ҒЫЛЫМҒА ЖАСТАР КЕЛІП ЖАТЫР

ҒЫЛЫМҒА ЖАСТАР КЕЛІП ЖАТЫР

Биология және биотехнология мәселелері ҒЗИ директоры,

б.ғ.д., профессор Амангелді Қуанбайұлы Бисенбаевпен әңгіме.

    – Әбеке, сұхбатымызды институттың жүріп өткен жолы қандай болғанынан бастасақ. Институтты құру кезінде оның алдына қандай міндеттер қойылған еді және олар қаншалықты сәтті орындалды?

    – 1990 жылдардың басында, тәуелсіздік алғаннан кейін, экономикадағы терең дағдарыстың салдарынан ғылым да, республиканың білім беру жүйесі сияқты, көптеген қиындықтарға тап болды. Бұл орталықтандырылған қаржыландырудың қысқаруынан, ғалымдардың жалақы деңгейінің төмендеуінен, ғылыми іссапарларға, реактивтерге және т.б. төлем жасаудың мүмкін болмай қалғандығынан көрінді. Республиканың академиялық институттары деңгейінде ғана емес, жоғары оқу орындары деңгейінде де кейбір ғылыми бағыттардың жабылу қаупі туындады. Биология факультетінде жұмыс істеген зерттеушілердің бірнеше буыны қалыптастырған ғылыми бағыттарды сақтау үшін 1993 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры К.Нәрібаевтың бастамасымен, университеттің жетекші ғалымдарының қолдауымен Қазақстан тарихында тұңғыш рет 8 ғылыми-зерттеу институты, соның ішінде біздің биология және биотехнология мәселелері ҒЗИ ұйымдастырылды. Бұл институттар университет жанынан заңды тұлғалар мәртебесінде ұйымдастырылды. Осы қиын кезеңдерде биология және биотехнология мәселелері ҒЗИ ғалымдары USAID (АҚШ); Халықаралық ғылыми қордың гранты (АҚШ); Ағылшындық Welcome Trust қорының гранты (Англия); Азаматтық зерттеулерді дамыту қорының (СДФ) гранты (АҚШ); Еуропалық Одақтың Инко-Коперникус гранты; Еуропалық Одақтың INTAS гранты және т.б. гранттарға қол жеткізе алды, солардың есебінен ғылыми бағыттарды қолдауды және дамытуды жалғастырды.

    Қазіргі уақытта біздің институттың ұйымдық құрылымына мынадай ғылыми-зерттеу зертханалары кіреді: молекулалық генетика; фотобиотехнология; өсімдіктердің салыстырмалы анатомиясы; экологиялық және эволюциялық морфология және биохимия зертханасы; мутагенездің оқу және ғылыми зертханасы; экологиялық токсикология.

    Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институты қызметінің мақсаты ауыл шаруашылығы, медицина және қоршаған ортаны қорғаудың басымдылыққа ие мәселелері мен міндеттерін шешуге бағытталған биология және биотехнология саласындағы ғылыми зерттеулерді жоспарлау, ұйымдастыру және қамтамасыз ету, жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлау болып табылады. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биология және биотехнология факультетінің барлық кафедраларымен тығыз байланыс бар. PhD диссертацияларының, магистрлік және бітіру жұмыстарының тақырыптары институт зертханаларында орындалатын ҒЗЖ-мен тығыз байланысты. Бакалаврлардың бітіру жұмыстары, магистрлік диссертациялар және PhD докторанттардың диссертациялары институт зертханаларының базасында орындалады.

    – Қазақ ғылымы, оның ішінде сіздің институт өзінің түпкілікті даму жолына түсті ме, жоқ әлде әлі де ізденіс үстінде ме?

    – Ғылым – адамдар үшін пайдалануға болатын заттарды, құбылыстарды, механизмдерді, мәселелерді шешу жолдарын мәңгілік ізденіс. Егер сіз ізденісті тоқтатсаңыз, онда ғылым өзінің өмір сүруін тоқтатады. Қазақ ғылымы, сондай-ақ біздің институттағы ғылымның даму деңгейі де дамудың белгілі бір сатысында тұр.

    Қазіргі уақытта ғылыми көрсеткіштер бойынша, халықаралық беделді журналдардағы ғылыми мақалалардың санын қоса алғанда, біздің институт еліміздің жетекші ғылыми ұйымдарының біріне жатады.

    – ҒЗИ-ны университеттерге береміз деп қателескен жоқпыз ба?

    – ҚР Жоғары білім және ғылым министрлігіне (ЖБҒМ) қарайтын ғылыми институттар университеттерге берілген жоқ. Бұрынғы академиялық институттар әлі күнге дейін жеке заңды тұлғалар ретінде жұмыс істейді.

    – Жақын арадағы уақытқа және алыс болашаққа деген қандай жоспарларыңыз бар?

    – Менің ойымша, қазіргі уақытта қазақстандық ғалымдар әлемдік деңгейді қадағалап отыруы және әлемде не істеліп жатқанын игеруі тиіс. Әлемдік ғылымға ілесуге, және ғылыми әлеует жас ғалымдардан тұруы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек, сонда сұраныс пен қаржы пайда болған кезде, әрине, олар пайда болса, әрі қарай дамуымыз мүмкін. Біздің елімізде ұзақ уақыт бойы ғылыми мамандық өміршең емес және келешегі жоқ деп саналды. Қызмет көрсету саласының мамандықтары беделі артты. Бірақ соған қарамастан, ғылымның қаржылық тұрғыдан ешқандай жарқын болашаққа уәде бермейтініне қарамастан соңғы кезде жас жігіттер ғылымға айтарлықтай қызығушылық таныта бастады, олар біздің институттың зертханаларында белсенділікпен жұмыс істеуде, және бұл бізді қуантып отыр.

    Бүгінгі таңда біздің институт мынадай басымдылыққа ие ғылыми-техникалық бағыттар бойынша зерттеулер белсенді түрде жүргізілуде:

    1. Қазіргі уақытта әлемдік энергияның 90%-дан астамы жанғыш қазбалармен қамтамасыз етіледі. Шетелдік энергетикадағы мұнай мен газ қорының сарқылуына байланысты жаңартылатын энергия көздері негізінде алынатын энергияның үлесі өседі деп болжанып отыр. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі қалдықтарының, сондай-ақ өсірілетін бейазықтық мәдени өсімдіктер мен микробалдырлар негізінде экологиялық таза түрлі биоотын (биоэтанол, биодизель, биогаз, биосутек) алу технологиясын жасау өзекті мәселе болып табылады.

    2. Ауыр бактериялық аурулар мен өлім-жітімді тудыратын патогендерге қарсы препараттарды жасау саласындағы зерттеулерді ерекше атап өту қажет. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы антибиотикке төзімділікті жануарлар мен адам денсаулығына ең үлкен қауіптердің бірі деп атайды. Сол себепті шұғыл түрде осы дәріге төзімді қоздырғыштармен күресудің жаңа стратегиясы жасалуы қажет.

    3. Қазіргі гендік инженериядағы революциялық бағыт - қатерлі ісік пен вирустық аурулардың кең ауқымын емдеу үшін жаңа және тиімді иммунотерапияны дамыту. Бұл жағдайда наноантиденелерге негізделген жаңа иммунологиялық препараттарға ерекше назар аударылады.

    – Біздің мемлекетіміз ғылымға ЖІӨ-нің 3 пайызын, одан төменгі көрсеткіш елді дамыта алмайды деп есептеледі, бөлетін кезге қашан жететін боламыз деп ойлайсыз?

    – Егер ғылымға бөлінетін қаражат ЖІӨ-нің 1,5%-нан асса, ғылым саласында белгілі бір жетістіктерге жетеді деп саналады. 2019 жылы біздің елімізде ғылымға бағытталған қаражат 1991-жылдан бергі ең аз көлемді құрады – 0,12% ғана. Бұл өте төмен көрсеткіш. ЖБҒМ экономиканың стратегиялық салалары бойынша елдің ғылыми-технологиялық дамуына бағытталған орасан зор жұмыстар жүргізуде. 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің үлесін 1%-ға дейін арттыруға уәде берілді. Осы уақытқа жетеміз деп үміттенейік.

    – Ғылым жетістіктерін өндіріске енгізу Кеңес Одағының "Қобыланды батыр» жырындағы Көбіктінің кіндігіндегі тесігі секілді ең осал жері болды. Отыз жылда бір нәрсе өзгерді ме, біз қазір қаншалықты алға жылжи алдық?

    – Кеңестік индустрия құрылған кезде оның барлық негізгі зауыттары шетелдік, негізінен неміс және американдық фирмалардың көмегімен жобаланған, салынған және жабдықталған еді. КСРО-да ғылыми-техникалық жағынан шетелдік аналогтармен бәсекелес болған сала - бұл әскери-өнеркәсіптік кешен болатын. Қазіргі уақытта, менің ойымша, бомба қайтадан өте өзекті бола бастайды, яғни, әскери ғылым. Алайда, өмірді ұзарту үшін дәрі-дәрмек жасап шығару және өндіру одан әлдеқайда маңызды. Бүгінгі таңда осы салада біз жаңа бағыттарды енді ғана игере бастадық.

    – Сіз ғылым алдындағы, атап айтқанда сіздің институт алдындағы қандай нақты кедергілерді, проблемаларды көріп отырсыз? 

    – Ең маңызды мәселе – жоғары оқу орындарының зертханаларын қымбат жабдықтармен жабдықтау. Сонымен қатар, зерттеуге қажетті реактивтерді шетелден тапсырыс беруге тура келеді, ал, олар шекарада, кеденде айлап жатады, сондықтан олар өз сапасын жоғалтады және зертханаға жарамсыз болып жетеді. Қазақстанда мұндай реактивтерді ешқандай ақшаға алу мүмкін емес. Ал, бұл факторлар жүргізілген зерттеулердің тиімділігіне айтарлықтай әсер етеді.

    Мысалы, қазақстандық ғалымдар әлемдік жетекші зерттеушілермен бірлесіп қазіргі заманғы қолға үйретілген жылқылардың шығу тегін анықтады, зерттеу нәтижелері беделді "Nature"ғылыми журналында жарияланды. Әрине, қазақстандық ғалымдардың үлесі орасан зор, олар сүйектерді тапты, бірақ қолжеткен нәтижелерді генетикалық талдаудағы үлес пен таза ғылыми үлес, әрине, біздікі емес. Себебі, қажетті қымбат жабдықтар жоқ. Бұл жағдайда бізді шикізат қосымшасы деп қана атауға болады. Ғылыми журналда жарияланған мақалада, әдетте, бірінші автор – зерттеудің көп бөлігін істеген адам. Соңғы автор (корреспондент автор) - зерттеуді ұйымдастырған және белгілі бір мағынада жарияланған нәтижелердің иесі. Ал ол екеуінің ортасында көптеген авторлар болуы мүмкін және олардың рөлі шетелдерден қаржыландыру кезінде, сондай-ақ сыйлықақы алу және т.б. кездерде ескерілмейді.

    – Сіздің еркіңізде болса, ғылымда бірінші кезекте нені және қалай өзгертер едіңіз?

    – Бұл тұрғыдан алғанда мемлекет деңгейінде ғылыми басымдықтарды айқындау мәселесі аса маңызды болып табылады. Ғылыми сараптамамен және жоғары білікті кадрларды даярлаумен, сондай-ақ зерттеу базасын жаңартумен байланысты проблемаларды жеке, арнайы қарастырған жөн. Ғылыми кадрларды жасарту мәселесі, жоғары білікті мамандарды тарту – ғылыми-зерттеу ұйымдарының өзекті мәселелерінің бірі.

    – Еңбектеріңіз жана берсін! Қазақ ғылымының ертерек таңы атып, күні тусын!

    – Рахмет!                                    

Сұхбаттасқан Шуақ Алманбетұлы, 

Қазақ үні