АЛАШ ӘСКЕРІ ТАРИХЫНА ҚАРСЫ ШЫҚҚАН ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ ҚЫЗЫЛ АРМИЯ МА?

АЛАШ ӘСКЕРІ ТАРИХЫНА ҚАРСЫ ШЫҚҚАН ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ ҚЫЗЫЛ АРМИЯ МА?

Белгілі журналист, Алаштанушы Болат Мұрсәлім бүгін фейсбуктағы өз парақшасында Астанадағы Әскери тарихи мұражай Алаш әскеріне қатысты экспозицияларды алып тастағанын жариялап, наразылық білдірді. Әскери мұражайдың ел тарихына қарсы әрекетін әшкерелеп, турасын жазған Болат Мүрсәлім бауырыма көп рахмет! 

“Астанадағы Әскери тарихи мұражайға баруымның бір себебі - Алаш әскеріне қатысты экспозицияларды көрсем деп едім. Өйткені, музей ашылғанда Берік Әбдіғалиұлы ағамыз хабарласып, Алаш әскеріне қатысты құрастырған кітабымдағы суреттерді сұратқан болатын. Соны көрудің сәті түспей жүрген. Сөйтсем, әскери әскери тарих мұражайындағы Алаш әскеріне қатысты бір қабырғаның көрнекі заттарын (суреттегі) бір апта бұрын тұтас алдырып тастапты. Қорғаныс Министрлігінің бұнысы қалай? Әлде қазақтың азаттығы үшін күрескен Алаш милициясы мен Алаштың атты әскер полктері ұлт тарихының - мемлекет тарихының бір бөлшегі бола алмай ма? Музейде қазір бұл тақырыпта Алаш көсемі Әлиханды атты әскер қарсы алып тұрған сәтті бейнелеген жалғыз картина ғана қалыпты.”-деп Болат Мұрсәлім мұражайдағы жалаңаш қалған тұтас қабырғаның суретін жариялапты.


Мұражай Қорғаныс министрлігіне қарайды дейді.

Масқара ғой мынау! 

Сонда Қазақстанның Қорғаныс министрлігі Тәуелсіз Қазақ Елінің бастауында тұрған Алаш тарихына қарсы ма?!

Алаш арыстарын да, Алаш әскерін де, жалпы жазықсыз қазақ халқының қырғынға ұшыратқан болшевиктердің Кеңес үкіметі, Қызыл Армия! 

Ал Тәуелсіздіктің 32 жылында Астанадағы Әскери мұражайдан Алаш әскері тарихына қатысты тұтас қабырғадағы экпозицияны түгел алғызып тастаған Қазақстанның Қорғаныс Министрлігі!?.

Мемлекеттің Мемлекеттік тілді білмейтін Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов мырза, бұл қалай, жауап беріңіз?!.

Еліміз үшін ерекше қасиетті Алаш тарихына, Алаш әскеріне қатысты экспозицияларды тез арада қайтып орнына қойдырып, кінәліні анықтап, жауапқа тарту керек! 

Біз бұл мәселені жай қалдырмаймыз, үкіметте көтеріп, қалпына келтіреміз!

Иә, бұл Алаш әскері тарихына қатысты өте құнды экспонатты осыдан үш-төрт жыл бұрын көрген едік. Алаш ұстанымы үшін 37 жылы қызыл репрессияның құрбаны болған Перуаш Кәрімұлының немересі Азат Перуашев 8-ші бабасы болып келетін Қазақтың бас қолбасшысы, әйгілі қанжығалы Бөгенбай батырдың ұрпақтарында сақталған қасиетті дулығасын осы әскери мұражайға салтанатты тапсыру кезінде осы экспонатты қызыға тамашалағанбыз.

Бізде отыз жылдан бері ұлттық мүддеге қарсы әрекеттерге ешкім жауап бермегесін әркім ойына келгенін істеп үйренген. Мынау әскери мұражайдағы Алаш тарихына жасалған қарсы әрекет соның заңды жалғасы.

Қазір іссапарда жүргендіктен, дүйсенбі күні осы әскери мұражайға барып, жағдайдың қалай болғанын және одан кейін не болып жатқанын өз көзімізбен көретінімізді мәлімдеймін.

Аяқ астынан ойлап табылған “жаңарту үшін жасап едік” деген жалған жауаптар ақталуға жатпайтынын ескертеміз.

Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары

Төменде мұражай басшылығының осы мақалаға берген ресми жауабын ұсынамыз: