АШЫҚТЫҚ ЖОҚ ЖЕРДЕ АҚИҚАТ АДАСАДЫ

АШЫҚТЫҚ ЖОҚ ЖЕРДЕ АҚИҚАТ АДАСАДЫ

Отыз жылғы автократиялық билік пен жемқорлыққа былыққан жүйеден арылуға, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкіметке» негізделген демократиялық қоғам құруға бет түзеген елімізде бұл бағытта алда атақаратын жұмыстар жеткілікті. Әділ, ашық қоғам орнату оңайлықпен келмейтініне көз жеткізіп отырмыз. Ондаған жылдар бойы қалыптасып, санамызды улап, ет пен сүйегімізге дейін сіңіп кеткен ескі әдеттерден құтыла алмай жатырмыз. Мемлекет басшысының кезекті жолдауларында жаңа демократиялық қоғам құрудың жолдары мен бағыттары белгіленіп, бағдарламаларды орындауға үкіметке, атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берілгенмен, оны іске асыру жағы көңіл көншітпейді. Елді бұрынғысынша тонап, шексіз байығысы келетіндер, саяси және экономикалық оң реформаларға қарсы, ескі жүйені аңсайтындар арамызда, соның ішінде билік тарапында әлі де бар. Олар жаңа бастамаларды іске асырудың орнына бұрынғы қалпынан арыла алмай жүр, арылғысы да келмейді...

    Дамыған мемлекеттердің алдыңғы қатарына қосыламыз деп даурыққанмен, жері кең, байлығы асып артылатын елдің қымбатшылық қысқан, несиелік қарызға белшесінен батқан қарапайым халқының тұрмысы төмендеп кеткенін көріп отырмыз. «Байлығы мол елдің халқы неге байлы-бақуатты өмірге жете алмай отыр?» деген сұрақтардың жауабын заң бойынша елдің, жердің иесі болып табылатын халық атқарушы лауазымдылардан талап етуге толық құқылы. Өйткені Атазаңымызда атап көрсетілгендей, халық өзіне тиесілі билікті іске асыру үшін соларға сеніп тапсырған. Елді басқаруды өз мойнына алған үкімет бұл сұраққа халық алдында жалтармай, ашық жауап беруге міндетті. Бірақ билік бұқараға толықтай бет бұрды деп айта алмаймыз, халық үніне құлақ асатын үкімет бізде әлі де қалыптаспаған. Қабылданған заң бойынша, қағаз жүзінде халықтың мұң-мұқтажы анық жазылғанмен, іс жүзінде керісінше көріністердің куәсі болып келеміз. Экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық сияқты басқа салаларды былай қойғанда, ең маңызды, ең басты деп есептелетін адам құқығының сақталуы мен оның қорғалуының өзі лайықты деңгейде емес. Қатардағы азаматтар құқығы бұзылса әділ шешімді соттан іздейтіні белгілі, солай болу керек те. Адам құқығының бұзылуын ретке келтіреді деген, заң бойынша шешім шығарады деген сот жүйесінің өзі әділдікті аттап кететін тұстары жиі болып тұрады. Қара қылды қақ жарады деген судьялардың заңды өз қалалуларынша бұрмалап, тіпті пара алып ұсталып жатқандары да бар. Ол туралы жылдар бойы мерзімді басылымдарда жазылып, телеарналардан көрсетіліп те келеді. Заңды бес саусағындай жатқа білетін сот қызметкерлері неге өздері заң бұзушылыққа барады? Оның да өзіндік себебі бар. Бірінші кезекте, біздегі соттардың заңға емес, жоғарыдағы билікке тәуелді. Жоғарыдан қоңырау шалынса соған байланысты шешім қабылдайды. Кінәсіздерге тапсырыс бойынша жалған жала жауып түрмеге тығып, қылмыскерлерді босатып жібере салады. Бір ғана мысал, бізде жоғары лауазымды шенеуініктер өткен жылдарда аса ірі қаржы ұрлаған жемқорлығы үшін топ-тобымен сотталғаны белгілі. Оларға істеген қылмыстарына орай заң бойынша бас бостандығынан айыратын түрлі мерзімдегі жазалар кесілді. Өзіміз куә болғандай, сол сотталғандардың бірқатары «жаздым, жаңылдым» деп, көз жастарын көлдетіп сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұрағандардың жазалары түрлі желеулермен жеңілдетіліп, қамаудан мерзімінен бұрын босатылды. Миллиардтап ұрлаған лауазымды жемқорлар сытылып шығып, болар-болмас қылмыс жасағандар түрмеде қалды. «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылды» деген осы емес пе?

       Сонда қалай болғаны, Президент барлық халық мойындайтын, оны бұлжытпай орындауға тиісті заңымыздан да жоғары тұрғаны ма? Демократиялық қоғам құрып жатқан соң заң алдында хан да қара да бірдей болуы керек емес пе? Демек, бұл биліктің ашықтықты қаламайтынын, халықтан жасыратын құпиясы көп екенін, қарапайым бұқараны өздерінен төмен, түкке тұрғысыз тобыр ретінде санайтынын білдіреді. Билік те, байлық та, заң да өздерінің қолдарында екенін көрсетеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың ордалы отырыста шенеуніктерге қаратып: «Кез келгеніңді сотқа жетектеп алып бара аламын» дегенінің өзі осыны анық аңғартады. Бірақ ол сол шенеуініктер өзі құрған жемқор жүйенің құрбандары екенін ұмытқан секілді.

       Байқап жүргеніміздей, соңғы кезде біздің елімізде соттар «жабық, құпия» отырыстарды өткізуді өз тәжірибесіне мықтап енгізіп алған. Осыған орай халық тарапынан наразылық туындап, сұрақ қойылса «мемлекеттік құпия» деп жалпылама жауап беріп, аулақ жүрулерін өтінеді. Бұндай сот тәжірибесі бір жылдан асса да әлі де тергеліп, толық тексеріліп болмай жатқан қаңтар оқиғасына қатысты сот отырыстарында да жиі көрініс табуда.

Біздегі сот отырыстарының тым құпиялы болып кеткеніне бір-екі мысал келтірейік. Қаңтар оқиғасы бойынша Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевқа Қылмыстық кодекстің 370-бабы, 4-бөлігінің 1-тармағы бойынша «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік» деген айып тағылғаны белгілі. Тым ұзаққа созылған ашық сот процесі барысында бірқатар куәгерден жауап алынды. Сотқа облыстың бұрынғы әкімі Қанат Бозымбаев та куәгер ретінде шақырылды. Өйткені дәп сол қаңтарда аймақты басқарып тұрған болатын. Бұған дейін ашық өткізілген сот отырысы Бозымбаевқа келгенде бірден жабық сотқа айналып шыға келді. Экс-әкім көпшілікке қарауға беті болмады ма, судьядан құпия куәлік етуіне байланысты журналистер мен өзге де қатысушыларды залдан шығарып жіберуді өтінді. С.Күдебаевтың адвокаты Сәуле Қобжанова қарсылық білдіргеніне қарамастан БАҚ өкілдері, басқа да қатысушылармен бірге адвокаттың өзі де залдан қуылды. Сонда бұрынғы облыс әкімінің халықтан жасыратындай қандай құпиясы болмақшы? Әлде ол стратегиялық маңызы бар әскери саланы басқарып па? Шындап келгенде облыстағы кез келген оқиға үшін алдымен аймақтың бірінші басшысы жауапты болуы керек қой. Бұл жерде ол тек куәгер ретінде шақырылғанына алғыс айтудың орнына, құзырлы орын өкілдерінен жабық сот өткізуді талап еткені қай сасқаны? Сасқаны емес сот пен бұл маңызды іске назар тіккен халықты басынғандығы шығар немесе экс-шенеуініктің шылауында кеткен соттың сорлылығы деуге болады.

        Сол сияқты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына қатысты іс те «аса құпия» режімде өтуде. Бас прокурор Берік Асылов Мәжіліс отырысында жасаған баяндамасында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары Ә.Садықұлов, Д.Ерғожин, М.Осиповтерге мемлекетке опасыздық жасау, билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер, лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану сияқты баптар бойынша айыптар тағылғанын ресми түрде мәлім етті.

    Ал, сол кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған, Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш туралы лауазымды шенеуініктер әлі де жақ ашуға жасқанатын сияқты. Журналистердің «Самат Әбіш жауапқа тартыла ма? Ол қайда жүр, елден қашып кеткен жоқ па?» деген сұрақтарына нақты жауап берілген жоқ. Бар-жоғы оның куәгер ретінде шақырылғанын ғана айтады. Сонда қалай болғаны, бастығы Кәрім Мәсімов мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындалып жатқанын дәп қасында отырған бірінші орынбасары білмеген бе? Білсе, келіп мемлекет басшысына неге хабарламады? Хабарламағаны үшін де заң бойынша жауапқа тартылу керек. 

     Біріншіден, төңкеріс туралы білмей қалуы мүмкін емес. Бұндай құзырлы орында отырған соң қасындағы ғана емес, бүкіл елде мемлекетке қауіп төндіретін барлық жағдайды білуге, оның алдын алуға міндетті. Ұлттық Қауіпсіздік комитеті біздегі ең құзіретті құқық қорғау саласы екені белгілі. Оған өзгелерге қарағанда шексіз мүмкіндіктер берілген. Басқа құқық қорғау орындары мен күштік құрылымдар ҰҚК алдында күзгі жапырақтай діріл қағатыны да баршаға аян. Сондықтан да болар, бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл саланы қатаң бақылауында ұстау үшін ҰҚК төрағасы орынбасарына үнемі өз туысқандарын, өзінің сенімді деген адамдарын ғана тағайындап келген. Күйеу баласы Рахат Әлиев, немері інілері Қайрат Сатыбалды мен Самат Әбіш ҰҚК төрағасының бірінші орынбасарлары қызметін атқарғаны осыған нақты дәлел.

    Екіншіден, мына бір түсініксіз мәселеге назар аудару керек. Басшысы мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері қаңтар оқиғасын тергеп-тексеруге қандай қақысы бар? Жұрт алдында абыройы айрандай төгілген ұйым өз қатарларынан шыққан қылмыскерлерге қандай баға беруі мүмкін? Оған ешқандай, тіпті моралдік қақысы жоқ емес пе? Бізде сот, прокуратура, полиция сияқты өзге де органдар толып жатыр ғой. Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметін толықтай тексеріп, сала жұмысын реформалау қажет. Өйткені ел қауіпсіздігіне жауапты ең құзырлы органның осындай ірі қылмысқа баруы мемлекетіміздің тұрақтылығына кері әсер етуі әбден мүмкін.

   Үшіншіден, қаңтарға қатысты халықтан жасыратын ол қандай құпия? Мемлекеттің, елдің, жердің иесінен жасыратындай бұл жерде құпия болуы мүмкін емес. Қамалғандардың төңкеріс жасап билікті тартып алмақшы болғандарын билік ресми түрде өздері жаһанға жария етіп отырса, оның қалай жасалғанын, оларға тағы да кімдердің қатысы бар екенін халықтан құпиялаудың қажеті қанша? Керісінше, мемлекеттік төңкеріс сияқты аса қауіпті қылмыстың не себепті орын алғанын, оның нақты ұйымдастырушылары кімдер екенін халықтың алдында ашық айтып, есеп беруге міндетті емес пе? Әлде халық пен билік өз алдарына жеке мемлекет болып кеткен бе?..

        Әдетте жиі айтылатындай, халық арасында «ашықтық жоқ жерде ақиқат өледі» деген түсінік бар. Жоқ, ақиқат өлмейді! Қанша қымтап, бүркеп құпиялағанмен, жеті қабат жердің астына көміп жұрт назарынан жасырғанмен шындық түбінде бәрібір ашылады. Айлар өтер, жылдар өтер, ертеңгі күні оның бәрі белгілі болады. Оған тарих куә. Кезінде теріс саясаттың құрбаны болған, «халық жауы» атанған, ұлты үшін жанын пида еткен Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сияқты көптеген Алаш арыстары ондаған жылдар өтсе де ақталып, өзінің әділ бағасын алды. Оларды ұлттың санасынан ешкім ешқашан өшіре алмайды! 

      Ұлт намысын қорғау үшін алаңға шыққан Желтоқсан көтерілісіндегі жастарымызға да кеңестік кезеңде неше түрлі айып тағылды, жала жабылды. Оны да уақыт өз орнына қойып, нақты бағасын берді. Кешегі қанды қаңтарда да теріс пиғылды бір топтар бейбіт шерушілерді ай-күннің аманында арандатып, жазықсыз жандар қаза тапты. Бұл қазағымыздың кезекті қасіреті болғанмен, ерік-жігерін жоғалтпаған ұлттың ертеңгі күнге деген табанды қадамын көрсетті. Билік бүркеп жасырғанмен кезі келгенде толықтай ашылып, өзінің лайықты бағасын алатыны анық. Тарих таразысы ешкімнің ақысын жемейді, түбінде өзінің әділ төрелігін бәрібір айтады. Бұл ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома, тарихтың өзі көрсетіп отырған ұлы сабақ.

    Сабақ демекші, сол басымыздан өткерген өмірімізден тарихи тәлім, сабақ алуды білмейміз. Дұрыс қорытынды шығарып, жіберген қателіктерімізді келер күнде түзетуге тырыспаймыз. Ең өкініштісі де сол. Бұл әсіресе билік басындағыларға қатысты. Өйткені бүкіл бір мемлекеттің, тұтастай ұлттың болашағына, тағдырына солар жауапты. Жоғары лауазымға оларды ешкім қыстап отырғызған жоқ, керісінше билікке жанталаса ұмтылған өздері емес пе? Олай болса неге ашық, әділ билік жүргізбейді, халқына неге адал қызмет етпейді? Әлде олар ұлтына жаны ашымайтын, шеттен келген жат жұрттықтар ма? 

    Жоқ, олардың да кіндік қаны қазақтың қасиетті жеріне тамған. Олар да ортамыздан шыққан өз ұлтымыздың өкілдері. Айырмашылығы сол – жемқор жүйенің жетегінде кеткен, құлқынның құлдары. Сол байлық үшін билікке жабысып, халықты алдап, өз елінің байлығын тонайды. Тонап қана қоймай оны шетелге тасып, халқын қайыршылық күйге түсіреді. Бұл Отанын, ұлтын сату деген сөз.   

         Алдында айтқан ардақты Алаш арыстарының бала-шаға, туыстары кезіндегі солақай саясаттың құрбаны болып, қысым көргені белгілі. Есесіне бүгінгі күнгі ұрпақтары еңсесін тік ұстап, ата-бабаларымен мақтана алады. Халқы да оларды құрмет тұтады. Ал қазіргі билік басындағылар осылай халқының құрметіне бөлене ала ма? Жоқ, елін тонап, ұлтына қарсы жұмыс істеген басшы тарихтың қоқысында қалады. Теріс пиғылдарымен, қылмыстық әрекеттерімен ертеңгі күні ақиқат ашылғанда өз ұрпақтарын жерге қаратады. Соны неге ойламайды екен?.. 

Зейнолла Абажан, 

Қазақ үні