ЕЛ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ САРАЛАНДЫ

ЕЛ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ САРАЛАНДЫ

Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен «Қазақстан ғылымы мәселесін анықтау және шешу жолдары» атты дөңгелек үстел өтті. Жас ғалымдар қатысқан іс-шараның басты мақсаты – отандық ғылымды дамыту. Бұл тұрғыда жас ғалымдардың ойы сарапқа салынды.

Жиынға Түркия, ҚХР, Польша, Дания Ұлыбритания, АҚШ сынды әлемнің маңдайалды елдерінен екі жүзге жуық жас ғалым қатысты. Аталмыш елдерде жүрген қазақ ғалымдары отандық ғылымның даму тұжырымдамасына қатысты пікір білдірді. 

Жиынды ашып берген ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА Басқарма президенті Күнсұлу Закарья басқосудың мәні еліміздің ғылым әлеуетінің дамуы мен болашағын айқындау екенін тілге тиек етті.

 «Ұлттық ғылым академиясының алдында үлкен миссия тұр. Ғылым әрқашан қоғамның қажеттілігін өтеп, экономиканың басты қозғаушы локомативі болу керек. Сол себепті, ғылымды кеңінен насихаттауға арналған ұзақ мерзімді жоспар әзірленіп, форсайттық зерттеулер жүргізіледі. Халықаралық ынтымақтастық пен ғылыми кадрлардың біліктілігін арттыру бойынша нақты шаралар қолданудамыз», – деді К.Закарья. 

Ғылым академиясы жас ғалымдарға ерекше көңіл бөлу арқылы ғылымға жанашыр азаматтардың ортасын қалыптастыруды көздейді. Аталған басқосуда саладағы түйткілді мәселелер айтылып, оның шешімі ортаға салынды. Мәселен, сағаттық жұмыс іздеуге арналған «EasyTap» онлайн сервисінің негізін қалаушы Төлеш Мағзұм көп ғалымның бизнеске немқұрайлы қарайтынын, сол бағыттағы білімінің аздығын атап өтті. Бұл тұрғыда ол ғалымдарды бизнеске оқыту бағдарламасын ұсынды. Олар сол арқылы серіктес тауып, бизнес жобаларын қоғам игілігіне қызмет ететін өнімге айналдыра алады. Одан өзге жобаны коммерцияландыру, инвестиция тарту мен арнайы гранттарды үлестіру кезінде ғалымдар кезігетін мәселелер әңгіме өзегіне айналды.

Бұл дөңгелек үстел жас ғалымдарға кері байланыс орнататын таптырмас алаң болды. Кездесуде жас ғалымдар үшін ашық қолжетімді зертханалар консорциумын құру, мақалаларды рецензиялау үшін сауатты, отандық және шетелдік сарапшыларды тарту жағы қарастырылды.

Сонымен қатар, отандық журналдарға қаржылық қолдау көрсету арқылы сапасы мен мәртебесін арттыру;

- Ғылыми жұмыстардың нәтижесі бойынша Хирш индексін ғана көтеру емес, жұмыстың сапасын бағалайтын критерий енгізу;

- ӨНДІРІС & ЖОО & ҒЗИ-мен байланысу үшін бірыңғай электрондық портал құру;

- ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдай алатын ғылыми және білім беру қызметінің инклюзивті ортасын қалыптастыру; 

- Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясына қарасты жас ғалымдар академиясын және барлық салалар бойынша жас ғалымдар кеңесін құру сынды жоспарлар да ұсынылды.

Жиын барысында еліміздегі әрбір саланың дамуына қатысты тың пікірлер айтылып, көптің талқысына салынды. ҚР Президентінің жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі, «Agro Innovation» компаниясының техникалық директоры Диас Тастанбеков: «Developmental science» деректерін зерттей келе Қазақстан ғылымына талдау жасадым. Үш негізгі бағытымыз бар. Олар агро, логистика және IT саласы. Мәселен – агро саласын алайық. Осы бағыттағы мүмкіндігіміз жоғары болса да, үздік деген ЖОО ешбірі ғылымды алға сүйрей алмай келеді. Бұл әрине өкінішті» – деп сабақтады сөзін. 

Отандық ғылымды дамыту үшін әлбетте тек қана жетістіктерімізді ғана айтып қоймай саладағы кейбір мәселелерге ын көзбен қарап, тереңінен үңілген құба-құп. Себебі «сын түзелмей мін түзелмейді» емес пе?

Ал «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Басқарма төрағасы, ҚР ҒЖБМ жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Еламан Айбулдинов: «Біз ғылымды дамыту десек PhD докторларды көбейту деген тұжырымға көп мән береміз. Меніңше, өнімді жұмыс істеу үшін санға емес, сапаға ден қоюымыз керек. Мәселен, грант санын белгілі бір пайызға қысқартсақ, қысқартылған сомманы оқып жүрген ізденушінің ғылыммен айналысуына бөліп беруіміз қажет. Бұл өз кезегінде ғылының ілгерілеуіне септігін тигізетіні сөзсіз» дейді төраға.

Шара аясында ғалымдардың тарапынан айтылған ауқымды пікірлердің бір үзігін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. 

Жексенбек Тоқтарбай, Назарбаев университеті аға ғылыми қызметкері, Engineered Scince Q1 журналының атқарушы редакторы:

ГРАНТТАРҒА РЕТТІЛІК ҚАЖЕТ

– Ғылыми зерттеулерге бөлінетін гранттар саланың дамуына тікелей ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан гранттардың бөлінуін бір жүйеге түсіруіміз қажет. Мәселен, гранттарға бөлінетін қаржы үш жыл бойы кезең-кезеңімен бөлініп түседі. Алғашқы қаржы жоспарланған уақыттан кешігіп қолға тиеді. Жыл соңына дейін қаржы толық игерілмейді. Себебі, уақыт аз. Анығырақ айтқанда, грант алушылар үлгермейді. Сол үшін кейде қажетсіз, сапасыз дүниелер сатып алуға тура келетіні жасырын емес. Орын алып жататын осындай олқылықтар осы бір мәселеге зер салу қажеттігін көрсетеді. Бюджет қаржысың әр тиынын тиімді жұмсау аса маңызды. Ал енді, екінші және үшінші жылдары керісінше ақша жетпей қалады. Сол үшін, қаржыны үш жылға бөлмей, бірден берсе әлдеқайда тиімді болар еді. 

Мыңжылқы Бердіқожаев, 

ҚР Президентінің Іс басқармасы, Медициналық орталығы ауруханасы директорының орынбасары:

ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕКТЕРДІ ЖАРИЯЛАУҒА ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ

– Отандық ғалымдар қазақ ғылымына үлес қосамын десе, ең бірінші кезекте қазақ тілін жетік меңгеріп, ғылыми еңбектері мен жобаларын осы тілде жүргізуі керек. Екінші орынға ағылшын тілін қойған жөн. Өйткені, ол – ғылым тілі. Мен сол тілдің арқасында талай шетелдік жоғары оқу орнында лекция оқыдым. Басқа тілдің қажеті жоқ. Бұл менің жеке пікірім. Сосын, ғылыммен айналысатындар жалаңаяқ күн кешпеуі тиіс. Оларға жағдай жасауды қолға алсақ. Менің ұсынысым, арнайы қор ашып жас ғалымдарға ғылыми еңбектерін жариялауға көмек көрсетейік. Шет мемлекеттерде ғылыми тәжірибеден өтуіне қолдау білдірейік. 

Индира БЕЙШОВА, «Жәңгір хан» атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті» ҚеАҚ сынақ орталығының директоры:

ЗЕРТХАНАЛАРДЫ ЖАБДЫҚТАУ – ЗӘРУ МӘСЕЛЕ

– Отандық асыл тұқымды ауыл шаруашылығы түлігінің (жануарларының) геномын толық зерттеп қазақ бренді ретінде таныту кезек күттірмейтін мәселе. Елдегі жоғары оқу орындарына қазіргі заманғы технологиялар мен жабдықтардың болмауы ғылыми зерттеулер жүргізуге қолбайлау болып отыр. Сәйкесінше, зерттеулердің сапасы мен нәтижелілігі шектеліп жатыр. Зертханаларды жоғары технологиялық автоматтандырылған жабдықтармен жабдықтау сынамалар мен кейінгі талдауларды дайындау процесін бірнеше есе жеделдетуге және жеңілдетуге мүмкіндік береді. Қажетті жабдықтар болған кезде ғана сенімді нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Бұл өз кезегінде ғылыми ұсыныстарды тұжырымдауға негіз болады. Сондықтан өңірлік университеттердің зертханаларын лайықты жарақтау кезек күттірмейтін мәселе. Бұл тұрғыда лизингке жабдық сатып алуға рұқсат берілуі керек. Яғни, Ғылым және жоғары білім министрлігінің қаржы орталығы арқылы лизинг берушінің пайыздық мөлшерлемелерін мемлекеттің субсидиялауы әлдеқайда тиімді болмақ.

Азат СЕЙТХАН, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Инженерлік бейінді зертхана жетекшісі: 

ЖАЛАҚЫ БАЗАЛЫҚ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЕСЕБІНЕН КӨТЕРІЛСІН 

ҚР Ғылым және жоғары білім жүйесін жақсарту үшін сала барысында шешілуі тиіс өзекті мәселелер жетерлік. Солардың бірқатарына тоқталып өтуді жөн санадым.

– ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың ұлттық қорғаныс саласына басымдық беріп отырғаны белгілі. Сондықтан азаматтық сектордағы ғалымдардың технологияларын көптеп тарту керек;

– гранттық конкурстардың уақытын тұрақтандыру. Яғни жыл сайын тұрақты бір уақытта өткізу. Қаржыландыруға өткен жобаларға қаржыны дер кезінде бөлу;

– Мемлекеттік сыйлықтар мен стипендия конкурстарын ашық, әділ өткізу және балдық жүйемен санау;

– ғылыммен айналысатын жас ғалымдарға қызметтік баспаналар ұсыну;

– әр жыл сайын, ғалымдардың рейтингін жасап, жетекші және жас ғалымдарың жұмысына баға беру;

– ғылыми мекемелер жұмысына жыл сайын, обьективті баға беру үшін сала аралық эксперттік комиссиялар құру және басым бағыттарды анықтау;

– жаратылыстану саласындағы халықаралық үздік оқулықтарды ағылшын тілінен қазақ тіліне аудару үшін, арнайы мемелекеттік бағдарламалар әзірлеу;

– шетелдік үздік ғылыми зерттеу орындарымен бірлескен зертханалар құру;

– ұжымдық қолданыстағы ұлттық зертханалардың бірыңғай базасын жасау және министрлік тарапынан базалық қаржыландыруды қалпына келтіру;

– маңызды және жоғары нәтиже көрсететін жобалардың қаржыландыру уақытын, конкурссыз ұзарту;

– ғылыми еңбектер және әзірлемелер жасау үшін жетекші ғалымдарға, жалақысын сақтай отырып, шығармашылық демалыстар ұсыну.

– ғалымдардың жалақысын базалық қаржыландыру есебінен көтеру;

P.S: Қаншама жылдан бері білім және ғылым саласы бір министрліктің құзіретінде болғандықтан ғылым саласындағы кейбір мәселелер тасада қалып келгені жасырын емес. Ендігі жерде Ғылым және жоғары білім мнистрлігі ретінде өз алдына дамуға бет алған саладағы күрмеуі қиын мәлелелердің түйіні біртіндеп тарқатылады деген сенімдеміз. Әсіресе, ғалымдардың көпшілігі атап көрсеткендей, кейбір жоғары оқу орындары ғалымдары мен ұстаздарының жалақысы докторанттың стипендиясынан төмен. Осыдан кейін докторантура бітірген, жастардың ғылымға келуі де неғайбыл. Ал ғалымдарға тиісті жағдай жасалса, ғылым саласының дамуы да жеделдей түсетіні сөзсіз.

Гүлмира САДЫҚ, 

Қазақ үні