АДАМЗАТТЫ МЕЙІРІМ ҚҰТҚАРАДЫ

АДАМЗАТТЫ МЕЙІРІМ ҚҰТҚАРАДЫ

Соңғы кезде ақпарат айдынында жүрек шайқылтыратын, жан түршіктіретін «жаңалықтар» желдей есіп тұр. Көргеннің көзінен жас ағызып, естігенді есінен тантындаратындай ауыр. Мектеп жасындағы балалардың бірін-бірі аяусыз соққыға жығып дене жарақатын салып, қорлап жан жарақатын да таңбалап жатқан көріністер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Сол оқиғалардың көбісінің соңы қайғылы жағдаймен аяқталуда.

Қоғамда болып жатқан осындай қорқынышты жағдайлар ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Өйткені біздің болашағымыз жастар. Жастарымыз айдың күннің аманында от басып омақасып, орны толмас өкінішке қалып жатса, мұның түбі жақсылыққа әкелмейтіні анық.


                            Самурай академиясында өнер көрсететін Любовь Темникова

Бұл көріністерді сараптаған әртүрлі сарапшылар әртүрлі пікірлер айтуда. Бірі, баланы өмірге алып келген ата-анасының дұрыс тәрбие бере алмағанынын айтып «Тәрбие – тал бесіктен» деген тұжырымына тоқталуда. Енді бірі, оқушыларға дұрыс тәлім бере алмады деп мектептердің жүйесіздігі, мұғалімдердің осалдығы деген тоқтамға келіп жатыр.

Біздің ойымызша әл-Фараби бабамыз айтқан «Қайырымды қала» деген еңбегіндегіндей «мейірімді мемлекет» деген ұғым керек сияқты. Мысалы, біздің елде «балалар үйі» көп. Олар адамдардан мейіз емес мейірім сұрап тұрғандай.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның физика-техникалық факультеті жылу физика және техникалық физика кафедрасы Алматы облыстық №1 балалар үйіне жиі барып тұрады. Мереке сайын сыйлықтар алып, концерт қойып, киім мен тамақтар апарып, ол жердегі балалардың жүрегіне жылу сыйлауға тырысады. Ондағы талантты балалардың жұлдызын жағуға көмектеседі. Ғылымға құштар балаларға кітәптар апарып, сұхбаттасып қайтады. Олардың армандарын тыңдап, мақсаттарына бағыт-бағдар береді.

 Айталық, балалар үйінің тәрбиеленушісі, Самурай Академиясында өнер көрсететін Любовь Темникова Испанияда өткен грэпплингтен әлем чемпионатында 3-орынға ие болды. Темникованың жаттығу залына баруына, спорттық киімдер мен жабдықтарын алуына қаржылық демеуші болып отырған кафедра ұжымына алғысымыз шексіз. Аталған спорттың шебері, кафедрамыздың аға оқытушысы Алия Алдиярова өзі жаттықтырып, өзі дайындап Темникованың жетістікке жетуіне ерекше үлес қосты.

Бұл жетістік балалар үйіндегі қаншама балаларға шабыт пен үміт сыйлады. Олардың да қоғамға керек екені, мемлекет үшін еңбек ете алатынын, көк туымызды әлем алдында көкке желбірете алатынын жүректерімен сезінгендей болды. Қоғамнан жақсылық көрген бала ертең сол қоғамда жақсы адам болып жүрері сөзсіз.

 Қазіргі тарап жатқан бейнежазбаларға қарайтын болсақ қоғам қатігезденіп бара жатқандай көрінеді. Әсіресе, жастар жағында бұл көрініс кең көлемде белең алып бара жатқандай. Оның басты себебі – адамдар арасындағы қалыпты байланыс өзгеріп, вертуалды өмірге көбірек уақыт бөлініп жатқандығында. Интернет арқылы күнделкті атыс-шабыс ойындарын ойнап жүрген баланың жүрегі қатайып, мінезі қатал болып шыға келері ақиқат. Бұл мәселені ел болып шешпесек елдің ертеңі қыйын болмақ. Сондықтан әр адам, әр ұжым қоғам алдындағы өзінің «мейіріміді мемлекет» құру жолындағы мінтетін ұмытпаса екен дейміз. Адамзатты мейірім құтқарады!

Қазірет Бердіхан,

Әлия Алдиярова,

Шынар Оспанова.

Алматы