ҚОРҒАСТА ҚОРҒАУСЫЗ ҚАЛҒАН ЖҰМЫССЫЗДАР КӨБЕЮДЕ
2023 ж. 14 мамыр
1480
0

ҚР Премьер-Министрі Ә.Смайыловқа,
ҚР Сыртқы істер министрі М.Нұртілеуге
Жақында парламентке біздің атымызға Қытаймен шекарада орналасқан Жетісу облысы Панфилов ауданы Жаркент өңіріндегі Қорғас кеденінен күн көріп жүрген 6 ауылдан жазылған 210 адамның қолы қойылған хат келді.
Жаркенттіктердің жанайқайына Қытай Халық Республикасынан жүк таситын немесе жаңа көліктерді айдап шығумен айналысатын жүргізушілер де қосылған. Бұлар бұрын да, сайлау кезінде де кедендегі кедергілер туралы «Ақ жол» партиясына Алматыда арнайы келіп, арыздарын айтқан болатын.
Негізі егін және мал шаруашылығымен айналысатын шекаралық аймақтағы Панфилов ауданында ірі завод/фабрикалар жоқ. 150 мыңдай халық тұратын ауданда елдің көбісі күн көріс қамын шекарадан, бұрынғы МЦПС-тан тауар тасумен немесе шекара маңында жүк түсіру/басумен, жүргізушілік куәлігі мен визалары барлар шекарадан өтетін көліктерді кіргізіп/шығарумен айналысады. Халықтың негізі мемлекетке салмақ салмай, салық, кеден заңдарының талаптарын сақтап, заң шеңберінде «жеке кәсіпкер» ретінде салық органдарына тіркеліп жұмыс атқарады. Олардың Қытайға қанша рет жаяу немесе көлікпен кіріп шыққанын салық органдарына шекарашылардың «Бүркіт» базасы жіберіп отырады.
Өкінішке орай, үш жылдық пандемия кезінде шекараның жабық болуы шекара маңындағы халыққа біраз қиындық туғызды. Тұрмыстық қажеттілікке байланысты (ауыл шаруашылығы, балалар оқуы, үй салу т.б.) алынған несиелерін өтеу қиынға соғуда. Бірақ ешқашан не мемлекетке немесе үкіметке салмағын салмай, өздері күн көруде.
Шекара ашылғалы бұрынғы айналысқан кәсібімен қайта айналысып, шекарадағы автомобилдердің электронды кіру кезегіне байланысты неше түрлі өзгерген заңдарына бағынып, тіршілігін жасауда.
Алайда, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер Министрлігі былтыр 2022 жылы шілдеде Қытай Халық Республикасы азаматтарына Қазақстанға визасыз өтіп, 14 күнге дейін тұруына рұқсат берген соң, биылғы ақпан айынан бастап бұлар атқарып жатқан жұмыстарды, яғни көліктерді Қытайдан Қазақстанға әкелуді (перегон) Қытай мемлекеті визасыз кіретін өз азаматтарына беріп тастауына байланысты Қазақстан азаматтары мүлдем жұмыссыз қалды. Жаңа ереже бойынша Қытай азаматтарына визасыз алты ай ішінде, бәрін қосқанда 42 күн, яғни жарты жылда үш рет 14 күннен Қазақстанда тұруға рүқсат берілген. Ережені бұзғандарға бар болғаны тек 25 АЕК қана айыппұл салынады.
Сонда Қытай азаматтарына былтыр визасыз режим енгізгелі бері Қазақ Елі азаматтары мүддесін кім қорғайды, сөзін кім сөйлейді?. Қазір елдің ішінде осы мәселеге байланысты неше түрлі қарсылық танытулар алаңдатушылық туғызуда. “Аудандық әкімдік, құқық қорғау саласы басшылары бірнеше рет түсіндіру жүмыстарын жүргізді, бірақта көз алдымыздағы заң бұзушылықты, яғни «визасыз кірген шетел азаматына жұмыс істеп табыс табуға тиым салынады, визасыз жүру ол тек туристік бағытқа арналғандығына» қарамастан, Қытай азаматтары біздің нанымызды жеп отыр ағайын”-деп, жаркенттіктер жанайқайын жеткізеді..
“Екіншіден, сонша қаптап кіріп жатқан қытайдың Қазақстанның қай аумағына кеткенін, не істеп жүргенін бақылап отырған мемлекеттік органдар бар ма? Осы визасыз режимнен шығатын бақылаусыздық ертең Мемлекеттің қауіпсіздігіне, Қазақстанның егемендігіне зиянын келтірмесіне кім кепілдік береді?”-дейді олар.
Үшіншіден, көліктерді Қазақстанға алып келген ҚХР азаматтары кешке Жаркент қаласындағы немесе шекара маңындағы қонақүйлерге жатады. «Ақшасы бар шетелдіктер ішінен ішімдік ішетіндерінің тұрғындармен байланысуы, жергілікті немесе басқа қалалардан жеңіл жүрісті қыздарды алдырып көңіл көтеруі жағдайлары елдің ішінде, әсірессе жастардың ішінде ашу-ызасын келтіруде. Оның аяғы ертең төбелеске немесе одан да қиын жағдайларға әкеліп соғуы мүмкін екенін ескерту парызымыз» - дейді хат жазушылар.
Жалпы КХР мен Қазақстан арасында тасымалдаушы көлік жүргізушілер (перегон) оның ішінде жаңа техника және жүк басқан техникасы бар жалпы саны 670-ке жуық визасы бар азаматтар қызмет жасайды. Бұл тек Панфилов ауданының тұрғындары. Ал сырттан келген қаракөздерді қоссақ, 1500-ден асады. Ал осы адамдарға КХР жағынан шақырту тізімі арқылы күніне 150-жүргізуші кіреді, сонда шамамен бір аптада 900-дей қазақ азаматтары Қытайдың Қорғас қаласына жиналады. «Әр күнгі кірген топты келген күнінен бастап, 10 күн КХР-да Қорғас қаласында қонақ үйлерде жатқызып қояды. Он күн толған соң КХР автобекетінен билет алдырып, қайтадан Қазақстанға салып жібереді. Осы алғашқы 10 күн жатқан кезде тек қана Қытай азаматтарына ғана (оның ішінде әйелдері де бар) жұмыс істетеді. Осылай күніне 150-200 КХР азаматы Қазақ еліне кіріп жатады. Келесі 10 күндікке кірген кезде де, ешқандай жұмыс берілмейді, сонда бір айда үш рет кіргеннің өзінде бір мәшине айдап шықса, соған да қуанатын болып қалды қазақстандықтар”-дейді арызданушылар.
Яғни, Қазақстан жүргізушілерінің құқығы аяққа тапталып жатыр. “Жетім баланың күнін кешкен Қазақ тасымалдаушыларына құлақ асатын билік қайда? Сондықтан, осы мәселені тезірек қолға алып, екі елдің арасындағы «визасыз кіру» мәселесіне байланысты келісім-шартты біздің мемлекеттің мүддесіне шешуге ықпал етулеріңізді сұраймыз.”-дейді қол қойған 210 адам.
“Біздің аудан халқы еңбекқор, бірнеше ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Біз осы мәселені көтеріп отырған орта аға буынды азаматтар шамамыз жеткенше жастарды сабырлыққа, салқынқандылыққа, ынтымақ пен бірлікке шақырып ұстап отырмыз десек артық айтқандық емес.”-дейді қорған іздеген Қорғастықтар!
Бұндай жұмыссыздық тек Қорғаста ғана емес, Қытаймен шекаралас кедендердің бәрінде болып жатқан жағдай.
Саудасымен-ақ саудаңды бітіретін алып империялық көрші ел туралы тарих талай ескертулер жасап келе жатқанын жақсы білеміз.
Әлемде 9-шы орынды алып жатқан алып территориясына қарама-қарсы халық саны аз, жау шақыратын бос жатқан жері көп Қазақстан өз еліндегі жұмыссыздықты жоя алмай отырғанда, қаптап кіріп жатқан шетелдіктер бұл әлеуметтік өткір мәселені одан әрі қиындатып жібермей ме?
Қазақ ұлты өзінен 100 есе көп Қытаймен қатынас жасағанда халық санының орасан айырмашылығына байланысты өзара тең жағдай бола қоюы өте қиын екені айқын.
Ештеңеден сескенетін жөні жоқ алпауыт елдердің өзі де “Бізде дос жоқ, мүдде ғана бар” деп жатқанда, екі алып империямен ең ұзақ шекарасы бар Қазақ Елі халықаралық қатынастарда “жеті рет өлшеп, бір рет кесіп”, әбден сақтануы тиіс!
Оның үстіне өткенде Франциядағы Қытай елшісінің Кеңес империясынан Тәуелсіздік алған елдерге тас атқан сөзі жалпы халықаралық шуға айналғанда, “Ақ жол” партиясы ҚР Сыртқы істер министрлігіне хат жазған болатын. Бұл ретте Қытайдың Франциядағы елшісінің мәлімдемесін Қазақстан Республикасына да қатысты айтылған деп пайымдауға негіз бар. Осыған байланысты, туындаған жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұстанымын хабарлауды немесе Қытай тарапынан ресми түсініктеме алдыруын сұраған еді.
Сонымен қатар, жоғарыда аталған мәлімдеме ҚХР-ның ресми ұстанымы болса, біздің елдер арасындағы жоспарланып отырған визасыз режимді енгізудің қажеттілігіне қатысты сауалдар туындайтыны анық
Қорғастықтардың қорған сұрап жазған дәл осындай талабымен бізге тағы да 130-ға жуық ұлтшыл-патриоттар хаты да келіп, ел азаматтары жиі хабарласуда.
Ұсыныстар:
1.Жаркент өңіріндегі Қорғас маңындағы елдің былтырғы Қытайдың 14 күндік визасыз кіруіне байланысты жұмыссыз қалуына байланысты Үкімет тиісті шаралар қабылдауы қажет!
2.Еліміздегі шекаралық кедендер шетел азаматтарының кіріп-шығуын қатаң бақылауды күшейтуі тиіс.
Құрметпен, ҚР Парламеті Мәжілісі депутаттары,
“Ақ жол” фракциясы мүшелері:
Қазыбек Иса,
Азат Перуашев,
Дәния Еспаева,
Ерлан Барлыбаев,
Ержан Бейсенбаев,
Асқар Садықов