АҚОРДАДА ӨТКЕН АУЫЗАШАР

АҚОРДАДА ӨТКЕН АУЫЗАШАР

Осыдан отыз жыл бұрын жазып едік. 

“Елбасы екі ай бұрын дайындық басталатын Жаңа жыл шыршасына елден бұрын жетіп барып, балаларға сыйлық таратады. Ал неге нағыз Шығыстың Жаңа жылы Әз Наурызда елдегі көп балалы, жағдайы қиын отбасылардан шыққан және озат оқушыларды жинап Наурыз көже бермейді? Неге мұсылман қауымға арнап ауызашар бермейді?”- деген едік. Бұл сол кезде 1993 жылы қатарынан “Жас қазақ”, “Өркен” газеттерінде жарияланған болатын.


Иә, кейін Наурыз көже де, ауызашарлар да берілген шығар.

Бірақ Ақордада ауызашар тұңғыш рет былтыр берілді. 

Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада осымен екінші рет ауызашар жасады.

Оған белгілі мемлекет пен қоғам қайраткерлері, әдебиет пен өнер, мәдениет, руханият өкілдері және түрлі саланың қарапайым еңбеккерлері де қатысты.

Бұл туралы Солтүстікті Оңтүстіктің қазағына толтыру жолында “Тәуекел” етіп жүрген Burahan Daqanov бауырым тура жазыпты:

“Кешелері Президент Ақордада, елдегі мұсылман қауымға арнап ауызашар беріпті. Суреттерді қарап отсам, әдеттегідей өңшең ақ жағалы емес, арасында қарапайым еңбек адамдарда болған екен. Естуім бойынша ауызашарға келген ағайынның ішінде Түркияға барған құтқарушылар, Екібастұздағы қазандықтың машинисі, Қостанайдағы өрт сөндіруші, автопарктің автобус жүргізушісі, монтер, механик, медбике, мұғалімдер, ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақтан жақттықтырушы, слесарь және басқа да қарапайым маман иелерін де шақырыпты. Бұл енді дұрыс болған екен. 

Бұдан бөлек, кеше Президенттің атынан Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітінде де 500 қарапайым адамға бөлек ауызашар берген екен. Қысқасы, оразаларың қабыл болсын, мұсылман жұрт. Тәңір сендерге жар болсын!”-деп жазады.


Маған ұнағаны ас мәзірінің тек қана қазақ тілінде жазылуы мен даяшы қыз-жігіттердің түгел ұлттық киімде болып, жарасып жарқырап жүргені. Дастарханда ұлттық тағамдар жеткілікті, бірақ артық ешнәрсе жоқ. 

Оразаның сауабын ұстаған жанға Алланың өзі береді. 

Бұл айда иманды қауым рухани тазарып, араздасқан ағайын татуласатын, кешірім айы. Жоқ-жітік пен кембағалға, жетім-жесірге қайырымдылық жасау айы. Ендеше, Ақордаға имандылық пен руханият нәрі ұялай берсін деп тілейік.

Мың айдың сауабын беретін он екі айдың сұлтаны Қасиетті Рамазан айында ұстаған оразамыз қабыл, мұратымыз асыл болсын!

Біліп-білмей істеген бұрынғы-соңғы күнәларымыздың кешірілуін бір Алла нәсіп етсін!

Алла жар болсын!

Ақ жол!

Қазыбек Иса, 

Қазақ үні