ХАЛҚЫМЕН БІТЕ ҚАЙНАСҚАН батыр өмірінің бір сәті

ХАЛҚЫМЕН БІТЕ ҚАЙНАСҚАН батыр өмірінің бір сәті

Өркениет өркендеген заманда ел тарихынан өнеге алып, қоғамдық сананы жаңғыртып отыру үшін, әлбетте, халқымыздың рухани құндылықтарын басшылыққа алуымыз – заңдылық. Бұл тұрғыда, даңқты қолбасшы, Совет Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының әрбір әрекеті сол бір қастерлі елдік өмір-салтты ұстанудың қайталанбас үлгісіндей көрінетіні жоқ емес. Мәселен, төмендегі жазбада алыстағы немере бауырын ақтық сапарға лайықты шығарып салуға ниеттенген даңқты қолбасшының қанына сіңген қазақылық мінезі, биік азаматтық болмысы айқын көрінеді. 

Қазақ қоғамында отбасы мен ағайын-туыстың ынтымағы әрдайым маңызды орын алатыны мәлім. Шағын естелікте қиын сәтте бір-біріне қол ұшын созу, өзара жәрдем, қонақжайлық, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсету, сонымен бірге жақын адамыңның білмеген жәйттерін ұғындырып, қателікті түзету, өзге ұлт өкілін қазақ халқының озық салт-дәстүрінен хабардар етіп отыру да сәтті сабақтасады.   

 

 

Туыс қазасы

   – Жаңа сені Баукеңнің үйіндегі жеңгей іздеді. Тез хабарлассын дейді, – деді қызметтес жігіт бөлмеге енген маған. Мұндайда жүрек шіркін секемшіл ғой. Абдырай үркіп, тез телефон шалдым.

   – Ә, қарағым, сені іздеп жатырмыз. Әбділда қайтыс болыпты, – деді жеңгей.

   – Қай Әбділда?

   – Баукеңнің інісі, Жуалыдағы Момынқұлов Әбділда. Бүгін ағаңмен бірге сол жаққа жүрмекпіз. Сен қазір тез үйге кел.

    Редакторыма барып, жағдайды айттым.

    – Е, олай болса, рұқсат.

    Он минөт өтер-өтпес Баукеңнің үйіне жеттім. Дәлізде жолыққан жеңгейге көңіл айттым.

   – Ағаң өз бөлмесінде.

   Ішке енсем, Баукең көйлекшең, тұнжырай қабақ түйіп, төсегінде жатыр екен. Өңі боп-боз, шашы ұйпа-тұйпа. 

   – Кел, қарағым, – деп басын көтерді. Мен көңіл айттым.

   – Әбділда жалғыз немере інім еді. Жеті баласы бар. Басына тартса аяғына, аяғына тартса басына жетпейтін жігіттер болады ғой, ол соның бірі еді. Өзі сондай адал еді. Бір кезде аудандық партия комитетінің, кейіннен совхоз партия комитетінің хатшысы болып істеді. Алматыдағы жоғары партия мектебін бітірген, соғысқа қатысқан. Соңғы кезде селолық кеңестің төрағасы болатын.

   Баукең ауыр күрсініп:

   – Әбділданың қазасы жаныма қатты батып жатыр. Кезек менікі еді, – деді сыбырлағандай үн қатып.

   – Ауырып қайтыс болып па?

   – Оны білмейміз, қарағым. Жеделхатта айтпапты. Ауырдым дегенін естіген емеспін. Біреудің ажалы оттан, біреудің ажалы судан деген ғой. Меніңше, машина апатынан, не инфарктан болды-ау деймін. Әйтеуір, төтенше қаза.

   Өзім ауырып жатыр едім, ауырып жатсам да басына бармасқа лажым жоқ. Түсіндің бе? Жалғыз інім ғой…

   Ұзақ үнсіздіктен соң түсін суыта қарап:

   – Жұмысымнан қалдым, мына шал басыма бәле болды, әуреленіп нем бар десең, қарағым, есік анау тұр. Шагом марш! Сен менің екі туып бір қалғаным емессің! – деді даусын қатайтып. – Ренжитін болсаң, айтар сөзім осы. Ренжісең…

   Сөзін бөліп жібердім.

   – Ешқандай ренжімеймін, жұмыстан сұранып келдім.

   – Сен ашуланба, – деді Баукең жұмсарып. – Жұмыстан сұранғаның дұрыс болған екен. Мен мұны сен сөз естіп қалмасын деп айтып отырмын. Тәртіп – қатал. Тәртіпке бағынбасаң, болмайды. Онда оңбайсың! Түсіндің бе? Жұмыстан сұранып келгенің рас болса, рақмет, қарағым. Қазір сен Жазушылар одағына барып, «Жазушы» баспасының директоры Әбілмәжін Жұмабаевқа жолық. Менің сәлемімді айт. 

   Өзі телефон соғып қалуы мүмкін. Мен соның қоңырауын күтіп жатырмын.

   Ә дегенде: «Баукең неге жайбарақат, тездетіп пойызға билет алу керек емес пе?» – деп ойлап едім, асықпау мәнісін енді түсініп, байсалды күйге ауыстым.

   – Үйде ақша жоқ, қарағым. Ал жалғыз інімнің қазасына құрқол бару – ұят. Жалғыз іні өз алдына, туыс-ағайын, жекжат-жұрат қазасы да оңай емес. Жақыныңды соңғы сапарға, келмес сапарға аттандыру оңай ма?  

    – Жоқ.

    Осы кезде телефон шылдырлады. Жеңгей:

    – Бауке, сізді Әбілмәжін ініңіз шақырады, – деді.

    Баукеңді қолтығынан сүйей тұрғызып, есікке қарай асықтыра бастап едім:

   – Ақымақ! Мен саған жас жігіт емеспін, қартайған, ауру шалмын. Асықтырма! – деді ашуланып.

   – Кешіріңіз.

   Жай, асықпай басып, дәлізге өтіп, телефон тұтқасын қолына алды.

   – Алло, ия, қарағым. Ә-ә, тоқта, тоқетерін айт. Жарамайды десең, өкпем жоқ, жарайды десең, үлкен азамат екен деймін. Ә, онда рақмет, қарағым. Рақмет, қазір өзіңе Мамытбек Қалдыбаев деген жігіт барады.

   Баукең телефон тұтқасын орнына қойып, маған бұрылып:

   – Жүр, екеуміз ақылдасайық, – деп мені ұйықтайтын бөлмесіне ертіп кірді.

   – Бұл баламен не ақылдасасыз? Менімен ақылдасыңыз, – деп жеңгей үстімізге еңбек еді:

   – Бар, бізге кедергі жасама! – деді Баукең қолын сермей.

   – Мұныңыз қалай? Мұныңыз жарамайды. – Жеңгей реніш білдірді.

   – Тапқан екенмін ақылгөйді?! – Баукең орнынан тұрып барып, есікті тарс еткізіп жауып алды. – Өзі бір мазасыз, ойлануға мұрша бермейді.

   Жеңгей сұп-сұр болып, есікті қайта ашты.

   – Жазған басым, бұл баланы өзім шақырып едім. Бекер шақырған екенмін.

   – Менің жазығым не? – дедім мен шыдай алмай. Есіктің ар жағынан Күләнда әпке көрінді.

   – Бауыржан, мұның қалай? Жәмила саған бөтен емес қой.

   – Әпке, бұл жұмысқа сіз араласпаңыз.

   Есік сыртынан жабылды. Баукең көзін уқалап, шашын тарап:

   – Ойлануға мұрша бермейді, тағы ақылгөй болмақ! – деп үнсіз қалды.

   – Маған қандай жұмыс тапсырасыз?

   – Ә, ұмытып барады екем, қазір Әбілмәжінге бар. Мені бір мың екі жүз сом сұрап отыр дегін. Егер таба алмай қиналса, Жұбанға бар… Жаңа телфонда Жұбан қолдан келген көмекті жасаймыз деді. Сөзі азаматтың сөзі, өзі қандай екенін ісі көрсетеді. Мен оған қанша ақша керек екенін айтқаным жоқ. Айтайын десем, мына қатын еститін болды. Бұл «көп ақша жұмсап қоймақшы» деп жаны қалмай жүр. «Менімен ақылдас» деуінің түп сыры осында, түсіндің бе?

   Үн-түнсіз дәлізге өтіп, сырт киімімді кие бергенімде, жеңгей қасыма келіп:

    – Қанша ақша әкелетін болдың? – деді сыбырлай. Мен не дерімді білмей абыржып қалдым. Осы кез бөлмеден шыға келген Баукең:

   – Бір мың екі жүз сом әкел дедім, – деді.

   – Бауыржан-ау, бес жүз сом апарсақ та жетеді ғой. Қарызданып отырмыз. Ертеңге де абырой керек емес пе?

   Баукең жауап қатпай маған алара қарап:

   – Шагом марш! – деді қолын сермеп. Тез басып, тысқа шықтым.

   Әбілмәжін аға кабинетінде екен. Орнынан ұшып тұрып, қарсы жүріп кеп қолымды алды. Мұны Баукеңе жасаған құрмет деп білдім.

   – Шалдың денсаулығы қалай?

   – Бірде жақсы, бірде сырқат дегендей, қартайып қалды ғой.

   – Иә, қартайды ғой. Ал қанша ақша қажет дейді?

   – Бір мың екі жүз.

   – Ертеңге дайын болады.

   – Жоқ, ол кісілер бүгін, кешкі пойызбен жүрмек.

   – Онда сенімхат берсін.

   Жүгіріп Баукеңе қайта келдім. Ол кісі айтып, мен жазып, сенімхатқа қол қойғызып, Жазушылар одағына алқына жеттім. Жетсем, Әбілмәжін аға Орталық Комитетке кетіп қалыпты. Амал жоқ, сарыла күттім. Ол жақтан түс қайта келді.

   Бас бухгалтер орыс әйел Елена Ивановна:

   – Сенімхат бойынша үш жүз сомнан артық ақша беруге болмайды, – деді. Әбілмәжін ағаға қайта бардым. Ол кісі бас бухгалтерді өзіне телефон арқылы шақырып алып:

   – Мына жігіт екеуіңіз менің машинама мініңіздер де, ақшаны Баукеңнің үйіне апарып беріп, тиісті құжатқа қол қойғызыңыздар, – деді. Мен ішімнен: «Баукеңді бар болмысымен сыйлайды екен ғой, рақмет», – деген ойда толқып кеттім.

   Елена Ивановна екеуміз тез-ақ келдік. Амандаса салысымен ол кісі бар ақшаны Баукеңнің қолына ұстата салмақ еді:

   – Ақылың бар ма, жоқ па? – деп Баукең ашуға мінді. Кемпір не дерін білмей состиып тұрып қалды.

   – Мен ақшаны жек көретін кісімін. Анау қатыныма беріңіз.

   Елена Ивановна күліп жіберді де, бұрылып, босағада тұрған жеңгейге жақындап, ақшаны санап, қолына ұстатты.

   – Әй, қатын, бес сомды маған бер!

   Жеңгей тез басып кеп, Баукеңнің айтқанын орындады. Бес сомды алысымен Баукең Елена Ивановнаға қарай қолын соза бастап еді:

   – Жо-жоқ, мен алмаймын! – деп ол шар ете түсті.

   – Кәрі ақымақ! Үйіңде немерең бар ма?

   – Бар.

   – Мен саған емес, сол немереме ұсынып отырмын. Біздің халықта жыртыс деген бар. Менің інім қайтыс болды. Бұл соған берген жыртысым. Немереңе конфет апарып бер.

   Кемпір ақшаны алып, Баукеңнің бетінен сүйді.

   – Бұл сүйісің оңаша жолығайық деген белгің бе?

   – Сіз дайын болсаңыз, мен дайын, – деді кемпір күліп.

  – Молодец! Ақылды сұлу екенсің ғой… – Баукең бас бармағын көрсете күлді.

   …Пойызға билет алу қиын болды. Баукең айт деген соң Жазушылар одағы хатшысының бірі Қалаубекке барып айтып едім:

   – Бізде бронь жоқ. Менің шоферім екеуің вокзалға барып, сұрастырыңдар, – деді. Шоферін ары іздеп, бері іздеп таппай, вокзалға таксимен жеттім. Билет жоқ. Баукеңе телефон соқтым.

   – Қап! Енді, қарағым, стансаның бастығына жолығып:

   – Мені полковник Бауыржан Момышұлы жіберді деп жағдайды айт. Мейлі орыс болсын, мейлі қазақ болсын, ашық сөйлес. Егер билет табылмаса, маған қайта телефон соқ.

    Кассаға жақындап, мән-жайды айтып түсіндірдім. «Бүгінге бір билет те жоқ» деген қысқа жауап алып, касса маңынан ұзай бермек едім, екінші терезе тұсында отырған егде орыс әйел:

   – Бауыржаның қай Бауыржан? – деді қазақшалап (кейін білдім, ол кісі татар екен).

   – Полковник Бауыржан Момышұлы.

   – Онда бері келіңіз. Ол кісіні сырттай жақсы білемін. Менің телефоныммен бірінші Алматы кассирімен сөйлесіп көріңіз, – деп касса есігін ашып, мені ішке кіргізді.

   – Айтпақшы, өзім сұрап білейінші, – деп бірінші Алматыға телефон соқты. Өңі қуқыл тартып:

   – Билет жоқ дейді, – деді көңілсізденіп. – Енді сіз мына номерге телефон соғыңыз.

   Айтқанын тез орындадым. Ар жақтан қазақ қызының нәзік үні естілді.

   – Алло, сіз Бауыржан Момышұлын білесіз бе? – дедім бірден.

   – Халқымыздың даңқты батырын білмегенде кімді білеміз?

   – Білсеңіз, сол кісіге Жамбылға баратын бүгінгі пойызға үш билет керек болып қалды. Ауылындағы бауыры…

   – Қазір сөйлесейін, айтпақшы сіз қайда тұрсыз? – деді сөзімді аяқтатпай.

   – Екінші Алматы кассасының жанында тұрмын.

   – Күтіңіз.

   Арада бес минөттей өткенде:

   – Билет сұраған сіз бе? – деген бірінші кассадағы кассир әйелдің даусы естілді. Жүгіріп бардым.

   – Үш билетіңіз дайын, ақшаңызды төлеңіз.

    – Қысылтаяңда көмегін аямаған рақмет саған, қарындасым, – деп қуана тысқа шықтым. «Жақсы адамның фамилиясы да асып-сасқанда көмекке келеді екен ғой» деп көңілім шалқып, Баукеңе бардым.

   – Е, ол қыз есі бар қыз екен, рақмет. Аты-жөнін білген жоқсың ба?

   – Жоқ. Ол ойымда да болмапты.

   – Ақымақсың! – Баукең кілт ашуланды. – Аты-жөнін білуің керек еді. «Ерлік елеусіз қалмасын» деп күнде айтып жатқан жоқпыз ба?

   Біраз үнсіздіктен соң қайта сөйледі.

    – Е, мейлі, қазақта тәрбиелі, көргенді қыздар көп қой… Оған көп рақмет…

   Кешке Баукеңді, жеңгей мен Күләнда әпкені пойызға отырғыздым. 

***

Бір жетіден кейін қайта қарсы алдым.

   Көзі кіртиіп, мойны ілмиіп, Баукең кісі аярлықтай қатты жүдеп қалыпты. Өңі қан-сөлсіз, боп-боз.

   – Рақмет, айналайын, – деді қолымды ұзақ қысып. Әпкем сені «өзіміздің бала болып кетті» деп жүр. Бұл, білсең, кемпірдің аузымен саған берілген үлкен баға.

  – Бала-шағаңның рәтін көр, – деді жеңгей. 

– Бауыржан бауырынан айырылып, қайғырып келе жатқанда, бауыры болып алдынан шығып қуанттың. Көсегең көгерсін, қарағым, – деді Күләнда әпке.

   …Арада бір ай өтті. Баукеңе келсем, төсегінде ойға шомып жатыр екен.

   – Халіңіз қалай?

   – Мазам жоқ, балам.

   – Дәрігер шақыртпайсыз ба?

   – Дәрігер, дәрігер…

   Көпке дейін үнсіз қалып, бір кезде:

    – Полкімде взвод командирінің көмекшісі Шәріпов деген татар жігіт бар еді, – деді даусы жарықшақтана. – Өзі өте пысық, ұзын бойлы, реңді жігіт болатын. Айнала ұрыс. Снаряд гүрс-гүрс жарылып жатыр. Бір жарықшақ Шәріповтың иегінен тиіп, оң жақ бетін жанай, миының қабығын бұзып кетіпті. Қар үстінде шалқасынан жатыр. Қасына келдім.. Ақ қар қып-қызыл қан. Миы бүлк-бүлк етеді. Бір ғажабы, өзі тірі. Соған қайғырғаным сондай, екі қолыммен бетімді басып, теңселіп, бір орында тұрыппын да қалыппын.

   Полкіміздің дәрігері полковник Гришницкий келіп:

   – Қорқынышты түк жоқ, жазылып кетеді. Қазір госпитальға алып жүреміз, – деді мені жұбатып. Хирург бір амалын табар деп үміттенсем де, түнімен шошып, жөнді ұйықтай алмадым. Таңғы алтыда телефон безілдеді. Блиндажда жатқам. Полк дәрігері екен.

   – Взвод командирінің көмекшісі Шәріпов таңғы бесте қайтыс болды, – деді. Ол менің қиналғанымды байқап, әдейі қазасын естіртуді жөн көріпті. Ауыр жүктен арылғандай болдым. Дәрігердің байқампазын, адамгершілігін айтсаңшы?! Мені қиналмасын, қайғырмасын дегені ғой…

   Мен өлімді көп көрдім, қарағым. Содан ба, елге келгенде өлім-жітімге онша қайғырмаушы едім. «Е, өліпті ғой, иманы жолдас болсын» – дейтінмін де қоятынмын.

   Ал Әбділданың өліміне бұлайша қайғырам деген ойымда жоқ. Оны жерлегелі бір ай өтті, бірақ ұмыта алар емеспін.

   Соғыста сағат емес, бір минөт ішінде бірнеше адам өледі. Бәрі жап-жас, әп-әдемі жігіттер. Алғаш қайғырып, қиналып жүрдім. Кейіннен онша қиналмайтын болдым. Себебі, өзім де өлуім мүмкін ғой. Ажал кісі таңдамай ма!

   Бәрінен жаралыларды көрген қиын болады екен. Жап-жас, сұп-сұлу жігіттердің қолын, не аяғын оқ жұлып кеткен, не ішек-қарнын ақтарып тастаған. Соны көргенде жаның түршігеді.

   Қойды, не бұзауды әкеп бауыздашы, балаң, сөз жоқ, шошып жылайды. Ал соғыс – бұзау емес.

    Баукең кеуде кере күрсініп:

   – Алматыға қайтар күні Әтін деген інім келіп, Әбділданың үйіне ертіп барды, – деп тұнжырай тіл қатты. – Ойым – келінмен қоштаспақпын. Ішке еніп:

   – Келін қайда? – деп едім:

   – Міне, – деп Әтін қолымен оң жағын нұсқады. Қарасам, келін екі қолын екі жағына бос жіберіп, тіп-тік тұр екен.

   – Келін шырағым, өзіңе өзің берік бол, – деп қоштастым.

   Баукең қайта күрсініп:

   – Келінімді жұбатқаныммен өзімді-өзім жұбата алар емеспін, – деді жастығына жантайып…

 Мамытбек Қалдыбай, 

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, бауыржантанушы.

 

 

Тін

Абай ағасындай

 

Аңдап қарасақ, күрделі де қайшылықты Бауыржанның әр қимылынан халқын қашанда шырқау биіктен көруді көксеп өткен ұлы Абай ағасымен арадағы ғажайып паралельді көреміз. Мәселен, Тұрағұл Абайұлы: «Мен әкемді танығанда әкемнің жүзі ашық, ажары сыртында, көзі өткір, ашуы да, қуануы да жылдам, ширақ жанды еді. Мәжілісі қызықты, сауықшыл, дастарханы аса мол еді. Маған десе малай, малшы, қызметкер қатыннан да болса, бір тәуір мінезін, қылығын тауып жақсы көріп, қалжыңдап отырар еді. Еш уақытта іші сүймеген, сенбеген адаммен мәжілістес болып ұзақ отыра алмаушы еді. Ондай адамдармен бас қоспақ уақыт еріксіз кез келсе, ол уақыттың өзі абақтыдан кем көрінбеуші еді. Сыпайылық, сыйлық, әдейі реттеніп, аяғын басқанын аңдып, аузынан шыққан сөзін санап отыратын адамға еш уақытта риза емес еді. Жарқын сөзбен, ашық көңілмен қалтқысыз келетін адамды аңсап сағынып, ондай адам келгенде баласы, иә туған бауыры келген кісідей қуанып қалушы еді. Менің бала кезімде менің әкем қандайлық жылы шыраймен ойнап, қалжыңдап отырса да, көңілі қайтса, қытығына тисе ашуы да тез келгіштігінен, ауылдағылар да, бәйбішелері де айғырмен ойнаған ат секілді қорқынышы кеуделерінен кетпей қымсынып отырушы еді. ...Қалаға барғанда үйіне керек-жарағын өзі алып, апарған малын өзі саудалап сатқан емес. Ондай шаруасына да ие қылып қойған жолдасы алып сатады. Ақшасын қалтасына салып, не алғанын, несі қалғанын есептеп көрген емес. Ақшасы аз болса да, көп болса да атшысының қалтасында жүреді. Ақша бітті десе қайда ұстадың деп есеп алу да жоқ, қайтадан ақша тауып береді», – дейді «Әкем Абай туралы» аталатын естелігінде.

Ал Баукеңнің ұлы Бақытжан айтады: «Әкемнің ашуы тез тұтанғанымен тез тарқайтын. Ешқандай қыжыл қалмайтын. Әзілі зілсіз еді. Кейде біреуді қуып жібергенде әлгі адамға жаным ашып: – Әке, сіз неге өйтесіз, жұртты неге жек көресіз осы дейтінмін. – Мен жұртты жек көрмеймін. Мен кейбіреулердің жаман қылығын, сасық ойын жек көремін. Егер ол сонысынан арылса, есігім ашық, – деуші еді ондайда». 

Келіні Зейнеп апай айтпақшы, олай тайсаң кесіп түсетін, былай тайсаң осып түсетін ақ алмас Баукең дарынсыздық пен білімсіздікті де сонша ұнатпаған. Адамдардың жан әлеміндегі кірге, пасықтыққа төзбеген. (« – Дөрекісің ғой өзің, – дедім мен бірде ренішімді жасыра алмай. – Менің дөрекі емес, тек барлық лас нәрседен жүрегім айнитындығын әйтеуір бір түсінетін боласың кезінде, – деп ол маған сүзіле қарады». Бақытжан Момышұлының әкесімен әңгімесінен. Б.Момыш-улы. «Во имя отца», Алматы, 1991, «Ғылым», 11-бет). 

«...Демалыс күні ойламаған жерден үйге сықақшы Жүсіп Алтайбаев келді. Баукең Жүсіпті көріп қуанып қалды. Жылы жүзбен сәлемдесіп, төрден орын беріп: – Жүсеке, төрлетіңіз, қалай, сұлу келіншегіңіз, бала-шағаңыз тегіс аман ба? – деп жалпылдап, амандықтарын сұрап жатыр. – Шүкіршілік, Бауке, өзіңіз аман-есен, ат-көлік түгел ғой, – деп төңірекке алақтай қарап, төрге отырды. Мен шай қамдауға кірістім. Баукең мен Жүсіп бірдеңені айтып күліп жатыр. Жүсіптің өзі күле қоймайды, тек Баукеңді балаша күлдіреді. ...Ол қоштасып шығып кеткенсін Баукең ішегі түйіле күліп, ас үйден мені шақырды. – Жүсекең маған өте ұнайды, өзі ақ көңіл, ешқандай арамдығы жоқ. Тік мінез, тентектігі маған тартқан, мінездеспіз деп бір қойды... – Жүсекеңнің тағы бір бір ерекшелігі – өзі комик, сатирик, жүрген жері күлкі, қимылының өзі комический. Ал комик, сатирик бола білу, қарағым, әркімнің үлесіне тие бермеген. Адамның жаратылысы билейді. Мысалы, менен комик те, сатирик те шықпайды. Жүсекең дарынды талант иесі. Бірақ мінезі шәлкес болғасын әркімге ұнай беруі мүмкін емес. Жүсекең – ірі азамат, анау-мынау күйбең майдалыққа бармайды. Өзінің принципі бар, табанды азамат. Бізде осы секілді алғыр сықақшылар көп емес. Барын және базарлай алмаймыз. Өмірдегі кейіпсіз, келеңсіз жағдайды аз сөзбен келте қайырып, тоқ етерін тура айтатын, күлдіріп отырып жылататын, тапқыр, өткір жанрдың жалынан ұстау да оңай емес-ау... (Егембердиева Ж. Өмірінің өзі дастан: Роман-эссе. Алматы: Жазушы. 1990.– 125-126-б.).

Бауыржанның кез келген іске жіті түсіністікпен әділетті қарайтыны және қолының ашықтығы, сонымен қатар бала секілді аңғырттығы туралы тағы бір мысалды елге барғанында зайыбы екеуін алдынан шығып күтіп алған көлік жүргізушісі екеуінің арасындағы әңгімеден аңдаймыз:

– Мына келе жатқан совхоз неше шақырым? Машина кімдікі?

– Жүз шақырым, совхоз директорының машинасы.

– Ол директор жұмысына кімнің машинасын мініп кетті? Қарағым-ау, шаруашылықты тоқтатуға болмайды, егіс басталды... Бензин де көп жұмсалған шығар, үкіметке көп зиян жасадық, – деді шоферге төне түсіп. Шофер үндеген жоқ.

– Әй, Жәмила, сумкаңда қанша ақшаң бар?

– Ешқандай ақша алып шыққан жоқпын, – деппін.

– Жоқ, мүмкін емес, мына жігітке елу сом бергін, – деді де шоферге: – Жете ме, қарағым, шыныңды айтқын,– деді.

– Ой, аға, неғылған ақша, бастықтардың әдейі сізге жіберген көлігі ғой, мен сізден ешқандай ақша алуға хақым жоқ, – деп жігіт зар-зар етті.

– Бауке, ақшасы несі? Өздерінің қолы сізге жетпей отырып, сонда көлікке ақшаны не үшін төлейсіз, түсінбеймін, – дедім ренжіп.

– Замолчи! Еще хочешь надо мною командовать? Билікті өзіңнің көлігің болғанда айтарсың, – деп зекіп тастады. (Баукеңнің зайыбы Жәмила Егембердиеваның естелігінен). 

Дәл Абай ағасындай кінәз мінезді Бауыржанның да бүкпесіздікті ұнатқаны, екіжүзділікті жек көргені, адалдығы, арлылығы, пенде баласына жанашырлығы туралы әңгіме көп. Айталық, Баукеңнің өзіне тиесілі жаңа пәтерді «солдаттың анасы» деп қадірлеп, бір орыс кемпіріне бергізгені немесе әлдебір алаяқтың аңқау елге өзін Бауыржанмын таныстырып, қызметін тегін пайдаланғаны үшін көлік жүргізушісіне қомақты ақша қайтарып беретіні сияқты мысалдар жетерлік. 

Мұндайда Абайдың: «Мен саудагер кісі емеспін, мені ұялмаған арсыздың бәрі жейді» дейтіні еске түседі. 

«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. Жақсы менен жаманды айырмадың, бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың» деп мыңмен жалғыз алысқан осы Абайдай, Бауыржанның да халық ішіндегі надандықпен, аярлықпен арпалысып өткені мәлім. Ғасырлар бойы айрықша мәдениеті қалыптасқан жұртын қай жағынан да әлемдегі ең өркениетті елдер қатарына көтеруге ұмтылғаны аян. Әйтпесе толарсақтан саз кешкен қан майдан ішінде жүріп тылдағы өкімет жетекшілеріне халық дәстүрінің келешегіне, ұлттың тіліне, діліне қатысты мәселелеріне шырылдап жан ауыртып, хат жазар ма еді. 

Кейде туған халқын жан-тәнімен сүйген Абайы мен Бауыржандай тұлғалары бар қазақ неткен бақытты деген де ой келеді. 

Құлтөлеу МҰҚАШ, 

 Қазақ үні