Марат Байділдәұлы: Билік Қазақстанда тыныштық болғанын қаласа, мемлекеттік тілмен ойнамауы тиіс

Марат Байділдәұлы: Билік Қазақстанда тыныштық болғанын қаласа, мемлекеттік тілмен ойнамауы тиіс

«Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама жобасын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің қаулы жобасынан «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң әзірлеу маңызды мәселе” деген ең басты тұжырым алынып тасталған болатын.

Бұл туралы газетіміздің алдыңғы сандарында Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның «ҚАЗАҚ ҮКІМЕТІ ТАҒЫ ДА ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАСТАНДЫҚ ЖАСАДЫ!» атты мақаласы жарияланған-ды. Халықтың талқысына ұласқан осынау өзекті мәселеге байланысты зиялы қауым өкілдері де үн қосты.

Марат Тоқашбаев, 

Жазушы-публицист: 

Тәуелсіз Қазақстан Республикасында 1989 жылы Тіл туралы заң қабылданған кезде өте қатты қуанған едік. Содан бері аттай 24 жыл өтсе де, бұл мәселе әлі күнге дейін күн тәртібінен түспей келе жатыр. Жалпы, кез келген мемлекетте оның Конституциясында айтылған бірінші тұжырым ол екінші бабындағы тұжырымнан жоғары болады. Сол сияқты Қазақстанның Конституциясының жетінші бабындағы «Қазақ тілі Қазақстан Республикасында мемлеккеттік тіл болып табылады» деген қағида одан кейін тұрған екінші тарауындағы «Орыс тілі қазақ тілімен қатар қолданылады» деген қағидадан жоғары. Бұл бүкіл мемлекеттік органдарға қатысты. Ал оның екінші тармағындағы мәселе мемлекеттік ұйымдарға байланысты. Сондықтан бұл жерде мемлекеттік ұйымдарға қатысты мәселені мемлекеттік органдарға теліп қою заңсыздық. Бұл Конституциялық нормаларға қайшы нәрсе. Осыған байланысты Қазақстан жұртшылығы тіл жанашырларының барлығы мемлекеттік тілді алға шығару үшін арнайы мемлекеттік тіл туралы заң қажет деген мәселені көтеріп келеді. Осы бір өзекті мәселені алғашқылардың бірі болып «Қазақ үні» газеті көтергенін білеміз. Енді соған байланысты жобалар да дайындалып жатты. «Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама жобасын бекіту тураплы» ҚР Үкіметінің қаулы жобасынан «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң әзірлеу маңызды мәселе» деген ең басты тұжырым алынып тасталды. Бұл біздің тілімізге жасалып отырған қиянат. Бұлай етуге болмайды. Әйтпесе барлық нәрсені қойып, Конституцияның тікелей және төтелей күші бар болғандықтан, Атазаңды қолданысқа енгізу қажет. Бұл жерде Конституцияның екінші бабы деген әңгімені мүлде атамай, Концтитуцияның жетінші бабының бірінші тармағында айтылған нәрсені жүзеге асыру керек. Егер оған биліктің шамасы жетпейтін болса, «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң әзірлеу маңызды мәселе» деген ең басты тұжырымды қосуы керек. Егер билік Қазақстанда тыныштық болуды қаласа, Қазақстанда бейбітшілік болуды қаласа, мемлекеттік тілмен ойнамауы тиіс. Мемлекеттік тіл – қазақ халқының ар-намысы, ұяты. Сондықтан да, қазақ халқы қазақ тілі үшін жан беруге дайын. Ендігі жерде елімізде кешегі қаңтар оқиғасы қайталанбасын десек, онда мемлекеттік тіл мәселесі өзінің күн тәртібінен түспеуі керек. Мемлекеттік тілге байланысты бір ауыз жақсы сөз айтып, артынан дереу оның мәртебесін төмендететін Назарбаевтың заманы кетті. Қазірші биліктен біз мемлекеттік тілге шын мәнінде дұрыс қарауын талап етеміз! Және де мемлекеттік тіліміз – қазақ тіліне қатысты жұмыстарды жүйелі түрде, дұрыс жүзеге асырады деп сенеміз!