін» десеңіз, дүниені қайта жарату керек.
    4)»Төртіншіден»деп жазған мәселеңізге қысқаша тоқталайық.Өзіңіздің қымбатқа сатып алған соткаңыз бар делік(мейлі, арзан болсын).Жақыныңыз өзіне бір күнге немесе 3-4сағатқа керек екенін айтады.Сонда сіз әрине бересіз.Бұл жерге «ықпалды азамат», – деп әдейі жазудың керегі жоқ. Сіздің жазып отырған «қос ауызды мылтық» қазіргі балалардың қолында «қос СИМ карталы сотка» сияқты толып жүр.Осы ықпалды азаматтарды сынауым арқылы өзімнің байлыққа деген теріс көзқарасымды көрсеттім деген ойдан арылыңыз(егер, сондай ой болса.бәрі де мүмкін).
    5)Орталыққа тек Б.Жұмалиев пен Шетпе Гимназиясының оқушылары жүру керек деген бар екен. «Б.Жұмалиев пен Шетпе Гимназиясы оқушыларының ненің құтыруы?» дегендей жазыпсыз!Орталыққа басқа мектептің кіре алмайтыны секілді, осы мектептердің оқушылары №4 аумағы Ескі Шетпеге, №3 аумағы мектеп маңына(Базарлы, Мақаш ауылдары), №6 аумағы Қазақ ауылға кіре алмайды(яғни, көзге түсіп, жүріп-тұра алмайды)
    Осы менің айтқан сөздерім сіздің біреуді мінеймін деп, басқалардың да қателігі мен сынын ескермегеніңіз туралы болатын. Ал енді өзіңіздің сауатыңызға келсек, түнгі сағат 13.00 деген екенсіз. Сағат тілін білетін болсаңыз, түнгі сағат 01.00 дер едіңіз. Әлде, бұл қателікті қазіргі қоғамның жай-күйін қатты уайымдап кеткеніңізден деп түсінейік пе?
    Бір ауаны жұтып жүрген ауыл балаларын жазыпсыз. Осы мақалаңызда Шетпе Гимназиясы мен Б.Жұмалиев мeктебін мінеп, сынап жазыпсыз.Кемшіліктің көбін осы мектеп балаларына арта салыпсыз. Әлде, өзіңіздің жаныңыз ашитын мектептерге осы кемшіліктерді арқалату қиынға соқты ма?!Бәлкім, өзіңіздің көрмей, білмей отырған қателеріңізді біреуге арта салу жеңілірек болар сіз үшін. Яғни, кек сақтамайық деп отырған сіздің 2мектепке деген кегіңіздің бар екенін осы мақаладан – ақ білгендеймін.
    Бұл сіздің біреулерді сынап жазған мақалаңыздан тапқан қателерім.Мен де егер, осындай мақала жазатын болсам қателік жіберетінім айдан – анық.Бірақ, анық – қанығын біліп жазар едім.Біреуді сынап жазған мақалаңызды, тек жалпы түрде сынап отырғаным. Бірақ, өзіңіздің қателігіңізді білерсіз деп ойлаймын!!!

  6. Қазір, өкінішке орай, қылмыстың түр-түрі осы ауылдан шығып жатыр. Маңғыстау облысының алақандай Шетпе ауылында 5 мектеп, 1 техникалық колледж бар. Осы мектептердің түлектерінің арасындағы жиі болып тұратын дау-жанжал мен топтық төбелестер еш толастар емес. Тіпті, кейде жанжалдардың аяғы қан-жоса қырғынмен аяқталып жатады. Өйткені, бүгінгі ата-аналардың басым бөлігі бала тәрбиесіне жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмейді. Ол-ол ма, байлықтың буына масайған бай-бағландардың балаларының қалтасынан қару-жарақтың небір түрі табылып жатады.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз