Дос Көшім: Шенділер тіл мәселесінде қарын қамынан аса алмай отыр

Дос Көшім: Шенділер тіл мәселесінде қарын қамынан аса алмай отыр

«Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама жобасын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің қаулы жобасынан «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң әзірлеу маңызды мәселе” деген ең басты тұжырым алынып тасталған болатын.

Бұл туралы сайтымызда Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның «ҚАЗАҚ ҮКІМЕТІ ТАҒЫ ДА ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАСТАНДЫҚ ЖАСАДЫ!» атты мақаласы жарияланған-ды. Халықтың талқысына ұласқан осынау өзекті мәселеге байланысты зиялы қауым өкілдері де үн қосты.

Дос КӨШІМ, саясаткер:

2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама жобасын бекіту туралы ҚР Үкіметінің қаулы жобасынан «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң әзірлеу маңызды мәселе» деген ең басты тұжырым алынып тасталғаны белгілі. Бұған өз басым таңырқай қоймадым. Себебі, билікке қазақ тілінің қажетсіз екендігі осы отыз жылдың ішінде белгілі болды. Қазақ тілі тек қана қазақтардың бас ауруы болып қалды. Билік бұл жәйтке көңіл бөліп отырған жоқ. Сондықтан болуы керек, біз әлі күнге дейін ауруханаға барып қазақ тілінде өзіміздің сырқатымыз туралы айта алмаймыз. Нотариуске барып қазақ тілінде құжаттың көшірмесін ала алмаймыз. Керек десеңіздер, асханаға барып қазақ тілінде ас мәзірін қарай алмаймыз. Менің ойымша билікке қазақ тілінің қазіргі жағдайына жаны ауыратын жаңа бір топ, жаңа бір азаматтар келмейінше қазақ тілінің айы оңынан туа қалуы неғайбыл. Билік басындағы шенділердің жаңадан мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау туралы бастамаға ашықтан-ашық қарсы шыққаны осыны көрсетеді. Бұған таңқалудың қажеті жоқ. Бұл өздерінің қарындарының қамы екені сөзсіз. 

Кеше ғана Парламенттің алдына шыққан қаншама министрлер мн олардың орынбасарлары қазақ тілінде сөйлей алмай депутаттардан сөз естіп жатты. Оның алдында да мұндай жағдай сан рет кезікті. Өкініштісі сол әлі күнге дейін ештеңе өзгерген жоқ. Оны өзгертем деген биліктің ниеті де жоқ. Егер де қазақ тілінің деңгейі ең құрығанда біздің еліміздегі орыс тілінің жадайына жетсе, онда орыс тілі үшін біздің биліктегі азаматтар қолдарына қос ауызды мылтық алып көшеге шығып соғысуға бар. Бүгінгі биліктің көзқарасы осы. Биліктің ішінде қазақ тіліне жаны ашитын, Тіл туралы заңның қабылдануына ниетті адамдар бар шығар, бірақ олар саусақпен санарлық. 1989 жылы Совет үкіметі кезінде шыққан қостілділікті нығайтатын заң нағыз орыс тіліне арналған заң. Одан кейін басқа республикалар өздерінің тіл туралы заңдарын үш рет өзгертіп үлгерді. Ал біз әлі күнге дейін ондай батылдыққа бара алмай отырмыз. Мен әлемнің көптеген елдерінің тіл туралы заңдарын қарап шықтым. Басқа елдерде «Мемлекеттік тіл туралы заң» деп аталады. Ал Қырғызстан және Қазақстанда ғана «Тілдер туралы заң» деп аталады. Ендігі жерде, Парламенттегі қазақ тіліне жаны ашитын халық қалаулылары өздерінің құқықтарын пайдалана отырып, мемлекеттік тіл туралы заң жобасын ұсынуы керек. Сол уақытта кімдердің қарсы болғанын көреміз. Ертең оларды халық қарғап-сілейтін болады, көзін шұқитын болады.