Асқар Жүсіпбеков: Мақсатқа жеткізетін ең үлкен күш – намыс!

Асқар Жүсіпбеков: Мақсатқа жеткізетін ең үлкен күш – намыс!

Еліміздегі геотехника ғылымының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан белгілі ғалым Астана қаласындағы Еуразия Ұлттық университетінің Геотехникалық институтының директоры, профессор Асқар Жүсіпбековпен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынуды құп көрдік. 

– Асеке, геотехниканың – түрлі ғимараттар мен құрылыс нысандарын салар жердің қыртысын зерттейтін ғылымның еліміздегі ең көрнекті өкілісіз, халықаралық аренада да атыңыз белгілі. Сұхбатымызды – институтың қол жеткен табысы жайлы дәстүрлі сұрақпен бастасақ.

– Біз Астана қаласындағы Хан-Шатыр, Абу-Даби Плаза, ЭКСПО-2017-нің «Қазақстан» ұлттық павильоны тәрізді заңғар ғимараттардың іргетасын қалауға, Астанадағы бірнеше көпірді, былтыр ғана пайдалануға берілген берілген өте көрікті де Орталық Азиядағы ең үлкен «Көк мешітті» салуға қатысқанымызды, көп жылдан бері Батыс Қазақстандағы Қарашығанақ газ конденсаты кен орынын кеңейтуге белсенді түрде ат салысып келе жатқанымызды мақтан тұтамыз. Олардан бөлек Алматының жетпіс шақырымдық (Бакат проект)Үлкен айналма автомобиль жолын салудағы мега-жобамызды аталғандардың бәрінен артық бағалаймыз. Өйткені ол жердегі соны, өзгеше қадалардың құрылысында біз жаңа технологияны қолданып жатырмыз. 

Ал, Халықаралық Геотехникалық қауымдастығының 17-Азиялық өңірлік конференциясының бізде, Астана қаласында 2023 жылы тамызда өтетін болғанын, оған қоса оның дәл алдында қауымдастық Президиумының отырысы өтетін болғанын бүгінгі таңға дейінгі қолымыз жеткен жетістігіміздің ең ірісі деп санаймыз, өйткені бұл екі іс-шараның ешқайсысы бұған дейін ТМД елдерінің бірде-бірінде өткізіліп көрмеген.

– Оһо, құтты болсын, Асеке! Ондай жағдайда бізге бұл жайлы толығырақ айтып бермесеңіз болмайды екен.   

– Қазақстанның Геотехникалық қауымдастығы Халықаралық Геотехникалық қауымдастығы қатарына 1997 жылы қабылданған болатын. Біз оның жұмысына белсенді түрде қатысып жүрміз, түрлі конференциялар, семинарлар өткіземіз, шетелдерге барып лекция оқимыз, «Геотехника» бағдарламасы бойынша студенттер мен докторанттарды оқуға жібереміз. Ал, 2019-жылы өткізілген 16-азиялық өңірлік конференцияға ( Тайпей, Тайвань) біз жай ғана қатысу үшін барған жоқпыз – төрт жылда бір рет шақырылатын келесі конференцияның қайда өтетінін жасырын дауыс беру арқылы анықтайтын конкурсқа қатысу үшін бардық.

– Олимпиада ойындары секілді ме?

– Иә. Мұндай байқау Азияның 26 елі қатысатын конференцияда қаралатын көп мәселенің бірі ретінде қойылады. Біздің қарсыласымыз Тайландтың астанасы Бангкок қаласы болды. Біз астанамыздың тұсаукесерін, таныстырылымын жоғары деңгейде өткіздік. Ал, ол бізге оңайға түскен жоқ. Қазақстан, оның ішінде Астана қаласы жайлы ағылшын тілінде жақсы түсірілген фильмді үлкен қиындықпен таптық. Бұл мәселеде бізге Астана қаласы әкімдігінің көмегі көп болды.

Біздің үлкен делегация алып бардық, өйткені, геотехникамен айналысатын ғалым Қазақстанда жалғыз профессор Асқар Жүсіпбеков емес қой, оның артында жасы бар, жасамысы бар, қаншама белсенді ғалым тұр! Делегация құрамын жасақтаумен өзім айналыстым, Астанадан басқа Қарағанды, Теміртау, Алматы, т.б. қалалардағы ғалымдарды, өзімнің докторанттарымды қостым, конференцияға барлығы 40 шақты адам бардық.

Сол кезде біз өзіміз мүлдем күтпеген кедергіге кездестік – көп университет басшылығы бұл ғалымдардың 3-4 күнге Ыстықкөлге немесе басқа жаққа демалуға кетіп бара жатпағанын, олар елдің намысын қорғауға бара жатқанын түсінбей, қызметкерлерін жібергісі келмеді. Делегация мүшелерінің көбісі өз ақшасына барып келді, сол ақшаны отбасыларының қажетіне жұмсауына болар еді ғой?! Олар конференцияда ғылыми баяндамалар жасады, біздің ұлтымыз ғылым, оның ішінде геотехника ғылымы дамыған ұлттардың бірі екенін дәлелдеді. Әкімдіктегілер, көптеген депутаттар мен құрылыс компанияларының басшылары, ректор-проректорлар біздің не үшін сау басымызға сақина сатып алып, сосын оны үлкен күшпен жеңуге тырысып жатқанымызды көпке дейін ұға алмай жүрді. Діни съездер, түрлі медиа, эконом-форумдар өткізіп, ұшақтар тола қонақтардың бар шығынын көтеріп үйреніп қалған, мәселе туса шоу ұйымдастырғандай үш күнде шешіп тастайтын әкім-қаралар үшін біздің үш жыл айналысқанымыз, профессорларымыздың конференцияға өз қаржысына барып келгені нағыз шок болды... Соның бәрі не үшін? Намыс үшін!

Қысқасы, бізге басқалармен емес, өз шенеуніктерімізбен, өз бюрократтарымызбен күресуге тура келді. Бұл мәселеде біз қашан, шіркін, жапондықтардан, америкалықтардан, еуропалықтардан, ең болмағанда көршіміз ресейліктерден үлгі алып, солар сияқты қимылдайтын болар екенбіз!.. Мысалы, жапондардан «сіздер осындай іссапарға бару мәселесін қалай шешесіздер?» деп сұраңызшы, олар сіздің сұрағыңызды түсінбейді, «қандай проблема болуы мүмкін?!» дейді.

Ал, енді былтыр, 2022-жылы мамыр айында біздің делегация, он адам, Австралияға, Сидней қаласына бардық. Онда біз Қауымдастық Президиумының 2023 жылы өтетін орынын таңдау үшін күрестік және оны жеңіп алдық. Президиум құрамына оған мүше тоқсан елдің әрқайсысынан екі адамнан кіреді. Президиум өңірлік конференция алдында тұтас бір күн бойы әкімшілік, ғылыми, ұйымдастырушылық сипаттағы мәселелерді талқылап, шешім қабылдайды. Ал, Президиумның отырысы алдында өзінің басшылығының – БОРД-тың отырысы өтеді. Оған оның президенті, Азия, Америка, Австралия, Африка және Европа бойынша вице-президенттері, Бас хатшысы, жалпы 12 адам кіреді.  

Бір уақыта екі бірдей іс-шараның біздің елде, Астанада өтуі премьер-министр тұрмақ президенттің өзінің мәртебесіне лайық-ақ еді, себебі діни съезді алайық, медиа және эконом-форумдарды алайық, тоқсан елден 180 адам ққатысқан жиын елімізде бұрын-соңды болған жоқ-тұғын, және жақын арада бола қоюы да қиын. Өкінішке қарай, ондай түсінушілік табылмады - конференция өзімен өзі, біздің үкімет өзімен, елеусізде түрде өтейін деп тұр...    

– Оның тақырыбы қандай болмақ?

– Мегақалалар мен жаңа астаналардың инфрақұрылымына арналған «ақылды геотехника – ақылды қоғам үшін».

–Ту-у, тура біздің елге арналғандай екен ғой!.. Әрине, бұл сіздердің еңбектеріңіздің ескерілгендігі, мойындалғандығы.

– Мүмкін. Дегенмен, үш жылдық пандемия мен соның салдарынан туындаған экономикалық қиын жағдайдың әсері болды. Көп ел байқауға қатыспады. Ал, біз онсыз да биыл Азиялық өңірлік конференция өткізетін болғандықтан, екеуін бірге қосып жберуге барымызды салдық, өйткені ол бізге келер ғалымдардың санын күрт көбейтуге мүмкіндік береді ғой. Бүгінгі күнге конфренцияға 90 елден 1000 қатысушы тіркеліп отыр. 

– Осындай ірі шаруларды өз күшімен ұйымдастырып, өткізіп жүрген ғалымдарға мемлекетіміздің бетін біржолата бұратын, қоғамнан бөлек, қатарласа өмір сүргенді қоятын кезі жетті ғой... 

Әлемде ғылымды дамытудың үш түрлі, бірақ, үшеуі де өте тиімді – америкалық, европалық және жапондық – жүйесі қалыптасқан ғой. Біз осы үш жүйенің қайсысын қабылдадық, әлде өз жүйемізді жасап үлгердік пе? Мен өз басым әлі ешқандай жүйеге түсе алмай жүрміз бе деп қорқамын...

– Жалпы ғылым жайлы нақты айтуым қиын, ал өзіміздің геотехникада айтарлықтай эволюциялық жұмыс атқарып, европалық даму жолына түстік, жобалауды европалық қалыпқа-стандарттарға сәйкестендіріп, еврокодторға көшіріп, құрылыс жұмысының өзіне де соны ендіруге әрекеттеніп жатырмыз. Өңірлік конференцияға дайындық барысында да біз Ұлыбритания, Германия, Польша, Италия, Финляндия секілді европалық елдердің қызығушылығы, көрмеге қатысуы басым екенін көріп отырмыз. Тіпті арнайы әскери операция жағдайдағы Ресейдің компаниялары белсенділік көрсетіп, демеушілеріміздің көбісі де солар болып отырғанда, отандық компанияларымыздың мүдделілік танытпауы оғаш, түсініксіз тірлік. Олардың өзінен немен айналысып жүргендері жайлы сұрау керек еді...

Жекелеген салалар дамуға кіріссе, олар жалпы ғылымды өзімен бірге алға сүйрейді. Мысалы, кәзір геосинтетикалық заттар пайда болды, олар темірбетон заттарды алмастыра алады, іргетас секілді құрылыстық құрылымды солардан салуға болады, заттардың қарсылығы күшейеді, ал, сейсмика саласында бұл өте маңызды. Біз өзімізде заман ағымына қарай Геосинететикалық қауымдастық құрдық. Жақында ондай заттарды қолдану үрдісі жайлы Ресеймен арнайы семинар өткіздік. Мен бүгін, Наурыздың бірінші күні, пәкістандық мамандарға жерастылық кеңістікті, тоннельдерді, паркингтерді пайдалану тәжірибеміз жөнінде лекция оқыдым.  

Біз кәзір лабораторияларымыздың жабдықталу деңгейін де көтеріп алдық, шахталарда жұмыс істеуді модельдендіретін эксперименттік стенд құрдық.

Ғылымдағы жетістігімізге соңғы жылдардағы докторанттардың, әсіресе, ағылшын тілінде дайындалатындардың, о.і. біздің униерситеттегілердің деңгейін жақсы көтергенімізді жатқызуға болады. Ол үшін біз әдемдегі үздік 300-дік, кейінгі кезде тіпті үздік 100-дікке кіретін институт, университеттердің оқытушыларын тартуымыз, ол жаққа тағлымдамаға елімізден көптеп жіберуіміз, мәртебесі биік ғылыми журналдарға көптеп мақала шығартуымыз ғылым деңгейін көтеріп жатыр, ғылымға жастарды көбірек тартып жатыр. (Жасамыс кісілерге тіл үрену қиын ғой). Жас ғалымдар үшін гранттар пайда болып жатыр. Көлемі үлкен болмағанмен, ұтып алуға болады. Оларды жазуға ғана емес сөйлеуге де, өз әдістерін қорғап үйренуге баулудамыз. Қазба байлықтың 1-пайызын ғылымға бөлу үрдісін депутаттардың өз фирмаларына жұмсауына ерік беріп қоймай, белгілі мақсатқа жұмсасақ бұл өте үлкен көмек болар еді. Сонда ғылымға жастарды ғана емес, жасамыс буын мен аға буынды да тартуға болар еді.

– Ғылымдағы ірі-ұсақ проблемалар жайлы да бір-екі ауыз сөз айтсаңыз.

    – Өте көп қаржы шетелдік эксперттерге кетіп жатыр. Олар біздің ғылым жайлы не айта алуы мүмкін? Бұл дегенің өз құпиямызды шетелге ашып беру деген сөз емес пе? ҰҚК қайда қарап отыр? Мен бұндай әрекетті еш түсіне алар емеспін. Боратқа ренжиміз, ісіміз жағынан шынында да Боратстан болып отырған жоқпыз ба?

Тамызда 17-Азиялық өңірлік конференцияны институттың өз күшімен-ақ өткіземіз, тек үкімет кішкентай ғана болса да көмек көрсетсе ғой. Өзге елдерде БОРД(ISSMGE Board) мүшелерін, ғылымның шамшырақтарын, 30 шақты адамды, мемлекет есебінен үш күн күтеді, өйткені олар әлемдік проблеманы шешіп жүрген жандар ғой! Және конференцияға келген ол мың адаммен бірге біздің елімізге миллиондаған ақша да келеді ғой! Тамақтану, көлік, т.б. бұның бәріне олар ақша төлейді ғой. Мен болсам үкімет тарапынан түсіністік таппаймын, Мен ертең Америкаға ұшып барамын, ал, студенттерге оқыған лекциямнан түскен ақшамды өз отбасымның қажеттігіне емес, жаздағы конференцияға құямын... 

Сұхбаттасқан Өмірзақ Ақжігіт, 

Қазақ үні