СЕПАРАТИСТЕР ІСІ: “ТЕРГЕУ ЖАЛҒАСУДА, ОЛАРҒА ҚҰҚЫҚТЫҚ БАҒА БЕРІЛЕДІ” – Ұлттық Қауіпсіздік комитеті

СЕПАРАТИСТЕР ІСІ: “ТЕРГЕУ ЖАЛҒАСУДА, ОЛАРҒА ҚҰҚЫҚТЫҚ БАҒА БЕРІЛЕДІ” – Ұлттық Қауіпсіздік комитеті

Биыл 2023 жылдың 19 наурызында Петропавлда 19 сепаратист “Халықтық кеңес” ұйымын құрып, Қазақстан Тәуелсіздігін мойындамайтынын жариялағаны қоғамда үлкен шу туғызған болатын. Бұған қарсы ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса 30 наурызда “Қызылжардағы жағдай - Ұлттық қауіпсіздік комитеті кімдерге қарсы күреседі?” деп алғашқы болып мәселе көтерді.

“Қызылжардағы қып-қызыл от ұшқыны шашылған қылмысқа билік неге үнсіз қарап отыр?!! 

Биыл 19 наурызда, еліміз бойынша Парламент сайлауы өтіп жатқанда Петропавл қаласында 19 адамнан құрылған сепаратистер “Народный совет” ұйымын құрып, Қазақстанның Тәуелсіздігін мойындамайтынын жариялаған.

Бұл енді нағыз дабыл қағып, шұғыл қатаң шара қолданар жағдай! Одан бері жарты ай өтті - жайбарақат біздің құқық қорғау органдары!

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті қайда қарап келген тағы да?!.

Бас прокуратураның басы ауыратын түрі жоқ! Желілерде желдей ескен хабарларға неге мәлімдеме жасамайды?!.

Тәуелсіздікке, мемлекеттік тұтастыққа қарсы шығып, Конституцияны бұзған 19 сепаратист түгел қатаң әділ жазаға тартылуы керек!”-деп жазды Қазыбек Иса “Қазақ үні” ұлттық порталында.

31 наурызда ҚР Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаттары осы аса қауіпті мәселеге байланысты Бас прокуратураға хат жолдады. 

Қазыбек Иса тек мақала мен хат жазумен ғана шектеліп қалған жоқ. 2023 жылы 5 сәуірде өткен Парламент Мәжілісінің VIII шақырылымның алғашқы жалпы отырысында Петропавл қаласындағы сепаратистік топты қатаң жазаға тартуды талап етіп, “Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалын жариялады.

Жақында осы депутаттық сауалға ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті төрағасы міндетін уақытша атқарушы Б.Қосжановтың жауабы келді.

Енді осы жауаппен таныстырайық.

ЖАҒДАЙ ҰҚК БАСШЫЛЫҒЫНЫҢ БАҚЫЛАУЫНДА ТҰР

Сіздің депутаттық сұрауыңызды қарау қорытындысы бойынша 30 наурызда Петропавл қаласының бірқатар тұрғындарының «Халық кеңесі» д.а. құру туралы бастамамен әлеуметтік желілерде көпшілік алдында сөз сөйлеу фактісіне қатысты Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҰҚКД ҚК 180-бабының 2-бөлігіне сәйкес СТТБТ тіркегенін хабарлаймыз.

Тергеуді арнайы құрылған ведомствоаралық жедел-тергеу тобы (ҰҚКД, ПД, ЭТД, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) жүргізуде, іс жүргізу прокурорлары тағайындалған. Қатысушылар анықталып, тергеу іс-шаралары ұйымдастырылды.

Алынған материалдар бойынша сот психологиялық-филологиялық сараптама жүргізілді, оның қорытындысы бойынша материалдарда Қазақстан Республикасының ыдырауын насихаттау, оның аумағының тұтастығы мен бірлігін бұзу, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіру белгілері бар.

Облыстық Мамандандырылған тергеу соты қылмыстық істің 3 қатысушысына қатысты оларды 2 ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына рұқсат берді.

Тергеу әрекеттері жалғасуда. «Халық кеңесі» д.а. пікірлестері басқа өңірлерде де анықталуда, оларға қатысты объективті құқықтық баға берілетін болады.

Жағдай ҰҚК басшылығының бақылауында тұр.

Комитет Төрағасының МУА Б.Қосжанов      

Айта кетейік, бұған дейін “ҚАМАУҒА АЛЫНҒАН СЕПАРАТИСТЕРДІ ТЕРГЕУ БАРЫСЫ БАС ПРОКУРАТУРАНЫҢ БАҚЫЛАУЫНДА” деген ҚР Бас прокуроры Б.Асыловтың депутаттық сауалымызға берген жауабын жариялаған болатынбыз.

Енді қоғамның зор қолдауына ие болған Қазыбек Иса жариялаған “Ақ жол” партиясы фракциясының депутаттық сауалын қысқаша еске сала кетейік.

ҰЛТШЫЛДЫҚПЕН ЕМЕС - ҰЛТСЫЗДЫҚПЕН КҮРЕСЕТІН КЕЗ КЕЛДІ!

СЕПАРАТИСТЕР ҮЙЛЕРІНДЕ, СЕПАРАТИЗМГЕ ҚАРСЫ КҮРЕСКЕН МАРҒҰЛАН БОРАНБАЙ ТҮРМЕДЕ ЖАТЫР!?.

Биыл 19 наурызда Петропавлда 19 сепаратист “Халықтық кеңес” ұйымын құрып, Қазақстан Тәуелсіздігін мойындамайтынын жариялады.

Тек қоғамдағы үлкен шудан соң облыстық құқық қорғау органдары “қылмыстық іс қозғалды” деген болар-болмас хабар таратты.… Оған дейін жарты ай өткенше, олар қайда қарап келген?

Қылмыстық Кодексте мемлекет біртұтастығын бұзуға шақырғандарға қатаң жаза бар. Ал осы қылмысқа барған 19 сепаратист түк болмағандай, үйлерінде отыр. Ал сепаратизм қаупін алдын ала сезіп, батыл қарсы шығып күрескен марғасқа Марғұлан Боранбай үш жылдан бері тастүрмеде жатыр… 

Қазір ҰЛТШЫЛДЫҚПЕН ЕМЕС - ҰЛТСЫЗДЫҚПЕН КҮРЕСЕТІН КЕЗ КЕЛДІ!

Бас прокуратура мен ҰҚҚ шұғыл шаралар қабылдауы керек. Ең басты қасиетті құндылығымыз -Тәуелсіздік пен Ұлттық тұтастықты қорғау - ең басты ұлттық міндетіміз!

Жарылғыш затты жасырып қойғанмен жарылмай қалмайды, оны залалсыздандыруы керек! Ол үшін Тәуелсіздіктің қорғаны – Ұлттық идеология болуы керек. 2012 жылы Алаш бағдарламасын қабылдаған "Ақ жол" партиясы ұсынғандай, Ұлттық идеямыз - Алаш идеясы болуы керек. Біз көтерген "Алашқа тағзым" шеруін өткізуге әлі де әкімдер қарсы болып отыр.. Дегенмен, алда қала көшелері Алаш шеруімен толқитын күн келеріне сенеміз.

Ұлттық идеология жемісті болуы үшін ең алдымен Ұлттық Ақпараттық қауіпсіздік қажет!

Тәуелсіздік идеясына қарсы, сепаратизм вирусын тарататын шет елдік телеарналарға, сайттар тоқтатылуы тиіс! 

”Бос жатқан жер жау шақырады” деген атам қазақ! Кеңбайтақ жеріміздегі аз қазақтың қатарын толтырар алтын қорымыз - шеттегі қалың қандас көшіне шектеу қойғандар, Солтүстікті оңтүстіктен қоныс аударушылармен толтыру жобасын жолда қалдырғандардың жауап беретін кезі келді! 

Тәуелсіздік қадірін жат қайдан ұқсын, егер өзіміз, өз билігіміз қала көшелерінен Тәуелсіздік атын алып тастаса? Бұған кінәлі әкімдер орындарында әлі отыр былқ етпей…

Қазіргідей геосаяси жағдай қиын кезде ең алдымен ел ынтымағы керек. «Ұлттық қауіпсіздік Мемлекеттік тілден басталады» деп Президент Қ.Тоқаев тура айтқандай, енді тек сөзден іске көшетін уақыт жетті! 

Халықты біртұтас етіп біріктіруші ұлттық идеологиямыз - Мемлекеттік тіліміз болуы тиіс! Өйткені, Ұлттық идеология, патриоттық тәрбие ең алдымен Мемлекеттік тіл арқылы беріледі! Бір тілде ғана сөйлеген ел біртұтас болады!

Елді бірұлттандыру саясаты тілден басталады. Бұны еліміздегі этностардың бәрі де қолдауда. Халық ассамблеясы мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау туралы Үндеу жасағанына үш жыл өтті, биліктің тосқауылы әлі тоқтар емес!?. 

Солтүстіктегі мәслихат депутаты, «Ақ жолдық» Евгений Кинцельдің еліміздегі этностарды бірлікке шақырып, “Біз бәріміз қазақпыз” деген сөзі бәріне үлгі болуы керек.

Ал мәслихат сессиясын қазақ тілінде өткізуді ұсынған Өскемендік депутат Надежда Шушаникованың «Біз Қазақ елінде тұрамыз, Мемлекеттік мекемелердегі жиналыстар, шаралар тек қазақ тілінде өтуі тиіс»-деген талабын барлық мекемелер орындауы тиіс! 

Ұсыныстарымыз:

1.Ұлттық мемлекет ретінде Ұлттық идеологиямыздың концепциясын тез арада қабылдау қажет!

2.Қазақстанның ұлттық ақпараттық қауіпсіздігін жасап, шетелдік телеарналар мен сайттардың, басылымдардың таралуын шұғыл тоқтату керек!

3.Ұлттық рухымызды көтеру үшін жыл сайын 31 мамырда “Алашқа тағзым” шеруін өткізуге әкімдердің кедергісі тоқтатылсын.

Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының мүшелері

Сөз соңында айтарымыз, қасиетті Тәуелсіздікке тас лақтырып, Конституцияны бұзғандарды індетіп тергеп, түгел қатаң жазаға тартылуы керек.

“Ақ жол” партиясы мемлекеттік һәм ұлттық мүддені қорғауда қайрат таныта береді.

Қазыбек Иса, 

Қазақ үні