ҚАЗАҚТЫҢ БАҒЫ – БАЛАДА

ҚАЗАҚТЫҢ БАҒЫ – БАЛАДА

«Отбасы – шағын мемлекет» дегендей, Отан алақандай үйелменнен басталады. Дана халқымыздың ғасырлар бойы үлкен әлеуметтік институт міндетін атқаратын отбасы құндылығына айрықша мән беретіні сондықтан да болар. Бұл жәйт белгілі қоғам қайраткерлерінен бастап мектеп оқушысына дейін толғантатыны көңіл тербетпей қоймайды.    

Адам өмірінін талмас өзегі, таусылмайтын өлеңі іспетті – бауыр еті баланың қамы әр отбасынын, ата-ананың ең басты тілегі, тіршілігінің діңгегі, болашақтан көрсем деп үміт еткен қызығының қазығы.

Бала болашағы – бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның, халықтың, тұтас бір ұлттың бүгінін ертеңмен жалғайтын алтын көпір, асыл мұрат. Әр отбасында дүниеге келген сәби, өсіп жатқан жас буын осыдан да ата-анасының ғана емес, туған елінің ертеңгі арқасүйер азаматы, төл ұлтының туын көтерер перзенті. Жас ұрпақтың дені сау болып өсіп, уақытында білім алып, жүрек қалауымен еңбекке араласып, туған Отанына қызмет етуіне қамкор болу – бір ғана ата-ананың емес, қоғамның, оны басқаратын мемлекеттің биік борышы, абыройлы міндеті екені даусыз.

Бүгінде қоғам да, заман да өзгерді. Бірнеше ғасыр бойына әуелі орыс патшалығының, одан кейін кеңестік империяның бодандығында болған отар ел қамытынан құтылып, Отанымыз Тәуелсіздік айдынына шыққалы да отыз жылдан асты. Жас мемлекетіміз жайбарақаттықты, жалқаулықты, «күріштің арқасында күрмек су ішеді» дейтін арамтамақтықты көтермейтін қатаң заңдылықтың нарық билігіндегі жолына түсті. Бұрынғыдай колхоз, совхоз, өндіріс ұжымы болып қауымдасып өмір сүріп, ортақ игілікті бірігіп пайдалану орнына жекешелену, бөлісу келді. Сол себептен де бір кезең көп отбасының қоры азайып, тұрмысы жүдеу тартқаны жасырын емес. Ел бостандығымен, экономикадағы жаңа үрдіспен ілесе келген кеп өзгерісті жақтырмай, «кеңесіміз жақсы еді» деген күңкілдің естіліп қалатыны осындай тосын қиындықтан еді. Дегенмен, Азаттыққа, Еркіндікке ешбір байлық, дәулет тең келе ме?! 

Отанымыздың саяси бостандыққа жетуінің зор ғанибеті – жас ұрпақ үшін өлшеусіз бақыт, жарқын болашақ екендігінде. Балбөбектердің еркін елдің азаматы болып өсетіні кім-кімнің де жүрегіне қуаныш ұялатып, болашаққа сеніммен қарауға жетелейді. Көршілес моңғол, Шығыс Түркістан, тағы басқа алыс-жақын шетелдерден ұрпақ жайын ойлап, ата жұртқа мыңдаған қазақ отбасының қайтып оралуына мұрындық болған да – туған елге қалтқысыз сенім. Ұл-қыздарының жат жерде сұлтан болғанша, өз еліне ұлтан болып, туған Отанында, өз ұлты ортасында қысылмай-қымтырылмай еркін күліп, еркін сөйлеп өсуіне жағдай жасау мақсатымен ұлы көшке бет түзеуі – ата-ананың мойнындағы үлкен борышын анық ақтағаны.

Ата-ананың балалары алдындағы жауапкершілігі көп. Бұл оларды киіндірумен, қарнын аш етпеумен шектелмейтіні тағы белгілі. Жас ұланның денінің сау болып, табиғат берген қабілетіне сай талапты, жігерлі, еңбекшіл, білімге құштар болып өсуіне отбасылық үлгі-өнегенің ықпалы айрықша мол. Жас талаптың кәмелет жасына дейін, одан кейін мынау қым-қуыт өмірден өз орнын тауып, адал еңбек жолын таңдауы, тамыр жайып өзі үшін де, қоғам үшін де белсенді қызмет етіп, мағыналы өмір сүруі – көбіне-көп осы отбасылық мектепке дейінгі тәрбиеге тікелей байланысты. Мұны халық даналығы да, ғылым да егжей-тегжейлі айтып та, жазып та үнемі назар аударып келеді. Бірақ бұрынғы кеңестік жүйе тұсында оқудың, білімнің, тәрбиелік бағыт-бағдарлардың, бәрі-бәрінің орталықтандырылған мәскеулік билік саясатымен басқарылатынына бойұсынып, оның мән-мағынасына тереңдей үңілуді қажетсінбейтін халге келдік. «Басқаша болуы мүмкін емес» деген бодандық бағыныштылық уыты ой-санамызды байлап, буып тастағаны сондай, тіпті ұл-қызымыздың болашақта қандай адам болып қалыптасу тізгінін, тәрбиесін қоғамдық билік саясатының ырқына беріп қойғанымызды да байқамайтын едік. Балаларымыз аман болып, қатарластарынан қалмай жүрсе, «өсе келе өзіне керегін үйреніп кетер» деген алданыш сезім жетегінде көңілді тоққа балау басым болды.

Әлемдік педагогикалық-психология ғылымы әр сәбидің тәрбиесі ана құрсағында жетілу кезеңінен басталатынына ерте көңіл аударған. Оның дүниеге келгеннен кейін еркін дамып, өсе келе бойындағы барлық қабілеті толық ашылуы үшін ең маңызды кезең – отбасылық мектепке дейінгі тәрбие кезеңі екені де жан-жақты зерттеліп ғылыми ізденістің жемісті өзегіне айналған.

Алайда мектепке дейінгі тәрбие ғылымының озық жетістіктері қазақ тілді ортада көп айтылмай, кең насихатталмай келді. Құнарлы ана тілі негізінде екінші, үшінші, нешінші тілді болса да үйретіп, біліп шығуға болатыны ғылымда әлдекашан дәлелденгені көпшілік қауымды былай қойғанда, осы мәселемен тікелей айналысып, зерттеп жүрген ғалым-педагогтер ортасында да саясаттың ырқымен еленбеді, көңіл аударылмады. Сөйтіп әміршіл-билікшіл, басқарудың барлығын мықты уысында ұстаған «орталық» қазақ баласын қаласа, туған ата-ана ықпалынан оп-оңай ажыратып алатын құдіретке қол жеткізді. Көз қуанышы, көңіл сүйеніші бола ма деген кей баламыздың өсе келе жан-дүниесі де, түсінік-танымы да өзімізге ұқсамайтын, тартпайтын жатбауырлау болғанын сезіп те, көріп те, қиналып та жүрміз.

Туған Отанымыз тәуелсіздік алып, өзіндік өсу жолын іздеп, нарықтық материалдық дамуға ден қойған шақта жаңаша үрдіске қосыла алмай, білекті де білімді небір жастарымыздың жұмыссыздыққа ұшырап сабылып жүргені, намысты ойламай әр нәрсеге ұрынып адасып жүргені, не істерге білмей абдырап қалғаны да содан болар. Сондықтан да бауырымыздағы балалардың ержеткен соң өмірден өзіне лайықты орнын табуға талапты болып өсуі үшін оның адамдық жақсы қасиеттерінің барлық негізі қаланатын отбасылық кезеңінде, жеті жасқа дейінгі желкілдеп жедел өсу шағында өнегелі тәрбие бастауының – ата-ананың аясында ана тілі уызына қанып, шымыр да өжет, еңбекшіл болып қалыптасуына айырықша ден қоятын кез әлдеқашан жеткен.

Бұл орайда басшылыққа алатын, мазмұн-мағынасы, мақсаты педагогикалық ғылым жетістіктерімен қабысып, біте қайнасып жатқан қазақ ұлтының халықтық тәрбие үлгілері жеткілікті деңгейде. 

Жалпы педагогика ғылымы баланың бір жастан жеті жасқа дейінгі дамуын үш кезеңге бөліп қарастырады. Бір мен үштің арасын – еркін даму, үш пен бестің арасын – алғашқы дағдарыс, бес пен жеті арасын – еркін даму кезеңдері деп бөледі. Ұлттық тәрбиеде үш жасқа толған қыз балаға үкілеп тақия, сәндеп көйлек кигізетін, ұл баланы ат үстіне ертоқымға отырғызып, атын жетектеп, ары-бері жүргізетін дәстүр болғаны мәлім. Ал бес жасқа толған ұл баланың сүндет кезеңі туатыны тағы бар. 

Осындай халықтық тәжірибеде қалыптасқан қай дәстүрдің болсын астарына, мағынасына зер сала қарасақ, қазақ халқы жеті жасқа дейінгі кезеңде жеткіншекті тәрбиелеуде үлкен ғылым жеткен биіктен көрінетінін сезіну қиын емес.

Жинаған малын жанының садағасына, бірер қара домалағын басты байлығына санайтын қазақ үшін бақыт бастауы да, ұшар биігі де – бауыр еті баласы, артында қалар ұрпағы. Сондықтан көз алдымызда құлыншақтай құлдыраңдап, бал тілімен былдырлап ойнап жүрген балғынның ертеңгі өмірдің қай қиындығынан болса да қаймықпайтын шымыр болып өсуін ойлассақ.

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ,

педагог-журналист

БІЗДІҢ ҮЙДІҢ ЖАРЫҒЫ

Отбасы – бұл сүйіспеншілікке, түсіністікке және қауіпсіздік сезіміне толы сөз. Әр адамның өмірінде қамқорлық, сүйіспеншілік, мейірімділік ерекше орын алады. Бұл сөздердің түсінігін біз отбасымыздан аламыз. Ал жақын және бізге қымбат адамдар болмаса, біздің өміріміз өзінің жарқындығын, байлығын және жан-жақтылығын толығымен жоғалтады. Себебі, отбасы – нағыз байлық, ал отбасы мүшелері сенің нағыз өміріңнің мәні. 

Мен үшін отбасы анамнан басталады. Ол менің ішкі әлеміме және дүниетанымыма үлкен әсер еткен адам. Жақсы болуыма себепкер жан. Анам көрегендігін көрсете отырып, отбасымыздың әр мүшесіне қолайлы жағдай жасайды. Ол кісінің арқасында үй жылу мен жайлылыққа толы. Ал әкем біздің ертегідей өмір сүруімізге мүмкіндік жасайды. Өйткені, отбасы – өз еңсесі мен бақыты, қуанышы мен мұңы бар жылы ұя. Ал жауапкершілік, өзара көмек, бір-бірімізге қамқорлық пен сенім, біздің отбасымызда мен бағалайтын және мақтан тұтатын бірегей әл-ауқат пен шексіз бақыттың аурасын тудырады. Ал отбасыдағы құндылықтар туралы айтып өтсек…

Отбасы әрқашан адам өмірінің құндылықтары арасында ең маңызды орындардың бірін алады. Әр адам үшін отбасының, баспананың болуы өте маңызды. Мықты отбасы жылулық, жайлылық пен тыныштық береді. Өйткені, үйде бізді жақсы көреді және күтеді. 

Отбасы құндылықтары – адамның адамға деген сүйіспеншілік пен қамқорлыққа толы қарым-қатынасы және бұл құндылықтар кез келген адамның өмірін құрайтын ең маңызды іргетасы. Тұлғаның қалыптасуы отбасында басталады: себебі, отбасылық құндылықтар тұтас табиғаттың үйлесімді дамуы үшін қажетті дағдыларды қалыптастырады. Отбасында ең маңыздысы не? Бұл сұраққа нақты жауап беру өте қиын. Махаббат? Түсінушілік пе? Қамқорлық пен бірге болу ма? Немесе, мүмкін, жәй жақсы материалдық жағдай жетеді ме? Әлде отбасылық дәстүрлерді қатаң сақтау ма?

Өз ойымша, отбасы мен отбасы құндылықтары әрқашан бір-бірімен тығыз байланысты және бір-бірінсіз болмайды. Егер отбасы мүшелері бір-біріне түсінушілікпен қарамаса, онда отбасылық құндылықтар да автоматты түрде мағынасын жоғалтады. Кез келген отбасы үшін отбасы құндылықтарының тізімі шексіз санын қамтиды. «Біз ұйымшыл болуымыз қажет», «жоқ, жай ғана бірге уақыт өткізу, бұл жеткілікті» немесе «отбасымызда ең алдымен тәртіп!». Яғни біздің әрқайсымызда берік және тату отбасын құрудың негізін нығайтуға көмектесетін отбасылық құндылықтар туралы нақты түсінігіміз бар және ол әртүрлі. Моральдық-этикалық принциптерді білу отбасының әрбір мүшесіне деген сенім мен сенімді арттыруда маңызды рөл атқарады. Бұны ұмытпаған жөн. Және тағы бір маңызды нәрсе ол маңыздылық пен қажеттілікті сезіну. Отбасының әрбір мүшесі өзін жақсы көретінін, бағалайтынын, қажет екенін білуі маңызды. Тату отбасы болса да, отбасының әрбір мүшесіне кеңістік пен еркіндік беру керек. Отбасы – бұл «ерекше» жағдайларсыз, мерекелерсіз жиналатын жер, бұл сіз қиындыққа ұшырағанда қайтып келетін, сізді қабылдайтын, тыңдайтын, қолдау көрсететін, көмектесетін қауіпсіз жер. 

Махаббат: бұл басты отбасы құндылығы. Ол жақын адамдарға деген жақсы қарым-қатынастан, оларға көрсеткен қамқорлықтан, қорғаудан және үнемі жандарында болуға ұмтылудан көрінеді. Сүйіспеншілікке толы отбасы әрдайым бақытты болады және әрқашан гүлденеді. 

Сенім: отбасы адамдарының бір-біріне сенуі және балаларды солай тәрбиелеуі. Кез келген қиындықты, сәтсіздіктерді, кез келген тәжірибені сіз отбасыңызбен бөлісуіңіз керек. Олардың қолдауы мен сенімін сезіну өте маңызды.

Өзара түсіністік: бір-біріңізді жақсы түсіну, жан-жарыңыз бен немесе балаларыңыздың мүдделері мен ұмтылыстарын құрметтеу және бағалау маңызды. Қолдау сезінген адам тек рухани дамып қана қоймай, спортта да мансапта да көтеріледі және үлкен жетістіктерге жетеді. 

Адалдық: махаббат байланыстарының беріктігінің тағы бір мықты кепілі. Кез келген қиындықтар мен сәтсіздіктерге қарамастан, қайғыда да, қуанышта да жақын адамымен бірге болуға дайын болу. Бұл қасиет адам бойында сөзге, іске адалдық, достықта адалдық сияқты қасиеттерді бала кезінен қалыптастырады. 

Және де сыйластық. Ол әрбір отбасы мүшесіне көрсетілу қажет. Сыйластық бар жерде береке де болады. Жақсылық пен жамандық әрқашан бірге жүреді ал жастайынан балаға оны үйрете білу маңызды. Барлық нормаларды, мінез-құлық ережелерін бала ата-анасынан немесе ата-әжесінен алады. Олардың мысалдары бойынша ол үйренеді, тәжірибе алады, мінез-құлық үлгісін және басқаларға деген көзқарасы қалыптасады. Сондықтан балаларды тәрбиелеу, олардың бойына өте жастайынан ережелерді сіңіру қажет. Отбасылық құндылықтар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер. Бұл адамдардың ортақ үйде бірге сезінетін нәрсе, отбасын берік ететін, сіз әрқашан қайтып оралуға, қолдау мен жайлылық алуға болатын қауіпсіз баспанаға айналатын орын. Әлеуметтанушылар, психологтар және педагогтардың пікірінше, отбасы мүшелерінің өзара сүйіспеншілігімен қатар отбасын біріктіретін және оны біртұтас тұтас ететін ол отбасылық дәстүрлер. Кейбір отбасылық дәстүрлердің ұзақ тарихы бар және ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Бұл дәстүрлерге отбасылық мұралар – құжаттар, естеліктер, хаттар, марапаттар жатады. Олардың әрқайсысы жақындарының, жақындарының өмірі мен істерінің айғағы. Жәдігерлерге ұқыптылықпен қарау – ұрпақтардың адамгершілік күшінің, идеялық сенімінің, рухани сабақтастығының қайнар көзі. Отбасы – ошақтың жылуы, бір-бірінің тірегі, көмегі, күш-қуаты. Барлық отбасы мүшелерінің пікірі құрметтелетін, олар оны тыңдайтын, әрқашан махаббат, мейірімділік пен түсіністік атмосферасы орнайтын отбасының болуы қандай тамаша. Олар ең қиын сәтте көмектесуге дайын және үйлесімділік орнаған жер. Әке ананы жақсы көретін және құрметтейтін жерде, ал анам оған өз жылуын, нәзіктігін береді және барлығына қамқорлық жасайды. Мұнда балалар ата-аналарын құрметтеп, жақсы көреді және барлық жағынан көмектеседі.

Отбасы – бұл тағдырдың үлкен сыйы, оны бағалап, қастерлеп, сүю қажет!

Аружан МҰРАТ,  

Алматы облысы, Іле ауданы, 

М. Түймебаев ауылы

№20 орта мектептің 11 сынып оқушысы