АДАМДЫ АРМАН БИІГІНЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ...

АДАМДЫ АРМАН БИІГІНЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ...

«Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады»

Уильям Уорд

Заман талабы біздің таңдауымыздан биік болып жататын кездер болады.Таңдау деп отырғанымыз мамандық. Егер, еңбекті нарыққа қарай талап етсе, демек, оны тиімді таңдай алу маңызды болмақ. Менің пайымдауымша, мамандықты еңбек нарығына сай таңдау тиімсіз. Осы тұста ойшыл Абай: «Еңбек жоқ, қаракет жоқ, қазақ кедей» деп заманның талабын түсіндірді. Егер Абай еңбекте үндей тұғын қағидаларды сақтай отырып таңдасақ онда нарықтағы мамандықсыз-ақ пұл табуға болатынын дәлелдей аламыз.

Заман ‒ қарекетсіздерді жақсы көрмейді. Анығырақ айтқанда, нарық қалай болса, заманда нарыққа қарай иленеді. «Елді ел, адамды адам ететін еңбек». Еңбектің қай түрін болса да, нарыққа сай ету ақыл мен қайрат ісі болмақ.

Осы тұста өзге мамандықтардан орны бөлек мамандық – мұғалімге толығырақ тоқталсам деймін.

Ұстаздың да ұстазы бар... Қазақ жерінде алғашқылардың бірі болып мектеп ашқан, ағартушы Ыбырай Алтынсарин: «Педагогикалық жұмыстағы шешуші нәрсе-ең жақсы оқыту әдістерін таба білуінде» деп жазады. Алдыңғы буын салып сара жолды дәріптесек оған өзгерістер еңгізсек, дарынды педагогтер шығатыны сөзсіз.

Қазіргі мұғалімдер қауымының мәртебесі қандай? 

Мұғалім мәртебелі болуы үшін әрбір шәкірттерге әдіскер бола алуы тиіс. Себебі: «Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз» деп айтылған сөздің жаны бар. Ұстаздық – үлкен жұмыс, қызығы мен қиындығы қатар келетін, баланың дамуына, бой түзеуіне бағыт-бағдар беретін екінші анасы деп айтсам қателеспеймін. Ұстаз шәкіртіне білім берген сайын күнбе-күн бойындағы қасиетін аша түседі айқындап бағыт бағдар беруші. Оның жылы жүрегі, ыстық қайраты, нұрлы ақылы өзін ғана қуаттамайды, өзгенің жүрек көзін аша түседі. Бақыттың айнымас шырағын ұстаған мұғалімнің шырағын сөндірмей жылулықпен жылытып, қайнар бұлақ нәрімен шәкіртті сусындату қажет. Өскелең ұрпаққа түзу жолды көрсетіп, өмірдегі сансыз мүмкіндікті пайдалануға үйретіп, өмір дейтін үлкен мектепке дайындау біздің міндетіміз. Қанша шаршаса да жалықпайтын, өз ісін сүйетін мұғалімнің мәртебесі күн сайын артып келе жатыр. Соған байланысты мықты робот ойлап табылса да, мұғалім бойындағы бірегей қасиеттерді алмастыра алмайды. Мұғалімнің жүрегі бар, ақыл-ой таразысы бар. Баланың көңілін оятып, алысты жақындатып, арман шыңының биігіне де жетелейтін мұғалім...

Алысқа көз тастап, өткен күнге үңілсем ұстаз болып туылу қажет екен. Үйретуді де, үйренуді де жақсы көріп жас бұтақтан мәуелі ағаш болу үшін біраз тер төгу керек. Атап айтсам баланы күлдіре де алу керек, жылата да алу керек , жұбата алу да керек. Өмірдің сан қилы кедір-бұдыр екенін де көрсете алу қажет. Бала жанын түсініп, оның психологиясына терең үңілу де аса маңызды.Баланың дарын қабілетін анықтап, өзін тануына мүмкіндік беріп, қиялына шабыт беретін де мұғалім. Негізінен баланың үш ортасы болады. Бірі – ата-анасы , енді бірі – құрдастары және оның ұстазы. Қазақта «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деп тегін айтпаса керек-ті. 

Демек, ұстаз ұстанымы арқылы өзінен асып түсетін интеллегент шәкірт тәрбиелейді. Болашақта ұстанымы мықты шәкірт тәрбиелеудің маңызы зор.

 «Бір әріп үйреткен ұстазыңа қырық жыл сәлем бер» дейді. Бұл ұстаздың мәртебелі мамандық екеніне айрықша дәлел. Мұғалім үйретуші, дамытушы ғана емес, сәулетті болашақ жасаушылар. Баланың жүрегі кішкентай күйсандық болса одан шығатын әуен де жағымды, әрі ұзаққа дейін ойнайтын әуезді болсын. 

Жоғарыда аталған қасиеттер менің бойымнан табылатынына да сенімім мол. Абай Құнанбайұлының «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға, ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген керемет кеңесіне құлақ асамын. 

Ажар БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, 

Қазақ үні