"Ватсапта қазақша қате-қате жазу тілге деген құрметсіздік" - ұйғыр этносының өкілі

"Ватсапта қазақша қате-қате жазу тілге деген құрметсіздік" - ұйғыр этносының өкілі

Тараз қаласындағы қазақ тілін тереңдетіп оқытатын Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп гимназиясынының ұстазы, ұлты ұйғыр отандасымыз Махаббат Алиханова қазақ тілін үйретудегі өзінің тың әдіс-тәсілдерімен бөлісті.

 – Өзге ұлт түгіл, өз қазағымызды қазақша сөйлете алмай жүрміз. Сіз қазақша сөйлеп қана қоймай, қазақ тілінен сабақ береді екенсіз...

– Жамбыл облысында көп ұлт өкілі тұрады. Олардың көпшілігі қазақ тілін жақсы меңгерген. Себебі, мемлекеттік тілді білу міндет, бәріміз де қазақ елінің азаматымыз. Ал қазақ елінің болашағы – қазақ тілінде. Оның әрбір тұрғынында мемлекеттік тілге деген құрмет болу керек. Бұған дейін өңірдегі телеарнада қызмет етіп, қазақ тіліндегі жаңалықтың жүргізушісі болдым. Сондықтан облыста мені тұрғындар бірден таниды. Бүгінде өзімнің негізгі мамандығым бойынша мұғалімдік қызметтемін, өз мамандығымды мақтан тұтамын.

Ұстаздықпен бірге облыс аумағында өткізілетін қазақ тіліне қатысты көптеген іс-шаралардың бәріне белсене қатысамын. Қазақстан Халқы Ассамблеясы Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрлі «Мен қазақша сөйлеймін» байқауында үздік атандым. «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» облыстық байқауында жүлделі 1-ші орынды иелендім.

Жамбыл аймаған мекендеген барша этнос өкілдерінің басын бір арнаға тоғыстыратын Қазақстан Халқы Ассамблеясының біздің облыстағы филиалына ризамыз. «Қоғамдық келісім» мекемесі көптеген шаралар өткізеді. «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумында барлық ұлттың өкілдері қазақ тілін қалай үйренгендерін айтып, өз тәжірибелерімен бөліседі. Мұндай іс-шаралардың қатысушыларға берері мол деп білемін. Өзім былтырғы жылы осы шараның республикалық деңгейдегі форумына қатысып, алғыс хатпен марапатталдым. Қазақ тілін дамыту және ұлтаралық бірлікті сақтау жолындағы еңбегім еленіп, Астана төрінде Елбасының қолынан Құрмет грамотасын алғаным да бар. 

– Мухаббат Бақытқызы, қазақ тілін дамытуға қатысты не айтар едіңіз?

– Бізде көп жағдайда қазақ тілінде сөйлей алғанын місе тұтатындар көптеп кездеседі. Түптеп келгенде, тек сөйлеумен ғана мәселе шешілмейді. Мәселен, көбіміз қолданатын WhatsApp әлеуметтік желісінде ешбір тыныс белгісіз, қате-қате жазуды үрдіске айналдырғандар көп. Мұны мен қазақ тіліне деген құрметсіздік деп қабылдаймын. Әрі жіберген қателерін түзетіп, көрсетіп беруге тырысамын. 

       Қазіргідей ұялы телефонға телмірген оқушыларға көркем шығарма оқыту қиын. Соның салдарынан оқушылардың сөздік қоры да аз. Осы олқылықтың орнын толтыруға әрекет етуіміз керек. Қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын оқыған оқушылар арасында арнайы байқау ұйымдастыруды жақсы бір дәстүрге айналдыру қажет деп ойлаймын. Бұл тұрғыда түрлі сыйлықтар жасап жас жеткіншектердің кітапқа деген қызығушылығын ояту қажет.

         «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы тегіннен тегін айтқан жоқ. Қазақ ұлты жер бетінде мәңгілік өмір сүруі үшін ең бірінші кезекте өзге емес, дәл осы қазақ тіліне ерекше назар аударылуы қажет. Абай атындағы дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетінен тереңдетіп оқытатын мектеп гимназиясында сабақ беру маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы тұста ұстаз ретінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнін өзге шет тілдері секілді екі топқа бөліп оқытуды ұсынғым келеді. Бұл өз кезегінде әрбір оқушының туған тіліне деген құрметін арттырып қана қоймай, қазақ тіліне тереңірек үңілуге жол ашқан болар еді. Әрі әрбір оқушының қарым-қабілетін ескеріп, олармен жеке-жеке жұмыс істеуге де зор мүмкіндік пайда болар еді.

       Қазақтың бай әрі көркем тіліне оқушылар жүрдім-бардым қарамай, мейілінше саналарына сіңіргендері жөн, мен соған басты назар аударамын. Қазақ тіліне өте сауатты адам айналасындағы жандардың да сауатын ашуға септігін тигізеді. Ұрпақтар сабақтастығын алсақ, бүгінгі оқушылар күні ертең-ақ өздерінің ұл-қыздары мен немерелерінің сауатты болуын қолға алатын болады. Яғни мұның артында қазақ тілінің жарқын болашағы жатыр деген сөз.

 – Ұстазда қандай қасиеттер болу керек?

– Ұстаздық – құрметті мамандық. Қазақтың ғажап тілін біліп қана қоймай, осы саланың маманы болғаным үшін де өзімді бақытты сезінемін. Бұл тұрғыда университет қабырғасында маған қазақ тілі мен әдебиетінің қыр-сырын жете ұғындырған ұстазым доцент, филология ғылымының кандидаты Сейсекүл Исматоваға айтар алғысым шексіз. Бүгінгідей дамыған заманда оқушыларды кез келген дүниемен таңдандыра алмайсың. Десе де әрбір сабақ сайын тың дүние қосуға, 5-7 сынып аралығындағы оқушыларына сабақ беретіндіктен олардың жас ерекшелігін ескере отырып жалықтырып алмау жағын ескеріп, сабақты қызықты етіп өткізуге тырысамын. Тіпті кейбір ойын элементтерін де енгізуге тура келеді. Мысалы, сабақ өткізу барысында «Ыстық орындық» әдісін ойын түріне айналдырып үй тапсырмасын сұрайтындарды анықтауға болады. Ортаға бес орындық қойылып, алты оқушы сабақ сұрауға шығарылады. Әуен қосылып, оқушылар орындықты айналады. Ал әуен тоқтаған бойда орындыққа отырып үлгере алмай қалған оқушы сабақ айтатын болады. Осылайша орындық саны да, оқушы саны да біртіндеп азайып отырады. Бір қарағанда қарапайым тәсіл көрінгенімен, бұл оқушылардың шаршамауына септігін тигізеді. «Ал ереже сұрауға «Миға шабуыл» тәсілін қолданамын. Сұрақтар жазылған қағазды ширатып орап алып, ортаға қойылған «Алтын сандыққа» саламын. Оқушылар шапалақтау арқылы бір-біріне ұсынып отырады. Шапалақ тоқтаған кезде сандықша кімнің қолында қалса, сол оқушы сұраққа жауап береді. Сондай-ақ, топты кейде үшке бөліп, әр топтың алдына қауашақ қоямын. Сұраққа жауап берген топ мүшелеріне арнайы тәттілер тапсырып отырамын. Сабақ соңында сол тәттілерді көп жинаған топ жеңіске жетеді. Сабақ барысында бұдан да басқа тәсілдерді қолдануға болады. Ол ұстаздың қабілетіне байланысты. Ұстаз тек қана сабақ беріп қана қоймайды. Ол баланың ата-анасы секілді тәрбиеші де. Ол шәкіртінің жан дүниесін ашатын сырласы да бола білуі керек. 

 – Біздің оқырмандарымызбен пікір бөліскеніңіз үшін рақымет. Еңбегіңіз жемісті бола берсін!

 Гүлмира САДЫҚ,

Қазақ үні