ЕЛШІНІҢ ЕРСІ ҚЫЛЫҒЫ ЕЛАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТА ЕСКЕРІЛУІ ТИІС
2023 ж. 25 сәуір
3888
15

Қытай елшісі Кеңес империясынан Тәуелсіздік алған елдерге тас атты
Бұлай ойлайтын тек Қытайдың елшісі ғана ма? Ел басшылары не ойлайды?!.
Саудасымен-ақ саудаңды бітіретін алып империялық көрші ел туралы тарих талай ескертулер жасап келе жатқанын жақсы білеміз.
Әлемде 9-шы орынды алып жатқан алып территориясына қарама-қарсы халық саны аз, жау шақыратын бос жатқан жері көп Қазақстан өз еліндегі жұмыссыздықты жоя алмай отырғанда, қаптап кіріп жатқан шетелдіктер бұл әлеуметтік өткір мәселені одан әрі қиындатып жібермей ме?
Қазақ ұлты өзінен 100 есе көп Қытаймен қатынас жасағанда халық санының орасан айырмашылығына байланысты өзара тең жағдай бола қоюы өте қиын екені айқын. Тонна мен килограмның салмақ салыстыруындай аса қауіпті ғой бұл жағдай!?
Ештеңеден сескенетін жөні жоқ алпауыт елдердің өзі де “Бізде дос жоқ, мүдде ғана бар” деп жатқанда, екі алып империямен ең ұзақ шекарасы бар Қазақ Елі халықаралық қатынастарда “жеті рет өлшеп, бір рет кесіп”, әбден сақтануы тиіс!
Қытай мен Қазақстан арасында енгізілуі жоспарланып жатқан визасыз режимге қарсы ел шулауда, Үкіметтен оған да үн жоқ! Сыртқы істер министрлігі әдеттегідей тым-тырыс. Министрліктің Бұқарамен байланыс бөлімі, баспасөз хатшысы бар ма екен деп те ойлап қаласың?..
Франциядағы Қытай елшісінің Кеңес империясынан Тәуелсіздік алған елдерге тас атқан сөзі жалпы халықаралық шуға айналды. Осыған орай “Ақ жол” партиясы ҚР Сыртқы істер министрлігіне хат жазды.
Бұқаралық ақпарат құралдарында жазылғандай, Қытайдың Франциядағы Елшісі Лу Шайенің бұрынғы кеңестік республикалардың тәуелсіздігіне қатысты айтқан күмәнді сөздері әлемді шулатуда.
Қырымның қазіргі мәртебесі туралы сұраққа жауап бере отырып, Елші бұрын КСРО-ға кірген және кейіннен тәуелсіз болған республикалардың «халықаралық құқықта нақты мәртебесі жоқ, өйткені олардың егемендігін нақтылайтын халықаралық шарт жоқ» деп мәлімдеді.
Бұлай ойлайтын тек Қытайдың елшісі ғана ма? Ел басшылары не ойлайды?!.
Бұл ретте Қытайдың Франциядағы елшісінің мәлімдемесін Қазақстан Республикасына да қатысты айтылған деп пайымдауға негіз бар. Осыған байланысты, туындаған жағдай бойынша “Ақ жол” партиясы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұстанымын хабарлауды немесе Қытай тарапынан ресми түсініктеме алдыруын сұраған еді.
Сонымен қатар, жоғарыда аталған мәлімдеме ҚХР-ның ресми ұстанымы болса, біздің елдер арасындағы жоспарланып отырған визасыз режимді енгізудің қажеттілігіне қатысты сауалдар туындайтыны анық.
Қытай елшісінің елді шулатқан сөзіне байланысты ҚХР СІМ ресми өкілі: «Қытайдың Қырым бойынша ұстанымы өзгерген жоқ. Қытай бұрын КСРО-ға кірген барлық елдердің егемендігін құрметтейді» деген түсініктеме берді. “Сондықтан, ҚХР-дың Франциядағы Елшісінің сөздерін белгілі бір дәрежеде Қырымның тиесілілігі бойынша жауабынан алынған оның жеке пікірі деп санауға болады. Осылайша, бұл оқыс оқиғаны осымен бітті деуге болады”-деп жауап беріпті.
Сонда халықаралық дипломатия талаптарын табанға таптап отырған елшінің бұл әрекетін қалай қабылдауға болады?!. Мыңдаған жыллық тарихы бар алып Қытай елінен, бір миллиард төрт жүз миллионның ішінен елші болатын сауатты да, жауапты адам табылмаған ба?
Бұл да біздің жеке пікіріміз.
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні