Смағұл Елубай: Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдайтын уақыт жетті

Смағұл Елубай: Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдайтын уақыт жетті

«Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама жобасын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің қаулы жобасынан «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң әзірлеу маңызды мәселе” деген ең басты тұжырым алынып тасталған болатын.

Бұл туралы сайтымызда Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның «ҚАЗАҚ ҮКІМЕТІ ТАҒЫ ДА ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАСТАНДЫҚ ЖАСАДЫ!» атты мақаласы жарияланған-ды. Халықтың талқысына ұласқан осынау өзекті мәселеге байланысты зиялы қауым өкілдері де үн қосуда. 

Смағұл Елубай, жазушы: 

Тіл жағдайын айта-айта беріп, тіпті, жауыр болуға айналды. Сонау 1989 жылы қабылданған заңның тек қана заң деген аты ғана бар. Ал іс жүзінде мүлде жұмыс істемейді. Кез келген қала көшелеріне шықсаңыз, ағылшын, орыс тіліндегі жарнамалардан көз сүрінеді. Тіл туралы заңның бар екенін жарнама берушілер тіпті ұмытып кеткен тәрізді. Маған сенбесеңіздер, Алматы мен Астананы аралап көріңіздер. 

Тіл қазақ халқы үшін Тәуелсіздікпен тең тұратын ділгірлік. «Егер Тәуелсіздік қазақтың тілін қорғай алмаса, онда ол қандай Тәуелсіздік?» деген сұрақ қазір кез-келген қазақты мазалап тұрғаны анық.

Қазақ тілінің жайын ұлты орыс, тілі қазақ депутаттардың өзі талмай айтумен келеді. Енді тіл проблемасын ретке қоятын мемлекеттік тіл туралы заң қабылдайтын уақыт жетті деп білемін. Егер де, тіл туралы жаңа заң қабылданбаса, отыз жылдан астам созылған тілге деген салғырттық, немқұрайдылық ары қарай да жалғаса бермек. Бұл жағдай еліміздегі тіл саясатын одан әрі ушықтырып жіберуі мүмкін. Тіл саясаты ұлтаралық қақтығыстарға алып баруы мүмкін. Сол қақтығыстар болмас үшін Үкімет тілдің жайын жедел шешуі тиіс. 

Сондықтан біз Мемлекеттік тіл туралы жаңа заңның қабылдануын қолдаймыз. Біздің бұл жөніндегі көзқарасымыз депутат Қазыбек Исаның көзқарасымен дәл келеді. Бұған дейін де тілге қатысты ой-пікірімізді Әбдіжәміл Нұрпейісов бастаған жүз отыз мың адам қол қойған сол Ашық хатта айтқанбыз. Сол қағидадан әлі айныған жоқпыз. Сол талабымыз – талап.