Тариф десе төбе шашымыз тік тұрады - Зейнолла Абажан

Тариф десе төбе шашымыз тік тұрады - Зейнолла Абажан

        Қатардағы қарапайым халық өмірінің өзекті мәселелерін тұрақты түрде көтеріп, оның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын үнемі назарда ұстап келе жатқан «Қазақ үні» газеті соңғы кездері елімізде жанар-жағармай, жылу мен электр қуатының қымбаттауына да көз жұмып қалмайды. Өйткені бұның бәрі халықтың тұрмысына тікелей әсер етеді. Тауар өндіру мен оны тасымалдау бірінші кезекте осы қуат көздеріне тәуелді. Қуат көздерінсіз ешқандай өндіріс жұмыс істей алмайды. Оның қымбаттауы күнделікті халық тұтынатын тауарлардың бағасын бірден шарықтатып жіберетіні белгілі. Оны біз бұған дейін де талай рет басымыздан өткерген болатынбыз. Экономикалық дағдарыс пен тұрмыстық тұйықтан шығудың бір ғана жолын білетін біздің үкімет тағы да халықтың онсыз да тесік қалтасына қол салды... 

    Мәжіліс және түрлі деңгейдегі мәслихат сайлауы өткен соң, әйтеуір бір жайсыз жаңалықтың боларын жұрт күні бұрын сезгендей еді. Алдымен Үкімет басындағылар жанармай бағасын көтереміз деп халықты дүрліктірді. Бұл әсіресе көктемгі егіске дайындалып жатқан диқандарды әбігерге салды. Ең жауапты науқан – көктемгі егіс пен күзгі егін орағы қарсаңында жанармай бағасын көтеру біздің үкіметтің «созылмалы сырқатына» айналғалы қашан. Осы жолы жанармай бағасын 11-15 пайызға бірден өсіру керек деп шешіпті шекпенділер. Бұл жоспарларын жұрттың талқылауына саламыз дегенмен, әдеттегідей ешкімнің пікірін тыңдаған билік болмады. Күнін әзер көріп отырған қарапайым халық бұған бірден қарсы боларын олар әрине, білді. Сондағы олардың айтар сылтауы – өзге елдерде бізге қарағанда жанармай қымбат, сондықтан біздің арзан тауар көрші мемлекеттерге көлеңекелі жолдармен кетіп жатыр. Сол тұста ҚР Энергетика министрлігін басқарған Болат Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында дизельді көрші елдерге заңсыз сататындар жылына 140 млн. доллар пайда тауып отырғанын да айтып берді. Қылмысты көздерімен көріп, оның зиянының көлемін есептеп шығарғанда сол заңсыздықты, қылмысты тоқтатудың жолын таппағаны ма үкіметтегілердің? Болат Ақшолақов журналистерге берген жауабында «Бірақ бензин 11 пайызға қымбаттаса да, таксилер де қызмет құнын 11 пайызға көтеру керек дегенді білдірмейді», - деп жұбатты жұртты. Қазір Президенттің кеңесшісі қызметіне кеткен лауазымды маман сонда таксишілер мен қатардағы адамдар көлігін сумен немесе ауамен жүргізеді деп ойлады ма екен? Мынандай түсінік-түйсігімен Президентке қандай кеңес бермекші?.. 

       Үкіметтің «жаңалығы» мұнымен де біткен жоқ. Енді Қазақстанда маусым, шілде айларынан бастап жылу мен электр энергиясы қымбаттайтын болды. Бұл туралы бірінші болып қазіргі ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «қуантты». Министрдің айтуынша, жылу желілерінің 80-85% тозған. Әсіресе су, кәріз құбырларының жағдайы мүшкіл, сондықтан мәселені шешу үшін тарифті көтеру керек екен. «Биыл электр энергиясының тарифін шілде айынан бастап көтеру жоспарланып отыр. Жылудың жаңа тарифі жаңа жылу беру маусымынан басталады. Жұмыстар басталып кетті. Тариф мөлшері әр өңірде әртүрлі, жылу жүйесінің тозу деңгейіне байланысты. Кейбір өңірлерде 10 пайыздан басталып, 30 пайызға дейін көтерілуі мүмкін», - деді Қуантыров.

         Министрдің айтуынша, тарифті көтеру бойынша жергілікті депутаттардың қатысуымен қоғамдық тыңдау болады. Қоғамдық талқылаудың қалай өтететіні белгілі. Халық үнін құлағына қыстыратын үкіметті біз қашан көріп едік? 

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзінде тарифты көтеру мәселесін қозғаған болатын. «Тағы бір мәселені арнайы ескерткім келеді. Тарифті өсіруден түскен қосымша қаржы тек қана коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсалуы керек. Сондай-ақ жаңа қуат көздерін іске қосуға және жұмысшылардың жалақысын көтеруге бағытталуы қажет. Монополистердің міндеттері мұқият нақтыланып, толығымен орындалуға тиіс. Сондықтан Үкіметке қаржының жұмсалуын бақылайтын қатаң амал-тәсілдер енгізуді тапсырамын. Оған цифрлық бақылау жүйесін де енгізу керек. Жұрт коммуналдық қызмет үшін төлеген ақшасы қайда кетіп жатқанын көріп отыруға тиіс. Қазіргі заманғы ақпараттық технология бұған толық мүмкіндік береді.Жанар-жағармайдың бағасын көтеру мәселесіне де дәл осылай қараған жөн. Түскен қаржыны делдалдар, яғни алыпсатарлар иемденіп кетпеуі қажет. Оны жаңа мұнай-газ жобаларын жүзеге асыруға және мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға жұмсау керек» - деді Президент. Демек, жанармай, жылу мен электр қуаты қымбаттайтыны айдай анық. Халық оны қалай ма, қаламай ма, бұл мәселе түпкілікті шешілген деп түсінуіміз керек.

      Ашығын айтсақ, тариф десе қазір төбе шашымыз тік тұратын болды. Тарифтың табанын жерге тигізбей қайта-қайта көтеру әсіресе қарапайым тұрғындар үшін қиынға соғары да анық. Үкімет бұл шешімдерін жекеменшік иелігіндегі кәсіпорындардағы құрал-жабдықтар, жүйелер, желілер әбден тозғанын айтып түсіндіргісі келеді. Соларды жаңарту үшін қызмет бағасын көтеруге мәжбүр екен. Түсінбейтініміз – ол неге тек қана халық есебінен жасалу керек? Тұрғындар тұтынған тауары мен пайдаланған қызметі үшін ай сайын, жылдар бойы тұрақты түрде төлем жасап, байлардың қалтасын қампайтып келе жатқан жоқ па? Ал құрал-жабдықтарды жөндеу немесе оны жаңарту сол қызметті көрсететін кәсіпорынның бас ауруы болуы керек, солар шешетін ішкі өндірістік мәселесі емес пе?..

    Тариф дегеніміз – газ, су, электр, жылу сияқты көрсетілетін қызметтің бағасының мөлшері. Ал оның неге көтерілетін себебі мүлдем бөлек әңгіме. Бұл жерде алдымен әлемдегі жалпыға мәлім экономикалық заңдылықтарға жүгініп, оың негізгі талаптарына назар аударуға тура келеді. Сонау өткен ғасырларда коммунизмнің қауға сақалды көсемі Карл Маркс жазған, капитализмнің қанаушы жүйе екенін талдап берген қалыңдығы кірпіштей болатын «Капиталдан» бастап, одан кейін де экономикаға қатысты көптеген еңбектер жетерлік. Оның бәрін ақтарып, көз майын тауысудың қажеті шамалы. Ең бастысы, кез келген өндірістік кәсіпорын пайда таппаса жұмыс істемейтіні белгілі. Салық, еңбекақы, шикізат сатып алу сияқты бірқатар шығындарды алып тастағаннан соң қалатын таза пайданың бір бөлігін өндіріс құрал-жабдықтарын жөндеуге, жаңартуға бөлуі керек. Оны негізгі қор деп атайды. Одан әрі жұмыс істеймін деген кәсіпорын сол таза пайданың 20-40 пайызын негізгі қорға бөледі. Ол кәсіпорынның өз шешіміне байланысты. Онсыз құрал-жабдықтар ескіріп, жарамсыз күйге түсіп, күндердің күнінде кәсіпорын амалсыздан жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Бұл – қандай жүйеге болмасын қатысты өндірістегі экономикалық заңдылық. Құрал-жабдықтары тиімді жұмыс істесе пайда да солғұрлым мол болады. Бұны иіс алмас топас болмаса кез келген кәсіпкер біледі. Біздің елде сол заңдылықты біле тұра негізгі қорды ұмытып, барлық пайданы қалтасына ғана басып, шетел асырып, өндірісті өлтіргендер жетіп артылады. Олар халықтың тұрмысын, отандық өндірістің болашағын емес, өз құлқынын толтыруды ғана ойлайды.

      Алысқа бармай-ақ биылғы қыста көмірдің үстінде отырған, экономикалық әлеуеті өте жоғары Екібастұз қаласын жылусыз қалдырып, тұрғындарды қақаған қыста қалтыратқан оқиғаны алайық. Бүкіл қаланы жылумен қамтамасыз етуге тиісті Электр-жылу орталығын жекеменшікке алған тойымсыз кәсіпкерсымақтар ондаған жылдар бойы жылу жүретін жүйелер мен қазандықтарды ауыстырмай пайданы өз қалталарына басып келген. Ол аздай кәсіпорын иелерінің бірі Александр Клебанов жылу орталығын қайтарып, бір теңгеге сатамын деп бүкіл мемлекетті мазақ қылғанын қайтерсіз. Бұл етін сылып алып, сүйегін итке лақтырғандай әрекет қой. Соншама еркінситіндей оның артында кім тұр, кімге арқа сүйегені? Ұлты орыс бола тұра қазақ жерінде бұлай дандайсуына не себеп? Жалғыз А. Клебанов емес, байқасаңыздар біздегі олигархтардың көбісі жемқор жүйені қалыптастырған Н. Назарбаевтың туыстары мен оның жандайшаптарынан басқасы өзге ұлт өкілдері. Миттал, Машкеевич, Шодиев, Ибрагимов, Ким... болып жалғасып кете береді... 

    Мұндай жағдай тек қана Екібастұз қаласына қатысты емес. Өзге қалалардағы жағдай да оңып тұрған жоқ. Енді осы жіберілген кемшіліктерді біздің атқарушы билік қалай түземекші? «Мемлекет жекеменшік нысандарды жөндеуге ақша бөле алмайды. Сол себепті ЖЭО нысандары мен жылу желілерін коммуналдық меншікке өткізеді. 50% – біз коммуналдық меншікке алатын жабдық. Ол бюджет қаражаты есебінен жөнделеді. Жылу желілері бойынша да дәл солай. Қалғаны тепе-тең негізде. Осылайша, Екібастұзда келесі маусымда проблема болмайды» - деді бірінші вице-премьер Роман Скляр үкімет отырысында. Айтуынша, қаланы жылумен жабдықтауды жақсарту үшін 5,3 шақырым жылу желісі жаңадан салынады. Жөндеу жұмыстарына жекеменшік компаниялар да қатысады дегенмен шығынның 50 пайызы тағы да мемлекеттен болмақшы.

      Бұл да Үкімет тарапынан халықты тыныштандыру үшін жасалған жартыкеш шешім. Ондаған жылдар пайдасын көрген кәсіпорын иелері неге жөндеу, жаңарту жұмыстарын өздері толықтай атқармайды? Кәсіпорында жекеменшікке берген кездегі келісім-шарттар талабы неге орындалмайды. Әлде келісім шарттарды жасаған Үкімет ондай талаптарды қоюды «ұмытып» кетті ме? Олигархтар тек қана пайда тапсын деген ұстанымда болды ма? Олай болса сол үшін олигархтардан биліктегілер пара алды, немесе бұл өндірісте олардың жасырын жеке үлесі бар деп ойлауға болады. Өйтпесе келісім-шартта мемлекет пен халық мүддесі бірінші кезекте ескерілуі керек еді ғой. Осы жерде «Ақ жол» партиясы фракциясының депутаттары үкімет басшысына шетелдік және өзге де инвесторлармен жасалған бұрынғы келісім-шарттарды халыққа ашық жариялауды талап еткен сауалы еске түседі. Өте орынды талап. Өйткені қазақ басшыларының парақорлығын пайдаланған шетелдіктер көптеген қазба байлықтарға молынан ие болды. Оған бүкіл әлемді шулатқан «Қазақгейт» атты қылмысты іс дәлел. Америкада кәсіпкер, банкир Джеймс Гиффенге Қазақстан басшыларына пара берді, салық төлеуден жалтарды деген айып тағылып, 2003 жылы қамауға алынды. Қазақстан президентінің кеңесшісі қызметін атқарған Гиффен мұнай саласында Қазақстанмен келісім жасауға ортада делдел болған. Кейін ол АҚШ Барлау орталығының агенті ретінде ақталып шықты. Шетелдік басылымдардың жазуынша Гиффен КО-1, КО-2 деген жасырын тұлғалардың шотына 84 млн. доллар аударған. Гиффеннің адвокатының талабы бойынша прокуратура бұл аталған жасырын тұлғалар сол кездегі ҚР Премьер-министрі Нұрлан Балғымбаев пен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екенін 2004 жылы жария еткен-ді. Міне біздегі келісім -шарттардың сықпыты осындай.

         Кейбір сарапшылар мен саясаткерлер жанармай, электр қуаты және соған байланысты коммуналдық төлем тарифтерін көтермес бұрын, алдымен халықтың жаласқысы мен зейнеткерлердің зейнетақысын өсіру керек еді деген пікір айтып жатыр. Ол да дұрыс шығар, өйткені жалақы мен айлықты көтермесе қатардағы қарапайым халық бірден қайыршы күйге түседі. Бүгіннің өзінде айлығының жартысынан көбін тамағын асырауға, қалған бөлігін коммуналдық қызметтер үшін жұмсап отырған тұрғындарымыздың жағдайы онсыз да мүшкіл. Ол өз кезегінде бұқараның наразылығын тудырып, елімізді жаппай ереуілдер жайлап алуы әбден мүмкін. Бұқараның одан басқа амалы жоқ. Оған қоса елімізде ұрлық-қарлық сияқты қылмыстар өршіп кетеді. Бірақ жөн-жосықсыз жалақыны көтерудің де кемшілік тұстары мен кері әсері бар. Жалақы мен зейнетақыны көтеруге қаражатты қайдан алады? Әрине мемлекет қоржынына қол салуға тура келеді. Мемлекеттік қоржынның иесі кім? Біздің Атазаңымыз бойынша жердің асты мен үсті байлықтарының, соның ішінде бүкіл қаржының да иесі Қазақстан халқы болып табылады. Демек халықтың ақшасын бір қалтасынан алып екінші қалтасына салады деген сөз. Екі ортада тойымсыз олигархтар екі жеп биге шығады. Бұл тәсіл айналып келгенде, еліміздегі ұлттық қордағы қоржынның түбін тақырлауға әкеліп соқтырады. Ол аз болса шетелден қол жайып қарыз сұрауға дейін барады. Шетелге қарызымыз онсыз да басымыздан асады. Экономикалық дағдарыстан көз ашпаған мына қоғамға қарасақ ол қарыздардан жақын жылдарда құтылуымыз екіталай. Халық байлығын талан-таражға салатын жемқор жүйені түбегейлі өзгертпей болмайды. Ол үшін табиғи байлығы мол елдің экономикасын тиімді, адал жүргізе алатын мамандарға жол ашу қажет. Біздегі бір кем дүние – жемқорлықтан таза, ұлтшыл, отанын сүйетін, халыққа деген ниеті түзу басшылардың жоқтығы. Ауқымды, нақты іске асатын саяси және экономикалық оң өзгерістерді былай қойғанда, көпшіліктің талабына сай мемлекеттік тіл мәртебесін ондаған жылдар бойы бекіте алмай келе жатқан бүгінгі билік басында отырғандардан не үміт, не қайыр...

Зейнолла АБАЖАН, 

Қазақ үні