«СЫНЫҚҚА» АЙТАР СЫЛТАУ КӨП ҚАЗАҚСТАНДА ЖАНАРМАЙ ТАҒЫ ҚЫМБАТТАМАҚШЫ
2023 ж. 08 сәуір
2379
4
Елімізде саяси реформалар жарияланып, соңғы жылдар Атазаңымызға бірқатар өзгерістер енгізіп, президенттік және Парламент Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын өткіздік. Бұның бәрі түптеп келгенде қоғамды демократияландырып, тұрғындарымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін жасалап жатқаны да жарияланды. Әділ және қуатты мемлекет құру бағытындағы бұл қадамдарды көпшілік те қолдап отыр. Қуатты мемлекет мәртебесі – алдымен оның жан-жақты дамыған халқының әлеуметтік жағдайының деңгейімен бағаланса керек. Халқы байлы-бақуатты, білімді ел ғана зор жетістіктерге жете алады. Саяси реформалар жасадық деп әлемдегі өзге мемлекеттер алдында ұпай жинаумен халықтың тұрмысы өздігінен жақсарып кетпейді. Осы бастамаларды нақты іспен ұштастыруға міндеттіміз. Бірақ, бұл жағынан біз әлі де мақтана алмаймыз, себебі сөз бен істің арасы тым алшақ жатыр...
Еліміздегі ресми деп аталып жүрген, халықтың есебінен қаржыландырылатын телеарналарға қарасақ біз бір жұмақ әлемде өмір сүріп жатқандаймыз, экраннан көз алғың келмейді. Ондағы берілген хабарларда экономиканың түрлі салаларындағы жетістіктер айтылып, пәленбай пайыз өсім болып жатқанын байқаймыз. Шынымен де Жаңа Қазақстанды құра бастаған екенбіз деп, еріксіз керемет бір қиялға берілесіз. Ал сыртқа шықсаңыз сол бәз-баяғы қалпында. Кеше ғана жөнделген жолдардың тағы да шұрқ-тесік болып жатқанын, су, кәріз, арық жүйелерінің істен шыққанын, салынған үйлер қисайып, көшелерді жауын суы басқанын көресіз. Базарға барсаңыз азық-түліктің бағасынан басыңыз айналып, тәбетіңізден айрыласыз. Бұдан кейін, амал жоқ, мінберден ұрандатқан министрлер мен әкімдердің сөздеріне сенуден қаласыз. Өйткені сөз бен істің арасы жер мен көктей. Сонда олар кімді алдайды? Шенеуініктердің өздері айлап, жылдап аяқ баспайтын қала көшелері мен алыс ауылдардың адамдарын ақымақ көре ме? Оларды алдай алмайсыз, өйткені олар сол жерде тұрақты тұрып, қиындық атаулыны бастарынан күнделікті өткеріп жатыр. Демек, кеңседегі креслосынан бөксесін көтеруге ерінетін шенеуініктер өздерін алдап жатыр деген сөз. Егер халықтың арасында жиірек болып, олардың мұң-мұқтажына құлақ түрсе, қалай өмір сүріп жатқандарын барып өз көзімен көрсе, соған қатысты нақты шараларды іске асырса олардың әңгімелері әлдеқайда нанымдырақ болар еді. Халық алдында анда-санда есеп бергенде беттері қызармай, наразы тұрғындардың төпелеген сұрақтарының астында қалмас еді...
Елімізде соңғы кезде әлеуметтік маңызы бар кейбір тауарлардың бағасы төмендеп жатыр деген хабар жаппай тарап жатыр. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, мемлекеттің тұрақтандыру қорларының нәтижесі айтарлықтай көрінеді. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды. «Осы аптада қарақұмық жармасының бағасы – 1,3%-ға, қант – 0,8%-ға, пияз – 0,3%-ға және картоп 0,7%-ға төмендеді» – деді сүйінші сұрағандай Сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков.
«Біз тауарлық интервенциялар жұмысының нәтижесін көріп отырмыз және бұл жұмысты ерте шығатын көкөніс түрлері келіп түскенше жалғастыруымыз керек. Сонымен қатар азық-түлік тауарларын форвардтық сатып алуды қаржыландыруды 70%-ға дейін ұлғайта отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларын қайта қарап, айналым схемалары бойынша 30%-ға дейін төмендету қажет. Осылайша, форвардтық сатып алулардың арқасында бізде нарықтағы бағаның тұрақтануына әсер етуге мүмкіндік беретін өнім қорының кепілдендірілген көлемі болады», - деді Серік Жұманғариннің өзі де.
Министрдің бұл сөзін түсінудің өзі қиын, одан бір жаңалық та көріп тұрған жоқпыз. Бұл мемлекет басшысынан бастап, министрлердің жоғары мінберден жылда айтып жүрген тапсырмалары, әбден жауыр болған мәселе. Сол толып жатқан тапсырмалар орындалып, бізде баға қашан айтарлықтай төмендепті? 2022 жылдың желтоқсан айының қорытындысы бойынша азық-түлік тауарларының бағасы бір айда 1,6%, ал өткен бір жылда 25,3% өскені белгілі. Бұл орташа алғандағы нәтиже. Ал шын мәнінде ол одан да жоғары болды. «Интервенция», «форвард», «брондау», «схема» дегендеріңіз қайда болды сонда? Өзі айтқандай, жұрттың жынын келтіретін қайдағы бір қисынсыз сөздерді қыстырғаннан жағдай жақсарып кете ме?
Біздің биліктегілер «біз нарықтық экономикада өмір сүріп жатырмыз, сондықтан оның заңы бойынша бағаны бұғаулауға болмайды» дегенді жиі айтады. Бұлар нарықтық экономиканы қайдан көріп жүр? Соған қарағанда нарықтық экономиканың не екенін өздері де толық түсінбейтін сияқты. Шынайы нарықтық экономикада оның қатысушылары арасында әділ, таза бәсеке болуы керек. Содан барып тауарлардың құны төмендейді. Бұл басты қағида. Ал бізде әділдік бар ма? Біздегі экономиканы «жабайы капитализм» деп қана атауға болады. Атышулы жекешелендіру кезінде жап-жақсы жұмыс істеп тұрған ірі кәсіпорындарды билік басындағылар бөліп алып, өндірісті өлтірді. Өйткені өндірісті өркендету олардың қолдарынан келмейтін. Оған олардың біліктілігі жетіспейді, ең бастысы соған деген ниет те жоқ болатын. Кәсіпорынның алып ғимараттарын сауда орындарына айналдырып, әрбір шаршы метрін жалға беріп, жатып алып ақша жасайтын орынға айналдырды. Отандық өнімдер күрт азайып, шетелдік тауарларды сатумен жаппай айналыстық.
Екіншіден, мол пайда әкелетін өндіріс атаулы монополистердің қолында кетті. Олар аспаннан түскен жоқ, сол өз ортамыздан шыққан тойымсыздар, жекешелендіруді ұтымды пайдаланып қалғандар. Оларға биліктің осы күнге дейін шамасы жетпей отыр. Жетпейді де, себебі сол бизнестің басым бөлігі көптеген лауазымдылардың жеке бақылауында, олар да содан пайда көреді. Бірқатары соның нақты иелері болып табылады. Жемқорлармен күресіп жатырмыз деп ұрандатқанмен, олар өз қолдарын өздері кесе алмайды. Бұлардың күресі – сол жемқорлық, халықты қанау сияқты кесепаттың салдарымен ғана жүріп жатыр. Оның пайда болу себептері біз айтқаннан да басқа түрлері толып жатыр. Шынай әділетті қоғам орнатамыз десек қылмыстың салдарымен емес, себептерімен күресу қажет.
Тұрақтандыру қоры арқылы бағаны ұстап тұрмақшы. Бұл уақытша ғана шара. Тұрақтандыру қорына ақша қайдан алынады? Мемлекеттен алынады, ал мемлекеттің иесі – халық. Демек халықтың ақшасына істеліп жатқан шара. Бұл өзімізді өзіміз алдап отырғандық. Осы ортада бағаны көтеретін монополистер мен жоғарыда тірегі бар тойымсыз кәсіпкерлер ұтады.
Енді міне тағы да жанармайдың бағасы кезекті рет көтерілмекші. АИ-92 және АИ-93 маркалы бензиннің көтерме саудадағы шекті бағасы тоннасы үшін 214 584 теңге болып бекітілмек. Бұл туралы энергетика министрінің бұйрық-жобасында жазылған екен. Осы жобада АИ-80 маркалы бензиннің 1 тоннасы үшін –93 161 теңге, дизель отынының 1 тоннасы үшін– 284 350 теңге деп көрсетілген. Жоба жұрттың талқылауына салынады деп те айтыпты. Шынын айтсақ оны талқылап та қажеті жоқ. Тапқан тиынын тамағына жеткізе алмай отырған бұқара бірден қарсы болары анық. Өйткені жанар-жағармай, электр қуаты қымбаттаса барлық тауарлардың бағасы өсіп шыға келетіні белгілі. Оны біз басымыздан талай рет өткердік. Өйткені тауар өндіру мен тасымалдау түгелдей электр қуаты мен жанармайға тікелей тәуелді.
Біздегі министрдің мына бір сөзін қалай түсінуге болады? «Бірақ бензин 11 пайызға қымбаттаса, таксилер де қызмет құнын 11 пайызға көтеру керек дегенді білдірмейді», - депті журналистердің сұрағына ҚР Энергетика министрінің міндетін бір жылдан аса атқарған Болат Ақшолақов. Қазір Президенттің кеңесшісі қызметіне кеткен Болат Ақшолақов сонда таксишілер көлігін сумен немесе ауамен жүргізеді еп есептегені ме? Әлде такси жүргізушілерге қымбат бензинді өз есебінен құйып бермекші ме? Білдей бір жоғары лауазымдының, экономистің бұл сөзіне қарап Президентімізге мықты кеңесші барды деп айту қиын-ау.
Үкімет тапсырма берді ме, қазір телеарналардан біздің жанармай шетелге заңсыз кетіп жатқаны туралы жиі айтылып жатыр. Бағаны көтеру үшін халықты алдынала дайындауға ұқсайды бұнысы. Көрші елдерден келген алып жүк көліктері жанармайды толтырып әкетуде деді тағы да сол Б. Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша дизельді көрші елдерге заңсыз сататындар жылына 140 млн. доллар пайда тауып отыр екен. Бәрін біліп жүрсе ол туралы билік өкілі неге енді ғана айтып отыр? Баяғыда дабыл қағып, қылмысты тоқтату керек еді ғой.
Жанармайды біреулер шетелге заңсыз сатып жатса сол үшін оның бағасын көтеруіміз керек пе? Бұл қазақша айтқанда – сыныққа айтар сылтау ғана. Сонда біздің шекара ашық-шашық жатыр ма? Әншейінде ішкі киіміңе дейін ақтаратын шекарашылар мен кеден қызметі ай қарап отыр ма, оларға не үшін халықтың ақшасын төлеп жатырмыз? Әлде олар да жанармайға жол ашып, сол үшін пара алып өздерінше «бизнес» жасап алды ма? Ол да мүмкін.
Бізде бір жаман әдет бар. Шетелден не көрсек соны қайталаймыз. Оның бізге пайдасы бар ма, жоқ па ол туралы ойланбаймыз. Шенеуініктер сөйтіп жаңашыл, реформатор атануды ойлайды. Қазір бензиннің қымбаттауына себеп ретінде шетелде жанармай бізден қымбат деп те түсіндіретін лауазымдылар бар. Ау, «реорматорлар», алдымен олардың адамдарының қанша жалақы алатынын есептемейсіздер ме? Біздегіден он, жүз есе жоғары жалақы алатынын білмегендері ме? Соны ескеріп біздің адамдарымыздың айлығын сол шетелдіктердің жалақысымен неге теңестірмейді жаңалық енгізгісі келіп өліп бара жатса.
Дамыған елдердің соңынан жүгіреміз деп шатымызды айырмай-ақ қоялық, бұрынғы кеңестік одақта бірге болған Түркіменстанды алайықшы. Экономикасы жөнінен әлемдік рейтингте бізден төмен тұрған Түрменстанда жанармайды бірнеше жылдар бойы тегін де берген болатын. Президенттің қаулысы бойынша жеңіл көлік иелеріне 120 литр, жеке автобус пен жүк көлік иелеріне ай сайын 200 литр бензин тегін берілді. Ол жетіспеген жағдайда қалғанын жүргізушілер коммерциялық бағамен сатып алуға міндетті болған. Тіпті бірнеше жыл бойы газ, электр қуаты, су, тұз сияқты өнімдерді халық тегін пайдаланды. Жанармай ысырап бола бастаған соң кейін бұл қаулы күшін жойған-ды. Жерінің көлемі мен қазба байлықтары жөнінен Түркіменстанды жүз рет орап алатын біздің елде сондай жақсылық бір рет болсын орын алды ма? Жоқ, біздің көріп келе жатқанымыз жанармай бағасының өсуі ғана. Тіпті мұнай бағасы көтерілсе де, түсіп кетсе де біздегі баға жерге қонып көрген емес, үнемі ұшып тұрады. Осыған орай халықтың «Мұнайлы елде неге жанармай тапшы, бағасы неге қымбат?» деген сұрағы өте орынды. Өзге қазба байлықтарды айтпаған күннің өзінде мұнайдан түсетін пайда шашетектен емес пе? Бір ғана мысал келтірейік. Тәуелсіз сарапшылардың 2019 жылғы есебі бойынша барлау, қазу, мұнайды өзге қосындылардан тазарту шығыны – 16%, шикі мұнайды өңдеу зауытына тасымалдау шамамен – 4 %, мұнайды өңдеп таза бензин шығару – 9 %, жанармай бекеттеріне тасымалдау, сақтау – 3 % құрайды екен. Сонымен нәтижесінде 32%. Бұл бензиннің нақты өзіндік құны – 47 теңге, яғни орташа бағаммен (1литр АИ-92 =146 теңге) Бензиннің бағасына салықтың үлесі мол. Жер қойнауын пайдаланушыларға, өндірушілерге салық және оның басқа түрлері бар. Ол орташа есеппен кем дегенде 50% көлемінде. Бұндай салық еш мемлекетте жоқ шығар. Бұл салық емес, тұтынушыларға артылған айыппұл десек те болады. Сонда 1 литр АИ-92 бензинінің таза өзіндік құны – 32% = 47 теңге, салық – 50%= 73 теңге, мұнай өндіретін компания пайдасы – 17-25% = 25-36 теңге болып шығады. Бұл зерттеулерге қарасақ шамамен 50% -дан аса қаржы салыққа жұмсалып отыр. Яғни мемлекет салық арқылы мұнай өндіруші компаниялардан да көп табыс тауып отыр. Нәтижесінде осы салықтарды литрлеп сатып алатын тұтынушылар төлейтіні де түсінікті. Сол қыруар қаржы қайда кетіп жатыр?
Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі болған Болат Ақшолақов 2022 жылы мұнай өнімдерін өндіру көлемі 13,7 млн. тоннаға жетіп, жылдық жоспар 103,2 пайызға орындалғанын айтқан-ды. Оның ішінде 5,2 млн. тонна дизель отыны, 2,8 млн. тонна мазут, 5 млн. тонна бензин өндірілген екен. Демек жоспар артығымен орындалған. Сонда жанармайға деген тапшылық қай жақтан пайда болып отыр? Жанармай ұрланып шетелге кетіп жатса, өндіріс тізбегінде керексіз, зиянды делдал ұйымдар көбейіп кетсе, өзге мемлекеттерде бензин бағасы бізден қымбат болса оған біздің елдегі қатардағы қарапайым тұтынушылар кінәлі емес қой. Үкімет жанармай бағасын көтермес бұрын мәселенің осы жағын ойластырып, зерделеуге тиісті.
Зейнолла АБАЖАН,
Қазақ үні