Шіркеу Астана тұрғындары наразылық танытқан ауданда салынбайды - Нұра ауданының әкімі

Шіркеу Астана тұрғындары наразылық танытқан ауданда салынбайды - Нұра ауданының әкімі

Елорданың Нұра ауданындағы Е32 көшесінің (шартты атауы) тұрғындары мектеп пен балабақша жетпей жатқан уақытта үйлерінің маңына даңғарадай шіркеудің салынғалы жатқанына наразылық танытқаны туралы «Қазақ үні» ақпарат агенттігі хабарлаған болатын. 

Сонымен қатар, «Қазақ үні» редакциясына қоғам белсендісі Мұқағали Балқыбай хабарласып, халықтың шіркеу салуға қарсы ашық хат дайындап, оған 140 астам сол маңдағы тұрғын үйлердің иелері қол қойғанын хабарлады. Аталмыш хат ҚР Президенті, Үкімет басшысы, Мәжіліс төрағасы, қала әкіміне жолданған. 

Бүгін белсенді Мұқағали Балқыбайды Нұра ауданы әкімі Жүсіп Жұмағұлов қабылдап, осы мәселеге қатысты толымды жауап берген екен.

- Бүгін аудан әкімі қабылдады. Жүсіп мырза ол жерге шіркеу салынбайтынын ресми түрде айтты! Бірақ, басқа жақтан жер бөлінетінін хабарлады. Пл, аталмыш аумаққа қандай нысан салынатындығы халықпен ақылдасып шешілетін болды! - деді М. Балқыбай. 

Еске сала кетейік, бұған дейін вице-премьер Алтай Көлгіновтың «Қазақстан көп ұлтты мемлекет, сондықтан мешіт те, шіркеу де салынады» деген сөзі қоғамда үлкен наразылық тудырды. 

«Идеологияға жауапты Кульгиновтың Қазақстанды көп ұлтты мемлекет санауы - ұлттық идеологиямыздың жоқтығын білдіреді» деп сынап жазған «Қазақ үні» ақпарат агенттігінің бас редакторы Азамат Тасқараұлының жазбасы әлеуметтік желіде үлкен қолдауға ие болды.