Дулат Исабеков: ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАРСЫЛЫҚ ХАЛЫҚ НАРАЗЫЛЫҒЫН ТУДЫРАДЫ
2023 ж. 15 мамыр
1559
5
«Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама жобасын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің қаулы жобасынан «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң әзірлеу маңызды мәселе” деген ең басты тұжырым алынып тасталған болатын.
Бұл туралы газетіміздің алдыңғы сандарында Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның «ҚАЗАҚ ҮКІМЕТІ ТАҒЫ ДА ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАСТАНДЫҚ ЖАСАДЫ!» атты мақаласы жарияланған-ды. Халықтың талқысына ұласқан осынау өзекті мәселеге байланысты зиялы қауым өкілдері де үн қосты.
Дулат ИСАБЕКОВ,
жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
Елімізде жетімсіреп жүрген тіліміз бар еді, оны одан бетер ары қарай қудалай береміз, ноқталай береміз, тізгіндей береміз. Осы тілге тіл тигізгенді қашан қоямыз біз? Басқа нәрсеміздің бәрі жетісіп тұрғандай, тек тілге ғана ауыз салып жатқанымыз қалай? Қазақстанда қазақ тілі соншалықты үстемдік етпеген заманда, жығылғанға жұдырық жасаудың қажеті қаншалықты? Тіл саясатын дамытуға арналған ҚР Үкіметінің қаулы жобасынан «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң әзірлеу маңызды мәселе» деген ең басты тұжырымды алып тастағаннан кейін ары қарай не ойлауымызға болады? Бұл біздің тілімізге жасалып отырған қастандық па? Бұл кімнен шығып отыр? Қарап отырсақ, Президенттен бастап министрге дейін, тіпті, олардың орынбасарлары да өзіміздің қазақ азаматтары. Сөйтіп отырып өз тілімізге өзіміз тіл тигізгенін мен түсінбей отырмын. Туған тілімізге қарсы шығып, біз ұшпаққа жетеміз ба? Сонда біз керемет табысқа жетеміз ба? Отыз жылдан бері тілмен арпалысып келе жатырмыз. Енді келіп, одан бетер омақаса құлататын түріміз бар. Енді бұл қалай болады? «Осы біздің кім басқарып жүр?» деген ой қылаң береді кейде маған. Әйтпесе тілге тиісу кімге керек? Бұл өзі «Мәскеудің нұсқауы емес пе екен?» деген күдігім де жоқ емес. Құдай одан бетін аулақ қылсын. Қазақ тіліне қатысты ең негізгі тұжырымды алдырып тастаудың өзі адамды әртүрлі ойға жетелейтіні анық. Осыған басым жетпей отыр. Дәл бұл әрекетті тілді кемсіту деп есептеймін. Қазақ тілінің жағдайы өте керемет болып тұрған жоқ еді... Одан бетер тұншықтыруға мен мүлде қарсымын. Бұл қаулыны қайта қарау қажет деп есептпеймін. Осыны талап етемін. Әйтпесе бұл халықтың наразылығын тудырады. Наразылықты біз өз қолымызбен өзіміз тудырып отырмыз. Тілге тиіскеннен кейін халық үн қатпай қоймайды. Сондықтан бұл мәселені қайта қарап, қалпына келтіру керек.