ІЛГЕРІЛЕУ ІЗДЕНІСТЕН БАСТАЛАДЫ

ІЛГЕРІЛЕУ ІЗДЕНІСТЕН БАСТАЛАДЫ

Бүгінгі жедел дамыған әлемдік өркениет заманында білім мен ғылым кез келген мемлекеттің қуаттылығының негізі және басты көрсеткіші болып есептеледі. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады», «Ғылым – теңіз, білім – қайық» - деп қазақ атамыз босқа айтпаған, өмірлік тәжірибе де соны растап отыр. Сондықтан да Тәуелсіздік алғаннан бастап елімізде білім, ғылым саласына барынша көңіл бөлініп, әлемдік өркениет талаптарына сай сапалық жағынан жақсарту қолға алынды. Бұл бағытта жеткен жетістіктеріміз аз емес, кемшілігіміз де жеткілікті.                    

          Білім де, ғылым да бәріміз үшін табалдырығын тарыдай болып аттайтын мектеп қабырғасынан басталатыны белгілі. Елімізде мектеп саны жылдан жылға артып келеді. Кейбір толық емес деректерге қарағанда 7,5 мыңнан аса мектеп бар екен. Тек қана мамандандырылған 130-дан аса мектепте 70 мыңнан аса дарынды бала білім алып жатыр. Оларға жан-жақты сапалы білім алу үшін лайықты жағдайлар жасалған. Бүгінгі нарық талабына сай жекеменшік мектептер де жұмыс істейді. Бәрінің де мақсаты біреу – оқушыларға сапалы білім беру, ертеңгі күні жоғары оқу орындарының студенті атанып, кейін білікті маман болып еліне қызмет ететін азаматтар дайындау.

       Тәуелсіздік алған жылдардан бастап жоғары оқу орындарының саны да күрт өсті. Қолда бар кейбір деректерге қарағанда, Қазақстан Республикасында филиалдарын қоса алғанда 129 жоғары оқу орны жұмыс істейді екен. Оның 33-і – мемлекеттік, 92-сі – жекеменшік, 4-еуі – шетелдік меншігіндегі жоғары оқу орындары. Студенттерге берілетін мемлекеттік гранттардың саны да жыл сайын өсіп, олардың шәкіртақысы да елдегі экономикалық жағдайға байланысты көтеріліп тұрады. 

     Мәселе мектептер мен жоғары оқу орындарының санында емес, олардың жастарға сапалы білім беруінде. Әсіресе, жоғары оқу орындарының халықаралық талаптарға сай жұмыс істеуі өте маңызды. Өйткені еліміздің дамуы сол жоғары оқу орындарынан лайықты білім алып шыққан ертеңгі білікті, ғалым мамандардың қолында. Ғылымға негізделген экономика ғана жоғары нәтиже береді. Әрбір ашылған ғылыми жаңалық өндірістің өркендеуіне әсер етеді.

       Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асырып, еліміздің ғылыми әлеуетін айқындауда негізгі күш ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының үлесінде. Еліміз бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарымен 383 ұйым айналысады екен. Статистикалық мәліметтерге қарасақ тек қана Алматы қаласында көптеген салалардағы ғылыми зерттеулерді 133 ұйым жүргізеді. Бұл – еліміздегі барлық ғылыми мекемелердің үштен бір бөлігі деген сөз.

        Еліміздегі ғылымды дамыту көрсеткіштеріне назар аударатын болсақ, ғылымды өркендетуде жоғары білім беру секторы жетекші орында тұрғанын көреміз. Жоғары оқу орындарының ғылымды дамытатын негізгі күшке айналуына соңғы жылдары елімізде жүзеге асырылған бірқатар реформалар әсер еткенге ұқсайды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің еліміздегі жетекші университеттерді автономды бағытқа бұруы және оқу орындары жанынан ғылыми-зерттеу орталықтарының құрылуы ғылымды дамытуда негізгі күшке айналды деуге болады.  

     Жастарға сапалы білім беріп, ғылыми зерттеулермен айналысатын жоғары оқу орындары елімізде аз емес. Әрбір оқу орындары өз мүмкіндіктерін пайдаланып, бұл бағытта нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Соның бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті дер едік. Университеттің 16 факультеті, 8 ғылыми-зерттеу институты, 29 ғылыми орталық пен Ғылыми-технологиялық паркі, 97 өндірістік филиалдан тұратын бірегей ғылыми-инновациялық инфрақұрылымы бар. Университет ғалымдары іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер бойынша 400-ден астам ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, сондай-ақ жалпы көлемі 8,1 миллиард теңге көлеміндегі түрлі қаржыландыру бағдарламаларын іске асырып келеді. Шетелдіктерді қоса есептегенде түрлі ғылыми институттармен және ұйымдармен тығыз байланыс орнатқан. Өнертабыс пен модельге 400 патент пен авторлық куәлік алған екен. 

     Ғылыми жаңалық ашу өз алдына, оны өндіріске енгізу өте маңызды. Онсыз бұл жаңалықтың ешқандай пайдасы болмақ емес. ҚазҰУ базасында 2008 жылдан бастап ғалымдар мен студенттердің инновациялық идеяларының табысты инкубаторы ретінде танылған Ғылыми-технологиялық парк жұмыс істейді. Технопарк «ТрансНефть» Орталық Азия ғылыми-зерттеу және жобалау институтымен» бірлесіп, «Сұйық түрдегі ракушка плиткалардың бетіне жағылатын тау жыныстарының поликристалды сынғыш ұнтақты кальций карбонатын жасайтын бірлескен өндірісін құру» инновациялық жобасын іске асырды. Сондай-ақ Технопарк дәстүрлі электр энергиясы жоқ жерлерде электр энергиясын беруге арналған қуаты 2 және одан да көп кВт/сағ телеметриясы бар мобильді автономды гибридті күн энергиясы қондырғысын әзірледі. Бұл жоба туындысы ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақтелеком АҚ, ұялы байланыс операторлары, агроөнеркәсіптік кешен жұмыстарында қолданыла алады. «Инновациялар плюс» компаниясымен бірлесіп атқарылған – «Мұнай ұңғымаларын асфальт-шайыр-парафинді және гидратты шөгінділерден тазарту технологиясы» деп аталатын жобаны да табысты деуге болады. Бұл мұнай шөгінділерін тазарту қондырғысы мұнай өндіру кезінде тізбектік және күнделікті тазартуды автоматты түрде жүзеге асырады, мұнайды үздіксіз өндіруге мүмкіндік береді.Сонымен бірге құрылғы қолданыстағы тазарту шығындарын 80%-ға дейін оңтайландырып, тазарту кезінде мұнайдың жоғалуы мен төгілу қаупін барынша азайтады. Университетте мұндай атқарылып жатқан істер мен ғылыми жаңалықтарды көптеп келтіруге болады.

        2014 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЖОО-ларды интеграциялау бағдарламасы шеңберінде «Ғылым Ордасының» 10 ҒЗИ-мен бірлескен қызметті қарқынды іске асыруда. 2022 жылы ҚазҰУ аталған бағдарлама шеңберін ұлғайтып, «Ғылым Ордасы» ҒЗИ-ларымен тағы 9 шартқа қол қойылды. Осылайша, елдің жетекші жоғары оқу орны ғылыми-инновациялық жобаларды іске асыра отырып, университет ғылымын нығайтуға, оның академиялық ғылыми-зерттеу институттарымен интеграциялануына және табысты қызмет нәтижелерін одан әрі коммерцияландыруға ықпал етуде. 

      «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – QS WUR халықаралық рейтингінде 150 үздік ЖОО қатарына еніп, еліміздегі және Орталық Азия өңіріндегі жалғыз ірі ғылыми-білім беру орталығына айналды. 2022 жылы Ыстамбұл және Бішкек қалаларында ҚазҰУ бөлімшелері ашылып, Алматыда ҚазҰУ базасында МИФИ филиалы құрылды. ҚазҰУ-дың әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті ретінде 2022-2026 жылдарға арналған өзіндік даму бағдарламасы бар. Осы жетістіктері ескеріле отырып ҚР Үкіметінің қаулысымен бұл жоғары оқу орнына 2022 жылғы 25 шілдеде зерттеу университеті мәртебесі берілді.

         Сапалы білім беру мен ғылыми ізденістер жолындағы игі істерді аймақтардағы жоғары оқу орындарынан да байқауға болады. Сексен жылдық тарихы бар Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті солардың бірі.

         Университет Қазақстан Республикасының үздік ЖОО-дары Ұлттық рейтингінде тұрақты түрде 3-ші орынды иеленіп келеді. QS нұсқасы бойынша әлемнің TOP 450 үздік университеттерінің қатарына кіреді. Позициялардың өсуіне халықаралық байланыстардың кеңеюі, бәсекелес университеттерге қатысты шетелдік студенттердің жоғары пайызы бұл ОҚУ-дың тартымдылығының жоғары деңгейін көрсетеді. Сонымен қатар, UI Green Metric World University Rankings рейтингіне қатыса отырып, 2021 жылы ОҚУ «жасыл» университетті әлемде 333-ші орынға ие болып, TOP 350-ге енді. Ал әлемдік Rank Pro рейтингте М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті бірқатар пәндер бойынша Қазақстанның жалғыз өкілі болып табылады. Биология ғылымдары – TOP 351-400, Химия ғылымдары – TOP 301-350, Техника және технология – TOP 351-400, Математика – TOP 351-400 деңгейінде көріне білді. Соңғы 10 жыл ішінде университет рейтингі 6 есеге өсті. Биылғы жылы университет Faculty Student жаһандық индикаторы бойынша 80-ші орынды иеленіп, көптеген танымал шетелдік университеттердің қатарына енді.

    Университет заманауи материалдық-техникалық базаға ие. Ғылыммен белсенді айналысатын ұстаздар мен студенттер үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Зерттеу жұмыстары 110 оқу-ғылыми, 17 ғылыми-зерттеу зертханалары мен 6 ғылыми орталықтарда жүргізіледі. Университеттің ғылыми-зерттеу жұмыстары 97 тақырып бойынша орындалады. Оның ішінде химия және мұнай химия технологиясы, биология және биотехнология, көмірсутек шикізаттарын қайта өңдеу, химия-металлургиялық процестердің технологиясы; құрылыс материалдары және құрылыс өндірісі, нанотехнология және наноматериалдар, қолданбалы математика және механика, машинажасау, энергияның балама көздері және дәстүрлі емес технологиялар, агротехнология, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, қоршаған ортаны қорғау және геоэкология, ақпараттық технологиялар, гуманитарлық және әлеуметтік-педагогикалық зерттеулер бар. Оқу орнында ғылыми зерттеулерді басқару жүйесі елеулі түрде жаңғыртылды және де зерттеушілерге тәжірибелік өнеркәсіптік сынақтарға ғылыми нәтижелерді жеткізуге көмектесетін заманауи инновациялық инфрақұрылым жасалған. Академиялық ғылым, Ғылыми жобаларды дайындау және қолдау, Кәсіпкерлік және коммерцияландыру, Ғылыми зерттеулер және Сынақ зертханалары сияқты жаңадан 5 департамент ұйымдастырылды. Университет бүгінде Қазақстан Республикасының 16 ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 2022 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде 540 млн. аса теңгеге 50 жоба жүзеге асырылды.

   Осы орайда еліміздің Батыс өңіріндегі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетін де атауға болады. Ежелгі жоғары оқу орнының тарихы 1957 жылдан басталады. Батыс және Солтүстік-Батыс Қазақстанды білікті дәрігер мамандармен қамтамасыз ету мақсатында құрылып, ондаған жылдар бойы жүйелі жұмыс істеп келеді. Алпыс бес жылдан аса уақытта университет еліміз үшін мыңдаған білікті мамандарды дайындады. Университетті әр жылдарда бітірген түлектері жақын және алыс шетелдерде табысты еңбек етіп жүр.Қазақстандағы көптеген ЖОО-ы мен ҒЗИ-ның оқу және ғылыми ұжымдарын басқарып отырған мамандар да бар.

   Университетте 5 оқу-зертханалық ғимарат, 2100 орындық 5 студенттік жатақхана, заманауи кітапхана бар. Білім алушылар университеттің жеке үш аккредиттелген клиникасын: медицина орталығы, отбасы медицина клиникасы және стоматологиялық клиникасын пайдалана алады.  

    Марат Оспанов атындағы БҚММУ өзара қарым-қатынастар туралы меморандумдар, келісімшарттар, халықаралық серіктестік туралы келісімдер негізінде жыл сайын дамып келе жатқан 45 жетекші шетелдік ЖОО-мен медицина ғылымы, білім беру және практикалық денсаулық сақтау саласында серіктестікті жүзеге асыруда. ЖОО-ы Еуропадағы Медициналық Білім Қауымдастығымен (AMEE), Еуропаның Медициналық Мектептер Қауымдастығымен (AMSE) серіктестік жасайды, ғылыми жұмыстарды бірлесе жүргізеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтауды ұйымдастыру медициналық мектептерінің директорийіне (World Directory of Medical Schools, WHO), ЮНЕСКО Университеттердің Халықаралық анықтамалығына қосылған. К.Марцинковский атындағы медицина университеті (Польша) Университеттің стратегиялық серіктесі болып табылады. Серіктестік аясында серіктес-ЖОО-ның жетекші қызметкерлері топ-менеджерлер және ПОҚ ретінде қызмет етеді.

      Университетте PhD докторанттардың диссертациялық жұмыстарын қорғау үшін диссертациялық кеңес жұмыс істейді. Университет ғалымдары студенттерді ғылымға бейімдеу жұмыстарын басты міндеттердің бірі санайды. Жаңалықққа құштар жастардың өнертапқыштық құлшынстарына қолдау көрсетеді. Ғылыми жаңалықтарды өмірге енгізу мақсатында жергілікті атқарушы билік орындарымен байланыс жасалған.

     Ия, еліміздің дамуы әр саладағы білікті мамандарға байланысты десек, жоғары оқу орындарының бұл тұста алар орны ерекше. Бір нәрсе анық, экономиканың дамуы, жалпы алғанда қоғамның ілгері басуы осындай ізденістерден басталса керек.

 Гүлмира САДЫҚ, 

Қазақ үні