ТӘУЛІК БОЙЫ АЯҒЫНАН ТІК ТҰРАДЫ

ТӘУЛІК БОЙЫ АЯҒЫНАН ТІК ТҰРАДЫ

Психикалық ауру меңдеген, есірткі заттар мен алкогольді ішімдікке тәуелді науқастармен жұмыс істейтін мейіргерлердің қызметі жайында көп айтылмайды. Психологиялық, эмоционалды мінез-құлқымен ерекше жандардың көңілін аулап, шипа дарып, ес жиып, әбден сауыққанша күні-түні қасында жүретін қыз-келіншектердің еңбегі тау қопарғанмен бірдей. Арақтан немесе есірткіден мас болып маңайындғы жұрттың тынышын алып, ғайбат сөз айтып, күш көрсеткен кісіден өз туысқаны да безінетіні түсінікті. Сондай маскүнем, нашақор жандардың бабын тапқан медбикелерді іздедік. 

Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығында психикалық ауруға шалдыққан, ішкілікке және есірткі заттарына, құмар ойындарына тәуелді науқастар емделеді. Осынау жүз жиырма жеті жылдық тарихы бар емдеу мекемесінде халыққа психологиялық көмек көрсетіп, емделушілерге тәулік бойы қызмет көрсететін мейірбикелер қалай жұмыс істейді? Мұнда еңбек ететін медицина қызметкерлері қандай тәртіпке бағынуы тиіс?

Бөгде адамға кіруге рұқсат берілмейтін биік қабырғалармен қоршаулы бұл нысанда тер төгіп, ұлт саулығы үшін қызмет еткен орта буын медицина қызметкерлерімен сұхбаттастық. 

 Отыз жылға жуық табан аудармай еңбек еткен мейірбикелердің айтуынша, бұл орталықта еңбектеген бала да, еңкейген қария да, атағы дүркіреген танымал тұлға да, заңгерлер... журналистер, тіпті, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған қыз-келіншектер де емделген көрінеді. Тәуелділік, құмарлықтан тағдыры талқан болған жандарды есеңгіреткен ащы су, есірткі заттарының зардабы жөнінде де сұрадық. 

Қамар Самалбекқызы, орталықтың бас мейірбикесі: 

– Психиатрия саласында 1997 жылдан бері еңбек етемін. Балалар бөлімі, ем-шара бөлімдерінде, аға мейірбике болып істедім. Қазір Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығында он бір жылдан бері бас мейірбикемін. Біздің орталық 1897 жылы құрылған екен. Бұрынғы көпестердің үйі әлі бар. Біздің наркологиялық бөлімше сол ғимаратта орналасқан. Балалар бөлімі жайғасқан бұрынғы нысандар сол күйі сақталған. Орталықта әйелдер, ерлер клиникалық бөлімшесі, тәуелді терапиясы, психосоматикалық, жасөспірімдер мен балалар, қарқынды терапия, қосалқы бөлімшелеріміз бар. Клиникалық диагностикалық және электро-физикалық зертханалар, дәріхана жұмыс істейді. 

Бала кезде зертхана қызметкері болу арманым еді. Мейірбике болғым келмеген. Кадр бөлімі балалар бөліміне қызметке қабылдады. Ол жерде балалар үйінің тәрбиеленушілері, түрлі психо-неврологиялық кеселге шалдыққан жасөспірімдер емделеді. Кішкентай науқастар бастапқыда балағаттап сөйлегенде кіжініп қаламын. Дегенмен, менің міндетім олардың көңілін аулап, психикалық аурудан айығып кетуі үшін медициналық білімім мен тәжірибемді аямау, дәрігер тағайындаған ем-шараны олардың қабылдауын қадағалау. 

Бізге келген мейірбикелердің кейбірі психикалық ауруларға шалдыққан науқастармен жұмыс істеуге шыдамай басқа ауруханаларға, клиникаларға кетеді. Дәл қазір орталықта мейірбике тапшы емес. Жетпіс төрт маман қызмет етеді. Олардың арасында отыз бес жылдан бері осы орталықта табан ауыстырмай тер төгіп келе жатқан мейірбикелеріміз бар. 

       Ал жас мамандар тәжірибеден өтеді. Себебі, біздің орталықта емделушілермен жұмыс істеудің өзге медициналық ұйымдармен салыстырғанда тәртіп, ережесінде ерекшеліктер бар. Мейіргерлер психикалық кеселге шалдыққан науқастың кейде оғаш, жат қылықтарын түсініп, көмек берудің бүге-шігесін білу керек. Әр науқаспен мұқият жұмыс істеу қажет. Сырқаттың әр сөзіне назар аударуға міндетті. Өйткені кейбір психикалық аурулардың суицидке баруы ықтимал. Күйзеліс, маникальды депрессивті психоз дертімен ауыратын науқастар бар. Олар күндіз ән айтып, бәріне көмектесіп жүреді. Күтпеген жерден оқыс әрекетке барып, кенеттен ұрып жіберуі де мүмкін. Олардың ойлау қабілеті жылдам. Сондықтан мейірбике әрқашан өзінің қауіпсіздігі үшін қорғануға машықтану керек. Ал күйзелісте жүргендер керісінше, олардың қимылы баяу, өмірге құлшынысы жоқ болуы мүмкін. Өзінің, науқастардың өмірінің қауіпсіздігі үшін жиырма төрт сағат бойы мейірбикелерге ұйықтауға болмайды. Әр науқастың мінез-құлқы, қимылы, әрекетін көзден таса қылуға рұқсат жоқ. Яғни, мейірбикелердің жұмыс кезінде ұйықтауға құқығы жоқ. Бізде барлық бөлімшелерде, дәліздерде бейнебақылау орнатылған. Орталықтың өзге клиникалардан ерекшелігі мейірбикелер науқастың дәрісін, тамағын береді. Өйткені біздің емделушілер дәріні өз бетінше ішпейді. Кейде жас мамандар да жұмысқа шыдамайды. Келесі күні басқа клиниканы жағалап кетеді. Дегенмен, мейірбике мамандығын таңдаған адам ең алдымен мейірімді болуы керек. Психикалық кеселге шалдыққан жандардың жан-дүниесіндегі сырқатқа күн сәулесіндей шапағатын төгіп, дәрігер тағайындаған ем-шараның нәтижелі болуын діттеген кәсібіне адал мейірбикелер ғана барлық марапатқа лайықты деп есептеймін. 

Махрипам Захидам, орталықтың аға мейірбикесі:

– Мен ерлер бөлімінде жұмыс істеймін. Біздің бөлімде елу төрт жастағы науқас емделіп жатыр. Күндіз көңіл-күйі көтеріңкі. Бір қарағанда ешқандай оқыс мінезі жоқ, ауру-сырқаудан ада адамға ұқсайды. Мейіргердің міндеті оның әңгімесін тыңдап, көңіл аудару керек. Егер ол өзін назардан тыс қалдым деп сезінетін болса, аяқ астынан айқайлап, ашуланып, жын соққандай мінез көрсетеді. Бізде кейбір атақты заңгерлер, журналистер, өзге де танымал адамдар емделген. Кейбірі өздерін құдайға теңейді. Көріпкелмін, планетаны уысымда ұстап тұрмын деп кеудесін соғатын «әулиелер» де бар. Оның түсіне құдай еніп, жер бетіндегі сондай ең ауыр «миссияны» жүктеген екен. Алдына келген адамның тілегін орындап, болашақты болжайды, бізге де бал ашады. Әрине, біз олардың әңгімесін «ұйып тыңдап» отырамыз. Біздің жұмыстың ерекшелігі жұмыс барысында шыдамдылық, сабырлық сақтау. Олар ақылға қонбайтын әңгімелер айтады. Соған қарамастан күлмей, шын ниетпен тыңдау керек. Олар сенің мән бермей, жүрдім-бардым тыңдап, күлгеніңді сезіп қояды. Әрине, әр науқастың ауруының белгілері әрқалай. Олардың осында емделіп жатқан науқас жайында, қандай дертке шалдыққанын жариялауға ешкімнің құқы жоқ. Олардың арасында өзін министрмін , Назарбаевтың досымын, туысқанымын, тіпті, Путин үйіне қонаққа келген, оған өзі де қонаққа барып, бірге қыдырып, бірге тамақ ішкен-мыс науқастар да бар. Кейде мұнда жедел жәрдем көлігімен студенттер, сарбаздарды да әкеледі. Олардың басым бөлігі уайым, ұйқысыздық, дегбірі қашқан, мазасыз күйде түседі. Ал әйелдер бөліміне «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқыған қыздар емделуге келгенде таң қалмадық. Емтихан кезінде шетелдік студенттер де түседі. Олар үш күннен кейін дәрі-дәрмектің көмегімен есін жияды. Бірақ психикалық көңіл-күйі оңалғаннан кейін өздерінің әлгіндей әрекеттер жасап, сандырақтағанына кейбірі ыңғайсызданады. Психикалық аурудан ешкім сақтандырылмаған. Бірнеше жыл осы орталықта жұмыс істеп, соған куә болдым. Мұндай науқастармен жұмыс істеген оңай емес. Төзімділікпен бірге әр адам мамандығын жақсы көргенде ғана сол саланың ыстығына мен суығына көне біледі. Ең бастысы мейіргерлер түнгі кезекшілік кезінде мүлгіп кетпеуі керек. 

Шынар Құлжабекова, орталықтың аға мейірбикесі:

 – Орталықта жиырма үш жылдан бері еңбек етемін. Біздің бөлімде ерлер мен әйелдер емделеді. Олар алкоголь өнімдері мен есірткі заттарына тәуелділіктен айығу үшін шипа іздеп келеді. Біздің міндетіміз науқастардың әр қимылын тәулік бойы қатаң бақылау. Маскүнемдер де, нашақорлар да бастапқыда масаң күйде, әртүрлі жағдайда түседі. Мамандар олардың ағзасын улаған алкогольді сусындар мен есірткіден , екі-үш күннен кейін абстиненция басталады. Маскүнемдерде дилерий дейді. Олар ақыл-ой, эмоцияларын, бұлшық етті басқаруға қауқарсыз, ұйқыдан айырылады. Ал есірткі заттарын тұтынушыларда «ломка» басталады. Дилерий кезінде науқас шымшу, бірнәрсені іздеу, көзіне қос көрініп, одан қорқу, заттарды лақтырып, түрлі оғаш қылықтар жасайды. Елеспен алысады. Олар өзінің мұндай әрекетін түсінбеуі де мүмкін. Нашақорларда да осындай күйді басынан өткізеді. Өкінішке қарай басым бөлігі әлі ана сүтінің уызы кеппеген жастар. Он сегіз-отыз бес жастағы жігіттер синтетикалық есірткіге үйір. Арасында героинге тәуелділері де бар. Біз олардың әрбір қимылын, психикалық жағдайын кірпік қақпай бақылап, дәрігерге толық ақпарат береміз. Есірткі заттарына құмар жандармен жұмыс істеу өте қиын. Олардың мінезі мың құбылады, талапшыл, бойын кернеген құмарлық қоздырып, естен тандыратын есірткіні іздеп, соған қол жеткізуді көздеп түрлі айла, амалдар жасайды. Олардың түнде сүйектері сырқырайды. Ал маскүнемдік пен есірткінің құлына айналған қыз-келіншектер ішімдік ішу, есіртікіні тұтыну шектелгенде айқайлап, бойын ашу кернеп, адам айтқысыз оғаш қылықтарына көзіміз үйренген. Өкінішке қарай, емделушілердің басым бөлігі қазақтың қаракөз келіншектері. Күйеуімен көңілі жараспаған, басына түскен қиындықтардан құтылу үшін ащы су, есірткі заттар тұтынып, соның тұтқынына айналған. Жиырма үш жылдан бері көзімнің жеткені әйелдердің тәуелділіктің тұзағынан құтылуы екіталай. Өйткені, олар бірнеше мәрте осы орталыққа емделуге келеді. Ал ер кісілердің ұзақ және кешенді емделудің нәтижесінде жағымсыз әдеттен айыққандары да бар.

    Біздің орталықта еңбек етуге бел буған мейірбикелерге боянуға, әдемі әшекей заттарды тағып келуге және ашық түсті киім киюге, шашты жайып, тырнақты бояп жүруге болмайды. Шашты жинап, медициналық формамен киген, жүзінен мейірім шашқан, тілінен жылы сөз төгіліп, науқас қандай әбестік жасаса да оны сынап, дауыс көтермейтін, сабырлы, ақылды және өте қарапайым маманның осы кәсіптен несібесін табатынына сенемін. Мейіргер үшйін науқастың және олардың алғысы мен батасын алу үлкен бақыт деп есептеймін. 

Фатима Тұрдақынқызы, орталықтың аға мейірбикесі:  

– Орталықта жиырма бе жылдан бері жұмыс істеймін.Бұған дейін перзентханада еңбек еттім. Тоқырау жылдары жұрт қалаға үдере көшкенде мен де Алматы облысының Райымбек ауданынан келіп Алматыдан нәпақа іздедік. Нарынқолдағы перзентханада он бес жыл тер төктім. Екі мекеменің айырмашылығы жер мен көктей. Дегенмен, қаншама қиыншылықтарға қарамастан осы орталықта тапжылмай еңбек етуіме ұжымның қолдауы қатты көмектесті. Психиатриялық орталықта психологиялық демеу беретін көптеген тренинг, тағы басқа науқастармен қарым-қатынас орнатудың әдістерін меңгердік. Науқас бізге келгенде жылы жүз, жылы сөзбен қарсы аламын. Ол қандай күйде болсын, жан-дүниесіндегі мазасыз, дегбірсіз күйден арылуға көмектесіп, тынышталдыруға тырысамын. Тіпті, оған көнбейтін болса, дәрісін беріп, кейде дәрігерді шақырамын. Ол ешкімге бой бермейтін, ашуға булыққан кезде дөрекілік танытуға болмайды. Себебі, науқас есін жиғаннан кейін әр сөзіңді, қимылыңды есіңе салады. Біздің бөлімнің табалдырығын аттағаннан ауруы қозып, дерті діңкелеткен адам сіздің қолдауыңызды сезу керек. Осы уақытқа дейін науқастардан таяқ жеп көрмедім. Бірде жас қыз қатты психозбен біздің бөлімге түсті. Үйін астан-кестен қылған. Тынышталдыруға ешкімнің қауқары жетпеген. Сонымен бізге келгенде оның жағдайынан адам шошитын күйде еді. Ондай кезде біздің меңгерген әдістеріміз бар. Соның өзінде әлгі бойжеткен екі қызметкерімді мұрттай ұшырды. Мұндай кезде дәрігерлер дәрі егіп, тынышталдырады. Ал суицид жасауға оқталғандарды он күн бойы қатаң бақылауда ұстаймыз. Ізінен қалмай, көңіл-күйі, ішіп, жегенін аңдып жүреміз. 

Себебі, олармен қарым-қатынас орнатуды үйрендім. Күнімен бойға жиған, эмоциональды әсерлерімді, зілдей жүкті үйге жеткенше ұмытуға тырысамын. 

Қазір республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығында жүз алпысқа жуық науқас емделіп жатыр. Еліміздің білікті дәрігерлері, өз кәсібіне адал мейіргерлер талай жанның бойын билеген тәуелділік пен психологиялық кеселден айықтыру үшін күндіз-түні медициналық көмек көрсетуде. 

Жазира БЕГАЛЫ,

Арнайы «Қазақ үні» үшін