Қазақ Парламентін оятқан Қазыбекте Қазтуған жыраудың рухы бар

Қазақ Парламентін оятқан Қазыбекте Қазтуған жыраудың рухы бар

Ілгеріде.., орысшасы басым бір ортада, еліміздегі саяси-әлеуметтік мәселелер жөнінде ызы-қиқу сөз болып жатты. Саяси ойларды жетегіне жегіп, жекешелендіріп алған орыстілді ағайын ғана айқайлап сөйлеп, айбынданып отыратын болған соң ба, әлгіндей жерде қазақтың үні естіле бермейді. Қазақ сөйлесе, Австралиядан келіп абориген сөйлеп тұрғандай менсінбейтін жиынның мінезіне бағып, аузынан от бүркетін ағаларымыздың дымы құрып қалатынын көзіміз талай көрген.

Кенет, ортаға қасқайып Қазыбек Иса шықты! Қазекең маңдай шашын серпіп тастап сонда бір сөйледі дерсің. Әуелі әуезді қоңыр дауысымен ала-құла аудиторияны баурап алған ол экономиканы экономистердің тілінде, саясатты саясаткерлердің тілінде тарқата келіп, соның бәрі жүміле жұрттың мүддесіне жұмыс жасауы үшін Тіл керек екендігін оп-оңай дәлелдеп берді. Сонда, бағанадан бері білгішсінген «шешендердің» сөздері де, ойлары да Ұлт пен Мемлекеттің мақсатына емес, өздеріне керек ойынның алаңындағы әншейінгі әңгіме екені белігілі болып қалып еді.

Тіл – қамал. Әуелі қамалыңның қабырғасын мызғымастай етіп қалап алмай, қабырғалы елге айналуың қиын. Отаршылдықтың зардабын тартып, зар илеген біздер үшін, әсіресе, қиын. Қазақ ақындарының арасында осы жайтты бек түсініп жыр жазатын да – Қазыбек, білек түріп іске кірісіп кететін де – Қазыбек. Қазыбектің бойында Қазтуған жыраудың рухы бар.

Біз тегі батырлықты – бағзылыққа, ерлікті – ескілікке теліп сөйлейміз. Еңіреген ерлер алыс замандарда өтіп кеткен сияқты, олар енді қайтып оралмайтын сияқты. Сол «сияқтымен» жүріп Қазыбектердің ұлт мұраты жолындағы күрескерлігін, қайсарлығын, қайраткерлігін бағаламай жатамыз. Сондайда Ілиястың «Құлагеріндегі» сері Ақанның шерменде халіне келіп жығыламыз ғой баяғы: «Өз елі өз ерлерін ескеремесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерді?». 

Алайда біз білетін Қазыбек Иса еңбегін ешкімге бұлдаған емес, «ау, ағайын, мен мынандай іс тындырдым, соны білесіңдер ме, жоқ па?» деп ұркеуде мінез танытқан да емес. Алған бетінен қайтпайтын көкжал Қазкең еліне елеулі, халқына қалаулы азамат атанып, міне, кезекті рет Парламент Мәжілісінің төрінен табылды. 

Қазыбек Иса – «қалтада қалғып жатқан» Қазақ Парламентін оятып, Мәжіліске қазақтың иісін сіңіріп, оған қазақтың мінезін алып кірген қайсар азамат. Қазағамның осы қайсарлығы, халық қалаулысының қандай болуы керектігін көрсетіп үлгерген қаракеті елім деп жүрегі жанып жүрген жас азаматтар үшін үлгі әрі Заң шығарушы органда ізашар болары сөзсіз.

Қанатың талмасын, Қазаға!

Даурен Қуат, 

Қазақ үні