162 МИЛЛИАРДЕРДЕН ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫН ҚАЙТАРАТЫН КОМИССИЯҒА ЕШКІМ ЫҚПАЛ ЕТПЕЙТІНІНЕ СЕНУГЕ БОЛА МА? - Қазыбек Иса (видео)

162 МИЛЛИАРДЕРДЕН ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫН ҚАЙТАРАТЫН КОМИССИЯҒА ЕШКІМ ЫҚПАЛ ЕТПЕЙТІНІНЕ СЕНУГЕ БОЛА МА? - Қазыбек Иса (видео)

“Ақ жол” партиясы осыдан он бір жыл бұрын көтерген заң бүгін қабылданды. 

Бүгін Парламент Мәжілісінде «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды.

Бұл заң ең алдымен Әділетті Қазақстанда заңсыз халық қазынасын халыққа қайтару жолында ел сеніміне ие болатын заң болуы керек. Бұл алдымен 30 жылда ел байлығының жартысынан астамын, 55 пайызын иеленіп отырған 162 олигархқа қатысты.

Мемлекет басшысының заңсыз иеленген активтерді қайтару туралы тапсырмасы енді осы заң күшіне енгесін қарқын алуы тиіс.

Заң жобасын талқылау барысында ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса ҚР Әділет министрі Азамат Есқараевқа сұрақ қойып, заңсыз алынған активтерді қайтару үшін құрылатын комиссияның тәуелсіздігі мен ашықтығы мәселесін көтерді.

 Құрметті Азамат Несіпбайұлы!

Қазір ел шулап жатқан шетке шыққан офшордағы миллиардтарды, жалпы Халықтың қазынасын халыққа қайтару мәселесін «Ақ жол» партиясы осыдан он бір жыл бұрын көтеріп, әділеттілік жолында күресіп келеді. 2013 жылы осы мәселемен біз Швейцарияға барып, сол елдің парламентінде Мәжіліс депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасы Азат Перуашев баяндама да жасаған. Латвия, Болгария парламенттерінде, Еуропарламент депутаттарымен кездесуде және т.б. көтеріп келдік. Былтыр 2022 жылы 14 наурызда “Ақ жол” фракциясы бастамасымен парламентте Қаңтар қасіреті есебін тыңдағанда да бұл мәселені қайта көтергенбіз.

Енді, міне, ел көптен күткен «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң жобасын талқылайтын күнге де жеттік, құдайға шүкір.

Бұл Заң жобасының нормаларына сәйкес, уәкілетті органмен қатар Комиссия құрылады.

Комиссияның негізгі функциясы - заңсыз алынған активтерді қайтару мәселелері, оның ішінде тұлғаларды тізімге енгізу немесе тізімнен шығару туралы ұсыным әзірлеу.

Сонымен қатар, Комиссия активтерді ерікті түрде немесе мәжбүрлеп қайтару әдісін де анықтайды.

Комиссияның бұл ұсынымдарын Уәкілетті орган қарауға міндетті.

Осыған байланысты Әділет министріне қоятын сұрақ көп:

1. Мұндай төрағасы Премьер болатын Комиссияны құру қандай қажеттіліктен туды?

2. Комиссияның тәуелсіздігі мен жұмысының ашықтығы қалай қамтамасыз етіледі?

3. Бұл Комиссияның құрамына кімдер кіреді? Халық сенген қоғамдық тұлғалар кіре ала ма?Комиссия мүшелерін ротациялау жасала ма?

4.Ең бастысы, бұл Комиссияға ел байлығының жартысынан астамын алып алған 162 миллиардер мен биліктегі жоғары лауазым иелерінен ешкімнің ықпалы жүрмейді деп Сіз айта аласыз ба және бұған өзіңіз сенесіз бе?!.

Министр жауабын видеодан көре аласыздар: