ӨНДІРІСТЕ ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ҚАТАҢ САҚТАЛСЫН

ӨНДІРІСТЕ ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ҚАТАҢ САҚТАЛСЫН

Кез келген мемлекетті құрайтын, оны құратын да адамдар. Әрбір адам өзінің күн көрісі үшін жұмыс істейді деп есептегенімізбен, түптеп келгенде ол сол еңбегі арқылы өзі өмір сүріп отырған қоғамның дамуына үлес қосады. Құрылысшы, кенші, ұстаз, дәрігер болсын, өзі игерген мамандығына орай халыққа қызмет етеді, әрбір адам өз қоғамының қозғаушы күшіне айналады. 

         Қоғам дегеніміз күрделі құрылым болғандықтан қауымдасып өмір сүру барысында түрлі кемшіліктер мен қарама-қайшылықтар да жиі орын алып жатады. Оны жеңу үшін де тағы да қауымдасып, бірлесіп күресуге тура келеді. Ол мемлекеттік органдар, түрлі партиялар, сол сияқты өзге де қоғамдық ұйымдар арқылы іске асырылады. Сондай қоғамдық ұйымдардың бірі – еңбекшілердің құқығын қорғайтын кәсіподақтар болып табылады.

                              ҚОҒАМ ЖӘНЕ КӘСІПОДАҚ

         Бүгінгі жан-жақты өркендеген ғасырда адамдар көптеген жаңа мамандықтың түр-түрін игеріп жатқаны белгілі. Өйткені техника мен технологияның дамуына орай жаңа мамандықтарды игеру заман талабы. Өз көзқарастарына, ұстанымына қарай құрылатын саяси партиялар сияқты, ондаған тіпті жүздеген мамандық иелері де өз салалары бойынша бірігіп, ортақ мақсаттары мен бағыттары бойынша қауымдасуы да заңдылық. Дәп осы тұста әлемдік тәжірибеде өзінің өміршеңдігін көрсетіп келе жатқан кәсіподақ ұйымдарын құру еңбекшілер үшін тиімді. Сала мамандарының, жалпы еңбекшілердің құқығын қорғап, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуда кәсіподақ ұйымдарының алар орны ерекше. Оның бірнеше ұтымды тұстары бар. Біріншіден, еліміздегі көптеген кәсіпорындардың, мекемелердің жұмысын бақылауда ұстауға, ондағы жұмысшылар мен қызметкерлердің жағдайын үнемі қадағалап отыруға мемлекеттік органдардың толық мүмкіндігі жоқ. Сол сияқты партиялар да барлық еңбек ұжымдарын қамти алмайды. Сондықтан жергілікті кәсіпорында құрылған кәсіподақ ұйымы ғана өз еңбеккерлерінің мүддесін нақты қорғай алады. Өйткені ұжымның кез келген мәселесін олар жақсы біледі. Екіншіден, сол мәселелерді шешудің жолдарын көрсетіп, ұжым атынан кәсіпорын иелері мен жоғары билікке жеткізе алады. Үшіншіден, кәсіподақ жұмысы өндірістің дамуына тікелей әсер етеді. Ұйымдағы білікті мамандардың бұл бағыттағы жаңашыл ұсыныстарын қолдап, өндіріске енгізуге ықпал етеді. Ол айналып келгенде жұмыс берушіге де пайдалы.  

     Өкінішке орай, қазіргі тәжірибеге қарасақ мемлекеттік органдар тарапынан еліміздегі кәсіподақ қозғалысына деген көзқкарас әртүрлі. Кәсіподақтарды қолдау елімізде әлі де жеткілікті деңгейде емес. Саны жағынан әлі де аз бұл ұйымдардың нақты іс тындыруға заңдық және әкімшілік тұрғыдан мүмкіндіктері айтарлықтай деуге келмейді. Еліміз бойынша 9 миллион адам жұмыс істесе, соның шамамен үштен бірінен сәл асатын еңбекшілер кәсіптік одақтарға мүше екен. Сондықтан саны мен сапасы жағынан әлі де көтеріле алмай жатқан бірқатар кәсіподақ ұйымдары жұмыс берушілердің әкімшіл-әміршіл билігінен аса алмайды. Бұған кәсіпорын басшыларының айтар өз уәжі бар. Олардың ойынша Еңбек Кодексі заңы бар, оны қадағалайтын Еңбек инспекциясы жұмыс істейді. Оған қосымша кәсіподақ ұйымының қажеті шамалы дейтін жұмыс берушілер де табылады. Осы тектес кедергілерге қарамастан елімізде кәсіподақ қозғалысы тоқтаған жоқ, жылдан жылға олардың қатары көбейіп, белсенді жұмыс істей бастады. Оны кәсіподақтарының атқарған жұмыстарынан байқауға болады.

                                      ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК

    Қоғам болған соң ешқандай сала жеке дара дами алмайды, бәрі де бір-бірімен тығыз байланысты. Кәсіподақ өз жұмысында түрлі орындармен әлеуметтік әріптестікте әрекет еткені тиімді. Бұл кәсіподақтар ұйымының ең басты бағыттарының бірі болып есептеледі. Мемлекеттік органдармен, жұмыс берушілермен байланыста болу еңбекшілердің әлеуметтік-тұрмыстық, даулы еңбек мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Өзара келісім жасау қолға алған істі нақты атқаруға жол ашады. Өйткені келісімге қол қойған тараптар алған міндеттемелерін орындауға жауапты.

      Жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейі олардың еңбектеніп алатын айлықтарына тікелей байланысты екені белгілі. Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының ең төменгі жалақыны көтеру туралы жылдар бойы айтып келе жатқан талаптарына енді ғана назар аударылғандай. Оған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылы Үкіметке тұрғындардың табысын өсіру туралы берген тапсырмасы оң әсер етті. Табыстың ең төменгі шегін қайта қарау мемлекеттік деңгейде қарастырыла бастады. 

        Үш жақты әріптестік келісімнің нәтижелі болуы үшін кәсіподақ өкілдері аймақ басшыларына жаңа ұсыныстар жасады. Оны мемлекет басшысы мен республикалық үш жақты келісім комиссиясы да қолдады. Сөйтіп аймақтағы комиссия жұмысына облыс әкімдері басшылық ететін болды. Бірақ комиссияға үш жақтың өкілдері де тең төрағалық етеді. Бұл өз кезегінде әр тараптың талабы ескеріледі деген сөз. Кәсіподақ федерациясының ұсынысымен еліміздің 13 аймағында жалақыны жыл сайын индекстеу, өндірістегі жарақат алуды азайту, ұжымдарда болатын әлеуметтік-тұрмыстық және еңбек дауының алдын алу сияқты келісімдерге қол жеткізді.

      Бүгінгі күнге дейін еліміздегі салалық ірі 23 кәсіподақ ұйымдарымен 2021-2023 жылдарға арналған әріптестік келісімдер жасалған болса, енді 2023-2025 жылдарға арналған келісімдерді рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Олардың қатарында білім, ғылым, қорғаныс саласы сияқты ірі ұйымдар бар. Бұл келісімдерге әдеттегідей еңбек ақыны индекстеу, еңбек қауіпсіздігі инспекторларын оқыту сияқты міндеттемелер кіреді. Қазіргі кезде кәсіподақ ұйымы бар кәсіпорындарда жұмыс берушілермен ұжымдық келісім шарт жасасу көрсеткіші 97 пайызға жетіп отыр. Бұл алдындағы жылдарға қарағанда анағұрлым жоғары. 

     Әлеуметтік әріптестік келісім мәселесі жыл бойына тұрақты назарда ұсталады. Өткен жылы осы мәселе бойынша республикалық үш жақты комиссияның екі отырысы өтіп, бұл алқалы жиында Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы еңбек дауына байланысты бірнеше сұрақтарын алға тартты. Сонымен қатар өз жұмысында еліміздің аймақтарында еңбек мәселесіне қатысты 217 отырыстарын өткізді. Әлеуметтік-тұрмыстық және еңбекке қатысты мәселе барлық аймақтарда да баршылық. Осы өткізілген отырыстарда аймақтағы ұйымдардың ұсынысы бойынша екі жүзден аса мәселе қаралды. Олар сол бұрынғыша жалақы, еңбек жағдайы мен жұмыс орындарының жетіспеушілігіне қатысты болды. Айтылған ұсыныстарға қатысты шаралар қабылдау үшін мемлекеттік органдарға жіберілді.

                  ЕҢБЕК ДАУЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ҚАЖЕТ

    Еңбекке қатысты дау-дамай мен наразылықтың басым бөлігі төленетін жалақыға қатысты болып келеді. Оның себебі - азық-түлік пен өзге де күнделікті тұтынатын тауарлардың қымбаттауы мен коммуналдық төлемдердің көтерілуі қалтаға салмақ салады. Тапқан айлықтары тұрмысына жетпей жатқандықтан наразылық болмай қоймайды. Бұндай қымбат бағаға, жалақыны төмендігіне байланысты еңбек дауының «қанды қаңтарға» жеткізгенін де білеміз. Осындай жағдайдың қайталанбасы үшін Қазақстан Кәсіподағы федерациясы еңбек дауларының алдын алу туралы үкіметтің арнайы қаулысын негізге ала, әлеуметтік әріптестерімен бірігіп жұмыс істейді. Мысалы, кәсіподақ федерациясы аймақтар бойынша тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Бұл шара еңбек ұжымдарындағы жағдайды алдынала біліп отыруға септігін тигізеді. Соның нәтижесінде өткен 2022 жылы еліміз бойынша 85 еңбек дауын тіркеген екен. Оның 28-і Маңғыстау облысында орын алған. Осы еңбек дауларының 74 пайызынан астамы жалақыны көтеру туралы талаптан туындаған. Бір айта кетерлігі, еңбек дауларының көбісі кәсіподақ ұйымы жоқ 41 кәсіпорындарда болған. Бұл нені көрсетеді? Еңбек ұжымдарында кәсіподақ ұйымының болғаны оң нәтиже беретінін байқатады.

     Кәсіподақтың еңбек дауына қатысты істерге араласуының оң нәтижесін еңбек дауларының санының азаюынан, наразылық мерзімінің қысқаруынан көруге болады. Еңбек жанжалдарының алдын алу мақсатында кәсіподақ мемлкеттік органдарға сауал жолдап, орын алған жағдайға кінәлілерді, келісім шарттарын орындамағандарды жауапқа тартуға ұсыныс білдіреді. 

     Қандай ұйым болса да өзіне заң бойынша берілген құзірет шеңберінде жұмыс істеуге міндетті. Біздікі дұрыс деп заңды аттап өтуге болмайды. Сондықтан Қазақстан кәсіподақ федерациясы Үкіметке Еңбек заңына бірқатар өзгерістер енгізу қажеттігі туралы ұсыныс жасады. Аталмыш ұсыныста жұмысшылардың талаптарын жоғарыға жеткізуді жеңілдету, еңбек дауларын шешуде кәсіподаққа мүмкіндіктер беру, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру, келісім комиссияларын құру сияқты талаптар бар.

    ӨНДІРІСТЕ ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ҚАТАҢ САҚТАЛСЫН

      Жасыратыны жоқ, еліміздегі өндіріс ошақтарында жұмыс барысында жарақат алу, тіпті өілім-жітім де жиі орын алып тұрады. Бір ғана Қарағанды облысындағы атышулы «АрселорМитталТеміртау» компаниясында болған апаттар салдарынан ондаған адамдар өмірімен қоштасты. Осы компанияға қатысты шахталарда жарылыстар болып, кеншілер тірідей қара жерге көмілді. Құрылыс алаңдарында, зауыт-фабрикаларда, кеніштерде техникалық еңбек қауіпсіздігін сақтамау, оны жұмыс берушілердің дұрыс ұйыдастырмауы осыған нақты себеп болды. Оған қоса тек қана пайда табуды ойлаған тойымсыз кәсіпкерлердің өндірістегі ескі, жарамсыз күйге түскен құрал-жабдықтарды жаңасына ауыстырмауы да кең етек алған. Осының бәрі апатты жағдайға алып келеді. 

        Ал адам өмірін ешқандай жоғары жалақымен, қомақты өтемақымен алмастыра алмайсыз. Сондықтан да Қазақстан кәсіподақтар федерациясы өндірістегі еңбек қауіпсіздігіне баса назар аударады, оны өздерінің негізгі бағыттарының біріне санайды. Бұл туралы мемлекет басшысы да таяудағы жеті жылда өндірістегі еңбек қауіпсіздігін арттырып, оны мемлекет және кәсіподақтар тарапынан қатаң бақылауға алуды нақтылап тапсырған болатын.

     Соған қарамастан елімізде өндірісте жарақат алу деңгейі төмендер емес. ҚР Еңбек министрлігінің дерегінше 2022 жылы өндіріс алаңында жарақат алу фактілері Қарағанды облысында – 180, Шығыс Қазақстан аймағында – 169 рет тіркелген. Қарағанды облысында 28 адам, Қостанай облысында 18 адам жұмыстағы апаттан көз жұмған. Ал бүкіл еліміз бойынша айтатын болсақ 2023 жылдың басындағы мәліметке сүйенсек 1232 апаттық жағдай орын алған. Нәтижесінде 1465 адам өндірісте түрлі жарақат алып, 203 жұмысшы қайтыс болған. Бұл өте қайғылы көрсеткіш. Асыраушысынан айырылған қаншама бала жылап, қаншам ана жесір қалды.

         2022 жылы 3 қарашада «АрселорМитталТеміртау» АҚ қарасты Шахтинск қаласындағы В. Ленин атындағы кеніште бұрғылау кезінде кенеттен жер асты газы атқылап 5 шахтер қайтыс болып, 4 кенші ауыр жарақат алды. Осы апатқа байланысты Төтенше жағдай министрлігінің басшысы Ю Ильин бастаған үкіметтік комиссия құрылып, кінә жұмыс берушілерде екені анықталды. Бұл ауқымды комиссияға көмір өндірісі саласы бойынша «Казуглепроф» кәсіподақ төрағасы М. Миргаязов та қатысты. Комиссияға қатысқан кәсіподақ саласы өкілдері мен сарапшы мамандардың ұйғарымынша өндірістік апат еңбекті дұрыс ұйымдастырмау, қауіпсіздікті қамтамасыз етпеу, жұысшыларға қауіпсіз шараларын үйретпеу, міндетті ережелерді сақтамау, өндірістегі техникалық құралдардың қауіпсіздікке сай келмеуі, ескі құралдарды пайдалану секілді факторлар тікелей себеп болған.

      Апат салдарын анықтау, оған баға беру бүкіл мәселені шешпейтіні белгілі. Сондықтан апаттың алдын алу, оны болдырмаудың қамын қарастыру жұмыстары анағұрлым ұтымды. Ал ол үлкен қажырлық пен табандылықты талап етеді. Жұмыс берушілерді еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдыру оңай шаруа емес. Дегенмен бұл іске жауапкершілкпен қарайтындар да бар. Мысалы Ақтөбе мен Павлодар облыстарындағы аймақтық кәсіподақ бірлестіктері өндірістік апат орын алған кәсіпорындармен келісімге қол қойып апатты жағдайды азайту мақсатындағы арнайы жол картасын жасады. Соның нәтижесінде аталған кәсіпорындарда өндірістік апат, адамдардың жарақат алу фактілері бірден азайды.

      Өндірістегі қауіптің алдын алудың тағы бір тәсілі - өндірістік кеңес құру. Сол арқылы қауіпсіз жұмыс ұйымдастыру. Бұл туралы Еңбек кодексінің 203 бабында да айтылған. Осы істі қадағалайтын техникалық инспекторлар саны жетіспейді. Оны көбейту үшін қаржылық қолдау қажет. Бұл туралы кәсіподақ ұйымдары әлеуметтік әріптестерімен бірігіп жасаған ұсыныстары Қазақстанның 2025 жылға дейін қауіпсіз еңбекті ұйымдастыру жоспарына енгізілді. Ол ұсыныстарда техникалық инспекторлар санын арттыру және олардың мәртебесін анықтап құзыретін кеңейту, мемлекеттік техникалық инспекторларды әкімдік құрамынан шығарып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінң құрамына беру, мемлекеттік инспекторлар мен еңбекті қорғау қызметкерлері тексерулерді бірігіп жүргізу, жұмысшылардың кәсібіне байланысты дертке шалдығуын зерттеу құқығын беру сияқты талаптар бар. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин үстіміздегі жылды «2023 жыл –Қауіпсіз Еңбек жылы» деп атап, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсуді ұсынған болатын. Төрағаның айтуынша мұндай шара өндірістегі қауіпсіздікті күшейтуге ықпалын тигізбекші. Бұл бастама бірден қолдау тапты. Мысалы, Батыс Қазақстан облысының Кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Айгүл Есекенованың төрағалығымен Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Жиынға салалық кәсіподақтар филиалдарының және жергілікті кәсіподақтардың төрағалары, кәсіподақтар бірлестігінің қызметкерлері қатысты. Күн тәртібінде ҚРКФ Бас Кеңесінде қабылданған «2023 жыл – Қауіпсіз Еңбек жылы» аясында атқарылатын жұмыстар, «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен кездесулер ұйымдастыру және басқа да маңызды бағыттар қарастырылды. Мұндай шаралар өзге де аймақтарда да ұйымдастырылуда. Несі бар, жақсы істің жатшылығы жоқ. Бір жылда осы шараның аясында көптеген істі атқаруға болады.

          ӘЙЕЛДЕР МЕН ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ МАҢЫЗДЫ ІС

      Кәсіподақ жұмысының ең басты, ең негізгі міндеті еңбекшілердің құқығын қорғау екені баршаға белгілі. Соның ішінде одақ мүшелерінің қатарындағы әйелдер мен жастарға, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына баса назар аудару аса қажет. 

       Қазір Кәсіподақтар федерациясының мүшелерінің 55 пайызы – әйелдер. Барлық деңгейдегі жетекші кәсіподақ органдарында әйелдердің өкілдігі айтарлықтай өсіп келеді. Еңбеккер әйелдердің жағдайын жақсартудың маңыздылығын ескере отырып, 2021 жылғы 2 маусымда Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесі әйелдердің құқықтарын қорғаудың құқықтық тетіктерін жүзеге асыру мақсатында гендерлік талдауға негізделген заңнаманы және басқа да нормативтік актілерді одан әрі жетілдіруді қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар кешені қарастырылған ҚРКФ Гендерлік саясат тұжырымдамасын қабылдады. Ерлер мен әйелдер арасындағы жалақы айырмашылығын азайту мақсатында ҚРКФ Комиссиясының өкілдері әйелдердің еңбегін еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті ауыр жұмыстарға пайдалануға заңнамалық тыйым салу жөніндегі жұмыстарға белсене қатысты.

         Бұл Заңға Қазақстан Президенті 2022 жылғы 12 қазанда қол қойды. Әйелдердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері бойынша Бас келісімде еңбеккер әйелдерге қосымша жеңілдіктер мен өтемақыларды бекіту болды. 2022 жылы комиссия мүшелерінің әйелдердің зейнет жасын қысқарту туралы бастамасы мемлекет тарапынан қолдау тапты. 2022 жылғы 26 желтоқсанда ҚР Президенті заңға қол қойды, оған сәйкес әйелдердің зейнетке шығу жасы 2023 жылдан 2028 жылға дейін 61 жас болып белгіленді.

2021 жылы Кәсіподақтар федерациясының еңбеккер әйелдер істері жөніндегі комиссиясы Еңбек министрлігіне ХЕҰ-ның №190 «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қудалауды жою туралы» конвенциясын ратификациялау мүмкіндігін қарастыру туралы өтініш жасады. Федерация мен оның мүше ұйымдары елімізде әлеуметтік-еңбек құқықтарын қамтамасыз ету, еңбеккер әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және гендерлік теңдік қағидатын ілгерілету бойынша жұмысын жалғастыра бермекші.

         Сонымен бірге кәсіподақ қозғалысында жастар мәселесіне, олардың жан-жақты дамуына да ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені еліміздің болашағы солардың қолында болмақ. Қазіргі кезде кәсіподақ жастары ҚРКФ бүкіл құрамының үштен бірін құрайды. Бұл бағытта еліміздің барлық аймақтарында «Келешек» жастар кеңестері белсенді жұмыс істейді. Жастар кеңесі – бірқатар жобалар мен іс-шаралардың бастамашысы. 2022 жылы кеңесті дамытудың басым бағыттары анықталып, кәсіподақ көшбасшылығына оқыту және құқықтық сауаттылықты арттыру, жастарды кәсіподақ қатарына тарту, сайлау процестеріне қатысу, еңбекші жастарды қоғамдық өмірге тарту, жастар арасында волонтерлікті одан әрі дамыту сияқты негізгі межелер белгіленді. 

       2022 жылы Жастар кеңесінің мүшелері Қазақстанда өткен сайлау науқандарына белсенді қатысты. Референдум барысында белсенділер халықпен кездесулер өткізіп, Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістерді түсіндірді. Президенттік сайлау кезінде «Келешек» мүшелері президенттікке кандидат Қ.К.Тоқаевтың сенімді өкілдері ретінде еліміздің кәсіпорындарында еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді.

        «Жас келсе – іске!» демекші, қоғамдағы өзге топтарға қарағанда жастар белсенділігін ерекше атауға болады. 2022 жылдың ақпан айында «Өзгеріс өзіңнен басталады» атты еңбекші жастардың республикалық форумы өтті. Екі күн ішінде республикалық белсенді жастарға топтарға бірігу және көшбасшылық тренингтер өткізіліп, алдағы жылға іс-шаралар келісіліп, «Келешек» жастар кеңесінің отырысы өтті. «Келешек» қызметінің маңызды бағыттарының бірі - кәсіподақ мүшелерін спортқа тарту болып табылады. 2022 жылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының мини-футбол командасы брінші лиганың чемпионы атанды. Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің екінші отырысы аясында Ташкентте Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан кәсіподақтары командаларының қатысуымен өткен мини-футбол турнирінде жүлделі екінші орынды иеленді.

            2023 жылы Федерацияның Жастар кеңесінің алдында тек ұлттық ғана емес, халықаралық деңгейде де ауқымды міндеттер тұр. Сонымен бірге Жастар кеңесі ауылдың еңбекші жастарымен кеңінен жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр. Студент жастармен белсенді іс-шаралар өткізіп, кәсіподақ мүшелігіне тарту жоспарлануда. Жастар арасынан ең белсенді кәсіподақ мүшелерін анықтау үшін әлеуметтік желілерде «Кәсібім-Нәсібім!» байқауы ұйымдастырылып, жастарды ақпараттандыру мақсатында ҚРКФ YouTube арнасында жаңа жастар жобасы іске қосылатын болады.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫС КӘСІПОДАҚ КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТЕДІ

       Қазақстан Кәсіподағы федерациясының қызметіне барлау жасасақ, өткен 2022 жыл олар үшін табысты болғанын байқауға болады. Кеңбайтақ еліміздің аймақтарында белсенді жұмыс жүргізумен қатар халықаралық деңгейде де көріне білген. Оның алдыңғы шарты деп Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына мүшелігін қайтадан қалпына келтіру дер едік. Халықаралық байланыс кәсіподақ қызметкерлеріне тиімді тәжірибе жинақтап, оны іске асыруға мүмкіндіктер береді.

         ҚРКФ бүгінгі күні Халықаралық Еңбек ұйымымен де тығыз байланыста. Былтыр кәсподақ өкілдері 33 халықаралық шаралаға қатысып, Халықаралық Еңбек ұйымының қатысумен Астана мен Алматы қалаларында аймақтық конференциялар өткізді.

      ҚРКФ Орталық Азияда кәсіподақ қозғалысының көшбасшысына айналды деп толық сеніммен айтуға болады. Орталық Азия елдерінің кәсіподақтары туризм саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Енді Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Монғолия мемлекеттері өзара кәсіподақ арқылы турист алмасады. Бұл кәсіподаққа мүше еңбеккерлерге осы 5 елдің шипажайлары мен демалыс орындарына барып сауығуына мүмкіндік береді. Ол жерде олар үшін кейбір жеңілдіктер қарастырылады.

    Қәзіргі геосаяси тұрақсыздықтың салдарынан аймақтағы көптеген елдер сияқты Қазақстан да күрделі экономикалық жағдайды басынан кешуде. Бұл қиыншылықтарды ішкі ұйымшылдық, бірлік арқылы еңсеруге болады. Құрамында миллиондаған мүшесі бар Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы 

әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік саясатқа ықпал ете отырып, еңбек адамдарының құқығын қорғап, олардың тұрмысын жақсарту жолындағы жұмыстарын жалғастыра береді.

Зейнолла АБАЖАН, 

 Қазақ үні